Бақыт Сарбалаев
Мәдениетті жапон бола ма, жоқ милы жебірей бола ма, кім айтса да бәрібір – Ай мен Күн, Жақсы Адам мен Махаббат сияқты - озық, көпшілік мойындайтын шындықты түйінді жеткізген қанатты сез де барлық халықтар кен хандарға да ортақ. Мәселен, мына өмірде адамға ең керегі – астан соң бақыт десек, қауғасақал көсем Карл Маркс: «Бақыт дегеніміз – күрес» депті. Коммунистерге жататындықтан ба, біз бүгіндері осы Маркс, Ленин, Энгельстерді бекер жатырқап жүрміз; өйткені бұлардың саясат қумаған, тікелей өмірден туған талай кемеңгерлік ойлары, даналық сөздері – біз кеше көңіл құлап сенген, біз бүгін безінген жол-ілімдеріне қатыссыз – уақыт өте келе өзгеріп кетпейді; тірліктің сырын, бірліктің құнын керемет бейнелеген қалпында қала береді. Ендеше адам өмірге бақытты болу үшін келеді десек, бақыттың да үлкен-кішісі, мың сан түр-тұрпаты болатынына қарамастан, Бақытқа, біздіңше, осы Карл Маркстан артық, дел және дәрменді баға-анықтама берген ешкім жоқ. Иә...
Бақыт дегеніміз - Күрес.
Бақыттың мән-мағынасын осылай әдемі айғақтады деп Карл Маркске қаншалықты разылық білдірсек те, оның небәрі өмірдің ежелгі және күллі тіршілік иелеріне бағзыдан ең етене, тән заңдылығын ғана ашқанын да мойындауға тиіспіз. Яғни өмір сүрудің өзі - есте жоқ ескі замандардан бері аласапыран күрес; айқас-арпалыс, тартыс-тайталас. Барша бақ пен сор, даму мен қалу, бықсу мен жану, ізгілік пен зұлымдық, қасиет пен қасірет, т.т. да осы айқас-күрестің айналасында қым-қуыт өрбіп, өріс табады. Және мұны танып-білу бар да, (бұған жетудің өзі аз емес, әрине); бастан өткеру төтенше бөлек.
Мына өмірдегі жер басып жүрген мың-сан, миллиондаған (өзіміздің аз ғана алашымызды алсақ) саналы тіршілік иелерінің өзара ерекшелік, әйтпесе айрықша айырмашылығы да, міне, осы бақыт үшін күрестен басталып, байқалады. Дәлірегі – бақытың мен сорың әркімнің өмірді қалай және қайтіп бастан өткеруінен айқын көрінеді. Өмірді лайықты құру үшін келген ұлсың ба; жарқын өмір сүру үшін жаралған қызсыңба, жоқ тарихтың табанында тапталып қалар құлсың ба; әлде тағдырыңды өзің билеп-илер кісі – жұлдызсың ба?! Қазақ тыныс тіршілігінің кілті де, ол құрсауында күн кешкен қоғамның құлпы да – міне, осында...
Асылы, әңгімеміздің әлқиссасында бүгінгі заманның салтына бағып Маркстің бір мықты лебізіне жүгінгенімізбен, адам үшін аса тәтті жарық дүниенің сырын да, жырын да Майқы биден бастап Абай қостап, Аманжолдың Қасымы, Мұқағалиға дейінгі дана-дараларымыздың дені таңдантып та, тамаша жырлап-айтып кеткені мәлім. Нақ осы өре-өлшемнен келсек, және Ғұмар (Гомер), (Хафиз), Данте, Байрон, Толстойлардың да бар екенін ескерсек, Өміртануда – сөз өнері әлемінде ашылмаған арал, айтылмаған ой қалды ма екен?! Ақиқаты - жазылмаған тақырып жоқ, танылмаған жан түкпірі жоқ. Десекте ақсақал-ағалар көрер жарығын тауысып, табалдырықтан толассыз аттап жатқан уақытпен бірге төрге озған жаңа буын ұрпақтар өткендер қазынасына – қаншалықты тірек, баспалдақ болса да - қанағаттанып, барды базар етіп қана қалар ма?! Әрине, өйтпейді. Өйткені бұларға өткендердің өмірі қалай өмір бола алмаса, өткендердің көңілдері де солай көңіл бола алмайды. Өйткені бұлар тек өздерінше - яғни жаңаша өмір сүреді. Ендеше бұлар үшін бақыт үшін күрес те жаңа, байлық үшін тірес те бөлек.
Міне, осы себептен де оларға жаңа өлшем тез, қолтықтан демеп, алға қадам басқызар жаңа жалынды сөз, келешекке көз тастатар рухани көз керек.
* * *
Ал осындай коммунистік те кіді қоғамның қатаң талап-тілегіне төтер, қиын да қысталаң заманды бастан кешіп, қапылып жүрген халықтың жан-жүрек қажетін өтер жаңа жалынды сөзді қалам ұстаған екінің бірі жаза алмасы белгілі, ол үшін автордың қарымды, талантты болмысының қажеттігінің басы ашың, оған қоса өмірдің ыстық-суығы мен балы-уын қатар татқан дегдар ғана емес, қызу жүректі, қайтпас тілекті, тағдырының тізгінін нық ұстап, бағын қолынан ұшырып алмас, басына түсіп жатса тауқыметті тізерлете алар жан болмағы шарт.
Мұның бәрі де бір кісінің бойында кездесіп, бір бітім түзіп жатса, ол - Алланың адамға бере салған бағы ғана емес, соның иесі адамның да өзіне еңбекпен, тіпті ерлікпен дарытқан бабы да. Біздің халқымыз «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп неге айтқан дейсіз.
Жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты романын оқып шыққан соң, бірден ойға келгені - шынайы суреткерлік талантын – бағын жандырып, оны жан-жақты баптай білген авторлық білімділігі-біліктілігі, ең бастысы – жан-жүрек байлығы, азаматтық қайсарлылығы, қаламгерлік қайраткерлігі. Төрт жағы теңеліп, төрт құбыласы түгелденгендіктен де қазақ әдебиетінде «Тауқымет» атты тың туынды туыпты, толыққанды роман түзіліпті.
* * *
Кең тынысты шығарма Шалқар қалашығының шынайы табиғатын таныстырудан басталады. Табиғаты қатал болғанмен, тұрғындарының жаны – жайсаң жаз. «Адалдық пен адамдықтың, кісіліктің алдында тік тұратын, қыздарын нәзік бала, қызбала деп еркелететін, екіжүзділікті өлімнен де жаман қабылдайтын, жандары таза халқы бар қалашықта орыс, татарлар бірге туғандай болып бауыр басысып кеткен. Орыс, татарлары қазағыңнан артық, мақал-мәтелге жетік, қазақтың барлық салт-дәстүрін де түгел біледі. Бір үйде бір қыз болса бір әулие, екі қыз болса екі әулие. Қызға қонақ деп қарайды, жылы-жұмсақ сол қыздың аузында, киімнің жақсысы сол қыздың иығында. Жігіттер осы бір қасиетті дәстүрді бала күндерінен бойларына сіңіріп өседі...» (3-бет). Сондықтан да шығар, «Қырық бесінші жылы жеңіспен аяқталған қырғын соғыстың елге салып кеткен тауқыметін Шалқар қалашығының кез-келген отбасысы бастарынан кешіп жатса да, болашаққа деген сенімдері мығым...» (4-бет).
Біз түсіндіріп жатпасақ та, мынадай адамгершілік ұстанымы бар, ар-ұяты бар елдің, қыздарын құдайдай сыйлайтын салт-дәстүрлі жұрттың 1941 - 1945 жылдары болған сұрапыл соғыстың сұмдық тауқыметін қайыспай көтеріп, келешекке сәулелі сеніммен көз тастайтындықтары өзінен-өзі айқын болса керек.
Басты кейіпкер – «өңі аппақ, қасы-көзі қиылған, тәмпіш мұрны өзіне жараса қалған, кіп-кішкене саусағы майысып домбыра тартатын, мектепке енді ғана барған Бибі-Сана». Оны прокурор әкесі Сарбаз ерекше жақсы көреді. Нағыз әке! Қазақтың барлық жағынан да әке деп айтуға лайықты Азаматы. Ол тіпті осы романның – жиі көрініп, жан-жақты сомдалмаса да – осі, Алтынқазығы. Сол себептен де автор өз романына «Әке махаббаты өлімнен де күшті» деген сом сөзді эпиграф етіп қойып, алтын кілт етіп алыпты. Осындай әділетшіл де әлеуметшіл, адалдықтың ақжолынан қия баспайтын құдіретті әкенің қанатының астында желкілдеп өсіп келе жатқан Бибі-Сана қалайша еркін де ерке болмасын?! Бұл - үлкен байлық. Бір бақ-бақыт.
Оның Балдай анасы да қарапайым қазақ әйелі болғанмен, нағыз қазақтың әйелі; елдің анасы деңгейіне жетпесе де, ерлердің - Бибі-Санадай жұлдыздың, Тілеу, Қайнар, Бағила секілді ұл-қыздың анасы. Ең мықтылығы - шын қазақтығы, даналығы. Даналығы сол, екі сөзінің бірі ғана емес, екі ісінің бірі - шүкірлік. Сондықтан да қырғын соғыс жүріп жатқан уақытта да қаптаған жесірлерден күйеуін қызғанбайды. Күліп қойса да, жүріп қойса да сыр бермес сымбатты. Өтірік-өсекпен араз. Тіпті Бибі-Санасының жан досы, екі жас үлкен көрші қыз Айнамкөздің шешесі, жесір Зарапшанның азапты да ұзақ келер күндеріне қабырғасы қайысқандықтан да оның қамын жеп, жақсы еркек Сарбазды да қиып, «Менің күйеуімнен бала тауып ал», - дейтіні бар. Қолы қалт етсе, қазы-қартасы сәл артылып жатса, айналасына қол созып, жетімдер үйіне үнемі барып, көк көз сары балаларды да аспен, киіммен жарылқайтыны жоқ емес. Қазақтың бұрын қатты өніп-өскені, көсегесі жан-жақты көгергені Балдайдай аналардың арқасы екені күмән тудырмаса керек.
Бибі-Сананың - сүтпен сіңген тектілік
те, - әлі балғын бала болса да, үйіндегі барлыққа кейде қысылатыны бар. Айнамкөздің қабағы түйіле беретініне көнетіні де, оның күлімдеген түріне қуана қарайтыны да сондықтан: «Айнамкөздің өзінің күлкісінің қандай әдемі екенін білсе той, тек осы әдемі күлкісі оның әдемі бетінде өте сирек болатыны қандай жаман». Біз осыдан-ақ оның бойында болашақ әділетшіл, өткір де өрелі кісі, адал Адам, арда Ару қалыптасып келе жатқанын байқаймыз.
Майдан әңгімесін тыңдап отырып, кішкене жұдырығы түйіліп:
– Мен соғыста болсам ғой, Әлия мен Мәншүк өлмейтін еді; өзім өлсем де оларды өлімге бермес ем, – дейді ол. Miне, болашақ Бибі-Сананың болмысын байқататын бір эпизод.
– Ал, Құдайберген. Мінезі: тік, тура айтады, тура жүреді, артық сөз айтпайды, айтса қайтпайды. Отбасы: әкеден дарыған ірілік, анадан берілген адамгершілік, айналасынан жұққан алуан қарым-қатынас бар, нағыз қазақ қызы болып бойжетіп келеді ол.
Жүзіне нұр тұнған, жүрегі бұлқынған жастың өмірге қояр негізгі сұрағы не? Өмірдің оның алдына тартқан, тартар басты мәселесі қандай? Әрине, бақыт пен махаббат. Алғаш бақыт бітім туралы ойға батып, тұңғыш махаббаттың тұнық жыры мен сырына көз жүгіртіп, көңіл бойлату. Айтпақшы, бұл - романның да негізгі сауалы, өмірдің құны туралы ілгері- кейінді қайтарар басты жауабы.
Ал, әзірше Бибі-Сана қызының «Көке, бақыт деген не?!» дегеніне әке Сарбаздың кідіре тұрып айтқан уәжі төмендегідей:
– Балам, бақыттың не екенін бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, бақытты әр адам әртүрлі қабылдайды, шүкірі мен қанағаты көп адамның бақыты да көп, оны есейе келе өзің де түсінесің... (24-бет).
Іс жүзінде айтпағы «Бақыт дегенің - базардан сатып алатын зат, дүние емес, ол – бейне бір асыл қасиет. Біреулер оны сарыла іздеп, әне жетем, міне жетем деп күн кешсе, біреулер қолына тез қондыра қояды. Ал қадір-қасиетіне жетпей, табанымен таптап жүргендерде жоқ емес-ау», - деу еді. Бірақ мұны айтуға әлі ертерек деп санады. Мұнысы дұрыс та еді.
Бибі-Сана болса, көңілі - көктем, өзін есейіп, өсіп қалғандай сезінеді. Онысы да рас. «Әкесінің соңынан аулаға шыққанда да дәл төбеде шуақты да нұрлы сәулесін төккен күн шапағынан қанаттарына маржан тағып тізілген тырналар ұшып барады екен.
– Көке, тырналар қайта оралды ғой, ә?!» (25-бет).
Алабұртып айтты. Дәл биылғыдай сұлу көктемді бұрын көрмеген-ді. Қанаттың алаулы жанарымен өзіне сүзіле қарағаны жүзін ду еткізген. Содан оның өзін ұнататынын, өзі де оған кетәрі емес екенін ұқты.
Ары қарай жасөспірімдік кешу. Ертерек есейген Ерденнің көкірегін басу. Қанатпен вальс билеу. Екі бозбаланың бұл үшін төбелесуі. Сананың көзі жарқылдап, март мінез көрсетуі. Бірде ұл бала болып еркелеп, бірде сұлу қыз болып жайнап, мың құбылатын бітімімен. Біз оның қолға алған ісіне тиянақты, кішкене күнінен өз сөзіне үлкен адамдай жауап беріп үйренген, басын кесіп алса да жалған айтпайтын, алған бетінен қайтпайтын мінезімен осылай жүздесе береміз.
Аты-жөні жоқ алған бетінен қайтпау емес, көзі жетіп, көңіліне қонған соң – алған бетінен қайтпау жаман құлық емес, қайта мақтарлық қылық. Алайда, әке қызына талантты болу тамаша болғанмен, үлкен өнер жолы тым ауыр екенін түсіндіре алмай әлек. Әсіресе, тым жас, тәжірибесіз, сұлу қыз балаға! Бірақ Бибі-Сана артист болам деген мақсатынан айни қояр ма? Ақыр соңы әкесін алғаш рет алдап, жоғары дәрігерлік оқуға түсуге барған Ақтөбесінен Алматыға аттанып кетті.
Алматыда оның аяулы арманы ғана емес, алаяқ, қорқау композитор жігіт Ақпан да күтіп тұр екен. Консерватория. Актерлік бөлімге құжат өткізу. Емтихан тапсыру. Шынында өнерді аңсап келген қыз жылпос, мақтаншақ, қабілеттен де құралақан емес жендет Ақпаннан қашқақтаса да, әндері жастар аузынан түспей тұрған Шәмші Қалдаяқовты көріп, атақты режиссер Асқар Тоқпановтан қолдау тауып, өзге сынақтардан сүрінбей өтіп, оқушы-өнерпаздық өмірі басталар тұста Бибі-Сана басына тағдырдың батпан соққылы тауқыметі тап болды.
Ол өзін хайуандықпен зорламақшы болған Ақпанның қорлығына өлсе де көнбекші емес. Алысты, арпалысты. Он жеті жастағы балғынды тісқаққан қақпан жиырма бес тықсырып барады. Ол басқа амалы жоқтықта жатақхананың жоғары қабатынан жерге секіріп кетті. Бұл - екінің бірі түгіл, екі мыңның бірінің қолынан келер қаракет емес. Қаракет дейміз бе, дұрысы - қаһармандық. Айуандыққа жем болғаннан гөрі ажалды дем көру.
Ал, сұлу Санаш терезеден секірдің, әлі ажалдың ауылы алыс екен, енді не істемек керек?! Өлімді жеңіп, өмірге ұластыру қажет. Яғни тауқыметті - мүгедектікті тізе бүктіріп, қоғамның толыққанды мүшесіне айналып, адамдық бақытты пелену шарт. Міне, бұл - мүгедек болудан да қиын, күн сайын - айлар-жылдар бойғы азапты еңбектің, жан шырқырауын жеңген ерліктің арқасында ғана қолға түсетін бақыт.
Алты ай бойы сал болып жатқан, аяғын бір басу мұң болған Бибі-Сана бұдан кейін орнынан тұрып, балдақпен жүруге жарады. Мұның өзі айтуға оңай, баяндауға жеңіл болғанмен, басты кейіпкердің жазуға қиын жан сезімі - Шалқар көліндей шалқар, асау толқыны мол, суық мұзы бар, жойқыны көп, сызы – қар жан сезімі. Өзімен жеке күресі, ең әуелі тағдырды билеп-төстеуі; өзгелермен - Ерден, Ақпан, Айнамкөз, Қанаттармен жақсылықты молайтып, жамандықты азайту, мөлдір махаббат пен мархабат жолындағы түрліше текетіресі. Тауқыметті тізе бүктіруі. (Несін жасырамыз, тауқыметті жеңсең тән жарасы құлантаза жазылса да, жан жарасының терең тыртық ізі қала береді, сондықтан да тауқыметті анық жеңу тізерлетумен өлшенсе керек).
* * *
Романда жазушы таланттылығын, қаламгерлік қарымын, суреткерлік шеберлігін әдемі танытатын тапқырлық тәсіл, астарлы оқиға, көркемдікке кенен қосқабатты деталь-эпизодтар да баршылық.
* * *
Тек Бибігүл Иманғазинаның өзіне тән. Жеке жаңалықтары...
Мұның бәрін жоғарыда Балдай ана бейнесіне аз-кем аялдағанда келтіре де кеттік. Әуелі осыны байыпты байқата өтсек, тек оқырмандың олжамыз молая түсері анық.
Балдай қарсы кереуетте жатқан Зарапшанмен әңгімелесіп жатып, талайдан бері сары майдай сақтап жүрген бір сырын айтқысы келді.
– Зарапшан, уайым-қайғыны Аллатағалам көтере алатын адамға ғана береді дейді ғой... Өмірдің аты – өмір. Сені ренжітіп аламын ба, білмеймін, неде болса тек көңілімнің ақ екеніне сенсең болыпты...
– Баке, сенің босқа сөйлемейтініңді білемін ғой, құлағым сенде
– Сенсең... Құлыншақтай келіншексің, Айнашым жалғыз деп күңірене бермей, Айнашқа бір іні туып бермеймісің?
– Ойбай, оны кімнен туады екенмін, әлгі бүкір шал болмаса... - Зарапшан булыға күлді. – Оның да басы бос емес.
– Құрысын, бүкір шалы несі?! Жоқ, туғың келе ме, мен соны білгім келеді.
– Келгенде кандай?!
– Олай болса... – Балдайдың басын көтергені бөлмеге түсіп тұрған Айдың жарығынан анық көрініп тұр. – Біздің үйдегі қайның сенің тақияңа тар келе қоймас...
– Зарапшан да басын көтеріп, екі қолын өрбеңдетті.
– Ойбай, құдай сақтасын, осы сыйластығымнан да айрылып қалармын, құдай сақтасын, жо-жоқ, атама!
– Не болды сонша ышқынып?! Жеңгесінің қойнына бармайтын қай қазақты көрдің, онысы несі-ай! Мен саған байымды басы байлы берейін деп жатқан жоқпын... (12-бет).
– Ал сенейік пе? Сұрапыл шайқастар кезі, еркек кіндік - қат. Бәлкім, сол себепті таңданатын да рет аз. Оның үстіне Тұмар ханшайымды, Қыз Жібекті, Ұлпан ананы былай қойып, қарапайым қазақ әйелінің даналығы дегенде осындай елдік ерлікке бара алатын болмысын меңзегенбіз. Ақсақ дыңдай қабылданатын соғыс уақытын айтпағанда, бүгінгі күннің өзінде сүйіп тиген күйеуі ұрпақсыз, отбасы жалғассыз қалмасын деп таңдап тоқал әперетін бәйбішелер бар өмірімізде.
Енді екінші бір көркемдік кесте-детальға жүгінейік. Қызы Бибі-Сана басына қара бұлт төніп, ар-намысын Ақпан алаяқтық табанына таптата алмай, Алматыда терезеден секірген сәтте әке Сарбаз ауылда аласапыран түс көреді.
Түскі үзіліс кезінде сәл мызғып алатын әдеті бар еді. Бүгін де көзі сәл ілінгендей болды да, түсінен шошып оянып, айқай салды.
– Балдай! Балдай деймін!
Сүріне-қабына ішке кірген Балдай күйеуіне үрке қарады.
– Ойпырым-ай, тыныштық па?!
– Жаңа ғана түсімде баяғы Ақмаңдай: «Қызың өлейін деп жатыр, тұр!» деп жымиып күлді де, ғайып болды» (68-бет).
Ақмаңдай – Сарбаздың алғашқы махаббаты. Өзіне қатты ұнаған айдай сұлу. «Өмірі қатынсыз өтсең де, ол қызды алмайсың» деген тентек шал әкесі айтқанынан шыға алмай, бастартқан. Сөйтсе Ақмаңдай да Сарбазды өліп-өшіп сүйіпті. Мұны күтіп жүріп, Балдайға үйленгеннен кейін екі айдан соң қайтыс болған. Маңдайына сыймай кеткен махаббаты. Міне, сол Ақмаңдай Сарбазға Сана басына аяқ астынан түскен қасіреттен хабар беріп тұр. Тек оның бұл хабарды жымиып күліп айтқанына сенгіміз жоқ... Сарбаз: «Ақмаңдай шынымен мені күткен екен... шынымен мені кеше алмаған екен... Өзіңе деген зарымды, мұңымды азайтқан жалғыз Санашымда нең бар еді Ақмаңдай» (73-бет) десе де егіліп.
Үшінші бір мысал-дәйек:
«Қанаттың қолында - шампан. Қолтығына мамық жастықты жұмарлай қисайып жатқан Ерден ыржыңдап күле береді. Шампан атылып қалғанда сасқалақтаған Қанаттың қоңыр жүзі қызарақтап, қалтасынан шығарған аппақ орамалымен бетін сүрткіштей берді. Сана жанында отырған қасқа маңдай жігітсіз өзінің күні жоқ екенін, бірақ қансыраған жүрегінің қанын ағызып тұрып, сүйгенінен бас тартуға тура келетінін ойлай отырып, айналасындағы бақытты жандардың қуаныштарына көлеңке түсірмеу үшін әдемі көзіндегі соңғы кезде пайда болған мұңды ешкімге байқатпауға тырысып-ақ отыр.
– Шәмші дегеніңізді біз күнде көреміз, біздің жатақхананың сырт жағында сыра сататын дүкеннен шықпайды. Біздің жігіттер бір рет ол композиторына сыра алып берген екен, әрі қарай өзі жалғастырып, екі күн, екі түн бір үйде сылқита ішіпті.
– Онысын білмеймін, әйтеуір барлық әндері жұрттың аузында, жүрегіңнен орын табатын әндер. Тіпті, бірде-бір нашар әні жоқ. Біздің халқымыз қызық қой, сондай талантты сақтаудың орнына бәрі жабылып ішкізгеніне мәз. Онымен бірге ішкендеріне мәз, ол тастан жаратылған жан емес қой, соны неге ойламайсыздар, - деп Сана кекірейе қалған Ерденге шүйлікті.
Басеке-ау, біз бе екен, өзі ішкісі келіп тұрса... Қашан көрсең – мас, қай уақытта ән жазатынына таңым бар.
Ерденнің сөзін Айнамкөз іліп әкетті.
– Ішпесем жаза алмаймын дейтін көрінеді ғой... (130-131-беттер).
Бұл жерде 1960 жылдардың ерекше екі шындыты көрініс тауып тұр. Біріншісі – адамдардың бір-бірі үшін, дәлірек айтқанда, достығы немесе махаббаты үшін құрбандыққа бара алуы. Басты кейіпкер Сана Қанатты өзі шын сүйгендіктен де қор болмасын деп одан бас тартқалы отыр. Нақ осы мәрттік, жүрек жомарттығы, Сананың ерлігі қазіргі жастарда бар ма, кездесер ме?! Екіншісі – ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовқа қатысты қос бата-байлам. Сананың айтқанының да жаны бар, тіпті көбіміз солай ойлаймыз. Шәмшіге ішкізе беріп, сақтамаған - өзіміз. Алайда, кәсіпкер Ерден де ащы шындықтан алыс қонбай тұр-ау! Арақ кінәлі емес, адамның өзі кінәлі. ІІІәмшінің өзі де еркі осал, мінезі мамыр болса, қайтерсіз. Өз басымыз алақанға салып аялаған халықты жазғырып, арақты айыптаудан гөрі Шәмші адамды көбірек жазықты санар едік. Әйтпесе арақ ешкімнің аузына өзі барып құйылмайды ғой.
Негізгі кейіпкеріміз Сананың санасын торлаған тағы бір ой ағынын алға тартайық та, Бибігүл Имангазина жазушының алымдылығын, шеберлігін, шалымдылығын аңғарта түсуімізді тоқтатсақ дейміз.
«Сана бір мезгіл ойсыз жатпайды, көп нәрсеге түсінбейді. Адамның психологиясы!.. Адамдардың бет-пішіндері біріне-бірі қандай ұқсамаса, жан дүниелері де соншалықты әртүрлі. Пасық қулық, жыл-мақай қулық, айлакер қулық, тымпи қулық... Ақымақ кербез, мытым кербез, сұлу кербез... Абайдың «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын; Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деген сөзі бірнеше күннен бері Сананың ойына орала береді, орала береді...
Қайран Абай! Абайда байлық та болды, білім де болды, адамта қажетті қасиеттің бәрі де болды. Өзінің жан дүниесін түсініп, соңынан еретін халқы болмағандықтан да бақытсыз болған екен-ау!» (159-бет).
Бибі-Сананың басқа шын қазаққа тән қырық түрлі қам-қарекет, даралық пен даналық, мың бір түрлі сана ағынын, сөз жалынын, қаһармандық қалыбын былай қойып, осы бір сәтіне – өмірде мың сан адам болса, соның бәрі өз пендешілік-адамдығымен, төл ақыл-айласымен айрықшаланарын ажыратқанына сүйсініп, Абайды түсінгеніне, өз Абайын тапқанына – Абай бақытсыздығы сырын ашқанына разы болмайсыз ба?!
Ал, Абай - ақиық Аристофан да, ақын Аполлинер де, алып Айтматов та емес. Ол – ақиықтығына, ақындығына, алыптығына қос жұмбақ жан. Адамзаттың абызы. Сондықтан да Науа, Байрон, Пушкиндер де мыңмен жалғыз алысқан жоқ, бұларды түсінгендердің бәрі Абайды түсіне бермейді.
Әдетте, бізде қандай бір шытарманы қарастырғанда да әуелі қалыптасқан дағды бойынша кіріспе талап, ортақ өлшем – өре айтылып, содан кейін мақтап, яғни жақсылықтары мен жетістіктерін көзінен тізіп көрсеткен туынды болмаса, бірлі-жарым кем-кетіктерін айтып, шаруа бітті, әдеби сын ұтты» деп қайтып кетеріміз бар. Біз бұл жолы сол әдетті бұзып, таразылауымыздың орта тұсында-ақ аталмыш баянда ойсыраған олқылық мін бар ма, қандай келеңсіз кемшіліктерге кеңшілік беріп алған дегенге де қанағаттанарлық деңгейде тоқтала кетсек дейміз.
Қанағаттанарлық деңгей дегенімізге көркем шығарманы бұл тұрғыда да тұтас қарастырып, көктей шолу, дерт-деменіне дендей ену жатады деп ойлаймыз. Әрине, бар болса. Өйткені сынау - қазымырланып, бөлмеде жоқ қара мысықты табу да емес, жауырды жаба тоқу да емес; барды барша базарлап, көлеңкесін түсіріп тұрған кем-кетік болса, соны да тауып керсету болып табылса керек.
Міне, осы өре-өлшемнен келсек, бірден басын ашып айтарымыз - «Тауқыметте» орны толмас олқылықтар жоқ. Әрине, талғамға қатысты, көркемдік биік талаптарға қатысты бірлі-жарым жетім- сіздіктер де ұшырасарын алға тарта аламыз. Мұның өзінде кешегі социалистік реализм безбеніне бағып, «кемелденген социализмде кем жоқ, шеберлікте шек жоқ» деген ұстанымды ұстын ете алмасақ керек. Қашанда да әлеуметке де, әдебиетке де керегі – остянеризм де, постмодернизм де емес, «өнер – өнер үшін» деген жасампаздықта емес, «өнер – өмір үшін» деген жасампаздық; шынайы адамдық, алаштың шыншылдық.
Осылайша көзді де, көзілдірікті де түзеп алып кіріссек, романның сюжеттік-оқиғалық өрбу желісіндегі сәл-пәл қайшылықтарды күзеп, нақты тарихи адамдардың - өнер жұлдыздарының бейнелерін - бізбен бір-ақ сәт жүздессе де - нақтылай-типтендіре түсіп, озықтың-олқылықтарын көркемдік кескін-келбет тұрғысынан күшейтіп, жетілдіре түсуге біраз мүмкіндік бардай, талай көмбе игерілмегендей көрінеді. Мәселен, маған Балдай -Байғазиндер үйіне қат кілемді сыйлайтын сауда дүкені бастығының есімі Байғазы болуы орынсыз көрінеді, өзгерткен жөн. Сондай-ақ атақты дәрігер Сызғанов пен Дастан Қыпшақович - бір-ақ адам ба, жоқ екі адам ба?! Емдеуді Сызғанов бастаса, ол неге басқаға ауысып кетті? Нақ осылайша безбендей бастасаң, өмірдегі Ақпан мен романдағы Ақпан арасында айырмашылық-жақындық қаншалық, оның бейнесін аша түссек қайтер деген сауал да туады.
Байқап отырсаңыз, бұлар - елеулі міндер емес, бәлкім, тек менің - Бақыт Сарбалаұлының байқаған, іздеп отырғандықтан да тапқан ойласулары.
Ал, біздіңше, романның басты міні – тілдік түйткілдер тарапында. Кейде әріптік қателік, еренсіздіктер есебінен тана орын алғанын ескерсек те, көбін түзеуге тура келеді.
«Екі тізесін қолтығына алып (?), әр нүктеге қадалып қалатын досының жанында отыру өзіне қиын екенін бірде анасына айтып еді...» (6-бет),
Адам «Қанат жанарымен жер шұқып, кінәлі адамдай құбыжықтап қалды». Дұрысы - қыбыжықтап, екі тізені қолтығына қалай алады? Қипақтап қалу шығар.
«... Жүріңіздер, менің бөлмеме барып, сол жерде әрі қарай жоспарларымызды (?) жасап алайық» (86-бет). Бұл жерде «... не істейтінімізді» деген сөз қалып қойған әрі «жоспар» сөзін көптік жалғау жалғап, қолданудың қажеті шамалы.
«Қинала оянған Сана дірілді баса алар емес» (92-бет). Шолақтау, «денесінің» деген сөз жетпей тұрғаны сезіледі.
«... Ерден алдындағы бөтелкенің түбінде қалған арақты суыртпақтап (?) отыра берді» (98-бет).
Әдетте қатты зат, айталық, жіп суыртпақталады, ал сұйық зат сыздықтатып ішілетін шығар.
«Маған махаббаттан да бақыт берілмеген (?) болды ғой...» (99-бет).
Сөлекеттеу, орысшадан аударма сияқты.
Тағысын тағылар...
Жә, енді тікелей тақырып-нысанамызға қайта оралайық.
Жас сұлу Бибі-Сананың алдында - балдай тәтті әрі удай ащы өмірі жаңа басталғандықтан да, толған таңдау. Өкінішке орай, бал жағын емес, удай жағын таңдауы басым. Өйткені өзімшіл емес. Ақ жалын жүректі Адам. Өзгелердің қамын ойлайтын, жақсы көретін жандарыма болса екен дейтін Азамат. Өрлігінен өзгермеуі өз алдына, ащы шындықты қаймықпай мойындайтын, өмір қаталдығын қайыспай көтеретін, әділдік пен ақиқат жеңісі үшін, мархабат салтанаты үшін өз мүддесін, бақ-бақытын құрбандыққа шалатын Ерлік иесі.
Мұның бәрі романда нанымды да нәзік суреттеліп, тереңде түбегейлі көркемдік дәлелін тапқан, қалың оқырман жүрегіне жол тапқан. Бұған біз жоғарыда келтіріп, жан-жақты талдаған мысалдар мен мағыналар, дәлел-дәйек аз емес десек, бұдан кейін біз жүгінер-жүгірер беттер мен бедерлер мың бір айғақ, маңызды куәліктер дей аламыз.
Әрине, мұның бәрін алға тартып, айшықтап-ажарын ашып, жібегін шашып жатудың қажеті де шамалы, керегі де жоқ. Сонда да базбір басты белгілер мен бейнелеулерді талдауымыз толықтау болу үшін міндетті түрде елеп-ескерудің жөні де бар сияқты.
– Ойпырым-ай, ауылымыздағы ең сұлу қызымызды қор еткен айуан менің қолыма түссе ғой...
Ерден екі жұдырығын түйіп, тісін шықырлатты.
– Сананың ешуақытта ешкімнің зорлығына көнбейтінін білесіңдер, ал ол айуан оны бір бұзылған қыздарымен салыстырған ғой. - Айнаш тағы да жылап жіберді.
«Айнаш, жыламашы, екі күн бойы көзіңнің жасы тиылған жоқ. Адамның тұла бойының бәрі көздің жасынан тұра ма деп қалдым» (9-бет).
Сезімнің саудагері Ерден де Бибі-Сананы мойындайды, ол үшін артистігінен арылып, анық болмысын көрсетсе жан құрбы Айнамкөздің шын күйзеліп, Санаштың алдында – оны көбіне күндеп, бақытын қызғанғандықтан да кінәсі көп екенін мойындап, жылағандықтанда көз жасы көл болып отыр.
«Екі иығы салбырап, қабағы түсіп кеткен Айнамкөз орнына отырып жатып:
– Жігіттің барлығы ондай емес қой. Қанаттың махаббатындай махаббат кез келген қызға бұйыра бермес, – деді сыбырлап. – Елдің бәрі Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы мен Баян емес қой. Қанат пен Сана осы заманның Жібегі мен Төлегені болар...».
Ия, бұлар – бүгінгі күннің Төлегені мен Жібегі.
Бұл енді Айнамкөз беріп отырған үлкен баға – мойындау ғана емес, роман өзегінен өріліп шығып, оқырман жүрегінде тамыр байлап, жапырақ жаяр бір шындық. Көркемдік шындық, қазақ әдебиетінің бір ақиқаты.
Бірақ бұл махаббаттың жолы да тар, тастақты, тайғақ кешулі. Себебі, бұл заманның Қодары - Ақпан Бибі-Сана арудың басына түсірген тауқымет - мүгедектік. Бұрын өзін Қанаттан биік санаса, енді төмен санайды. Басындағы бақытты бағалап, қадірлей білмегені үшін Құдайдың тартқызған жазасы ма әлде. Бәрібір сүйеді оны. Сондықтан да оған бостандық бергісі келеді. Өзінің балдаққа сүйеніп, қиналып қозғалатынын да көрсеткісі жоқ. Ал, бұл оңай ма? Бибі-Сана әсіресе, мүгедектігінен гөрі масылдығына қиналады. Әке-шешесі еш ауырсынбаса да, ешкім бетіне айта алмаса да. Қарекетсіздік, мына өмірдің бір берік кірпіші болып қаланбау. Бибі-Сананы махаббаттан да бұрын, бақытты болудан да бұрын қатты мазалап, толғандыратыны - осы. Ендеше ол міндетті түрде өмірден өз орнын табады. Міне, содан кейін нұрлы мақсатқа, маздақ махаббатқа да, мархабатқа да кезек тиеді.
Жол айрығы алдындағы тыныш сәт. «Таңы атып болмайды, күні батып болмайды... Өзі мүгедек болғалы бір рет ұйқысынан күліп оянбапты. Онсыз да қайғының көлеңкесі мығым орнаған отбасының берекесін кетірмеу үшін бөлмесінен күлімсіреп шығуға тырысады». Жазушы болу үшін де талант қана емес, білім де керек. Сол себептен де Шымкенттің педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түспекші.
Әкесі Сарбаз қызын осы оқуға жай ғана шығарып салмай, елдің ақ батасымен аттандырмақшы.
Бибі-Сана Қанатты қайтеді енді?! Оның да ренжуінің жөні бар. Сүйеді, сарғая күтіп жүр. Ғашығы бұған қарамай, Шымкентке кетпекші. Бұл Қанатымен қатты кетісіп қалды. Ақ сапар тілеуге жиналған жұртты Сана ақжарқын қарсы алды. «Көңілімнің көтеріңкілігінің басты себебі - арқасына аяздай батып жүрген Қанаттан құтылатын болғаны. Өзінің ойынша, Қанаттан құтылу деген сөз – Қанатты өзінен құтқару деген сөз, демек, Қанат енді басқа өмір бастайды. Өз бақыты үшін біреуді бақытсыз ету қолынан келмейді». Сонда бұл бөлінулері мәңгілік ажырасу ма, жоқ уақытша ма?! Оны біз білмейміз әзір... Тіпті Сана мен Қанаттың өзі де білмейді.
Райым ата ақ жол тілеп, шын жүректен батасын берді. Таупиық ұстазы: «Сен осы заманның Әлиясы мен Мәншүгісің!» – деп сенім артты. Қалған қауымның да айтқаны: «Бақытты бол! Шалқарыңды ұмытпай жүр, көкем!» деген ақ тілек.
«Түн ортасы болса да Сана көзін ілмей жатыр. Көз алдында – жылап тұрған Қанаты, қабағы түйіліп тұрған Қанаты, жалынып тұрған Қанаты, кешіре қалатын Қанаты...»
Алда - ұзақ өмір жолы. Бойжетіп қана қоймай, ойжетіп есейген батыл да батыр Бибі-Сана сол сапарда жаңа биіктерге көтерілері, мақсатына жетері анық. Өйткені ол енді тағдырының қабақ түйгеніне, сабағын игеніне қарамайды. Ешкімге жалынбайды да, жыламайды. Бәлкім, Қанатымен де қауышар, қаламгерлік Құлагерінің жалына да жабысар... Біз оны романның жалғасында – екінші бөлімінде көрерміз. Әйтеуір өз басымыз Оның бастан кешері.
Тағдырын билеп, жолында кездескен жамандық-кедергілерді табанында илеп, арман, адамгершілік, азаматтық асқарына өрлей түсеріне кәміл сенеміз.
«Қазақ әдебиеті»,
№29 (3349), 26 шілде, 2013 ж.