ЗИЯЛЫНЫҢ СӨЗІ
Жанарбек Әшімжан және Нұртөре Жүсіп
Түнеу күнгі нөмірімде жарияланған «Зиялылық жауапкершілігі» атты мақалама байланысты көрнекті жазушы,қоғам қайраткері, «БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының президенті,әйгілі«Тауқымет» романының авторы Бибі-Ана, Бибігүл Иманғазина үн қосып, арнайы эпистолярлық жанрда хат жазыпты.Нағыз ЗИЯЛЫНЫҢ сөзі!
Әлеуметтік тауқымет қылта тұстан қызып тұрған бұл кезең жүріп--тұруы қиын,мүмкіндігі шектеулі адамдарды былай қойғанда,тепсе темір үзетін төрт мүшесі түгел жандардың өзіне оңай тиіп тұрған жоқ.Осындай алмағайып шақтарда өз тағдырын жиып-теріп қойып,жағдайы қиын жанұялардың өмірі,бала-шағасы үшін күресіп жүрген қазақтың қайраткер қызына қайран қалам.Қаншама мүгедек аналардың балаларын тегін оқытып,тағдыры қиын неше отбасына шаңырақ сыйлағанын білесіздер.Құдай тағала,осындай Тұлғаларға күш-қуат берсін!
ЖЕРДЕ БІР БАЛА ҚУАНСА...
(ЖАНАРБЕККЕ ХАТ)
Жанарбек Әшімжанның мақаласын оқып шығып,үн қосуға, ойымда жүрген түйткілдерді ашық талқылауға бекіндім.Мақала өте орынды және өз уақытында жазылған.Және дәл осы бір қиын күндерде жарияланғанына тәнті болдым.
Елдің басына іс түскенде күндіз күлкіден,түнде ұйқыдан айырылып,қара халықтың еңсесін көтеріп,жылағандардың көз жасын құрғатып,тыныс-тірліктеріне жан-тәнімен араласатын Зиялыларды көре алмай келеміз.
Бір қаламсап берсе телеарналарға жүгіретіндерден емеспін,маған популизмнің қажеті жоқ,еш уақытта болған да емес.Мүгедектіктің бар тауқыметін тарта жүріп,қиналғандар мен тарыққандарға есеп-қисапсыз жақсылық жасаудың үлкен бақыт екенін ертерек түсінетіндей өзіме түйсік берген Аллама ризамын...
Телеарналардан «Үйден шықпаңыз» дегендей дәргерлердің ақылдарын ғана тыңдап,уайымға батамын.Бір бөлмеде бірнеше жан қамалып отырғандардың нанның өзін үнемдеп жатқандарын білгендіктен,іштей «Алла-ай,42.500 теңгемен қай жыртықтарын жабар екен»деп, тағы да өзімнің болмашы жинағыма қол салып жатырмын.
Бұл індеттен кейін ешуақытта басымызға күн тумайды деп қай Күшті айта алар екен?! Қазақтың «Үш күндігін ойламаған әйелден без,үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейтін қанатты сөзі бар.
«Әр қолға бір күрек!» дейтін ұранымыз іске аспайынша Елдің ішіндегі жоқшылық жуық маңда жойылмасы анық!Енді жоқшылықа мына індет қосылып жатыр...
Орнынан тұра алмай қалған бір мүгедек азаматтың он бір жасар баласын кәсіпкерлікке үйретіп жатқаны менің көіме жас әкелді.Міне,азамат!
Еліміз егемендік алып жатқан тұста кім қиналмады?!
Дені сау адамдардың өзі абдырап жатқанда,асырауында балалары бар,кенеттен мүгедек болып қалған мүгедек аналардан «Сіздің өміріңізді біз жақсы білеміз,шіріген күріш,шіріген ұн жеп отырмыз»деген хаттар алысымен «Казахстанская правда»газетіне «Я завидую только Матери Терезе»деген мақала жаздым.Осы күнге шейін есімде, бір күнде 147 мүгедек ана хабарласып,өздерінің Қоғамын құруымды өтінді.
Менің мақаламды оқыған шенеуніктер өз көмектерін ұсынып жатты.Тамақты тегін үлестірумен қатар,олардың балаларының жоғары білім алуын алдымызға жоспар етіп қойып,алғашқы жылы бір Алматының өзінен 14 баланы жоғары оқу орындарының студент болуына ықпал жасадық. Жазда мен Алматыдан шыға алмайтынмын,себебі Алматыға Қазақстанның бар бұрышынан балаларымыз жоғары оқу орындарына келіп жататын.Келесі жазға шейін аймақтарды аралап,мыңдаған мүгедек аналармен, әкімдермен,басқа да шенеуніктермен кездесетінмін.
Сол кездегі әр күнім есімде...
Жаныма облыстағы филиалдарымыздың төрайымдарын ертіп алып,Қазақстанның бар облыстарын аралап шыққан болатынбыз.Сонда әкімдер қонақ үйлерден әрқайсымызға бір бөлме дайындатып,ол қонақ үйлердің алдына жедел жәрдем машинасына шейін қойып қойған болатын.Астанадан түн ортасында Қарағандыға келген бізді Қарағанды облысының әкімі құшақ-құшақ гүлдерімен қарсы алды.Қонақ үйдің мейрамханасының кең дастарханында шай ішіп отырғанымызда Әкім «Бибі-Ана,партия құру қажет болса бір айда-ақ құратын боларсыз?!»деді. Бір де бір партияға мүше болып көрмегенімді,партия құру ойымда да жоқ екенін айтып ем,аналарымыз «Біздің партиямыз Бибі-Ана» десті.
Біздің қазақ күншілдіктен жер жүзінде бірінші орын алатын болу керек!
Сол кездегі бастамама қарапайым Халық қуанғанмен мені күндеушілер де жетіп-артылып жатты.Алла қайырымдылық деген сөзді қазақтың жүрегінің ортасына жазып қойған ғой.Енді сол қазақ қайырымдылық дегенге күмәнмен қарайтынды шығарды.
Ешуақытта қарным ашып көрмеген жан екенімді,бірақ,алуан түрлі қайғы-қасіретті де аз көрмегенімді білгісі келгендер «Тауқымет»атты романымды оқыса екен.
Асырауында балалары бар,кенеттен мүгедек болып қалған аналарға Қоғам ашу үшін,әуелі оларды отбасымда қабылдап,әрқайсысының мұңдарын,зарларын тыңдау қажет болды.Сол кездері бар дүниямызды бір бөлмеге жинап тастап,елдің камазбен жеткізіп беріп жатқан тамақтарын екі бөлмеге сиғызатынбыз.Солардың ортасында бала-шағамызбен ұйықтаған кездеріміз де болған.Таңғы жетіден түн ортасына шейін есігіміз жабылмайтын.
Менің «Я завидую только Матери Терезе»деген мақаламды оқыған азаматтар өздері хабарласып,көмектерін аямай жатты.Сондай азаматтың бірі Алматының маңындағы Есік деген ауданнан бір тонна капуста жіберетін болған.Ол азаматтың тапсырған адамы үшінші рет шіріген капуста жіберген соң,өзім бардым.Сонда маған мысқылдай қарап,теріс айналған бір шешен «Мына сылқымның үстіндегі тонының өзі бір машинаның құны,бұл сылқым капустаны апарады да,базарға өткізеді»деп күңкілдеді.
Қазақтың қайырымдылығының арқасында Қазақстанды паналап келіп,өсіп-өніп жатқан шешен енді қайырымдылыққа сенбей қалыпты-мыс,не көрмедік,не естімедік...
Сол жылдары демеушілер өздері хабарласатын,неге екенін білмеймін,әйтеуір маған Ел сенді...
Өздерінің қолынан келмейтін істі Біреу қолына алса,Биліктегілер де сол Біреумен санаса бастаса,сол адамды қалайда қаралап,билікке шейін ауыздары жеткенше жамандап,ақыры дегендеріне жететіндерден қазақ жуық маңда құтыла алмайтын сияқты.Сондайлардың өздерін Тұлға етіп көрсетуге тырысатындары жаныңды күйдіреді.
Екіжүзділік!Тағы екіжүзділікті басқадан емес,елдің арқасүйер,пір тұтар адамдарының бойынан көру жасқа да,кәріге де оңай емес...
Екіжүзділіктің не екенін білмейтін,тұлға деген сөзді естімеген бала кезімізде ауылдың ақсақалдарынан ғана ығатынбыз,алдарынан кесе көлденең өтпейтінбіз.Райым деген атамыз болды, қандай мәселе болсын,Райым атамызсыз ол мәселе шешілмейтін,ол кісі аптап ыстықта да,үстіне жеңіл ақ пальто,оның астынан қысқа жеңді желет киіп жүретін.Көп сөйлемейтін,сабырлы,кербез Райым атам маған бір жұмбақ адамдай көрінетін.Райым атам туралы сұрай қалсам,әкем«Ой,Райым атаң ақсүйек қой,оқымағанның адамы ғой»дейтін.
Біз енді оқығанның наданы көбейген заманда қансырап өмір сүріп жүргенімізді қалай жасырамыз?!
Сөйтсем,Райым атамыз Тұлға екен ғой...Осы заманда да менің Райым атам сияқты Тұлғалар бар,бірақ,бастары бірікпейді, сондықтан да зиялы қауым жоқ!
Жұртшылық бұрын зиялы қауымға ақындар мен жазушыларды жатқызатын. Мына мақаланы оқып отырған,әбден шаршап жүрген қарапайым Халықтың алдында не деп ақтала аламыз?!
Әкімді мақтап өлең жазатын ақындарды түсінбейтінімді талай жерде айтып та,жазып та келемін. Соным үшін талай рет жолым жабылып қалды...Қайтейін,шындықты жұтып қою мен үшін уланып өлгенмен тең.Ешуақытта халықтың арасына іріткі салатындай ештеме айтып та,жазып та көрген жоқпын.Бірақ, бастықтардан тек қана заң жүзінде жұмыс істеулерін талап етемін.Бір де бір мүгедек заңсыз ештеме талап етпейді,өздеріне тиесілісін ала алмай жүретіндер ауылдарда менің басымдағы шашымнан көп...
Жүздеген хат аламын. Сондай бір хаттың мәселесімен ауданның әкіміне телефон соғып «Жаным-ау,мына от басында он екі жасар ұл тәрбиеленіп жатыр,ата-анасы жалдамалы пәтерге тапқан-таянғандарын төлейді екен.Пәтерге,немесе жердің кезегіне қойсаңшы,бұлар енді Американың азаматтары емес қой.Өздері қайыршылық өмір сүріп жатыр,ертең баласы да өмір бойы пәтер жалдап жүре ме,қашанғы қазақтың қайыршылығы жалғаса беру керек»-дедім. Сөзімді құптап,әкім он сотық жер алуға кезекке қойды.
Міне,осындай,әкімдердің ойына ой салып отыру үшін де міндетті түрде Тұлға болу керек пе?!
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы осыдан үш-төрт ай бұрын ақын-жазушыларды жинап әрқайсымызға 500.000 теңгеден грант берді.
Бақытжан Әбдірұлына «Сіздің Алматыны көркейту жөнінде жасап жатқан жоспарларыңызды оқыдық.Алматыны өзіңіз айтқандай деңгейде көркейту үшін кемінде Сіз бұл Алматыда он жыл әкім болып отыруыңыз қажет,екі жыл,үш жылда Алматы өзгере қоймайды.Біз Сізді қолдаймыз,Алматы жер жүзіндегі өзінің келбеті бар мығым қалалардың бірі ғой»дедім.Сосын мүмкіндігі шектеулі деп,мүгедектерді мүсіркейтін сөздің түбегейлі өзгертілуі қажеттігін,мүгедек деген сөз тек қағаз жүзінде ғана болу қажеттігін айттым.Бұл енді өзіме маза бермей жүрген шаруаларымның бірі еді. Денсаулығына байланысты пенсия алатындарды «Мүгедек»деген сөзден құтқару ойымнан кетер емес.Осы бір үлкен мәселенің бір уақытта қолға алынатыны анық,сондықтан да ең алдымен өзіміздің әкіміміздің есінде болғанын жөн көрдім.
Мүгедектер биліктен мүсіркеуді күтпейді,барлығы да жұмыс істегісі келеді.Осыдан бірнеше жыл бұрын парламенттің алдында сөйлеген сөзімде «Мүгедектерге мүсіркеудің қажеті жоқ,мен он жеті жасымнан мүгедекпін.Дәрігерлер қарсы болса да,өмірге ұл әкелдім,қыз әкелдім,оларға білім бердім,екеуі де менің мақтанышым.Мүгедектерге тағайындалатын зейнетақымен күн көру мүмкін емес.Тәні ауру болғанмен,жаны ауру емес адамға тиын санап өмір сүру де өте қиын.Менің сіздерден өтінішім,қай салада болсын,отырып істейтін жұмыстардың барлығына мүгедектерді қабылдау керек.Мүгедек аналарға арнап тігін цехын ашқанбыз,бір күні кабинетімнен шығып келе жатсам,балдағына сүйеніп жылап тұрған ананы көріп,жағдайын сұрадым.«Бибі-Ана,бүгін балаларыма өзімнің еңбегіммен тапқан жалақымды көрсететін болдым,сізге алғысым шексіз»деп,қуаныштан жылап тұр екен.Санасы сайрап тұрған адамға мүгедек деп қарауға болмайды,оларды мүсіркемеу керек,тиянақты жұмыспен қамтамасыз ету керек.Алпауыт Американың жиырма жыл Президенті болған Рузвельттің де қоларбада отырғанын сіздер менен жақсы білесіздер ғой»деген болатынмын.
Мүгедектерді жұмысқа қабылдағысы келетін Басшылар өте аз.Денсаулығына байланысты зейнетке шыққандарды қолынан келетін кәсіпке оқытатын оқу орындары болу керек.Мүгедек балаларды шеттетіп,дені сау балалар оқитын мектепке қабылдамайтын мектептің директорлары да бар,бұл да шешілмей жатқан үлкен мәселе.Тек қана үлкен қалаларда емес,ауданның орталықтарында да екі -үш жүзден асатын мүгедек балалар бар.Егер сол аудандарда Оңалту орталықтары болса ол балаларды мектепке шейін дайындауға болар еді. Алла деген әділ,адам баласын бір жағынан кемітіп қойса,екінші жағынан басқа бір мүмкіндік береді.Сол мүмкіндікті көппен бірге ашу үшін арнайы Орталықтар керек.Анасының көз жасына малынып,орнынан тұра алмай жатқан балалар көз алдымнан кетпейді.Менің әке-шешем де,өздері өмірден өткенше менің жағдайымның не болатынын ойлап,көздерінен жас кетпейтін.Өкінішім,менің елдің Бибі-Ана деген атағына ие болғанымды көре алмай кеткендері...
Басқа қалаларды былай қойғанда Астана мен Алматыдағы Оңалту орталықтарында орын жетіспейді.24 күн ғана емдеп,екі-үш жылға кезекке қою деген балаға жасалынған қиянат!Аз күнде үйреніп қалған балалардың үйлеріне барғаннан кейін «Орталыққа барамын»деп,бірнеше күнге шейін беттерін басып жылайтыны қай ананың жүрегін шыдатар...
Жанарбек! Сен айтып отырған жиын сияқты Президенттің қатысуымен өткен жиындарға мен де талай қатысқанмын.Бізге ақыл айтатын талай ағаларымыз бен апаларымыздың жөнді-жөнсіз елпілдеп,өтірік ақпар беріп тұрғандарын көргенде қаның басыңа шауып,жайсыз күйге түсесің де,енді сондай жиындарға барудан бас тартуға мәжбүр боласың...
Қазаққа Алла бар қасиетті беріп,сол қасиеттерді үпілеп ұстай алмайтындарды Алла басқаша жазалайтын сияқты. Сол жазаланған адамдардың қатарына екіжүзділерді, жарпаңбайларды,күншілдерді, мансапқорларды,дүния үшін досын сататындарды жатқызуға болатыны анық.
Біреудің үзеңгісі жоғарыласа жарыса жүгіретіндерді,үзеңгісі төмендеп бара жатса тұра қашатындарды шынымен «Алланың жазасына ұшырағандар»деп,айта аламын.
Ештемеге сенбейтін болдық,әкемнің«Менің күнәм үшін жанымдай жақсы көретін қызымды жазалады»деп,мен мүгедек болып қалғаннан кейін еңіреп жылағанын көрдім.Бір де бір әке де,ана да жыламаса екен...
Болашақта немерелеріміз өмір сүретін Қоғамды осы бастан тазалау әр әкенің,әр ананың,әр атаның,әр әженің міндеті!
Тек қана өзінің креслосынан айырылмауды ойлайтын басшылардың іс-әрекеттері ұнамаса да,амал жоқ,жұртшылық оларға қарсы бір ауыз сөз айта алмайды. Кішкене ғана ауданның әкімі жарты патшалықты ұстап отырғандай,сондықтан да,жұмысы барлары жұмыссыз қалмау үшін үндемейді,жұмысы жоқтар жұмыстан дәмеленіп,ыза-ашуларын іштеріне тығып отыратындары да өтірік емес...
Менің ғана араласуыммен бітетін шаруалармен қалың қазақты қарқ ете алмаймыз,әрбір саланың түбегейлі өзгеруіне бірімізді біріміз күндемей,ат салысуымыз керек!
Қарапайым жұртшылықтың тілегі: Әр басшы өзінің міндетінің алдында күн сайын есеп беріп отырса,қара басының ғана қамын ойламаса,шындықты ғана мойындайтын болса,қарапайымдылық пен қайырымдылықтың туын жүрегінде ұстаса,жұмыссыздық пен кедейліктің кесірінен әбден тұралап қалған жұрттың алдында шіренбесе,өзі басқарып отырған елді көркейту үшін айналасына жемқорларды жинамаса...
Тегі бар әкім ешуақытта асып-таса қоймайды,өтірік мақтау мен шын мақтаудың ара-жігін ажырата алады.Тегі бар әкім тексіздерді жөнге сала алады,тексіз әкім өзінің жолына бөгет бола алатындардан құтылуға асығады.
Ауданның тұрғындары облыстың әкімінің келетінін бірнеше күн бұрын біліп отырады.Себебі,көшені тазалау,сырлау,әктеу,жолдарды тегістеу басталады.Бұл енді барша халыққа таныс жағдай.Облыстың әкіміне телефондатып «Ауданның халқы сізді күтіп алу үшін әбігерге түсіп жатыр екен,сізге айтар екі өтінішім бар.Біріншісі-сіздің жиыныңызға жұмысы бар,жағдайлары жақсы адамдар тізіммен ғана кіреді,мүгедектер мен жұмыссыздар,халықтың мұңын айта алатын ақсақалдар далада қалады.Жиналыс басталып,есік жабылғаннан кейін сыртқа шықсаңыз менің сөзімнің шындығына көзіңіз жетер еді.Екінші өтінішім-әкім қалап алған бір ақсақал тұрады да,бар өнерін салып,кемінде жарты сағат әкімді мақтайды,бұл да шындық,осыған көңіліңізді аударып,бір өзгеріс жасаңызшы»дедім.
Әкім кездесуге барды,далада мүгедектер мен ақсақалдардың кіре алмай қалғандарына көзі жетті,жиналыс басталысымен сайрай бастаған ақсақалға «Отырыңыз ақсақал»депті.
Сол ауданның тұрғындары үшін бұл енді бір үлкен жаңалық болды,көп өзгерістер де болды.
Бір аяғы көрде,бір аяғы жерде жүрген,жасы келген адаммын.Аллаға шүкір,үлым бар,қызым бар,немерелерім бар.Тек сол немерелерімнің өмір сүретін ортасына алаңдаймын.Бар малын сатып болыс болуды армандайтын арамдардың өздерінің ұрпақтарына да қандай тәрбие беретіні белгілі.Олай болса «Біреудің ала жібін аттама,өзіңнің еңбегіңе ғана сен»дегенді санасына құйып өскен бала өмір бойы қасірет шегумен,өмірін өткізеді ғой...мені алаңдататын да болашақ ұрпағымыз өмір сүретін Қоғам!
Қазақтың небір талантты,дарынды жастары өсіп келеді.Немеремнің достарына шай беріп отырып,оларды сөзге тарта отырып,болашақтарына жоспар құрып жүргендерін,біреудің есебінен өмір сүргісі келмейтіндерін де байқап,қуанып қалдым...
Адам баласы атаулының бәрін үйіне қамап жатқан мына Індеттің өзі адамзат атаулының бәріне беріліп жатқан үлкен СЫНАҚ! Алла бізді аямай жазалап жатыр,адам түгілі малдың құлағы саңырау болып қалатын масқаралардан Алла да шаршаған болар. Дүния үшін бауыры бауырын өлтіретін болды, еркек еркекке үйленіп,қыз қызға үйленіп,кемпірлерге шейін Алланың берген бет-пішінін өзгерту үшін істемей жатқан әрекеттері аз емес.Туысың түгілі көршің аш отырса Алланың алдында жауап беретінімізді ұмыттық.
Тап қазір Қоғамдық ұйымның Басшылары ауадай қажет екеніне менің көзім жетіп отыр.
2000-шы жылдары бір Алматының өзінде бес мыңнан астам Қоғамдық ұйымдар жұмыс істеді,соның бірі мен құрған «БИБІ-АНА»Қоғамы болатын.
Қоғамдық ұйымды өзіне сенімді адам ғана құрады.Қоғамдық ұйымды басқарып отырған Басшы халықпен тығыз байланыста жүретін адамдар.
Билікте отырғандар Қоғамдық ұйымның басшыларына ешуақытта еркіндік берген емес.Сәл басын көтергендердің соңына шырақ алып түсулерін қоймайды.
Сол уақытта есепсіз көп партиялар ашылып жатты.Бір де бір партияға мүше болмағанымыз үшін жазықты болдық, билікте отырған сылқым келіншектердің алдында жалпаңдамағанымыз үшін жазықты болдық, өз үніміз болғанымыз үшін жазықты болдық,бұрыстарын дұрыс демегеніміз үшін жазықты болдық...Әйтеуір,бетімізге күле қарап, сырттай арқамызға қанжар сұғуларын қоймай,ақыры бір түнде «БИБІ-АНА»Қоғамының шаңырағы ортасына түсірілді...
Әділетсіз сот пен проурорлар мүгедек аналарды емес,Қазақстанның жарты байлығына ие миллиардерді қолдады.
Жазығымыз не еді? Өмірі жұмыс істеп көрмеген мүгедек аналарды жұмыспен қамту үшін,тігін цехтарын аштық,ауылдан келіп оқып жатқан балаларға компьютер орындарын аштық,олар тегін тамақтанатын асхана аштық.Таңертеңнен кешке шейін күні-түні жұмыс істесек те,үлгере алмай жаттық.
Алғашқы күннен бастап мүгедек аналардың балаларының жоғары білім алуын жолға қойғанымды,күні-түні тегін тамақ үлестіріп жатқанымды « Биби-Ана иждевенчоством занимается»деп кінәлады.
Бір Женя деген баланың «Биби-Ана, мамам шайыма екі қасық қант салуға рұқсат беріп жатыр,менің бетіме қан жүгіре бас тады»дегенін мен осы күнге шейін ұмытпаймын,ұмыта да алмаспын...
Адамның қолына балық емес,қармақ беру керек екенін бала күнімнен бойыма сіңіріп өсірген адаммын.Бес жүзден астам балаларымыздың тамағын тойдыра жүріп,жоғары білім алып бергенімізді мен енді мақтанып айта аламын.Енді сол балаларымыз мүгедек аналарының зейнетақысына жабыспай,керісінше аналарын бағып отыр.
Ең бастысы балаларымыз біздің Қоғамның табалдырығынан аттаған күннен бастап «Қайырымдылық» дегеннің құдыретімен танысады. Әр баламыздың диплом алған күнін дастарханымызды жайып,құттықтап,си-сияпатымызды жасайтынбыз.Сол дастарханның үстінде балаларымызға «Көмекке зәру он адамға қайырымдылық жасап жүрсең,ешкімге қиянат жасамай жүрсең,біздің еңбегіміздің қайтқаны»деген бата беретінбіз.
Өздеріне арнап ашылған асхананы,өздеріне арналып ашылған компьютер бөлмелерін,аналарына арнап ашылған тігін цехтарының бір түнде шаңырағы ортасына түскендерін көріп жылаған балаларымыздың жүректерінде қайырымдылыққа орын қалды ма екен?І Осы сұрақ мені қатты мазалайды...
Мені сүйреп келе жатқан, әр ісімді бақылап отырған бір АЛЛА! Сондықтан да ауруханада жатсам да қолымнан телефон түспейді.Адал еңбектерімен,адамгершілікпен ғана абыройға ие болып келе жатқан азаматтардың арқасында жоспарларымызды іске асырып жатырмыз.
Кезекті отадан кейін жан сақтау бөлмесінде жатқанымда жанымда түнеген балам«Мамеке,он жеті жасыңнан бері басыңнан өткен оталарды санадым,мынау сенің он төртінші отаң, өзіңді,бізді ойлашы.Бүгіннен бастап,тек қана денсаулығыңды жөндеуге кірісесің»дегеніне «Мені бүгінгі отадан да аман алып қалған елдің алғысы,ешуақытта осыны ұмытпаңдар.Алла мені әзір алмайды, себебі,әлі орындалмаған жоспарым көп...»дегеніме балаларым кәдімгідей қуанып қалды.
Есікке жетуге зар болып жатқан маған әкемнің «Сен әлі Ел анасы боласың»деген сөзін кезінде түсінбеген ем,енді ойласам әкемнің маған берген батасы екен ғой. Күн сайын марқұм әкемнің алдында есеп беріп отырамын,мұныма сенбейтіндер менің «Тауқымет»атты романымды оқысын...
Әкем «Қайырымдылық деген қасиетті сөз әр қазақтың жүрегінің ортасына ойып жазылған»деп отыратын.Әкемнің осы сөзіне иланып өстік,қайырымдылықты көріп өстік.Ол кезде жасаған қайырымдылықты ешкім жария етпейтін,ол ұят саналатын.Қазақ енді қайырымдылықтың да сауда-саттыққа айналып кеткенін мойындамасқа шаралары қалмапты...
Бірнеше мысал келтірейін.
Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында бес сәбидің өртеніп кеткені елді дүр сүлкіндірді.Жер жүзінде болмаған жағдай.Біреулері бес сәбидің өліміне ата-аналарын кінәлап жатты,осы жөнінде тілшілер маған сұрақ қойды.Мен «Ата-анасы еріккеннен түн ортасында жұмысқа кетпегені анық, түнде ғана жұмыстары қызатын кафелердің басшылары жұмысқа шықпай қалса,сол мезетте жұмыстан шығарып жібереді.Олай болса байлықтан басы айналып жүргендердің тоқалдары мен бәйбішелері он баладан тусын,әйтпсесе қазақ қалай көбейеді»дедім.Телеарналардан естігендердің біреулері алғыс айтып жатса,біреулері әдеттегідей қылыштарын дайындап жатты...
Сол бір қайғылы оқиғадан от басымызбен есеңгіреп қалдық. Өзімнің туған елімдегі пәтердің кезегіне тұратын мүгедектердің тізімін бөлек ұстап отырғанмын.Барлығына телефон соқтым,Бағила деген әйел менің даусымды естісімен еңіреп қоя берді.
Сегізінші баласынан кейін мүгедек болып қалыпты,оның үстіне күйеуге шыққан қызы қайтыс болып,оның үш баласын асырап алыпты,тағы жиырма жасар қызы мүгедек екен.Кедейліктен тұралап отырғандарын,үйлерінің бір жағы құлап қалғанын,балаларының тары түйіп,оны базарға апарып сатып күн көріп отырғандарын айтты.
Еш ойланбастан туыстарыма үй іздеуді тапсырдым.Ауылға ауданнан көшіп келгендер пәтер жалдап жатса,ауданның бұрынғы бастықтары облыс орталығына көшіп жатыр екен.Бірнеше жыл бастық болып істеген бір ағамыз сегіз бөлмелі үй салған екен.Туыстарымның«Ауласының өзі 15 сотық,екі тайқазаны бар»дегендерін естігенде қатты қуандым.Енді тары түюдің саудасы қызатын болды деген ой келді. Үйді алатын болдық,енді Бағиланың күйеуін көндіру қиын болды.«Даладағы біреу қалай анау-мынау адамның қолы жетпейтін үйді алып береді екен,кейін ақшасын сұрайтыны анық деп туыстарым болмай жатыр,осы үйімізге де зар болып қалармыз»деп,әбден мені шаршатты.
Қазақтың «Туыс бар болсаң көре алмайды,жоқ болсаң бере алмайды»дегенін де түсіндіре алмай қойдық.
Ақыры Бағила «Бибі-Ана,сізді маған Алла жіберіп отыр.Аллаға қарсы шығар жайым жоқ.Үйді менің атыма жаздырыңыз,бұл үйден айырылмаймын»деді.Сөйтіп, «Тауқымет»романымның сатылымынан түсіп жатқан ақшаға Бағилаға сегіз бөлмелі үйді алып бердім.
Арада бір ай өткен соң Бағиланың күйеуі менен кешірім сұрай тұрып «Бұрынғы отырған үйіміздің жерін біреу миллион теңгеге сатып алайын деп жатыр,сізге сол ақшаның жартысын салып жібермекшімін»деді.
Мен «Маған қиналып жүрген Бағиланың алғысы мен ана балалардың қуанышы да жетеді.Енді үйің кең,сол ақшаңа балаларыңа болашақта нәпақа болатын бір тірлік жаса»дедім.
Ең бастысы қайырымдылықтың бар екеніне сенді...
Тағы бір мысал:Көп хаттардың ішінен екі қолы иығынан жоқ,бір жап-жас жігіттің суреті шықты. Үйі жоқ,күйі жоқ,екі баласы,анасы бар екен.Хатты оқи сала Әкімге телефон соқтым.Келгеніне бір жылдан асқан әкім,әдеттегідей «Бибі-Ана,жалғыз мүгедек ол емес қой»дегеннен бастады.Екеуміз біраз жерге барыстық,ақыры «Жоғарыдағы бір Тіреушіңе сеніп,кергіп отырсың ғой.Бір жетінің ішінде мына балаға пәтер тауып бересің,таппасаң үйіңді босатып бересің,бермесең жеті сағат әкім болып отырмайсың,»деп қатты айтуға мәжбүр болдым.Үш күннен кейін шенеуніктерге арнап салынып қойған жеке үйдің біреуінің кілтін әкім әлгі жігітке тапсырыпты.Сол жігіттің анасы маған телефон «Бибі-Ана,бір жылқымыз бар еді,қалай жеткізіп береміз деп жатыр туыстар»деп,өзі жылап тұр.Алладан қайтсын дегенді ұмытып,жылқысын ұсынып тұрған кемпірге «Ең болмаса қайырымдылықтың есеп-қисапсыз жасауға болатынын жастарға үйретіңізші,сізден өтіншім осы,маған атаған жылқыңызды сойып,тойыңызды жасаңыз,қиындықпен жеткізген үйдің іші қуанышқа толсын»дедім.
Марқұм болып кеткен ата-анамызға ас беріп тұрамыз,сол астың үстінде бірнеше адамдар бірінен соң бірі тұрып «Алла-ай,миллион жақсылық жасаса да бір тиын алмайтын адам біздің Бибі-Ана апамыз ғана»деп,алғыстарын жаудырып жатқанын інім айтып берді.
Құрметті Тұлғалар! Қазақтың қайырымдылығын бойларына сіңіре алсақ қана жұртшылық өздерін өздері тәрбиелейді.Қазақты бар қасиетінен айырған аты өшкір, сыбайласқан жемқорлық! Бұл да қазақтың басына сор болып жабысқан індет,осы індеттен құтылу үшін бәріміз жабыла кірісейік!Бөле жегенше бөліп же дегенді қайтарайық.
Балалары мүгедек аналардан жүздеген хат аламын.Қазақстанның бір де бір ауданында мүгедек балаларға арналған Оңалту орталығының жоқтығына көзім жетті. Екі жылдан бері айналысып келе жатқан,мүгедек балаларға арналған Оңалту орталығы туралы жоспарымыз іске асып келеді.Сол орталықта жұмыс істейтін дәрігерлерімізді қазірден оқытып жатырмыз.Сексенге таянғанда жұмысымның басымнан асып кететінін білмеппін...айтарым да көп...жоспарым да көп...бірақ,бір мақалаға осы да жетер...
Бүгінгі жаңалықтардан «Карантинге бағынбайтын Тұлғалар»деп, моншаға түсіп жатқан, қарындары қампиған біреулерді көрсетті.Солар ТҰЛҒА болса жетіскен екенбіз.Тұлға деген сөздің құнын тілшілер де білмейтін болғаны ма?!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына бір топ ақсақалдардың атынан жазылған Ашық хатты оқып шықтық. Ашық хатты ақсақалдарымыз «БІЗ СІЗГЕ СЕНЕМІЗ»деп атаған екен.Біз де президентімізге сенеміз.Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әлемді спортшылар мен шой бизнес өзгертпейді,ғалымдар ғана өзгертеді»деген сөзіне өте риза болдық.
Президентімізге өтінішіміз:«Сыбайлас жемқорлық дегенді тезірек жою үшін,үкімет үйінің маңында,Ақордада отыз жылдан бері орындарын босатпайтын ағайындар, туыстар,жекжаттар,олардың балалары жұмыс істемесін».
Әр күндерін сериялдармен алдарқатып,от бастарының жағдайларын жөндеп алмай жатып,кредит алып той жасайтын жастармен біз қандай мемлекет құра аламыз?! Әр адамның өз жоспары болу керек,әр адам өзінің мүмкіншілігіне қарай өмір сүруді үйрену керек.Әр баласы әр жерде,алимент төлеуден қашып жүретіндер қатты жазалануы керек.Өзінің ішінен шыққан баласының қандай күйде жүргенінен хабары жоқ әке біреуге бақыт силамақ түгілі өзі де бақыттан жұрдай болатыны анық.
Халықтың үні жететін Үкімет болу үшін Ақсақалдар ұйымдарына,Қоғамдық ұйымдарға жол кеңірек ашылуы керек.
Отанына,еліне,жеріне есеп-қисапсыз қызмет ететін,елдің басына күн туғанда елдің туын түсірмейтіндей тірек бола алатын ТҰЛҒАЛАР көбейсе екен...
Қазақстанның байлығын жинап алып,бір аяғы шетелде жүретіндер аз ғана бір топ болса,сол топтардан құтылайық!
Қазақтың шынында көзінің ағы мен қарасы,жалғыз Отаны-Қазақстан! Олай болса,ойланайық,ағайын!
«Жерде бір бала қуанса,көкте мың періште шаттанады»деген мәтел бар.Біздің мемлекетіміздің болашағы балаларымыз,сондықтан да балаларымыздың болашағы үшін,мемлекетіміздің аяғына тұсау болатындардарға немқұрайлықпен қармайық!Менің өмір сүру принципімнің негізгі темірқазығы да осы,айналайын,Жанарбек!
Ел аман,сәбилердің шат күлкісіне толы күндерде жолығуға жазғай...
23.04.2020 жыл
«АНА ТІЛІ» газеті
ПІКІР БІЛДІРГЕНДЕР:
Құтпанбай Бақыт Жағыпарұлы! Жанарбек,Бибігүл Иманғазинаның өзіңе жазған бұл хатында талай сырға қанықтық.Жалпы,баспасөз бетінен осындай дүниялер азайып қалып еді.Оқырманға,Қоғамқа ой салдыңыз.Сол үшін де рақмет! Эпистоярлық жанр дегеніңіз осы.Хаттың астары мен мазмұны сойқан екен.
Алдабай Әбілғазыұлы! Бәрекелді! Мықты кісі екен.Осындай Ерлер көп болғай!
ЕСЕТ ДОСАЛЫ Жақсы газет «АНА ТІЛІ»Бибі-Ана Анамыздың тілі жасасын!
Шұғайып Сезімхан! Жанарбек аға,осы газетте өзекті мәселелерді көтеріп жүрсіз,еңбегіңіз жансын,Бибі-Ананың мақаласы қатты әсер етті.Қазақтың кейбір руына ұран болып кеткен Аналар осы Бибі-Ана анамыздай-ақ болған шығар.Алла қуат берсін!
Ділдәр Мамырбаева! Бибі-Ананың сөзі мен ісі үйлесіп тұр ғой.Кейбіреу сөзін қатырады да,ісін батпаққа батырады ғой.Аман болыңыз Бибі-Ана!
Сүлеймен Мәмет! Адам-Ана ғой.Сол Адам-Ананы да түсінуге ұмытылмаймыз-ау?! Ұлт газеті ұлт сөзін айтқан Адам-Ананы қолдағаныңа рахмет!
Бағдат Мүптекеқызы! Ұлт газеті көптен бері ұмтылып кеткен ұлттың жақсы қасиетін еске салған екен.Бәрекелді!Жанарбек,айналайын,іске сәт!Мәңгілікке аты қалатын Бибі-Ана ұзақ жасасын!
Мақсат Ережеп! Жанарбекке эпистолярлық хат жазып,зиялылыққа үн қосып,қолдап жатқан Бибі-Анамызға мың алғыс!
Қазіргі Қоғам дертінің тамырын тап басып қозғап келе жатқан «АНА-ТІЛІ» газеті күн сайын күшейіп келеді.
Индира Қиялбаева! Сәлеметсіздер ме? Бибігүл апайымыздың
«Тауқымет» романының бірінші бөлімін ( «Прокурорлың сүйікті қызы») 2000-жылы оқыған ем.Оқыған соң біраз адамдарға беріп ем,
Кітап қолдан қолға кетіп,аяғында таппай қалдым.Енді үш бөлімнен тұратын «Тауқыметтің» шыққанын естігенмін.Роман өмірден алынған.Білетін адамдардан естігенім,романдағы Пана-Бибі-Ананың ұлы Аспан,Сая-қызы Ләйлім екен.Көп қиыншылықты көре жүріп,жеңіске жеткені баяндалады.Енді өзімнің балаларыма оқытайын десем,көп кітапханалардын да,дүкендерде бағасы 9000(тоғыз мың теңге екен.Интернет желісінде де жоқ.Бибі-Ана, кітапханаларымызға бірнеше кітап берсеңіз.
Құрметті мырзалар мен Ханымдар!
Оразаларыңыз қабыл болсын!Пікірлеріңізді оқып,қуанып қалдым,алғысымды қабыл алыңыздар.Еліне,жеріне,адамдарға есеп-қисапсыз жақсылық жасап,біреуге қуаныш силаудың үлкен бақыт екенін айтудан шаршамасаңыздар екен.
Индира,айналайын,кітаптың бағасын мен қоймаймын,жақында өзіңе бес кітап жібереміз.
Барлығыңыздың от бастарыңызға амандық,саулық,абыройлы, еңбек,абыройлы несібе тілеймін...
Үлкен құрметпен,
Бибі-Ана