Тауқымет пен тағдыр

Қоғам мен заман талабының ешбір қиындығына қарамастан асырауында балалары бар қаншама мүгедек аналардың қамқоршысы бола білген “БИБІ-АНА” Қоғамдық қорының төрайымы, жазушы Бибігүл Иманғазинаны бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Мен “Әйел жаны қырық шырақты” деген нақыл сөзді бүгінгі біздің газетіміздің қонағы, осы бір қайсар әйелге қаратып айтар едім. Шынында да бір әйелдің басынан бар бақытты табу қиын болар, дегенмен өз өмір жолындағы келеңсіздіктермен күресе білген жандар үшін бақыт есігі ерте ме, кеш пе ашылары сөзсіз. Осы тұрғыда өз ісінің биік шыңына шыққан, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген Бибігүлді бақытты әйелдер санатына қоспау мүмкін емес.

«ЕЛ АНАСЫНА АЙНАЛДЫМ»

Мүгедектік пен жесірліктің барлық тауқыметін тарта жүріп, жүз әйелге бөліп берсе де аздық етпейтін қатал тағдырдың барлық тауқыметін көріп келе жатқан маған әкемнің «Сен әлі ел анасы боласың» деген сөзі мені осы күндерге жетелеп келді, – деп сөзін бастады Бибігүл Иманғазина.

 Есін білгелі арман қуып, сол үкілеген асыл армандарын іске асыру мақсатында Алматыға Ақтөбе өңірінің Шалқар ауданынан келеді. Асқақ арман бойжеткенді жетелеп, Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті болуға қол жеткізеді. Сұлу да алғыр қызға ә дегеннен жігіттердің көзі түсіп, ақыр соңында сол көп жігіттің бірінің кесірінен жас қыздың тағдыры тәлкекке түседі. Мүгедектіктің тауқыметін көрген Бибігүл апамыздың тағдыры туралы "Тауқымет” атты кітапты оқыған әрбір адамның түсінері сөзсіз.

– Сал болып жатқан аяғымды қимылдататындай жағдайға жеткізу үшін, дәрігердің арнайы жаттығуларын бірнеше сағат бойына жасайтынмын. Маңдайымнан сорғалап аққан терге қосылған көз жасым омырауыма тырс-тырс тамып жатса да тоқтамайтынмын. Мені тоқтатпай, қайрай түсетін бірден-бір адамдарым – ол ата-анамның, бауырларымның маған деген махаббаты болатын. Сәл уақыты болса, менің аяғымды уқалап отыратын аяулы анамнан ешбір сырымды жасырмайтынмын. Мені әр уақытта күлімдеп тыңдайтын анам: "Әкең сенің тегін адам емес, он жылғысын бұрын болжап айта алады. Бұл жолғы саған қарата айтқан сөзі де қалт кетпес қызым” деген сөзі маған күш-қуат беріп, үмітіме жан бітіріп, қанаттандыра түсетін.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР...

Келе-келе өзімнің өткен өмір жолымды естелік кітап етіп жарыққа шығарғанда өзіммен тағдырлас адамдар телефон шалып хабарласа бастады, – деп сөзін жалғастырды Бибігүл апай.– Екі баламмен жесір қалған тұстарда да қайыспай, алға қадам басуға өзіме-өзім уәде еткен едім. Мүгедек адамдардың тағдырын қалай шешудің амалын табамын деп талай аяғымнан таусылып келген күндерімнің бірінде ”Я завидую только Матери Терезе" атты мақала жазып, оны ертеңіне «Казахстанская Правда» газетіне апарып бердім. Екі-үш күн өтпей жатып-ақ газетке шыққан мақалама орай, жағдайларын айтып талай жандар телефон шала бастады. Әсіресе, Тәуіргүл атты келіншектің бірнеше күннен бері керосин дайындап қойып, өзімді өртеп жібергім келсе де, Теміртауда училищеде оқып жатқан баламды көріп кеткім келеді. Ал баламды Алматыға ауыстырып алайын десем, оған жағдайым жоқ. Ол тұрмақ үйде тоқсан жасқа келген шешеме беретін тамақ та жоқ деген сөзі жүрегіме қатты батып, келіншектің баласын осы жаққа ауыстырып бердім. Тынбай бір істі атқара берсең нәтиже берері сөзсіз емес пе?! Бір айдан кейін асырауында балалары бар мүгедек аналардың "Тауқымет” атты ассоциациясын құрып, бірінші рет өзіміздің ісімізді арнайы заң бойынша атқара алатындай дәрежеге қол жеткізген күнім есіме түссе, тұла бойым түршігіп кетеді. Себебі, сол кездердегі таңертеңнен кешке дейін жүріп, машиналап тамақ тауып әкелу, олардың балаларының оқудағы проблемаларын шешу сияқты мәселелер айлап жүріп жұмыстар атқарумен аяқталатын еді. Бір күні көшеде такси ұстай алмай тұрғанымды көрген сол кездегі Әлеумет министрі, бүгінде Мәжіліс депутаты Зәуре Қадырова маған машина бөлгенде аң-таң болғаным әлі есімде. Себебі, мен бірде-бір бастықтың алдына барып көрмеген едім. Арада көп уақыт өтпей жатып Денсаулық сақтау министрі Василий Николаевич Девятко шақырып алып, қолыма автобустың кілтін ұстата салғанда төбем көкке бір елі жетпей қалған күндерді де бастан кештік. Көп ұзамай Пекиндегі 50 мың әйел қатысқан Халықаралық әйелдер форумына делегат болып бардым. Менің осы форумнан алған сабағым болашақтағы жұмыстарыма көп септігін тигізді деуге болады. Бүгінде мүгедек аналарымыздың көбісі құралақан қарап отырған жоқ. Аналарымызбен қатар, олардың балаларының жоғары білім алуы жағын және тұрмыс мәселелерін ойластыра келе, мүгедек аналардың отбасында отырып жұмыс істеулерін қарастырдым. Мәселен, қырық жеті тігін машинасын сатып алып, олардың үйлерінде отырып жұмыстар атқаруына мүмкіндіктер жасаудамыз. Тігіншілікке икемі бар аналарды ұлттық ою-өрнектер үлгісімен кесте тігуге, әр түрлі төсеніш көрпелер мен жапқыштар тігуге үйреттік. Қазір сол кішігірім тігін цехына мемлекеттік тапсырыс берілер деген үмітіміз бар. Бірақ сол мемлекеттік тапсырыс дегеннің тілін таба алмай-ақ қойдық, – деп назын білдірді Бибігүп апай. Қиналса да, мүжілсе де сырын жан адамға шашпай өз бетінше күнкөріп келе жатқан мүгедек аналарға Үкімет тарапынан болсын, демеушілік көрсететін қалталы азаматтар тарапынан болсын берер көмектерінің сауабының зор боларын үғатын кез жеткен сияқты.Кезінде «БИБІ-АНА» қызметкерлеріне ақша тауып бере алмай отырған тұстарда, облыстарға жіберілген "Тауқымет” романының қаламақысымен күнкөрген кезеңдерді де бастан кешкенін қайсар ана ұзағынан әңгімелеп берді. Мәселен, кезінде оқуға тұрмайтын кітап деген сылтаумен ’Жазушы" баспасы шығармай, алайда, автордың сот арқылы кітапты жарыққа шығаруы мүгедек аналардың Қоғамына айтарлықтай көмек болғанын Бибігүл Иманғазина осы әңгіме барысында айтып өтті.

 «АЛМАТЫГАЗБЕН” СОТТАСУДАМЫЗ»

Бірнеше жыл жылуы жоқ бөлмеде қалтырап отырып, кейіннен ғимараттың іші-сыртын жөндеуге көшкенде кейбір адамдардың «Ничего себе женщины инвалиды!» деген сөзін жүрегіне жақын қабылдаса да мұқалмаған Бибігүл апайымыз Абай даңғылының бойындағы он екі қабат үйдің бірінші қабатында орналасқан мекемелерінің даулы болып отырғанын айтып өтті. Заң бойынша 1994 жылға дейін алынған ғимараттарды жекешелендіріп алуға әркімнің де құқы бар. Бірақ Алматы қаласының әкімшілігінен біздің хатымызға «Приватизация не представляется возможным, так как объект находится под залогом» деп қайтарған жауаптары жүзден асады. Сөйтіп жүргенде біздің мекеме орналасқан он екі қабат үйдің сатылып кеткенін бір-ақ білдік. Азғантай ғана қаражатқа сатып алған  белгілі мллиардер Тимур Құлбаевтың сойылын соғып,АҚ "Алматыгаздың” басшылары Жулин мырза мен Толстобровов мырзалар бізді қудалай бастады. Олармен кездескенімде: ”Сіз үй сатып алып, сол үйдің бір бөлмесін біреулер даулап келсе Сіз не істер едіңіз?” – деп өзіме тарпа бас салып, тез арада үйден шығуымды талап етуде. Бірақ мен оңайлықпен беріле қоймаспын. Қаланың тап ортасындағы он екі қабат үйдің 100 миллион теңгеге ғана бағалануын қалай түсінуге болады? Бүгінде мұндай қаражатқа бір-ақ коттедж салуға болатынын айтып, он бес жылдан бері отырған орнымыздан қуатын адамның қолында өлетінімді ашына айтудамын. Кейіннен, Толстобровов мырза: «Қаланың қалаған жерінен үй салып берейік» дегенге көшті. Мен оған: «Ол үйді әйеліңізге салып беріңіз» деп, қасарысудамын. Кейбір адамдардың біздің отырған жеріміздің де, өзіміздің де мүгедек жандарға ұқсамайтынымызды айтып, «Біз де әлі сізге көрсетеміз» деп қоқиланатындары бар. Олардың ойынша мүгедек аналар тек қана қолдарын жайып, әркімнің бетіне жалына да үрке қарап отырулары керек сияқты. Бұл істің сотқа баратынын қазірден-ақ сезіп отырмын.

   «БАЛАЛАРЫМЫЗ ГРАНТҚА ҚАБЫЛДАНҒАН ЕМЕС»

Республика бойынша асырауында балалары бар мүгедек аналардың саны 38 мыңға жуық екен. Бұл көрсеткіш еліміздің түкпір-түкпіріндегі мүгедек аналарымыздың көп екендігін көрсетіп тұр. Яғни тек Алматы қаласында ғана мүгедек аналарға арналған Қоғам құру жеткіліксіз. Сондықтан Бибігүл Иманғазинадан «БИБІ-АНА» Қоғамының бөлімшелері бар ма? – деген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Құдайға тәуба, бүгінде Алматы әкімшілігімен қоян-қолтық жұмыстар атқаратындай жағдайға жетіп отырмыз.Әр облыста «БИБІ-АНА» Қоғамының бөлімшелерін аштық.Ал енді бүгінде жұмыстар атқарып отырған Өскемен қаласындағы бөлімшеге жақында тігін цехын ашып беру үшін, кезінде он тігін машинасын алып барған болатынмын. Ол жердегі мекеменің төрайымы Құниярова Күлзипа тыным таппай жүріп, әртүрлі мекемелерден тапсырыс алып, бүгінде мүгедек аналардың үйінде отырып айлық алуларына мүмкіндіктер жасауда. Сондай-ақ, Қызылорда облысындағы Қоғамның төрайымы Ермекқараева Розаның арқасында жоғары білім алуға талаптанған балаларымыздың қажетті құжаттарын дайындап, кез келген уақытта балалармен тығыз байланыс жасауға қол жеткізіп отырмын. Мәселен, соңғы жеті жылда 68 бала жоғары оқу орындарының студенттері болды. Және де оларға арнайы стипендия тағайындатып, оқуларының төлемақысына дейін мойнымызға алуға тырысып келеміз. Әрине, бізге жыл сайын 20-30 баланың оқуларының төлемақысын шешу де оңай емес. Он бес жылдан бері жоғары оқу орындарының ректорларына барамын, Білім және ғылым министрлігіне хат жазамын дегендей, балалардың шаруаларын шешпей тынбаймын. Біздің балаларымыз қанша жерден жақсы оқыса да біреуі грантқа қабылданған емес.

«МҮГЕДЕКТІКТІҢ ТАУҚЫМЕТІНЕН АСЫП ТҮСЕТІН ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ МАЗАҒЫ»

Мен еш уақытта мүгедек аналарды алдыма салып алып, улап-шулап көшеге шыққан емеспін. Барлық бастама өзімнің тарапымнан болғаннан кейін әйтеуір қолымнан келгенінше тірлік жасаудамын.

  “Мамыр-1” шағын ауданындағы «БИБІ-АНА» деген билбордтың ілініп тұрғанына бірнеше жыл болды.Енді осы жердің дауына тоқталайын.

1998 жылы “БИБІ-АНА" Қоғамына бөлінген 2,1718 гектар жеріміздің жарты гектары сатылып кеткені аздай, енді қалған жерімізді сақтап қалу үшін мен жеті жыл сергелдеңге түстім. Өзім өмір бойы тартып келе жатқан мүгедектіктің тауқыметінен де асып түсетін шенеуніктердің мазағы мен қорлығына шыдап бағудамын. “Жасыңыз болса алпыстан асты. Балаларыңыз түгілі қара басыңызға арналып салынған бір үйіңіз жоқ, одан да өзіңіздің қалаған жеріңізден үй салдырып алмайсыз ба, бәрібір олардан ол жерді ала алмайсыз” деген сияқты сөздерді әкімнің маңындағы жағымпаздардан естудемін. Мені көндіре алмаған олар, өздері сатып жіберген жарты гектар жерге салынған 20 коттеджді “Бибі-Ана өзінің ұл-қыздарына, туған-туыстарына коттедждер салып алыпты” деген қауесетті естігенде,еріксіз жағамды ұстадым.Енді міне, осындай қорлықтардан, жеті жыл көрген азаптан жақында Иманғали Нұрғалиұлы құтқарды. Ол кісі «БИБІ-АНА» Қоғамының меншігіне тиісті жарты гектар жерді қайтару мүмкін еместігін ескере келе, қалған жерді біздің меншігімізге сатып алуға Қаулы шығарып берді.

Арманымыз – мүгедек аналарымыз тегін емделсе, олардың балалары да әлеуметтік жеңілдік алатындай дәрежеге қол жеткізсек. Сондай-ақ, балалардың оқуларының ақысын да өзіміз шешіп, оларды шетелге оқуға жібере алатындай мүмкіндіктерге талпынудамыз.Иманғалидың тағы бір қайырымдылығы – біздің балаларымыздың үйінде компьютерлер жоқ екендігін айтып, ол кісіге хат жазған болатынмын. Сол өтінішім бойынша, өткен жылдың аяғында қалалық әкімшіліктен біздің Қоғамға 1 498 000 теңге ақша бөлінді. Енді сол қаржыға компьютер сатып алып, мектепте оқитын балаларымыз бен студент балаларымызға жұмыстарын жасауға мүмкіндіктер жасаудамыз. Жалпы, менің осы он бес жылдық тәжірибемде ұққаным, бірде-бір жоспар Үкіметтің көмегінсіз іске асуы мүмкін емес. Демеуші деп ауыз толтырып айтарлықтай, демеушілеріміз де жоқ. Кезінде “ҚазМұнайГаз" компаниясы демеушілік жасап, қызылордалық бірнеше баламызды оқытып алған едік. Бірақ соңғы екі жылда олар да жәрдемдерін тоқтатып отыр. Демеушіміз жоқ екен деп қол қусырып отыра беруге тағы болмайды. Жақында Білім және ғылым министрлігіне студент балаларымыздың оқуларының жылдық төлемақыларын 50 пайызға төмендетуін сұрап, хат жаздық. Парламенттің алдына осы сауалды қойғалы үш жыл өтті, ешқандай нәтиже жоқ. Ал, мүгедек аналарымыздың алатын зейнетақылары не дәрісінен, не тамағынан артылмайды, сол себепті, олардың балаларының жоғары білім алуларын неге қолдамасқа?!

***

Жүрегіне тағдыр тәлкегінің сызаты түссе де еш мойымайтын осы бір ардақты анаға қарап шексіз риза боласың. Осындай аналар ел ішінен көптеп шықса нұр үстіне нұр болар еді. Атақ-дәреже үшін емес, мүгедек аналар үшін күресе білген Бибігүл апай – бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Әңгімелесіп отырған осы бір сәтте, аяулы Бибі-Ана мүгедек аналар балаларының да жақын анасына айналғанын аңғардым, Безілдеген телефон тұтқасын көтерген ол кісі Асхат пен Ербол есімді ағайынды жігіттердің отау құрып жатқанын естігенде ерекше қуанышқа кенелгенін ұғып, мен де ол кісіге іштей ақ тілеуімді тіледім.

 

Жазира БАЙСЫМБЕКОВА,

“Қазақ әдебиеті”, 3.03.2006 ж.

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта