ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ ӘШКЕРЕЛЕП ОТЫРСЫҢ, ДУЛАТ ИСАБЕКОВ!

Бибігүл Иманғазина

Жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ ӘШКЕРЕЛЕП ОТЫРСЫҢ,

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ!

Ағымдағы жылдың 26-маусымында «Жас Алаш» газетінде жарық көрген менің «Келеңсіздіктермен күресуден танбаймын» деген мақалама қарсы жазған «Әдебиет – арыздың емес, ардың ісі» деген мақалаңды оқып отырмын.

Ағаларымыз айтып кеткен қасиетті сөзге жабысудан бастаған екенсің, бұдан былай АР деген сөзді аузыңа алу үшін әбден ойланып алғаның жөн болар еді,Дулат мырза...

Дулат, сенің «Иманғазина өзінің өмірін жазады» дегенің қай сасқаның?! Островскийдің кітабын мектеп қабырғасында сен екеуміз де оқыдық қой. Сенен басқа жұрттың бәрі менің өмірімді Островскийдің өміріне ұқсатады. Әлде менің бір тауқыметімді де жеңе алатын бойыңа жігер бермеген Аллаға өкпең бар ма?! Тауқыметті біреу мылтығын кезеп тұрса да жамандық істей алмайтын, өтірік айта алмайтын,біреудің қиянатына көнбейтін әділ, жылағанның көз жасын өзінің жүрегіңнен өткізе алатын парасатты, екіжүзділік, жағымпаздықтықты мойындай алмайтын,біреудің қуанышына қуана алатын, біреудің қайғысына қайғыра алатын саналы адам ғана жеңе алады.

Ей, Дулат!Сен шындықты айтқан адамның бәрін мәдениетсіздердің қатарына қосады екенсің, ұрлық пен өтірік жүрген жерде қандай мәдениет болуы мүмкін?! Сені мен бұрын Ұры деп қана танушы ем, енді оған сенің Өтірігің қосылды.

Мен өзің айтып отырғандай саған жала жауып жатсам мені неге сотқа бермейсің?!

Сенің өтірігің үшін мен «Тауқыметімді» құрбандыққа шалдыра алмаймын!

Жиырма төрт жыл бұрын сенің Ұры екеніңді сотта дәлелдеп, «Жазушы» баспасының жұмсақ креслосынан кетуіңе мәжбүр еттім. Сотта сенің өтірікші екеніңді, таланттардың тағдырына балта шауып отырған жан екеніңді дәлелдеп бергенімді ұмытпаған боларсың.

Сенен менің айырмашылығым, мен тек қана заңға, әділдікке жүгініп сөйлейтін адаммын.

Сен ғой «Тауқыметтің» атам заманда шыққанын айтқаныңды мойындап отырсың. Ол «Тауқымет» пен бұл «Тауқыметтің» арасы отыз жылдан асады. Аяқталмаған «Тауқыметті» аяқтағаннан кейін басқаша атауым керек пе еді?! Бұл сенің кітапты оқымай баға беріп отырғаныңды көрсететін,бірден бір дәлел! Оқымаған адам кітаптың дәрежесінің сын көтеретін, көтермейтінін қайдан біледі?!

Сен ешуақытта «Тауқыметті» оқыған емессің!Кезінде сенің орыстың классиктерінен көшіріп алған бір шығармаңды өлтіре сынаған Тахауи Ахтанов ағамыздың мақаласы да менің қолымда.Енді ол ағамыз өмірден кетті,сондықтан да сен тайраңдап жүрсің...

Менің қолымда соттың шешімімен 1995-жылы шығарылған «Тауқымет» бар. Кітаптың соңында «Жалғасы бар» деген сөз тұр. Мемлекеттік сыйлыққа аяқталмаған кітаптың ұсынылмайтынын сен жақсы білесің. 2016-жылы аяқталған «Тауқымет» қана мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.Сенің өтірігіңді шындай қабылдаған да сенің сыбайластарың ғой.Алладан дәмелері болса олар да ойланар...

Кітап өзін-өзі мақтаудан түрады,тіпті «Құбылыс», «Явление», «Мать Тереза» деп күлкі тудыратын түстары бар» деген сөздерің менің де күлкімді келтіріп отыр.

Қысқаша болса да бұларыңа да жауап берейін...

«Тауқымет» сен айтқандай өзін-өзі мақтаудан тұрмайды, шырылдаған шындықтан, тағдыр мен тауқыметтен тұрады. «Тауқымет»сенің кітабың сияқты дүкендерде сүрленіп жатқан жоқ. Иә, мен өз өмірімді жазып келемін,саған керек болмағанмен,жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын кітабына айналғанын сен әлі талай мойындайсың!Біреуге жақсылық жасап,қуаныш сыйлаудан ләззат алудың шексіз бақыт екенін сен қайдан білейін деп ең?!

Мен алпыс жылдан бері мүгедек болсам да мақтауға зәру болып көрмеппін, мұны ешкім өтірікке шығара алмайды. Мүгедек аналардың балалары мені алғашқы айларда-ақ Бибі-Ана деп атап кетті, күшті болсаң енді сол балалардың аузына тиым салып көр... Президент те, ақын-жазушылар да, оқымыстылар да, үлкенді-кішілі шенеуніктер мен әкімдер де, бала да, шаға да мені Бибі-Ана дейді. Менің өзіме Бибі-Ана деген ат күш, жігер, қуат, қайрат, үміт береді,сонымен қатар жауапкершілікті де арттырады. Ауырып жатсам да қолымнан телефоным түспей,өзіме келген хаттардың жауабын күтіп отырған мүгедектердің мәселелерін шешпейінше көңілім көншмейтіні де сол БИБІ-АНА деген аттың алдындағы жауапкершілік!

«Құбылыс» деген сөз де менің сөзім емес, бұл жүрегі таза, адамгершілігі мол,өмір бойы өзіме деген махаббатынан арыла алмай өмірден өткен,менің алғашқы махаббатымның өлер алдындағы сөзі. Сондықтан да мен «Тауқыметтің» үшінші бөлімін ескерткіш ретінде сол бала махаббатымның сөзімен «Сен әйел емессің, құбылыссың» деп атадым.

Мен 1992-жылы асырауында балалары бар мүгедек аналардың "Тауқымет" Қоғамын (екі жылдан кейін «БИБІ-АНА» болып өзгертілді) ашпас бұрын «Я завидую только Матери Терезе» деген мақала жазғанмын. Архивімде сақтаулы.Менің мақаламды оқыған ректорлар,шенеуніктер сол жылдары жоғары оқу орнына түсе алмай жүрген талай мүгедек аналардың балаларын емтихансыз қабылдап, жан-жақтан талай шенеуніктер көмектерін жаудырып жатты.

«БИБІ-АНА» Қоғамы туралы жазылған мақалалар 500 ден асады, соның ішінде «Казахскую мать Терезу зовут Биби-Ана», «Биби-Ана послана нам Богом», «Казахская мать Тереза родом из Шалкара» деген сияқты мақалалар да жеткілікті.

«Мемлекеттік сыйлыққа өтпей қалған адамдар ешуақытта жауласып,тас лақтырып, бәле жапқан емес» дейсің. Саған жала жауып,саған алтындай уақытымды кетіріп жүретін сен кім едің?!Мен өз абыройымды қорғауға ғана мәжбүр болып отырмын.Сен менің өміріме ұмытылмастай қасірет салған,жанымды күйреткен жауымсың!Себебі, сен менің жазушыларға деген ақкөңіл,адал көзқарсыма балта шаптың. «Тауқымет»менің жан-дұниемді сырқыратып өмірге келген үшінші балам, баламды біреуге талатып қойып отыра алмаймын.

Иманғазинаның «Тауқымет» атты кітабы мемлекеттік сыйлықтың алқа мүшелерінің талқылауына түспеген себебі, юристік сараптамадан өтпей қалды» дейсің. Бұл сөзің де шындыққа жанаспайды. Юристердің барлығы Аллаға шүкір, тірі, соларға барып «Мені ана Иманғазина түтіп жеп жатыр, сараптамаларыңды берші» деп неге айтпайсың?! Неге маған алып бермейсің?! Жасың болса сексенге жақындап қалды, сенің өтіргіңнің ұшы-қиыры көрінетін кезі болар ма екен?!Сен сияқтылардың көзі құрымайынша Халықтың соры арылмайды...

