ЖАРАТЫЛЫСЫ БӨЛЕК АҒАТАЙЫМ-АЙ...
Әр қазақтың мұңын өз мұңындай қабылдаған,жетім көрсе жебеусіз қалдырмаған,талай жастарды есеп-қисапсыз қолтығының астына алған,талайының еліне адал қызмет етуіне даңғыл жол салған,шындықты әке етіп,абыройды ана етіп,елдің ықласына бөленген,зиялылығына шаң жуытпаған,Ақтөбеде туып,бар өмірін өз елінің суығы мен ыстығына жұмсаған Сматолла ағатайымның дүние салғанына да талай айлар зырылдап өте шығыпты.
Сматолла ағатайымның ауруының меңдеп жатқанын естігеннен «Мына жер жүзін жалмап жатқан індеттен құтылғанша арамыздан кетпесе екен»деп тілеген ем.Бірақ,пенденің қай айтқаны болып жатыр... Арада көп уақыт өтпей-ақ қаралы хабар келді.Жолға шыға алмай,ағамызбен қоштаса алмай,шарасыздықтың шырмауына түсіп қалдық...
Қайран Ағатайым-ай! Аға болғанда да қандай аға еді! Қандай азамат еді! Қандай адам еді!Қандай әке еді! Қандай ата еді! Қай жағынан алсаң да толыққанды,толықжанды адам еді!
Менің алпыс жылдық мерей тойымды Алматыда атап өткізу үшін сол кездегі облыстың әкімі Ермек Имантаевтың үлкенді-кішілі шенеуніктерімен бірге туыстарды басқарып келген Сматолла ағам болатын.Бойының биіктігі,сөз саптауы,түр-тұлғасы жан әкеме ұқсайтын ағатайымның марқұм әкем көре алмай кеткен тойда әкемнің атынан сөйлеген мағыналы да,тәрбиелі сөздерін жұртшылық осы күнге шейін ұмытқан емес...
Сонда ағатайымның«Бибіжан,сен Тілеудің оныншы ұрпағысың,Тілеу атаңның бар қасиеті,батырлығы саған берілгенін біз әлдеқашан мойындағанбыз.Сен елден жырақта жүріп,талай тауқыметті басыңнан өткіздің.Бірақ,ешуақытта еліңді,туған жеріңді ұмытпадың.Сен қайырымдылықты естіп емес,көріп өстің,сондықтан да сен халықтың Бибі-Анасы болдың.Осылай болуға тиісті де еді»деген мағыналы сөздері маған үлкен міндет артып кеткендей.
Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу атамның тұлпар аттың үстінде қасқайып тұрған суретін де маған Сматолла ағам силаған болатын.Өзімнің кабинетімнің бір қабырғасын алып тұрған Тілеу атамның суретіне қарап,жиі сырласамын,сырласа отырып,өзімнің әкемді,Сматолла ағамды есіме аламын.
Саналы адамның арманы біткен бе,ағатайымның да талай арманы ішінде кеткенін мен жақсы білемін.Құлағы естіп тұрған кезде телефонмен жиі сөйлесетінбіз.Бірде«Бибішім-ау,мына қазақ қайда бара жатыр?!»деп күрсінгені бар... Кейінгі жылдары алтын жеңешемді тілмәш етіп алғанбыз.Өмір бойы лауазымды қызметте жүрсе де,қарапайым қалпынан өзгермеді,халқына адал қызмет етті...
Ақ жеңешем! Алтын жеңешем!
Үлдың қызығы өзімен,қыздың қызығы өзімен,дегенмен,Алланың берген балдай тілдерімен есіңді тандыратын немере,шөберелеріңіз бар,солар ғана сіздің жүрегіңіздегі мұңыңызды азайтар деген сенімдемін...
Ағатайым! Сізді еліңіз ұмытпайды,ұмыта да алмайды...
Күн сайын,сағат сайын естеріне алып,құран бағыштап отырған мұрагерлеріңіз Жұбандық,Бөріхан,Жанат сияқты ұлдарыңыздан тараған немерелеріңіз бен көзіңіздің қуанышы,көңіліңіздің жұбанышы болған қыздарыңыз Шамшырақ, Гүлнар,Гүлсімдерден тараған жиендеріңіз бар.
Ағайтайым! Тілеудің ұрпағы болу мен үшін қаншалықты мақтаныш болса,соншалықты ауыр жүк.Жасым келген сайын «Осы өмірге не үшін келдім,біреуді бақытты ету үшін,біреуді бақытсыз ету үшін бе,әлде санда бір сапада жоқтардың тобырын көбейту үшін бе» деген сұрақтар мені жиі мазалайтын болып жүр.Екінші өмірде бізді күтіп жатқан сіздердің алдарыңызға қызармайтындай болып бару үшін тырысып-ақ жүрмін...
Ағатайым бастап келген мерейтойыма келген туыстарды келесі күні от басымда қонақ еткенмін,мына сурет сол күні түсірілген еді.
Ортада халық жазушысы,атақты жерлесіміз,мақтанышымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Мен отырған үстелді ұстап тұрған қасқамаңдай Сматолла аға!
07.04.2021 жыл