Тауқыметті тағдыр мен бақытты балалық

Қазақта «Ана баласын арыстанның аузынан да алады» деген сөз бар. Шынында да адамзат жаратылғалы бері ананың құдіреттілігіне, ананың күштілігіне таңғалумен келеді. Ананың қолынан бәрі келеді, тіпті өмірдің ауыр тауқыметіне ұшырап, жарымжан болып қалса да ана шіркін туған перзентін ойлайды, ғүмырын тек сол құлынына арнайды.

Мұндай ойға бізді бала асырап отырған мүгедек әйелдердің республикалық қоғамында болған қауышу жетелеген еді.

Өзінің әйгілі «Тауқымет» романымен танылған жазушы Бибігүл Иманғазина апамыз басқаратын бұл қоғам жақында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай салтанатты кеш өткізді.

Қоғамның тұрақты демеушісі – «Эли­та» клубында өткізілген бұл кеште мүгедек аналардың балалары өнер көрсетті. Аналары өздерінің жарымжандығына қарамай, қандай бейнетқор болса, балалары соншалықты өнерлі, төрбиелі болып ержетіпті. Мұнда «Сен қазақсың, сен орыссың» деп алалау, жікке бөлу деген жоқ. Қазақтың баласы Пушкинді оқыса, орыстың баласы Абайдың әнін орындады. Қазақтың қызы орыс тілінде ән айтса, орыстың қызы қазақша мың бұралып би билейді. Балалардың өнерін тамашалаған Бибі-ана (жұрттың бәрі ол кісіні осылай атайды) олардың әрқайсысына сыйлықтар, тәтті- тартулар үлестірді. Кештің қызықты болғаны соншалық, мүгедек аналар биге қосылып, әуелете ән шырқады. Ал, қозғалмалы арбада отырған көңілі жарым­жан аналар бүлдіршіндерінің өнерлеріне сүйсіне отырып, әлде тауқыметке толы ауыр тағдырлары естеріне түстіме, қуанышты күні жүздерін жас жуып еді...

Әсіресе, жиналғандар қазақтың да, басқаның да сиқырлы саздарын бір кішкентай күйсандыққа сыйдырған Надеж­да Алексеевна Кислованың өнеріне тәнті болды. Жүзінен мейірімділіктің жылы лебі ескен ол ән айтқысы келген балалардың барлығын да күйсандықпен сүйемелдеді.

Қоғамның жетекші маманы Қадырсы Жылқышиева аналарға, балаларға деген өзінің ең жақсы тілектерін айтты. Өзі жарымжан болса да екі баланы тәрбиелеп отырғанын, күні бойы жылжымалы арбадан түспей жұмыс істейтінін тілге тиек еткенде ол балалардың өздерінен үлгі алғанын қалайтындығын білдірген еді.

Шынында да бұл күн бейкүнә періштелердің ең қуанышты, ең есте қалар күніне айналды.

«Егеменді Қазақстан»

03.06.95ж.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта