ЖАРЫССӨЗ
Бибігүл ИМАНҒАЗИНА:
– Құрметті әріптестер. Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Үш жыл бойы орнымнан тұра алмай жатыр едім, бүгін келдім. Қаншама қаза болған қаламдастарымыздың тізімін тыңдап,жүрегіміз ауырып отыр. Бір күні біздің де сол тізімге кіретініміз анық. Осыншама айқай, ойбай... Алдымен халықтан ұят болды. Президенттен ұят болды. Жастардан ұят болды.
Қабдеш аға, сіздің жасыңызды ғана сыйлаймын. Әрқайсың «Нобель» сыйлығын алғандай шіренесіңдер де жүресіңдер. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» деген бағдарламаны тектен-текке ойлап шығарған жоқ. Рухани жаңғыруды біздің ақын-жазушыларымыз өздерінің қара бастарынан бастаса жөн болар еді. Туған елге тағзым! Біздің миллионерлеріміз өзінің еліне, жеріне тағзым етіп жүрсе, бұл бағдарлама да өмірге келмес еді. Осы бағдарламаға қызмет ету ең алдымен ақын-жазушылардың міндеті. Туған елімізде біз араласатын шаруалар қыруар екенін де мен жақсы білемін... Сіздерге жұмыс жетпей ме? Неге елдеріңізге барып,азып-тозып отырған жұртшылыққа тіреу болмайсыздар?!Президентке сөзің, үнің жетуі үшін әуелі халыққа еңбегің сіңу керек.Халықтың үніне құлақ түріп жүрген жазушының шығармасы да құнды болып шығатыны анық.Жазушы деген – Құдайдың оң қолы, ақын – сол қолы. Біздің ақындығымызды, жазушылығымызды ешкім алып тастай алмайды. Қаламымызды ешкім тартып алмайды.
Нұрлан Оразалин Одақ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді, Жазушылар одағын сақтап қалды. Нұрлан Оразалин болсын, басқа болсын, Президент қолдамаса ешқандай тірлік бітпейді. Құрылтай қарсаңында Президент Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы хат жаздым. Құдайдан басқа маған ешкімнің әмірі жүрмейді. Оны менімен араласатын адамдар біледі. Сол хатты «Нұрлан жаздырды» дейтін көрінеді біреулер. Президентке хат жазғанымды Оразалинге неге айтуым керек? Неге есеп беруім керек? Елбасына бағытталған сол хатымды жоғарыдағылар әлі ұстап отыр. Бірақ Құрылтайдан кейін де өмір жалғасады, айналайын!Оразалин маған «Қандай хат? Қандай шу болып жатыр?» деп хабарласты. Оразалин менің екі туып, бір қалғаным, жекжатым да, жерлесім де емес. Өзім тұлға ретінде сыйлаймын. Мың рет сенің жақсылығьщды көріп, бір рет өтінішін орындай алмай қалсаң, сенің дұшпандарыңды іздейтін адамдар бар екенін мен талай рет басымнан өткізгем. Сондықтан да атам қазақ «Іштен шыққан жау жаман» екенін бізге айтып кеткен. Оразалиннің де өзі жақсылық жасаған адамдардан қасірет шегіп жүргенін баршылық жаксы біледі.
Қабдеш ағамыз өткен Пленумда «ол кетпейді, біз кетіруіміз керек» дейді. Айналайын-ау, сіздің бізге берген ағалық батаңыз осы ма? Енді Нұрекеңнің кететіні анық, уайымдамай-ақ қойыңыздар.
Қоғамдық ұйымды басқару оңай емес. Мен дәл сондай қоғамдық ұйымды басқарып отырғаныма 26 жыл болды. Ол үшін сенің билігін болуы керек. Халқыңның жалшысы да,жаршысы да болуың керек. Сонда ғана сенің үнің жетеді.
Біріншіден, мен Оразалиннің жұмысын қанағаттанарлық деп есептеймін. Нұрлан Оразалинге мыңдаған алғысымызды айтып, шығарып салуымыз керек.
Кезекті Құрылтайымыздың қызыл кеңірдек болып өтіп жатқанын көріп, бала-шағамның алдында қызарып отырмын.
