«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, біздің бүгінгі қозғап отырғанымыз еліміздің қайсыбір үлкен қалаларындагы түрлі мекеме ғимараттардың кейбір сұғанақ қолдылардың кесірінен қолды болып кетіп жатқандығы. Мұндай дау бүгінде күн құрғатпай әңгімеге арқау болуда. Алайда, еліміздегі мүгедек аналардың мүңын мұңдап, жоғын жоқтап, сол аналардың атқан таңы мен батқан күндерінің қалай боларына алаң болып, тыным таппай жүрген Республикалық «БИБІ-АНА» қоғамдық қоры ғимаратына әлдебіреулердің ауыз салулары ұят-ақ тірлік. Шынымен мұсылман екеніміз рас болса, тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандарды қорлап, кемсітуге жол бермей, оларға қайырымдылық көрсету – үлкен парызымыз, емес пе...
Ендеше, кезінде қайсыбір әкім-қаралар жасап кеткен былықты дұрыс жолға қоюға қолында билігі бар азаматтардың қол үшын бергендері жөн болар еді-ау.
Сонымен, анығын айтар болсак, 1993 жылдан бері Алматы қаласындағы Абай мен Байтұрсынов көшесінің киылысында орналасқан 12 қабатты үйдің бірінші қабатындағы 446,7 шаршы метр кеңсені мекен еткен «БИБІ-АНА» қоғамдық орталығының күні бүгінге дейін оларға жекешелендіріп берілмей отырғандығы арқамызға аяздай батады. Қоғамның басшысы Бибігүл Иманғазинамен тілдесуге барғанымызда ол кезінде әбден тозығы жеткен, алайда, қажырлы еңбектің нәтижесінде қайта жөндеуден өткізіп, алтын ұяға айналған мекемелерін президенттің күйеу баласы,бәленбай миллиардтың иесі Тимур Құлбаевтың жеке меншігіне сатып алғанын біліп жатырмыз. Бибігүл Иманғазина сол кездегі Алматы қаласы әкімдігі басшыларына қоғамға тиесілі 446,7 шаршы метр жерді сатып алуға рұқсат беруін сұрап өтініш хат жазғае болатын.. Бұл өтінішке билік иелері: «Дом стоит под залогом» деген жауап береді. Алайда, сол ғимараттағы казино қожайындары бас-аяғы бір айдың көлемінде өздері сұраған жерлерін сатып алған. Ал, «БИБІ-АНА» қоғамы сол кездегі қала әкімі Храпунов мырзаның арнайы шығарған Қаулысымен 2005 жылдың 21-мамырына дейін осы үйде тегін отыруға мүмкіндік алады. Осылайша мүгедек жандар өз күндерін өздері көруді ары қарай қаннен-қаперсіз жалғастыра береді. Қаулыда көрсетілген уақыт мерзімі бітер-бітпестен Тимур Құлбаевтың бұйрығымен «АлматыГаз» Жабық акционерлік қоғамы мазаларын ала бастайды. Өйткені, билік басындағылардың бірі бұл он екі қабатты үйді «БИБІ-АНА» қоғамынан өзге де жалдап, тұрушы мекемелердің орындарымен қосып, бар-жоғы 212.000.000 теңгеге сатып кеткендігі туралы жауап мүгедек аналардың қайда барса да алдарынан шығып, әуре-сарсаңға салды. Қорлыққа тап болған Бибігүл Иманғазина сотқа да жүгініп көреді. Алайда, соттың айтатыны: «Ол бір адамның жекеменшігіндегі жылжымайтын мүлік».Мұндай келеңсіздікке Бибі-Ананың әбден күйіп отырған жайы бар. «Мемлекеттік мекеме қашан, қалайша жеке-меншікке берілген?», деген жауабы жоқ сұрақтар олардың санасын жегідей жеуде.
Иә, «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, осыншама жыл өмірлерін күреспен өткеріп келе жатқан «БИБІ-АНА» қоғамының көрген тауқыметтері аздай, енді күн құрғатпай «Жарығыңыз бен суыңызды өшіреміз, біздің жерімізді босатыңыз» деген «АлматыГаздын» қоқан-лоқысы олардың жаралы жандарын одан сайын ауыртумен әуре. Лаждары қалмаған «БИБІ-АНА» қоғамының мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ашық хат жолдаған екен. Олардың бұл жанайқайы Елбасына жетіп, іс оңынан туып жатса, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Бибігүл Иманғазинаның айтуынша, сайлау қарсаңында «Нұр-Отанның» өкілі Виктор Рогалев Павлевич атты азамат келіп, жоғарыда айтылған мәселелерді кейінірек реттейтіндерін айтыпты. Алайда, адамгершілік пен қайырымдылықтың отауына айналған «БИБІ-АНА» қоғамының өкілдері: «Мешітті бұзуға болмайтындығы анық болса, «БИБІ-АНА» қоғамдық ұйымы да біз үшін мешіттен кем емес» деп, өліспей, беріспейтіндіктерін ашына айтуда. Естір құлақ болса, осының өзі де жеткілікті-ау.
Келешек ұрпаққа берері мол, үлгі болар істерімен көзге түсіп жүрген, соған қарамай тағдыр тауқыметіне ұшыраған Аналарды көріп, ішің қан жылайды. Бірақ та бұл Аналар ешқашан да мойып, мұңаю дегенді білмейді. Олар Өмір үшін, сол Өмір атты кемедегі қоғамда болып жатқан небір келеңсіздіктерді жою, жеңу үшін күресе білген қайсар жандар. Міне, осыларға қамқор бола білсек екен, ағайын! Сонау бір жылдары құрттап кеткен ұнды суға шылап жеп отырған әйелді көріп, жаны түршіккеннен осы Орталықты ашуға мәжбүр болған Бибігүл Иманғазинаның бар тілек-арманы – мүгедек атаулыны аялау. Тағдыр тауқыметін тартып жүрген Аналардын 1998 жылы шыққан «Балаларды шетелге сату туралы» Жарлыққа: «Мұндай сұмдық біздің ата-бабаларымызда бұрын-сонды болмаған іс-әрекет» деп, алғаш қарсы Үндеу жариялап жарғақ құлақтары жастыққа тимей шыр-пыр болғандарын ұмытпайық ағайын. Дәл сол тұста Үкімет басында отырған әйелдерге қарата Бибі-ана: «Құдай-ау, анау жоғарыда отырған әйелдер Аналар ма, жоқ әлде, хайуандар ма» деп, тікесінен тіке айтқаны әлі есімізден кетер емес. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген, міне, қазақы намысшылдық осындай болса керек.
«БҮЛДІРШІНГЕ ҮЙРЕТКЕН ҚАЗАҚШАҢ ОСЫ МА?»
Бақыт деген біреуге балалық шағында, біреуге орта жасында, енді біреуге өлер шағында келуі мүмкін. Он жеті жасымда намысым үшін мүгедек болған мен үшін енді алпыстан асқанда намысымды біреудің аяғының астында таптатқым келмейді. Мен Құдайға ғана бағынамын. Одан басқа ешкімге бағынбаймын деп, сөз өрбіткен Бибі-ана:
– Қазір жекеменшік балабақшалардың өзінде дені дұрыс тәрбиеші болмаған соң, өзгесінен не сұрарсың. Мәселен жақында немерем «Ойбай кө...» дейді. «Әй, не деп отырсың» десем, «Балабақшада апайларымыз осылай сөйлейді» дейді.Балабақша басшысына тікелей кіріп: «Жаным-ау, бүлдіршінге үйреткен қазақшаң осы ма?» десем, мәймөңкедеп, төмен қарап:
«Мен көшеден қыздар әкеліп, оларға күніне мың тенге беріп, қызметке қабылдаймын. Ал олардың қалай сөйлейтініне мен кінәлі емеспін» деп қарап отыр. Ашуға мінген мен: «Сенің басыңа не қара күн туды. Айналайын-ау, балабақшаңа жоғары білімі бар тәрбиешілерді ұстай алмасан, онда мұндай балабақшаны несіне аштың» дедім күйіп-пісіп. Сирек болса да кездесетін мұндай балабақшалар бүлдіршіндерді «мәңгүрттікке» айналдырары сөзсіз. Ондайларға тоқтау жасау – біздің парызымыз.
Биыл қоғамдық қордың құрылғанына 15 жыл толады. Мүгедек Аналар Құрылтайын өткізсем деп едім, аяққа кедергі болған көптеген мәселелер шаш-етектен. Білмеймін не істерімді?!
«ҮКІМЕТ БЮДЖЕТІНДЕГІ ДҮНИЕЛЕР ҚОЛДЫ БОЛЫП КЕТІП ЖАТҚАНЫ ЖАНЫМДЫ ТҮРШІКТІРЕДІ»
Бұл ұйым құрылмай тұрғанда елімізде Соқырлар қоғамы, Мылқаулар қоғамы, Ерікті мүгедектер қоғамы бар болатын. Кейін Бибі-ананың қолға алуымен «Асырауында кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар мүгедек аналар қоғамы» деген атаумен осы Орталық ашылды. Содан бергі «БИБІ-АНА» қорына риза жандар өз Жарғыларын енді «Мүгедек аналардың республикалық Бибі-Ана қоғамы» деген атаумен өзгертпек. Екінші, балалардың жоғары білім алуы мен мектеп жасындағы балаларға тиесілі заңды дүниелерді дер кезінде пайдалану үшін бірнеше заң, қызметкерлерімен қатар, жоғары білімді экономистерді жұмысқа тартып Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік сияқты өлкелік ұйымдар ашылды. Осының барлығын жүзеге асыру үшін олар өз-өздерін қаржыландыру жағын жатпай-тұрмай ойластыруда. Мәселен, кезінде Иманғали Тасмағамбетовтың атсалысуымен қолға тиген 1,1218 гектар жерге үлкен медициналық Орталық ашпақ. Бұл жерде ең бастысы, мүгедектердің тегін емделуіне жағдай жасалмақ. Соған қаржы қайдан алынбақ дегенге Бибі-ана:
– Жуырда Қайрат Келімбетов пен Ғани Қасымов еліміздегі белгілі бір телеарнадан телесайысқа түскен кезде Ғани Қасымов Қайрат Келімбетовке: «Сендер еш уақытта әлеуметтік жобаларды қолға алмайсыңдар» деген еді. Сол тұста оған Қайрат Келімбетов: «Сіз маған қандай әлеуметтік жоба ұсындыңыз?» деп қайыра сұрақ берді.
«БИБІ-АНА»қоғамы өте ауқымды әлеуметтік жоба жасап, Келімбетовтің назарына ұсынбақпыз. Әрі оған: «Біз бәрін ойластырып, мүгедек жандардың жағдайын жасау үшін бірталай дүниелерді іске асыруды жобалап қойдық. Енді сол жобалаған мәселелерді іске асыру үшін қажетті мөлшерде несие беруіңізді талап етемін. Және ол несиеңізді жобалап қойған Орталық салынып біткеннен кейін ғана төлей бастайтындай жеңілдік жасауыңызды сұраймын» демекпін. Және мұндай сұраныстарды Үкімет орындарынан талап ете отырып, жұмысымды іске асырмақпын. Себебі, заң шығарушылардың Заңына сеніп отыра берер болсам, ертеңгі күнім қараң қаларын енді ұқтым. Өйткені, біздің елде жемқорлық пен заңды белшесінен басу сияқты әрекеттер кең етек алған. Оған мына бір нақты мысалды айта кетейік: бір мүгедек әйел теледидардан өз ауданының басшысы памперс әпергені үшін алғысын жаудырып, ағынан ақтаралып отырғанын көріп, қайран қалдым. Құдай-ау, мүгедек жандар үшін памперс қана емес, тиісті қоларба, тағы басқа дүниелер заң бойынша оларға бес жылда бір рет тегін және сұрамай-ақ беріліп отырылуы тиіс емес пе. Неге ол аудан басшысына алғыс айтуы тиіс. Себебі, олар мүгедек жандарға тегін емделуге жолдама, дәрігерлік көмек деген дүниелердің заң жүзінде бар екендігінен бейхабар. Әйтпесе, қырық жыл мүгедек бола тұрып, өмірінде бірде-бір рет тегін қоларба ала алмаған әйелдердің хаттары үсті-үстіне жазылмас еді ғой. Өзі сексенге келсе де мүгедек болған баласын 40 жыл арқалап жүрген ана хат жазыпты.
Төрінен көрі жақын ешуақытта қоларба алып көрмеген кейуана олай-былай болып кетсем, балама кім қарайды деп зар жылайды. Яғни, қоларбасы жоқ баласының ертеңгі күніне аландаған ана менен көмек сұрайды. Мүгедек жандарға берілуі тиіс қоларбаны ала алмау деген не деген сұмдық.Содан ол ананың мекен етіп жатқан облысының басшысына телефон шалып, қырық жылда сегіз рет алуы тиісті қоларбасына бір рет қолын жеткіздім. Мінеки, бұл арсыздықтың, құлқын құмарлықтың кесірі. Әйтпесе, «Караван», «Из рук в руки» сияқты газеттерді аша қалсаңыз: «Продам коляски, новые» дейтін жарнамалар иесі оны қайдан алады. Әрине, жымқырады, тиісті иесінен қағып қалады. Сөйтіп, ақшаға сатады. Енді біз мүгедектер тарапынан арнайы Жарғы шығарып, білікті де білімді заң қызметкерлерін жұмысқа тартып, әрбір мүгедек өз мүмкіндігін, өз құқығын білуі үшін, жағдай жасаудамыз. Себебі, Үкіметтің бюджетінде тұрған дүниелер қолды болып кетіп жатқаны жан түршігерлік әрекеттер екендігін ашып айтатұғын кез келді. Мысалы, 480 памперсті қажет ететін мүгедек әйелдерге жылына тегін 480 памперс бөлінуі тиіс. Егер оны әлгі мүгедек жан сатып алатын болса, олардың калтасынан жылына 100 мың теңгелері тек қана памперске ғана кетеді. Сол памперске жете алмай отырған әйелдердің санының көптігі менің жанымды қатты қынжылтуда, Мына сұмдықты қараңыз, еліміздегі бір облыста осы саланы басқарып отырған кейбір адамдар өздеріне «мүгедек» деген куәлік жасатып алыпты. Осының бәрін көріп отырып, өзім революционер адам болғаннан кейін, тыныш отыра алмаймын. Күреске белді буған екенмін, соңына дейін күресемін.
Бұл – менің ең басты ұстанымым.
Жазира БАЙСЫМБЕК,
«Қазақ әдебиеті» газеті,
30.08.2007 ж.