Тауқыметті жеңген

Көктемнің алғашқы айының аналар мейрамымен басталуы бәрімізді бір серпілтіп, қуаныш пен іштей бір үмітке жетелейтіндей. Осы мейрам қарсаңында ана деген ұлы сөздің жауапкершілігін тереңінен сезіне отырып, үлкен іске ұйытқы болып отырған Иманғазина Бибігүл Қабиқызымен әңгімелескен едік. Жастайынан мүгедек болып қалса да, ол өмір сүруге деген үлкен құштарлығымен тағдыр тауқыметін жеңген еді. Қажырлы да қайратты Бибігүл апай он жыл көлемінде еліміздің түпкір-түпкіріндегі мүгедек аналардың жарымжан көңіліне медеу болып, балаларының өмірден өз орынын тауып кетуге сеп болуда. Төменде Республикалық «БИБІ-АНА» қоғамының төрайымы, кезінде талай қыз-келіншектің қолынан түспеген «Тауқымет» романының авторы Бибігүл Қабиқызымен болған сұхбатын ұсынамыз.

– Менің өмірім өзім басқарып отырған асырауында балалары бар мүгедек аналардың Республикалық “Бибі-Ана” қоғамымен және өзім өмір бойы жазып бітіре алмай келе жатқан “Тауқымет” романыммен үндесіп жатады, – дейді бізбен сұхбатында Бибі-Ана.

– Біз әуелі Алматы қаласының тіркеуінен “Тауқымет” деген атпен өткенбіз. Мені мүгедек аналар да, олардың балалары да алғашқы айлардан-ақ Бибі-Ана атап кетті. Келесі жылы республикалық қоғам құрыларда мүгедек аналардың өтінішімен қоғамымызжың атын “БИБІ-АНА” деп өзгерттік. Меніңше, Ана деген теңдесі жоқ қасиетті сөзді кез келген жерде пайдалана салуға болмайды. Халыққа ана бола алатыныңды, бола алмайтыныңды білмей тұрып, Ананың атынан қоғам құру өте жауапты іс. Құрылуынан құлдырауы тез қоғамдардың Ана деген сөздің алдында ғұмыр бойы борышты болып қалатындарын бір сәт ойланғандары жөн болар еді. Масылдықты, меніңше, әйелдерден гөрі ер адамдардың арасынан жиі кездестіреміз. Жап-жас әйелдер кенеттен мүгедек болып қалғанда мүгедектікті мойындағылары келмей жұмыстарынан айырылуды өліммен тең санайтын. Қазір нағыз мүгедек адамдардың өздерінің топтарын өзгертіп, мардымсыз зейнетақыларын бұрынғыдан да азайтып тастап жатады. Екі аяғы жоқ адамдарды жыл сайын комиссиядан өткізіп, әлек ететіндермен он жыл бойына күресіп келемін. Қоғамға мүше болған аналардың отбастарымен танысуға барғанымда, олардың жұмыс істегілері келетінін байқадым. Бұрын ине ұстап көрмеген әйелдерге іс тігуді үйреттік, тігін машиналарымен қамтамасыз еттік. Бір Алматының өзінде жетпістен астам адам жұмыс күтіп отыр. Мемлекеттік тапсырыстың мәселесімен айналысып жүрмін. Шығыс Қазақстан облысына 10 тігін машинасын апарып, осыдан екі жыл бұрын мүгедек аналарға арнап цех аштық. Бүгінде отыздан астам адам 20.000 теңгеден айлық алып, жүмыстарын жыл сайын жандандырып келеді.

– “Бибі-Ана” қоғамы мүгедек аналарға қандай көмек бере алады?