Біздің «Атағымнан ат үркеді» деп, өздерін «классик» санайтын кейбір жазушыларымыздың таланты болса да, мәдениеттері жок екендеріне көзім жеткендіктен мен «Жазушының этикасы» деген комиссия құрылса дегенді айтып жүрмін.
Өзім қасіреттің де, қайғының да, таукыметтің де, сатқындықтың да уын талай ішкен адаммын, сондықтан да, мен әр уақытта жазықсыз жазаланған адамдардың, жылап-сықтап жүргендердің жанынан табылуға тырысамын. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болып, біреуді сыртынан даттап жүргендердің менің алдыма түсіп бара жатқандарын да көрмей келемін.
Тағы да «Жазушының этикасы» деген сөзге оралайық. Тап жаңа бірінші қатарда отырған бір жігіт мен сөйлеп жатқанда «Иманғазина Астананың құйыршығы» деп айқай салды. Мен оның кім екенін біліп алдым, егер сол жігіт менен кешірім сұрамаса мен оны сотқа беремін, сол сотта менің қай уақытта, қай жерде кімнің құйыршығы болғанымды дәлелдей алмаса, алатын жазасын алады ол. Осыдан жиырма жыл уақыт бұрын Дулат Исабековті қазақшылыққа салып, соттатпаған ем, соныма сондай өкінемін... Мүгедек мені зар еңіреткен Дулат Исабеков енді өзінше «классик» болып, әлі айналасына уын шашудан шаршамай келеді...
«Нұрланның денсаулығын Құдайдан сұрап отырамын» дейтіндердің Нұрланды талап жатқанда жұмған ауыздарын ашпай қалғандарынан түңілдім.
Ой, сұмдық-ай, кімнің кім екені осындайда байқалатынына тағы да көзім жетті.
Отыз бес жыл бұрын басталып жазылған «Тауқымет» романымды әлдеқашан Мемлекеттік сыйлыққа ұсынатын ем, бірақ романның аяғындағы «Жалғасы бар» деген сөз кедергі болып келген. Енді осыдан үш жыл бұрын аяғына нүкте қойылған «Тауқымет» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр, «Өзіңе-өзің қарсы жұмыс істеме, ертең мемсыйлықты ала алмай қаласың, Нұрлан сенің туған әкең бе?» деушілер аз болған жоқ. Құдайшылығымды айтпай қалсам қиянаттын көкесі сол болатыны өзіме аян, сондықтан Мемлекеттік сыйлықты бір Аллаға тапсырдым. Мінеки, біздің адамшылығымыздың немен өлшенетінін көріп отырсыздар...
Соңғы бес жылдың ішінде 132 ақын-жазушыларымыз өмірден өтіпті. Нұрлан Оразалиннің ақын-жазушылардың қайғысына да, қуанышына да ортақтасып жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды. 22 жылдың ішінде миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған Одақты «өлі одақ» деушілер, жақсыны көрмейтін, жақсының жақсылығын айтса қақалып қалатын, Алла Тағаланың қарғысына ұшыраған жандар. Қаржы табудың оңай емес екенін, Қоғамдық ұйымды жиырма алты жылдан бері басқарып келе жатқан мен жақсы білемін. Соңғы он жылдың ішінде «Неге Оразалин 42 адамға «АЛАШ» сыйлығын берді?» деуден шаршамай келе жатқандарға талай рет қомақты жауап берілсе де, іші тар, ешуақытта біреудің жаксылығына қуанбайтын, біреудің қайғысынан өзіне күш-жігер жинайтын,ақын- жазушыларымыз халықтың қасіреті мен таукыметінің ортасында жүрсе таққа таласудың пендешілік екенін де жақсы түсінер еді.
Жазушылар одағы жазушыларды асырайтын, жазушыларға кітап жазып беретін Қоғам емес.
Жаңа келетін төраға 90 жылдардағы топалаңында емес, ол Жазушылар одағының қолды болып кеткен дүниелері жиналған уақытта келіп отыр. Екі туып бір қалғаның болса да шындықты ғана жақтайтын, талантты жастарды ғана қолдайтын, өз үнін кімге болса да жеткізе алатын, біздің екінші үйімізге береке-құт әкелетін адам болуына шын жүректен тілектеспін.
«Қазақ әдебиеті»,
№10 (3592), 16 наурыз, 2018 ж.