Сен ең болмаса сол жерде отырған алқа мүшелерінен де ұялмадың-ау, әлде мемлекеттік сыйлықтың айналасындағы әңгіме баяғыдай шашау шықпаған күйінде қалатынына сенімің мол болды ма?! Қателесесің,бірін бірі мақтап,бар силықты бөліп алып,аңқау елге арамза болатындардың күнінің күйрейтін кезі де жақын...

Халықтың аузына қақпақ қоя алмайсың! Мемлекеттік сыйлықтың айналасындағы қаңқу сөздер ешуақытта тиылған емес. Шиқанның да бір жарылатын кезі болады ғой...

Халықтан менің алып жатқан алғыс хаттарымның сен өміріңде біреуін алып көрдің бе екен?! Мені талай ажалдан аман- есен алып қалып жатқан да сол алғыстардың күші, сенсең де, сенбесең де солай!

Жұртшылыққа дәлелдеп отырғаныңдай, сен «Жазушы» баспасынан басқа жұмысқа ауысқаның үшін кеткен жоқсың, менің менің талабыммен кеттің. Кітапты соттың шешімімен сенің орныңа директор болып келген Есенғали Раушанов шығарды. Сенің айтуыңа қарағанда мен сонда отыз жылдан астам уақыт ештеме жазбағаным ба?! Сексенінші жылдары жазылған «Тауқыметті» баспаға тапсырғанымда еліміз егемендік алмаған да болатын.

АҚЫН-ЖАЗУШЫ ХАЛЫҚТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕЙТІН, АЛЛАНЫҢ ОҢ ҚОЛЫ МЕН СОЛ ҚОЛЫ! ОСЫНЫ ТҮСІНЕ АЛМАЙТЫНЫҢ ҮЛКЕН БАҚЫТСЫЗДЫҚ! ҚАЗІРГІ ҚАПТАП КЕТКЕН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ҰРЫҒЫН СЕУІП КЕЛЕ ЖАТҚАН СЕН СИЯҚТЫЛАР ЕМЕЙ МЕН БЕ?!СЕНІ СОНДА СОТТАТПАҒАНЫМА ӨКІНЕМІН...

Ұяттың бәрін жиып қойып, әлдеқашан дүниеден өткен үш азаматтың атын атап отыр екенсің, аруақтан қорықпайтын сенен не үміт, не қайыр?!Оқырмандарды адастыру үшін үш азаматтың үшеуінің де марқұм болып кеткенін аузыңа да алмай отырсың.Ана дүнияны ойламайтын не деген шайтан ең?!

Ұялмастан «Мен баспаға 1992-жылы келдім, ақша 90-жылдары аударылған, содан бері сегіз ай емес екі жылдан астам уақыт өтті. Автор бұған дейін қайда жүрген?» дейсің.

Ақша сен айтқандай 1990-жыл емес, 1991-жылдың 27- қарашасында «Жазушь» баспасына аударылды.Онда директор марқұм Қалдарбек Найманбаев болатын. Келісім-Шартта да Найманбаевтың қолы мен «Жазушы» баспасының мөрі тұр. Көп ұзамай, марқұм Найманбаев сен айтып отырғандай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы емес, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы болып 1992-жылы сайланып, ол жерде 1996-жылға шейін отырды. «Жазушы» баспасынан кетерінде Найманбаев басқаны емес сені өзінің орнына директор етіп сайлап кетті.Ақша 1990-жылы аударылған дегеніңе қарағанда сен Келісім-Шартты да көрмеген болуың керек. Сен мені заң жөнінде, цифр жөнінде жаңылыстыра алмайсың.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы болып отырған Найманбаевқа барғанымда ол «Мен ештеме алып кеткен жоқпын, енді әрі қарай тек Исабековпен хабарласып тұрасыз» деді. Сен де Найманбаевтың сөзін қоштап «Білемін, ақша орнында, жақында екі вагон қағаз келеді, сәл шыдасаңызшы» дедің. Әрі қарай да сол сөзіңнен таймадың. Найманбаев болса «Мен баспаны көтеріп кеткен жоқпын, барлығын тапсырып кеттім ғой» деумен болды. Соңғы рет барғанымда Найманбаев сенің телефоныңды теріп «Алдымда Биекең отыр, ана кітабын тездетсеңші, обал болды ғой» дегенін мен естіп отырдым. Телефонның тұтқасын қойып «Енді сәл шыдаңыз, бір жақтан қағаз күтіп отыр екен» деді. Сен бір рет те сотта Найманбаевты аузыңа алған жоқсың, енді ұялмай бар бәлені өліп қалған адамға жауып, «Судыр сөзді Найманбаев» дейсің. Демек, сен сол кезде «Жазушы» баспасына директор болғаныңа мәз болып, өзіңді басқарып отырған Найманбаевтың атын айтуға қорықтың ғой. Найманбаев Қазақстан Жазушылар одағының басшысы болып бара жатқанда,өзің айтып отырғандай,есеп-шотта мен аударған ақша болмағаны анық болса, сол кезде неге Найманбаевты сотқа сүйреп келмедің? Бар жауапкершілікті өз мойныңа алдың ғой. Саған соттың ісін жүргізіп отырған адамның«Сіз директор болсаңыз мына Келісім-Шарттың түп нүсқасы мен көшірмесін айыра алмайсыз ба? Міне, Иманғазина бізге түп нүсқасын беріп отыр» дегені есімде. Сол жерде сен үшін мен ұялдым, сен сияқтыларға тәуелді болып тұрғаным үшін налыдым. Сен айтқандай менің қолымдағы Келісім-Шарт қолмен жазылмаған. Менің бір емес екі Қорғаушым болды, олар заңды сен екеумізден жақсы білетін адамдар. Ешуақытта олар Сотқа қолмен жазылған Келісім-Шартты ұсына алмас еді.

«Не деген сұмдық?! 50 баспа табақ, таралымы 50.000, астапыралла» деп таңданған боласың. Тағы да өтірік, менің қолымдағы шартта 50 баспа емес 44 баспа табақ, таралымы 50.000 емес, 30.000. Ақысы төленіп жатса маған десе 100 баспа табақ болсын. Найманбаевтың шығарып берген бағасы 600.000 (алты жүз мың) сом болды(ол кезде бұл ақшаға он автокөлік сатып алуға болатын еді) сол ақша баспаға аударылды.

Менің архивімде тек қана Совет ауданының сотының Шешімі емес, Жоғарғы сот пен Бас прокуратураның шығарған Шешімдері де бар.

Найманбав екеуіңнің ағалы-інілі болғандарыңды қауым жұрт жақсы біледі...

«Жақсылық Арзымбетов. Сары-Ағашта әкім болып тұрғанда баспаға ақша аударғаның рас па?» деп сұрадым дейсің. Мұның да шыли өтірік!

Екеуміз соттасып жатқан 1994-жылы Жақсылық осы Апматыда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінде депутат болатын. Сары-Ағашқа ол кейіннен әкім болды. Соттың Шешімі шыққаннан кейін алдыңа Жақсылықты салып, менің кабинетіме келгеніңді әрине, ұмытқан жоқсың. Жақсылықтың «Досым, сен екеуміз кімге жақсылық жасамай жатырмыз, мен жігіттермен келістім, ең бастысы кітабың шығады, мен саған сол 600.000 сомды кешірдім, сен де кешір. Бұлар енді бес Баспаны сатса да бізден құтыла алмайтындарын мойындап отыр, кітабың шығады, ренжіме досым» деді. «Мен тек қана мына Исабеков жұмыстан кетсе ғана Кешірім-Шартқа қол қоямын» дегенімді естіп, қап-қара боп түтігіп, басыңды көтермей отырғаның мына менің осы күнге шейін көз алдымда.

Жайсаң азамат, жатқан жері торқа болғыр Жақсылық досым- ай, сонда кімді кешіріп жібергенімізді білсең ғой, шіркін...

Соңғы рет барғанымда алдын бурадай санын жарқыратып,темекісін бұрқыратып отырған бір келіншектің маған шірене қарап:

– Тағы келдіңіз бе? Қағаз жоқ, ал, қағазды табатын мына мен, маған ғана телефон соғып тұрыңыз. Бұларға қанша айтсаң да түсінбейді, – деп кергіді.

Екеуміз біраз жерге барыстық, бір уақытта әлгі келіншек, көгереңдеп:

– Боже, я Абая не читаю, Вас тем более – дегені.

Мен ұшып тұрдым да:

– Абайдың аруағы ұрсын сені, Дулат, Абайды тілдеп отырған адамның қолтығына кіріп отырсың, сені де Абайдың аруағы ұрады – дедім.

Тап сол күні мен де министрге барып, сол Абайды оқымайтын келіншектің алайын деп тұрған марапатынан айырғаным есімде.

Сенің әр өтірігіңді жоққа шығаратын жазбаша дәлелдерім менің архивімде сақтаулы.

Көп ұзамай «Дәуір» баспасынан қыздар маған телефон соғып «Апай, сіздің кітабыңыз шығарылатын болды, жетерліктей қағаз келді» деді. Арада бір жеті өтпей әлгі қыздар «Апай,сізге қалай айтарымызды білмей отырмыз, Дулат Исабеков сіздің қағазыңызға өзінің екі томдығын шығартып жатыр» деді. Сол екі томдығың да менің қолымда.

Мен сол күні сенімен соттасуға бел буғанмын. Бұл 1993-жыл болатын.

Ей, Дулат, сен сияқты адамды қалай жер көтеріп жүр екен?!

«Бибігүлдің өзі құпия бір шындықты жасырып отырған сияқты» дейсің!

Ол қандай құпиялық?!

«Жазушы» баспасының директорлық жұмысын Найманбаевтан сен қабылдап алғанда ақшаның есеп-шотқа түскеніне бірнеше ай ғана болатын.

Кітап шықпаса, ақша иесіне қайтарылмаса, демек, бар құпия Найманбаев екеуіңнің араңда ғана болғаны ғой..

«Тауқыметте» бұрын-соңды айтылмай жүрген жайттарды жазғаным біреуге ұнап, біреуге ұнамай жатар. Бірақ, жылап жүргендердің көз жасын құрғататын, өкшесі қисайып жүргендерге ой салатын, рухты «Тауқыметім» үшін мақтанамын. Тарихта сенің емес, менің кітаптарым, сенің емес менің атым қалатыны анық! Сен мен үшін ұрысың, өтірікшісің! Тек қана тазалық пен адамгершіліктің исі аңқып тұрған менің «Тауқыметіме» сын айтатын сен кім едің?!

Әділдікті іздеген адамның күні қаран болатынына менің көзім әлдеқашан жеткен. Бірақ, Исабеков жағып отырған күйеден тазармайынша таңым атып, күнім батпайтыны өзіме аян.

Исабеков айтып отырған Юристерден 1995-жылы шыққан «Тауқымет» пен 2016-жылы шыққан «Тауқыметті» салыстырып оқығандарын жазбаша дәлелдеулерін талап етемін.

«Жоқ жерден жау іздеме» дейсің. Сенің «Тауқыметке» жауып жатқан жалаңды естісімен мен саған телефон соғып «Сені қалай жер көтеріп жүр?!» дегенімде сен «Әлдеқашан өтіп кеткенді неғып еске ала бересіз» дедің. Не дейін... Саған дауа жоқ екен...Біреуге жасаған қиянатты ұмыта салу сен сияқтылар үшін түк емес екен ғой,сен ұмытқанмен Алла ұмытпаған екен...

Отыз жылдан бері мені білетін мүгедек аналар мен олардың балалары менің мақаламды оқып, енді телефонға тыныштық болмай жатыр... Мүгедек аналарды ешуақытта өз пайдама қолданған емеспін, сондықтан да оларға басу айтып отырамын.

СЕНІҢ МЕНІҢ ЖОЛЫМДА ТАҒЫ ДА ПАЙДА БОЛҒАНЫҢ ТЕГІН ЕМЕС, СЕНІ СОТТАТПАҒАНЫМДЫ АЛЛА КЕШІРМЕГЕН ЕКЕН...

АЛЛА АСЫҚПАЙДЫ ДЕГЕН ОСЫ!

15.07.2018 жыл

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта