Қазақстан Жазушылар одағы республикалық Жас-өспірімдер кітапханасымен біріге отырып, оқырмандар арасында ең танымал болған кітаптарға ашық бәйге жариялаған еді. Бәйгенің шарты – кітапханалар қорынан ең көп алынып оқылған кітаптарды анықтау және ол кітаптарға келіп түскен оқырман лебіздерінің жиілігі. Бәйгеге республика баспаларынан соңғы жылдары орыс-қазақ тілдерінде жарық көрген көркем туындылардың барлығы қатысты. Іріктеу жұмыстарының нәтижесінде бәйгенің соңғы турына 85 кітап жіберілген болатын.
Жуырда осы бәйгенің қорытындысы шығарылды. Бірінші орынға оқырмандар дан 500-ден астам хат келіп түскен Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты романы ие болды. Бүгінгі заманымыздағы әйел бейнесін шынайылығымен суреттеген бұл шығарма туралы оқырмандар пікірі ортақ үдеден шықты.
Екінші жене үшінші орындарды Фариза Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» және Нұрдәулет Ақышевтың «Жатақхана қыздары» атты жинақтары бөлісті. Жуырда республикалық Жасөспірімдер кітапханасында оқырмандар бәйгесін алған кітаптарға жүлделер мен арнайы дипломдар табыс етілді.
Т.ҚҰСАЙЫНОВ
«Егеменді Қазақстан»,
26 қараша, 1992.