Бұл бас қосу өтер ме еді, өтпес пе еді, кім білсін, егер оның басы-қасында әйгілі «Тауқымет» романының авторы, тумысынан табанды, өжет әйел – Бибігүл Хабиқызы Иманғазина болмаса?!
«Қазақстан» қонақүйінін баспасөз орталығында ашылған бұл конференция тағдыры аяусыз тәлкекке ұшыраса да ана атанып, бала тәрбиелеп отырған кемтар жандардын жұрт алдында мұң-мұқтажын айтуға, ең бастысы – бір-бірімен дидарласып, жүз көрісуіне себепкер болған еді.
Әлсіздерге тырнағы батқан мынау заманда мүгедек аналардың тіршілігі жайында есту, көзбен көру қандай мықтынын болса да жанарына жас ұялатып, тынысынды тарылтады екен. Біз құдайға шүкір, қолы-аяғы сау жандар, қазір ілдебайлап күн кешеміз, ал мынау қорғансыз, қоғамға керексіздей көрінген жандардың құр шықпаған жаны дерсің...
Мүгедек әйелдердің проблемасы, шешілуі тиіс мәселелер жөнінде сөз еткен Бибі-ана (жұрттың бәрі ол кісіні осылай атайды) осыдан 3 жарым жыл бұрын асырауында балалары бар мүгедек әйелдердің басын қосатын ассоциация құру сөз етілгенде көп басшылардың жөнсіз мазағына ұшырағанын, бірақ оған мойымай, жасымай, міне, ақырында тағдырлас жандарға орын тауып, жұмыс істегісі келетіндердің қолына ине-жіп ұстатты.
– Алғашқыда менің бұл ұсынысыма жұрт күле қарады, – дейді Бибі-ана, күні-түні жұмыс істеген сол кездерді еске ала отырып, – Бірақ мен күресті тоқтатпадым. Менің араласуыммен мүгедек аналардың балалары қалаған оқуларына түсуге мүмкіндік алды. 3 жылдан бері осындай 48 жасөспірім Астанадағы жоғары оқу орындарында студент атанса, биыл олардын қатары 18-ге көбейіп отыр. Біздің қоғамның ақшасына емделіп жатқандар былайынша, бірнеше ондаған адамдарға жүріп-тұру үшін қол арба берілді. Осы уақыттың ішінде біз қоғам мүшелеріне 2 тоннадан астам қант, маргарин, 600 келі шай үлестіріп үлгердік. Мұның бәрі аспаннан түскен олжа емес, мүгедек жандардын кол арбаға немесе балдаққа танылып отырып жасаған заттарын сату арқылы түскен қаржылар екенін еске салғым келеді.
Қазір не көп, жұмыссыздар, көшеде бос сандалғандар көп. Соларға мынау құмырсқаның енбеккерлігіндей талап берген кемтар жандардын ерлігін айтса, жеткілікті шығар. Мемлекетіміздің мойнына асынып, масыл болайын деген ой оларда атымен жоқ. Қолынан келгені іс тігеді, өрмек тоқиды, әйтеуір кеудесінде қыбырлаған жаны болса болды, соған шүкіршілік жасап, тырбанудан еш уақытта бас тартқан емес.
– Бізге орын тауып беріндер, несие беріндер. Біз сонда өзіміздің қоғамға масыл еместігімізді дәлелдейміз, – дейді облыс-облыстардан арнайы келген мүгедек аналар.
Бұл конференцияда әйелдердін ең жан ауыртар қиындықтары жайында аз айтылмады. Пәтер мәселесі, қала басшыларының пәтер бөлгенде оны мүгедек аналарға жоғарғы қабаттан беруі, жер учаскелерінің бөлінбеуі, аналарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін несие акшаны алудың қиындығы – бәрі-бәрі де айтылды.
Пәтер мәселесін былай қойғанда, жанағы жандардың төсекке танылып отырып жасаған дүниелерінен түскен аз-маз ақшасына үкіметтің салық салуы қиянат қана емес, сұмдық ұят нәрсе емес пе?
Тауқыметті көп тартқан жанның кейбірі болмаса, көбісі өр, намысшыл болып келеді. Жүру түгілі қимылдауы қиындаған мүгедек ана Салиха Жасекенованың мінберге шығып сөйлеймін деген ұмтылысынан осыны ұқтық.
Салиха апай ұзақ сейледі. Жұрт алдында шер мендеген көңілінің жібін бір босатты. Босатып қана қойған жоқ бәріміздің сай-сүйегімізді сырқыратты...
Қанша жігерлі болғанымен, осы Қоғам құрылғанға дейін тіршілігінің тым ауыр болғанын айтқан Салиха апай кейде тіпті нан-шәйға ақша таба алмай қиналған күндері болғанын сөз еткенде біз өзіміз кінәлі болмасақ та жерге қарадық. Неге біз осындай әлсіздер есебінен байып, солардың нақақтан-нақақ төгілген көз жасына семіретін әділетсіз кезенге тап келдік?! Әрине әңгімеміз көңілсіздеу де шығар. Бірақ тауқыметті аналардың тіршілігін көргенде еріксіз ашынғаннан басқаша айтуға алалымыз қалмаған еді.
Аналардың мұң-мұқтажын қолында тізгіні бар азаматтар да естіді. Президент жанындағы Отбасы және әйелдер жөніндегі кеңестің төрайымы Роза Кенжетаева, еңбек министрі Петр Крепак, тағы басқа министрліктерден конференцияға қатысқан үкімет мүшелері қолдарынан келген көмектерін аямайтындығын білдірді. Олардын өз жауапкершіліктерін сезініп, қалай болған күнде де мүгедек аналарға қол ұшын беруді сөз еткен уәделері періште көңілді жандардын сеніміне ие болды. Бір жұбанарлығы – сол!..
Енді сол іс адамдары сөздерінде тұрып, қамқорлыққа зәру аналарға жәрдем етсе, балаларының жеңілдіктермен оқуына, киім-кешектер алуына көмектесер болса сауап алғаны былайынша, ұрпақ ертеңіне қосқан үлесі деп білер едік.
Ал, енді ауылдарда, аудандарда қалып, астанаға үні де, аяғы да жетпейтін аналар болашақта Бибі-ана қоғамының мүшелері секілді іс тігумен, бұйым тоқумен айналысып ақша тапса, өз құқығы үшін өзі күресе алатындай күнге жетсе деген тілек айтамыз.
19 желтоқсан, 1995 жыл.
«Егеменді Қазақстан»
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.