Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тауқымет» романының авторы, асырауында балалары бар республикалық «БИБІ-АНА» мүгедек әйелдер қоғамының президенті Бибігүл ИМАНҒАЗИНАМЕН тілшіміздің сүхбаты.
– Қамқорлығында 38 мың мүгедек әйел бар «БИБІ-АНА» қоғамы қашан, қалай құрылды ?
– Бұл қоғам 1992 жылы дүниеге келді.Сол кездері азық түліктің «кәртішкелік жүйеге» көшкен кезі. Поштаның сыртында арбада отырған мүгедек әйелге сүйеніп жылап тұрған кішкене қызды көрдім. Өзі әлжуаз, шешесі де өте жүдеу, көздері кіртиген, аш екендіктері көрініп тұрды. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Жандарына барып жөн сұрасам үш күннен бері тамақ ішпеген, зейнетақыларын ала алмай, енді не істерін білмей дал болып отыр екен. Аздаған ақша беріп, мекен-жайларын сұрап алдым. Сөйтіп кешке киім-кешек, бір сөмке тамақ салып алып әлгі үйге бардым. Барсам, ойпырым-ай, мұндай кедейлікті бірінші рет көруім, үйлерінде түк жоқ. Бөлменің бір бұрышында төсектен тұра алмайтын ауру күйеуі жатыр. Қызы мектепті тастап кеткен.Түнімен ұйықтамай өзімше бағдарлама жасап, ертеңіне Әділет министрлігіне бардым. Онда Сағадат деген қыз отыр екен, келген шаруамды айттым.
Ол қыз бағдарламамды көріп «Апай,мынау керемет дүние, мынадай істі мақсат етіп қойсаңыз мен сізге көмектесейін»да деп, ол да құлшына кірісті. Сол кезде «Казахстанская правдада» мақалам шыққан. Содан бір жетінің ішінде жүз әйел жиналды. Сойтіп, қалалық «Невзгоды» деген атпен ассоциация құрылды.
– Олардың бәрі тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер ғой?
– Иә. Бір әйел үйге телефон соқты, еңіреп жылап отыр. «Жағар май дайындап қойып едім, өзімді өзім өртейін деп. Өзім мүгедекпін, жүре алмаймын. Тоқсандағы шешем ол да тұра алмайды. Теміртауда техникумда оқып жатқан балам бар еді, осында ауыстырып бермей отыр» деп. Табанда іске кірісіп, техникумға телефон соғып, бәрін реттеп, жарты сағаттан кейін әлгі әйелге айтсам сенбейді. Кейін әлгі баланы Алматы сәулет-құрылыс институтына түсірдім.
Алғашқы кезде балаларға тамақ тауып беру еді бар мақсатым. Каспий Шевромның директоры Мұса Дінішев деген кісі көп көмектесті. Бірнеше тонна азық-түлік жіберді. Ол кезде офисім жоқ, офисім-үйім. Пәтерім бесінші қабатта, ауру аяқпен түсіп-шығудың өзі бір мұң. Сөйтіп жүріп әлгі азық-түлікті таратып бердік.
– Қашаннан бері «БИБІ-АНА» болып аталасыздар?
– Облыстардан хаттар жауып кетті дейсің, телефон соғады. Әркім өзінің мұң-зарын айтады. Содан келесі жылы конференция өткіздік. Өз қаржыларымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен мүгедек әйелдер келіп қатысты. Солардың өтінішімен қалалықтан енді республикалық «БИБІ-АНА» мүгедек әйелдер қоғамы болып қайта құрылдық. Барлық облыстан филиалдар аштық.
– Филиалдарыңыздың жұмыстары көңіл толтырарлықтай ма?
–Жақында Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарында болып келдім. Қызылордада 5 мың мүгедек әйел бар. Олардың коғамын қазір Айжамал Ақсақалова деген әйел басқаруда Сорлап жүрген ылғи қазақ. «Қасқыр байдың мың қойының ішінен кедейдің жалғыз қойын жейді» деген сияқты сонша қазақтың ішінде бес-ақ проценті басқа ұлт. Ал енді аузына шайнап салып бергенді жей алмай, басқаға жем болып отырғандарына не дерсің. Бұрын бір еврей әйел болған, маңайына өзінің таныстарын жинап алып, ойларына келгенін істеген. Бір күн болатын конференция үш күнге созылып, ақыры әлгіні босаттық.
– Мүгедектердің арасында да пендешілік бар екен-ау.
– Пендешіліктен де сорақы. Енді Шымкентке келсем онда да былық. Мүгедектік куәлікті сатып алған сап-сау әйел. Оны орнынан алып тастадым. Одан кейін де ол әйел жарты жыл бойы менің жарғымды пайдаланып менің де мөрім бар, өзінің де мөрі бар ақшаны жымқырып келген. Жақында соты болады. Жамбылға келсем мұнда да жоғарыдағыдай. Арбада отырып істегендерін көрсең. Офистері бар. Берген машинаны баласының атына жазып қойған, баласы жүргізіп жүр. Алып берген пәтерді шетелдікке жалға берген. Шара қолданайын деп ем «Алты айға дейін уақыт беріңіз, бәрін жөндеймін» деп жылдады. Ертеңіне қонақ үйге, маған телефон соқты, «Апай сізге сыйлығымыз бар еді, доллардай апарайық па, теңгелей апарайық па?»деп. Мұны естігеннен кейін сол күні оны орнынан алып тастадым. Өзім де қатты шаршап, күйзеліп келдім де ауруханадан бір-ақ шықтым.
– Қоғамның Алматыдағы мүшелері көз алдарыңызда, олардың жасап жатқан жұмыстарына дер кезінде бағыт беріп отырасыздар ғой?
– «Сорос – Қазақстанның» бізге сыйлаған 89 тігін мәшинесін осындағы әйелдерге үлестіріп бердік. Әуелі 60 әйелді оқыттық, үйреттік. Тым жақсы үйреніп кеткендері бар, ештеме істемей, мәшинені құр ұстап отырғандары да бар.Іс тікпейтіндерден мәшинелерді алып, облыстарға жіберіп жатырмыз.Есік жағалап, қол жайып жүретін мүгедек әйелдер де бар. Қоларбада отырып-ақ ешкімге мұңын шақпай, мәшинесімен іс тігіп, жап-жақсы табыс тауып отырған әйелдер де аз емес.
– Сонда олар не тігедi, оны қайда өткізеді?
– Олардың тігетіндері жастық тыс, көрпе тыс, ақ жайма, жаңа туған балалардың жаялықтары.Кейін тапсырыспен ұлттық костюмдер тігетін болдық.
– Жоғарыда айтып кеттіңіз ғой, мүгедек әйелдің баласын жоғары оқу орнына түсіргеніңіз жайлы. Бұл да сіздердің міндеттеріңізге кіре ме?
– Бұл біздің ең үлкен міндетіміз. Біз жыл сайын бірнеше баланы жоғары оқу орнына түсіреміз. Алғашқы жылдың өзінде онтөрт баланы оқуға қабылдаттық. Оңай емес, министрлерді, ректорларды, депутаттарды жағалаймын.Осыдан біраз жыл бұрын бір баламыз қазіргі мемлекеттік заң институтына тапсырды, төрт балы жетпей қалыпты. Институтқа күнде барам, лифті істемейді, жетінші қабатқа дейін жаяу көтерілем, ақ тер, көк тер болып демімді ала алмай отырам ғой. Күн ыстық. Ол кезде ректоры Еркеш Қалиұлы Нұрпейісов.
– «Апа, көтерілмеңізші, тіпті келмеңізші менің жүрегімді ауыртып» дейді. Мені аяйды. Күнде келем, күнде хат әкелем, баламызды ең болмаса кандидат етіп қабылдауын сұраймын. Бір күні тағы көтеріліп келе жатсам Нүрпейісов өзі баспалдақтан жүгіре түсіп келе жатыр екен. – Апа, шештім мәселеңізді,түсті балаңыз оқуға, – деді. Сол балам бірінші күннен бастап жақсы оқып, көтерме стипендия, кейіннен ерекше стипендия алып тұрды. Институтты қызыл дипломмен бітірді. Ал, енді биыл 47 баланы жоғары оқу орнына түсірдік.
– Аяқ-қолы бүтін, дені сау аналардың да балалары ауырады. Ал, мүгедек аналардың балаларының халі тіпті қиын шығар?
– Қиын, қиын. Бір ғана мысал келтірейін. 8 наурыз мерекесімен мүмкіндігім келгенше құттықтап, үй жағалайтынмын. Сондай біржолы қоғамымыздың мүшесі, бір мүгедек ананың үйіне келдім. 6 жасар кызының екі көзі көрмейді. Ауру шешесі төсек тартып жатыр. Сол кішкентай Әйгерімнің көзін республикалык көз аурулары институтының директоры, аты тарихқа үлкен әріппен жазылатын бір керемет адам, профессор Жанар Мустафина бір тиын да алмастан емдеп шығарды. Үш рет операция жасады. Қазір екі көзі де көреді. Алғашында Әйгерім өте тағы, ешкімге жоламайтын, бірдеме десең жылап жіберетін. Кейін үйренді. Оған жаңа жылдық костюм тігіп беріп, Президент шыршасына қатыстырдық. Қазір сөйлегенде аузы аузына жұқпайтын қыз болды. Сабағы да өте жақсы.
– «Бөбек» халықаралық балалар қорының бастамасымен ашылған республикалық сауықтыру – реабилитациялық орталығының мүмкіндігін де пайдаланатын боларсыздар?
– Бұл орталық жайлы көп айтуға болады. Жақсы жерден салынды, сондай тамаша. Балалардың емделіп-сауығып қайтуына мол мүмкіндік жасалған. Онда 24 күн болады, барлығы тегін. Біз осы орталыққа ай сайын он баладан жіберіп тұрамыз. Бір жылда 120 бала Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп демалып, емделіп қайтады.
– Тамақтандырып жүрген аштарды бұрынғыдан да көбірек қамту үшін өзінің орден, медальдарын, тіпті Нобель сыйлығының медалін 10 мың рупийге жасырын сатып жіберген, аты дүние жүзіне мәшһүр Тереза ананың қажыр-қайраты сіздің бойыңыздан да табылғаны қандай ғажап ұқсастық. Осынша қуатты қайдан аласыз? Шаршамайсыз ба?
– Шаршауға уақыт жоқ. Жұмыс кеп, оның бәрін бір әңгіменің үстінде айтып тауысу мүмкін емес.
– Бос уақытыңыз болса немен айналысасыз?
– Болса кітап оқимын, Әуезовті,Айтматовты.басқа елдердің жазушыларын оқимын.Үйімде екі жүз томдық әлем әдебиетінен құралған кітапханам бар.
– Үйдің шаруасына араласасыз ба?
– Тамақ пісіру менің мойнымда, қалғаны балам Аспаннын міндеті. Баламның да уақыты аз, аспирантурада оқып жүр.
– «Тауқымет» атты романыңыздағы оқиға сіздің өз өміріңізден алынған ғой. Бұл шығармаңызды оқығандар да бар, оқымағандар да бар, сондықтан өміріңіздің кітапта баяндалған кезеңдерінен қысқаша үзінді келтіріңізші.
– Кітабым күнделігім десем болады. Он жеті жасымда,Консерваторияға оқуға түскен күні адамшылықтан жұрдай, айуанға арымды таптатпаймын деп екінші қабаттан секіріп, мүгедек болып қалдым. Бүкіл қиындыққа қасқая қарап, мойымай, қиындықты жеңіп, өмірге қайта оралдым. Тұрмыс құрдым, екі балалы болдым. Күйеуім ерте қайтыс болды. Аспаным әкесінен біржарым жасында қалды. Өзім музыка училищесін бітірдім. Қазір құдайға шүкір, тағдырдың тауқыметін көп тартсам да ұлым мен қызымды қатарынан кем қылмай тәрбиелеп жеткіздім. Қызым Ләйлім Алматының консерваториясын, одан кейін Мәскеуде ГИТИС-ті қызыл дипломмен бітірді. Тұрмыс құрған, Алдияр деген немерем бар.
– Кітабыңызда екі балаңызға да аяғыңыз ауыр кезде құлап, аяғыңыз сынып, екі балаңызды да гипспен жүріп тудыңыз, сол рас болған ба?
– Екеуі де рас. Маған дәрігерлер екеуінде де тууға болмайды деп рұқсат бермеген. Мүгедек әйелдер баласыз өтсін деген қағида жоқ шығар. Бала үшін өзімді құрбандыққа шалдым десем болады. Құдайға шүкір, Алдиярымды бір иіскесем күні бойғы шаршағаным басылып, қайтадан жаңа күш-жігер пайда болады.
– «Тауқыметті» жалғастыру ойыңызда бар болар?
– Ойымда бар, жазып жатырмын. Бірнеше том болатын түрі бар.
– Олай болса, Тереза ананың қазақстандық сіңлісі Бибі-ана, сізге кедергісіз жол, табысы мол ұзақ өмір тілейміз.
30 желтоқсан, 1998 ж.
«Заң» газеті,
Сұхбаттасқан Әлия СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ.