Жүрегімде талай мыңның мұңы бар...

– «Тауқымет» ассоциациясын ашуға не себеп болды!

– Өмірдің бар тауқыметіне белшесінен батып жүрген аналардың жай-күйі қазір өте ауыр. Негізінен мен ашқан ассоциацияның тікелей мақсаты – мүгедек аналарға көмек. Мүгедек ана-лардың қасіретінің көбеймесе, азаймағанын көре жүріп бір амалын табу керек болды,алыс аймақтағы мүгедек аналардан «Шіріген күріш жеп отырмыз,шіріген ұн жеп отырмыз»деген хаттар да толастамай жатты.Осылай ойланып-толғанып жүргенімде газеттен екі баласына талшық тауып бере алмай әбден діңкелеген ананың өзін-өзі өлтіргенін оқыдым да, бірден белімді буып, басымда әбден піскен ойларымды іске асыруға кірісіп кеттім. Мүгедек ананың ешуақытта баласын жетімдер үйіне бермейтініне, мүгедек анасы бар баланың жаман жолға түспейтініне сенімдімін. Өкімет тарапынан мүгедек аналарға арналған ешқандай жеңілдік жоқ. Жан жарасы өз басына жетерлік ана өзіне ғана тиісті зейнетақысымен балаларын асыраудың қиямет тауқыметтерімен күн сайын, сағат сайын бетпе-бет кездеседі. Біз мүгедек аналарға арнап жасаған жобада олардың балаларының білім алуына көбірек көңіл бөлдік. Қазақ, ағылшын тілдерін үйретуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Болашақта мүгедек аналардың балаларына жоғарғы оқу орындарына түсуге жеңілдік болуын, тағы да басқалай жеңілдіктер жасалуы туралы талаптарымызды өкімет басшыларының алдына қоймақпыз. Жұмыс өте көп... Жүрегімде талай мыңның мұңы бар.Арманым, есін білісімен тауқыметпен бетпе-бет кездесетін балалардың екінші анасы болсам деймін.Мүгедек аналардың көздерінен «Әй, сен де бір бізді қамқорлыққа алғыштардың бірі шығарсың-ау» дегендей сенімсіздік сезіп қалғандаймын. Сол бір қасіретке толы сенімсіз көздер әбден мазамды кетірді. Әрқайсысына телефон соғып, әрқайсысымен асықпай сөйлестім.Қайсысының баласының қайда оқитынын, болашақта кім болғысы келетіндерін сұрадым. «Бұрын ең болмаса жазда лагерьге жібере алушы ек, енді жолдаманың бағасы да өсіп кетіпті,оны қалай аламыз» десті. Өзім Республикалық Балалар Қорының алқа мүшесі ем, сонымды бетке ұстап жан-жаққа телефон соқтым. Қазақстанның балалар және пионер ұйымдары Одағының республикалық Кеңесінің төрағасы Шәйменова Дана Қайыпқызына жол таптым. Айналайын, бір болайын деп тұрған бала екен, мені жарты ауыз сөзден түсініп, оншақты күннің ішінде жиырма жолдама әкеліп берді. Жолдаманы қолымызға ұстатып қана қойған жоқ, өзі балаларды апарып салатын көлікке шейін тауып, бірге орналастырып қайтты. Міне, осындай жастарды өсіру керек! Жүрегі ақ, түйсігі мол, адаммен адамша жүмыс істейтін Дана сияқты қыздарымыздың әлі талай адамға қуаныш сыйлайтынына менің сенімім мол.

Санкт-Петербургта Мұсатаев деген баламыз Нахимов училищесінде оқиды. Шешесі осы жазғы демалысқа келерде баласының төрт күн бойында поезда аш келгенін айтып жылады. Жол билетіне мүгедектің өзіне ғана жеңілдік бар да, балаларына ешқандай жеңілдік жоқ. Авиацияның әкімшілігімен ақылдастық, олар да бізге ақыл-кеңестерін берді, сонымен не керек, билеттің жарты бағасын біздің ассоциация төлейтін болды. Өмірдің тегеурініне ерте түскен бүлдіршіндердің жүзі жарқын жүрсе, менің де жүзім ашық. Алда талай тірлік күтіп түр...

– Ассоциация тек қана қала шеңберінде шектеліп қала ма, әлде болмаса Республиканың бүкіл тарапын қамти ма?

– Қаладан тыс жерлерде, алыс ауылдарда тұратын еңбекке жарамсыз жарымжан аналардың халі мені қатты ойландырады. Бұл «Тауқымет» ассо­циациясы бүкіл Республикалар ішінде бірінші рет біздің Қазақстанда ашылып отыр. Сондықтан да барлық мүмкіндікті пайдаланып, іргемізді бірте-бірте ұлғайта бермекпіз. Жақында Әлеуметтік қамсыздандыру министрі Зәуре Жүсіпқызы Қадыроваға жолығып, біраз сырға қанықтым. Біздің Республикамызда Мәскеудегідей Әлеуметтік қамсыздандыру институтын ашуды қолға алғалы жатқанын айтқанында мен қатты қуандым. Ол кісіге ауылда тұратын аналардың тағдырын көп болып ойлану қажеттігін ескерткенімде: «Қазақ әйелдері бұрын мүгедектіктері үшін пенсия алуға арланатын, ал қазір мүгедектерге төленетін зейнетақы өсті. Жеңілдіктер көп, ең бастысы – мына қыспақ заман біздің әйелдерді амалсыздан ойлануға мәжбүр етіп отыр», – дегенде, есіме менің әкемнің де бірнеше жылға шейін маған жәрдем пенсиясын алдырмағаны түсті.

– «Казахстанская правда» газетіне Сіздің осы бастамаңыз жөнінде «Я за­видую только матери Терезе» деген мақала басылып шықты. Осы мақаладан кейін Сізге қол ұшын берген ел азаматтары болды ма?

– Бұл мақаладан кейін үйге екінші инфекциялық балалар ауруханасының бас дәрігері Светлана Мұқашева теле­фон шалды. Ол кісі өзінің ауруханасының жанынан балаларды сауықтыру бөлімі ашылғанын айтып, қажет болған жағдайда балаларды ақысыз-пұлсыз қабылдай алатынын айтты. Сондай-ақ қант зауытының директоры Дүйсеков Әбдібек деген азамат менің мүгедек аналарыма арнап жарты тонна қантты тегін берді. Әр от басына бес келіден қылдай етіп бөлдік. Кейбір үйлерде бірнеше айдан бері қант көрмей отырған ба­лалар бар екенін мен жақсы білемін. Әбдібек сынды халық азаматы аналардың алғысына бөленді... Қайырым- дылық жасасаң, өзіңе жеті есе көбейіп қайтарылады, – делінген имандылық шартында. Сырттай осы азаматтың жетім-жесірлерге жақсылық жасап, қиындық кезінде көмекке келіп жүргенін естіп жүретінмін.

– Осы ассоциация арқылы шетелге қарым-қатынас жолы ашылуға мүмкіндік бар ма!

– Мен шетелмен қатынасқа жол тауып, көзін ашып отыратын бір адамды жұмысқа алдым. Шетелдерде қайырымдылық ісі бізден әлдеқайда бұрын қолға алынған. Жақсы оқитын балаларымызды шетелге оқуға жіберіп, олардың балаларын осында оқуға шақырып отыру да жоспарымызда. Бізге жақында Америкадан мүгедектер келіп кеткен. Бірде-бір жерден мүгедектерге арналған емхана, дүкен, кинотеатрлар көре алмаған Джарри Гари «көп баспалдақты Алматы» деп күлгені бар. Шетелдегі мүгедектер мен біздің мүгедектердің тұрмысын салыстыру мүмкін де емес. Тіпті, оларда мүгедек деген сөз жоқ екен. Көңілге жеңіл тиер баламасы бар көрінеді. Бізде бір жерде қысқарту болса да алдымен мүгедектердің жүмыссыз қалатынын қалай жасыруға болады. Көбі биік үйлердің жоғарғы қабаттарында тұрады. Ойға өмірдің тауқыметін жастайынан көріп келе жатқан, бірақ жасымай, тірлік отын ұшқындатып, айналасын жан жылуымен жылытып жүрген жап-жас келіншек Алдыбаева Гүлмира оралады. Оның өмірінің жалғасы – томпаңдап жүгіріп жүрген кіп-кішкентай Талғаты. Анасын жас сәбидей күтеді. Мектептен үзіліс кезінде жүгіріп келіп, дәрісін беріп, төсегін жөнге келтіріп, қайтадан сабағына жүгіріп кетеді. Ол балалықтың бал дәуренінде анасының басына түскен ауыртпалықты бірге бөлісіп, кіп- кішкентай жүрегіне мұң мен шер ұялап жүрсе де мойыған емес. «Міне, он жыл бойы баламның мойнындамын. Тек енді осы қанатым бақытты болса екен» дейді анасы көз жасын төгіп.Гүлмираның басынан өткен жәйт өз басымнан да өткен. Осы аналардың басынан мен өз өмірімнің бір бөлшегін көргендеймін.

Мен өзім бойжеткен шағымда аяқ астынан мүгедек болып қалдым. Өзімді зорлап-қорлағысы келген адамның құр­баны болғым келмеді. Мүгедек болып қалсам да, өмірдің талай тауқыметін тартсам да, тап сол сәттегі шешіміме ешбір өкініп көрген емеспін.Менің барлық жан-дүнием қызым өмірге келген күні өзгерді. Қызым шешесінің мүгедек екенін сезбей өссе екен дедім. Сондықтан да, ешуақытта түнеріп жүрмейтін болдым, сабыр сақтап, дені сау адамдардай өмір сүруді алдыма мақсат етіп қойдым, Барлық жағынан өзімнің дені сау құрбыларымнан артық болу маған өте қажет болды. Әлі есімде, бір көрші әйел маған келіп: «Қарағым, сені күйеуің мүгедек болсаң да тастамай жүр, ал мына менің қызымды қол-аяғы бүтін болса да тастап кетті, айналайын, бір дұғаң болса, бізге де жасатып берші» деді. Мен әуелі не айтып тұрғанын түсінбей қалдым. Сәлден кейін барып бет пердесі келіспеген, күн жаумай су болып жүретін, өмірі бір қабағы ашылмайтын, бір шыны шайдың өзін әдемілеп бере алмайтын, құдай сүйер бір қылығы жоқ қызының бетіне қарап:

 -Апатай, кешіріңіз, сіздің әп-әдемі күйеу балаңыз қайта мына қызыңызбен екі жыл тұрмыс құрыпты, мен еркек болсам, екі сағат та қатар отырмас едім, – дедім. Айтайын дегенім, тауқыметі мол өмірдің қиыншылықтарына ешқашанда мойымауымыз керек қой, Қиындықпен күресе білу керек. Ауыртпашылыққа мойын ұсынып отыра берсе қалай жан жадырайды. Бәрі де өзімізге байланысты.

Оқырман қауымға Сіз «Тауқымет» атты романыңыз арқылы жақсы таныссыз. Осы дүниеңіз туралы оқырманға айтып етсеніз?

– Рахмет, жаным,жазушының жазған еңбегін халық оқып, құрметтеп жатса, одан өткен қандай сый болуы мүмкін. «Тауқымет» романы шыққаннан кейін бірнеше газеттерге жақсы, ойлы пікірлер жазылды. Осы жақын арада, ай оңынан туса, «Тауқымет» романының толықтырылған түрі шығады. Жалпы қанша роман жазсам да тауқымет тақырыбы жалғаса бермек. Құдай маған жазатын тақырыпты өзі жасап берген. Жұртты қыспаққа алған қазіргі нарық кезеңінде кітап шығару оңай емес. Міне, осындай қысылған кезде қол ұшын беріп, «Жазушы» баспасынан менің кітабымды шығару үшін Шымкент қаласында туратын жайсаң азамат Жақсылық Арзымбетов алты жүз мың сом ақша аударды,бұл дегеніңіз он « Волга» автокөлігінің құны ғой. Кітаптан түскен ақша тек қана менің қалтама түспейді. Ассоциацияны өзім ашып отырғаннан кейін менің қаражат бөлмеске арым шыдамас еді. Қалада менің ассоцияциямнан басқа да мүгедектер қоғамдары баршылық, олардың да қаражаттан қысылып отырған жайы бар.

– Оқырманға айтар тілегіңіз?

– Адамға таза еңбек пен шыдамдылық қана бақыт әкеледі.Әр отбасына амандық,абырой,бақ-береке тілеймін...

Әңгімелескен

Әр отбасына амандық,абырой,Үмітхан БАХОВА

 

 

19-маусым,992 жыл

«Қазақстан әйелдері»

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта