Қазір қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің, әртүрлі бейресми топтардың дүниеге келуімен жұртты таң қалдыра алмайсыз. Алайда, астанамыз Алматыда кеше ғана шаңырақ көтерген «Мүгедек аналар ассоциациясы» туралы ерекше тоқталуға тура келеді. Бұл арада «Республикалық мүгедектер қоғамы, зағиптар қоғамы, әлеуметтік қорғау жүйелері тұрғанда тағы да бір буынның қажеті бар ма?».. деген сауалдың да тіл ұшына оралары сөзсіз. Біздің тілшіміз осы сауалға Ассоциацияның президенті БИБІ-АНАНЫҢ жауап беруін өтінген еді. Ол былай деді:
– Менің шын аты-жөнім – Бибігул Хабиқызы Иманғазиен «Бибі-Ана» өзім кезінде қолұшын берген ақжаулықты ғаріп аналардың қойған аты. Бұл ардақты атты алып журу – маған қаншалықты рухани жүк артарын, арыма салмақ саларын түсінсеңіздөр екен... Жә, әңгіменің тоқетерін айтсам, ғаріп аналар проблемасы мені көптен бері ойландырып, толғандырып келе жатқан күрделі мәселе. Бұл тақырып менің «Тауқымет» атты романымда да жан-жақты, терең зерттелген, өзекті желі болып тартылғанынан да хабардарсыздар. Иә, мүгедекті құдайдан ешкім де тілеп алмайды. Тағдырдың қатал, күтпеген иірімдерінде адам баласы – пенде болған соң пешенесіне жазылған жазмышқа ұшырап жатады. Тағдырға не шара дейсіз? Ал, өзі ғаріп бола тұра, қоғамымыздың келешек азаматтарын бағып-қағып, өсіріп отырған қайсар аналар рухына қалайша бас имейсіз? Осы ойдың жетегімен жүріп мен талай күн мен түнді ұйқысыз өткіздім. Қазір Алматыда, бір қаланың өзінде ғана 500 жалғызілікті ана бар. Біз Ассоциацияға соның жүз шақтысын (және 340 баланы) мүше ретінде хабылдадық. Неге бәрін бірдей қабылдамадық? Себебі, көмектесетін ешкімі жоқ, жүріп-тұруы күшке түсетін ең ауыр халдегі аналарды ғана іріктеп алдық. Алла жазса, болашақта шаңырағымыздың керегесін кеңейтерміз-ау деген үміттеміз. Бірақ, «қысқа жіп күрмеуге келмейтін» мынау таршылық заманда бәрі қаржыға кеп тіреледі. Біз қоғамдық ұйым болғандықтан, қаржыны өзіміз іздеп табамыз. Әрине, бастаған ісіміздің мәнін терең түсініп, қолдау көрсетіп жатқан азаматтар да баршылық. Жаңадан ашылған есеп-шотымызға алғашқылардың бірі болып, Республика ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Мақтай Сағдиев 300 мың сом, Франциядан келген профессор анамыз Айшаханым 100 доллар аударса, Норвегиядан Құрылтайға келген қазақ азаматы 54 құты өте қымбат, бізде табылмайтын витамин табыс етті. «Қазақ тамақ өнеркөсібі» бірлестігі 250 мың сом қаржыны ақшалай аударып, арзан бағамен 1,5 тонна маргарин, 1,5 тонна қант, 500 кг үлпершек тәтті нан, 150 қорап кәмпит, 50 кг. шай босатты. Біз әр жанұяға мұның біраз бөлігін тегін таратып бердік. Боралдай қант зауытының директоры Әбдібек Дүйсеков 500 кг. қант беріп жатса, республикалық оқушылар ұйымының жетекшісі Дана Шайменова 20 баламызға тегін жолдама сыйлап, ізгіліктің үлгісін танытты.
«Қазақ әдебиеті»,
13 қазан, 1992 ж.