– Он жылдықты мүгедек анасының бар тауқыметін тарта жүріп, өте жақсы бағамен бітіргелі тұрған балаларымыз маған алты ай бұрын емтиханнан өте алмай қалса, ақылы бөлімге жәрдемдесуімізді өтініп, арыз жазады. Он жылдың ішінде кімнен арыз алсақ, соның барлығына жәрдем беріп жатырмыз. Мысалы, емтиханнан өте алмай қалған баланың жағдайын айтып, ректорға хат жазып, азғантай төленген ақшамызды қабылдап, бұйрық шығарып беруін өтінеміз. Барлығы қабылданғаннан кейін мен үшін ең қиыны енді әрі қарай ақша табу. Кейбіреуіне бөліп-бөліп төлейміз, енді біреуіне демеуші табамыз.Тіпті қызым екеуміздің алтындарымызды ломбардқа тапсырып,балалардың оқу ақыларын төлеген күндеріміз де болды. Өкіметке хат жазып, балаларымыздың мүмкіндігінше тегін оқуына жағдай жасауларын өтінеміз. Мұның барлығы айтқанға оңай болғанымен, үлкен күресті, мықты денсаулықты қажет ететіні белгілі. Менің мүгедектігімді көре тұрып, жаныма тиетін сөздерді естіртіп те, естіртпей де айтып жататын адамдар баршылық. “БИБІ-АНА” қоғамының алғашқы жарғысында біз мүгедек аналардың балаларының білімі мен денсаулығы мүгедек аналардың отбастарында отырып жұмыспен қамтылуын ең басты міндет етіп қабылдағанбыз. Қоғамның облыстардағы бөлімшелерінің алдына қойылған талап та ең алдымен мүгедек ананың мектеп табалдырығын енді ғана аттайтын баласын мектепке дайындау. Әр баланың мектептегі жетістіктері мен денсаулықтарын бақылау, мейрам сайын олардың сыйлықсыз қалмауы. Яғни, әрбір мүгедек ананың өз тауқыметімен жалғыз қалмауын қадағалау.

– Халық үшін тірлік істеп жатқандықтан өзіңізді депутаттыққа ұсынуға талпынбадыңыз ба?

– Депутат болғысы келетін адамдар менсіз де аз емес. Мен депутат болып отырған келіншектер мен жігіттерге талай хат жолдаған адаммын. Менің сұрап келе жатқаным, асырауында балалары бар мүгедек аналардың пәтер ақыларына жеңілдік, балаларының оқуларына жеңілдік. Бірақ Амангелді Айталы мен Татьяна Квятковскаядан басқа бірде біреуі хатыма жауап беріп көрген емес. Сен өзің депутат болуың керек деушілер баршылық. Менің денсаулығым өте нашар, қызым мен ұлымның бағуымен ғана жүрген адаммын. Қалалық мәслихатқа бағымды байқап көрмекшімін.

– Қазақтың жетім балаларының шет елге сатылуын қалай тоқтатуға болады деп ойлайсыз?

– Қазақ әйелдерінің аналық махаббаттары өз балаларымен ғана шектеліп қалмаған. Алтынға апталып, күміске күптелген келіншектер қайыр сұрап жүрген талай қазақтың балаларына жирене қарамаса... Баланы сату дегенді естігенше құлағымыздың керең болып қалғаны жақсы еді-ау. Балалары бар мүгедек аналардың Алматыда құрылтайын өткізіп, шетелге бала сату деген сөздің тамырына балта шабылуын талап етіп, баспа беттерінде халық қалаулыларына Үндеу хат жолдағанбыз. Білім министрлігінде Қазақстанның жетім балаларының тағдырына құқылы келіншек шетелге кеткен балалардың тұрмыс жағдайының кереметтігін ай­тып менімен екі сағат айтысты. “Балаға әдемі үй, байлық керек дейсіз, ал ол балаға Отан керек емес пе?!” деген сауалыма жауап ала алмадым. Біздің үйдің жанында жетім балалар үйі болды, олардың дені соғыс кезінде ата-анасынан айырылып қалған Ресейден әкелінген орыс балалары болатын. Өздері жарымай отырған ауыл адамдарының жетім балалар үйіне қарай біреуі сүтін, біреуі нанын алып жүгіріп бара жатқандарын көрдік. Менің анам прокурордың әйелі болса да, өте қарапайым, сыбырлап болса да құдайына сиынып жүретін жүрегі жомарт жан еді. Қолы қалт етсе, ескі тігін машинасын сыртылдатып, ер балаларға қисық жағалы ақсұп көйлек, қыз балаларға қос етекті желбіршек салынған сары сәтеннен көйлек тігетін, көбірек етіп табаға нан жабатын, сосын бізді жанына ертіп жетім балалар үйіне баратын. Анамның сол ауылдың жетім балаларына істеп жүргенінің қайырымдылық деп аталатынын біз білмедік. Ал, қазір біздің бай азаматтарымыз анда-санда мүгедек аналарға жәрдем бере қалса, оны теледидардан айтып, газетке жазбасаң өкпелері қара қазандай бо­лып, амандасудан қалады. Адамға жасаған жақсылықты сатудың қияметі туралы Құранда жазылғанын көп адамдар біле бермейді.

– Отбасында қыз баланың тәрбиесіндегі әке рөлі туралы не айтасыз?

– Бала тәрбиесі жөнінде кіммен болса да ұзақ айтыса алар едім. Отбасындағы тәрбие мығым болса, еркіндік пен еркелікті баланың бойына сіңіре отырып, адам баласына қажетті қасиеттерден қандай жағдайда да ажырап қалмайтын етіп өсірсең, бала теледидардан өзіне қажетті нәрсені таңдай алады, қандай кітап оқу қажеттігін де біліп өседі. Менің отбасымда тәрбием дұрыс болмағанда он жеті жасымда намысым үшін өлімге басымды тіге алмас едім. Әлденеше жыл орнымнан тұра алмай жатқанда да, өле-өлгенше асқар таудай болған әкем менен күдерін үзбеді. Бірде жаныма келіп, шашымнан сипап әңгімелесіп отырған әкемнің “Сен әлі ел анасы боласың” дегені мені қатты таңғалдырды. Жалпы әкем мені бір ауыз сөзбен жігерлендіре алатын. Өмір сүргім келмей, мүгедектікке мойынсұна алмай күні-түні ойлайтыным өлім болып жататын менің көңіл күйімді байқаған әкем “Сенсіз мен де өмір сүрмеймін” деді. Жанымдай жақсы көретін әкемнің мінезі өзіме белгілі, мен қалайда өмір сүруге бел байладым. Сондықтан әкенің қызына деген махаббаты өлімді де жеңе алады дегенді ұран етіп келемін. Кейде қыздарына жеки сөйлейтін әкелерді көрсем қатты мұқалып қаламын. Қазақ еш уақытта қызын сөкпеген, біздің елдің қыздары ерке де еркін болып өседі. Себебі, қазақ қыздарын қонақ деп әулиедей құрметтейді.

– Атыңызға айтылар мақтау баршылық болар, сын да бар шығар?

– Мен мүгедек болсам да, мақтаудан кенде болып көрген жоқпын. Әуелі ана болуды армандадым, ана болғаннан кейін балаларымның ешкімнің дастарханына қарап жәутеңдемеуі үшін тамақтың алуан түрін жасауды үйрендім. Ұлым кішкене күнінде мен жиналысына баратын болсам, “Мына көйлегіңді ки” деп менің шашыма дейін сын көзімен қарайтын. Сондықтан тұла бойымды күту – қандай жағдайда жүрсем де мығым әдетіме айналған. “Бибі-Ана” қоғамын құрған жылдары “Сіз бе Бибі-Ана, біз ақ жаулықты ана күтіп отырсақ...” деген сөздерді жиі еститінмін. Қазақстан мұсылман әйелдерінің бір мүшесі “Басыңызға орамал тартпайсыз ба? Сізге ел Бибі-Ана деп қарайды?” деп сын айтқан. Көзіне түсіре жаулық тартып, шашын жасырып жүрген апаларымызға тыңдар құлақ бол­са, айтар сыным баршылық. Жақында Қостанай қаласында бір аптаның ішінде жеті бірдей шарананың өлігі табылғанын теледидардан естісек, ертесінде Алматы қаласында екі күнде екі шарананың өлігі табылғанын естідік. Біреуінің ит-құсқа жем болғанын ести отырып, “Осындайда мұсылман әйелдері неге тәртіп сақшыларының есігінің алдына түней жатса да, сол баланы тастап кеткен “анасымақты” тауып берулерін талап етпейді?” де­ген ой келді. Ата-анасының парасаттылығына сенімі мол қыз еш уақытта ішінен шыққан шарананы күл-қоқыстың арасына лақтыра салмас еді.

– Дәстүрлі сұрақ, алдағы жоспарларыңыз?

– Жоспарым көп. “БИБІ-АНА” қоғамының он жылдығына дайындық басталды. Барлық облыста оқып жатқан, оқуларын бітірген балаларымызды тойға шақырып, деректі фильм түсіртпекшіміз.

7 наурыз, 2003 ж.

«Қазақстан Заман»

Бағдагүл МҰЗАРТБЕКҚЫЗЫ.

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта