Өзімнің туған елімде бір жақсылық болып жатса, балаша қуанатынымды бала-шағам жақсы біледі...
Саудағазы! Бүгінгі «Жас Алашты» қолыма ала сала «Есбосыновқа ешкімнің күші жетпейді» деген мақаланы оқып, өз көзіме өзім сенбедім. Мен қылтиып қыз болып келе жатқанда, сен жайсаң жігіттердің бірі едің ғой. Он сегіз жасымда елден кеттім де, әрі қарай сенің тағдырыңнан хабарсыз болып қалдым. Сен екеуміз бір мектепте оқып, адамдық пен адалдықтың туын ұстайтын ұстаздардан тәрбие тағылым алдық. Мен шенеуніктерден гөрі қарапайым халыққа көбірек сенетін адаммын. Себебі, бұл заманда қарапайым халықтан төзімді адам жоқ. Бірнеше жыл бойына өзіңді сыйлап, қаншама тауқыметті басынан аткізсе де, шыдап баққан адамдардың алдында тізеңді бүгіп тұрып кешірім сұрап, бір келісімге келерсің деп сенемін.
Мүгедектігін ала алмай жүрген азаматтарды өзім тауып аламын. Бұл не деген сұмдық?! Мен «Тауқымет» романымда Шалқардың адамдарының адамдығы мен адалдығын мақтана жазғанмын. Менің еліме не болған? Менің елімнің азаматтарына не болған? Қандай күш адамдық пен адалдықты түбегейлі жойып жіберген? Мен осы күнге шейін адалдық пен адамдық тек қана ауылда деп білемін. Мың теңгеден жүз теңгені қайырымдылыққа шығаруды ұлағаттау сен сияқты ауыл ақсақалдарының бірден-бір міндеті емес пe? Бұл қолыңнан келмейді екен, ең болмаса елдің ақысын жемесеңші! Шарасыздықтан «біреуге жамандық жасамау да қайырымдылық» дейтін болдық.
Саудағазы! Біздің бір құрбымызға есіңнен кете ғашық болғаныңды есіме алдым. Таң атқанша өзіміз билейтін Ленин клубының жанындағы жазғы алаңды есіме алдым, көзіме жас келді, көңілім құлазып, ышқына күрсіндім. Ертең-ақ жаман шал болып, көзің жасаурап, сығырая қарап, басың қалтыраған қарттардың қатарына қосылатыныңды ұмытпа! Көздің жасымен келген байлықтың бір тиынға татымайтын жалған дүние екеніне осы жасқа келгенше көзің жетпегені өкінішті-ақ!
Бір сағаттың ішінде Ақтөбеден 6ірнеше адамға телефон соқтым, барлығы бірауыздан: «Ой, Саудағазы ма, ол деген шіріген бай», – десті. Жаным-ау, елді еңіретіп байыған адамдардың тозақты ана дүниеде емес, осы дүниеде-ақ көретінін ойласаңшы. Саудағазы, сенен өтінетінім, өзіңнен азап шеккен адамдарды үйіңе шақырып, шайыңды беріп отырып, айқай-шусыз бәрін шешіп бер! Айыбын жуған адамды Алла да, адам да кешіретінін есіңе салғым келеді.
Үлкен үмітпен,
Бибігүл Иманғазина (БИБІ-АНА),
жазушы, Республикалық «БИБІ-АНА» қоғамының президенті.
«Жас Алаш»,
№69, 27 тамыз, 2009 ж.