Мүгедек аналардың кәмелетке толмаған балаларының арнаулы және жоғары білім алуына көмектесу, денсаулығын түзеуіне жәрдемдесу, оларды әлеуметтік жағынан қорғау – «БИБІ-АНА» қорының басты міндеті.
«БИБІ-АНА» қоғамының көмегімен Қызылорда облысында мүгедек аналардың 62 баласы студент жоғары оқу орнының дипломын алды.
«БИБІ-АНА» қоғамы балаларының білім алуына айырықша қамқорлық жасап келе жатқан іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университете 13 студент осы университетті бітірсе, 17-сі жеңілдікпен оқуын жалғастыруда, олардың барлығы да жұмыс істейді. Білім ордасы Бибі-Ана анамыздың өтінішімен өз тарапынан қордың атынан оқып жүрген студенттерге жеңілдіктер жасап келеді. Мәселен, Индира Алназар мектепті аяқтап, ақылы бөлімге түсті. Анасы – II топтағы мүгедек, әкесі қайтыс болған. Индираға университеттің гранты беріледі. Жадыра Сариева мен Нұргүл Бекмұрзаева ақылы бөлімнен несие бөліміне ауыстырылды. Оқуды үздік аяқтаған бұл өрендер жұмысқа орналасып үлгерген. Бердаханов Руслан, Орынбасаров Омар, Қуанышев Жандос, Құлымғалиев Қанат – университет түлектері, олардың оқу ақысын университет 50 пайызға азайтты, қалған төлемін «Қазмұнайгаз» компаниясы аударды. Әбішова Ақжан, Бекмырзаева Ұлбосын, Бакбергенова Жадыра, Байғабылова Жанар, Мұратбаев Ғани – биылғы жылдың түлектері. Бұлар да жеңілдікпен оқып, үздік диплом алып отыр.
Карбозова Салтанат, Жолдыбаев Алмас, Мұқашев Жадырасын, Әлімбетова Нәзира, Баянбай Құрманғазы, Махаббатұлы Айдос, Айтбаева Мәлика, Гончарова Людмила, Науханбаева Гүлзира, Нұрғалиев Уәлихан, Құлжанов Серік, Жақсылықов Жора және басқа студенттер 50 пайыз женілдікпен оқып жүр.
Еш жерде жазылмаған, жалпы адамзатқа тән бір заң бар. Ол – адамгершілік заңы. Оның басты міндеттерінің бірі – адамдарға қайырымдылық, жақсылык жасау болса керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Осының бәрі – ел ағасы, университеттің ректоры Қылышбай Бисеновтің үлкен жүрегінің арқасы. Және Бибі-Ана анамызға деген үлкен құрмет. Мүгедек аналар атынан оалғысымызды білдіреміз.
«Жас Алаш» газеті,
18 тамыз, 2005 ж.
Роза ЕРМЕКҚАРАЕВА,
«Бибі-Ана» қоғамының облыстық филиалының төрайымы.