СҰЛУЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ ЕДІ...
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бибігүл Иманғазина
Аяулы ару Роза Бағланова талантты тұлға еді! Роза Бағланова ер еді!Роза Бағланова қайраткер еді!Халқы үшін жүрегін суырып беруге дайын тұратын қаһарман еді!Роза Бағланова қарапайым халықтың арасында қарапайым еді,ханшайым болатын жерде ханшайым еді!
Роза Бағлановаға ер азаматтар түгілі әйелдердің өздері ғашық болатын.Мен де өмір ойы Роза апайдың сұлулығына,ешкімге ұқсамайтын даусына, жүріс-тұрысына,сөйлеген сөзіне,киген киіміне тәнті болушы ем.Соғыстан кейінгі жылдары Роза апайдың біздің шаһарымызға келуі біз үшін үлкен оқиға болатын.Қанша күн концерт болса,сонша күн біз мектепті ұмытатынбыз.Роза апайдың құдыреті соншалықты,ол кісі қанша күн болса,сонша күн біз бір жұмақтың ішіне кіріп кеткендей ғұмыр кешіп,құрбыларымызбен жиылып алып,апайымыздың сахнадағы ерке қылықтарын,әндерін жарыса әңгімелейтінбіз.Роза апай тоқтаған кішкене ғана қонақ үйдің жан-жағына жасырынып,далаға шығуын күтетінбіз.Сол кездегі ауданның басшылары апайдың жанына ешкімді жолатпайтын.Менің әкем сол ауданның прокуроры болатын,кешкісін жұмыстан қайтқан әкеме «Көке,Роза апайды қонаққа шақыршы,жақыннан көргім келеді»деп,өтініш жасадым.Ертеңіне жол жүрейін деп отырған Роза апайды әкем қонаққа алып келді.Роза апай аппақ өңі нұрланып,менің көзіме сахнадағы бейнесінен де әдемі болып көрінді.Төргі бөлмеге өте беріп,аппақ,сүйріктей саусақтарымен басымнан сипап «Қандай сүйкімді ең,бақытты бол,жаным»дегенде жүрегімнің аузымнан шығып кетердей тулағанын осы күнге шейін ұмытқан жоқпын.
Шынында сол кездегі қыздардың тәрбиелі де намысшыл болуы,табиғи сұлулықтарын сақтай білгендері,сахнада тұрып-ақ Роза апамыздың барлық әйел адамға үлгі бола білгенінен екен.
Тоқсаныншы жылдары жиын да,той да көп болатын.Сондай бір жиында Нұрсұлтан Әбішұлымен сөйлесіп тұр ем,жанымызға күндей жайнап,Роза апай келді.
Нұрсұлтан Әбішұлы күлімсіреп:
-Роза Тәжібайқызы,Бибі-Ананы білетін шығарсыз-деді.
-Жаным-ай,мен сенің «Я завидую только Матери Терезе»деген мақалаңды оқыған адаммын.Нұрсұлтан Әбішұлы,жау шапқанда да,ел басына күн туғанда да қолтығынан сүйейтін қыздарымен мақтана алатын қазақпыз ғой,міне,соның айғағы мына тұрған ханшайымға лайық Бибі-Ана!-Роза апайдың әрбір сөзі тасқа басқандай,әдемі үні ерекше,тура сахнада ән салып тұрғандай еді.
Сол күннен бастап Роза апаймен жиі хабарласып тұратын болдық.Кездескен сайын «Айналайын,сен енді көпбалалы анасың ғой,балалар қалай,жағдайлары қандай?»деп тұратын.
Республикалық мәдениет сарайының алдына наурызға арнап бірнеше киіз үй тіктіріп жатқанымызды айтып,апайды да шақырдым.Апайдың шақырған жерге кешікпей келетінін білетін ем,сондықтан өзім жарты сағат бұрын келіп,бірнеше қазанда дайындалып жатқан тамақтарды тексере жүріп,сағатыма қарап қоямын.Бес минөт қалғанда автокөлігіен түсіп жатқан апайды қалың жұртшылық қоршап алды.
Үнемі «Айналайын,жаным»деп сөйлейтін апамыз жұртшылықтың барлығын айналып,толғанып,киіз үйдің алдында тұрған менің жаныма келіп:
-Бибіш,наурызың құтты болсын жаным,-деді.
-Төрлетіңіз,төрлетіңіз-деп қауқылдасқан жігіттер,апайды төрге отырғызды.
Симай қалған жұрт есіктен сығалап,апайдың әдемі де сиқырлы үнімен айтып отырған әңгімелерін тыңдап,тым-тырыс тұрғандары осы күнге шейін есімде.
Роза апай бірде«Жаным,сенің самолетың болады»дегеніне әбден күлген мен «Бір машинасы жоқ адамға самолет қайдан келеді екен»дедім.Сүйріктей сұқ саусағын жоғары көтеріп «Болады,жаным,болады» деді.Отбасымда апайдың ұлағатты сөздерін үнемі айтып отырамын.
Роза апай Желтоқсанды, Аралды, Семей полигонын әңгімелегенде бота көзінен бұршақтап жас төгілетін.
Роза апайдың «Арал туралы реквием»фильміндегі сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес:«Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес.Соғысты тоқтатуға болады,атом бомбасын тоқтатуға болады,аспандағы ұшақты тотатуға болады,бірақ,мұны тоқтату мүмкін емес.Біз мұнда айтып жатырмыз,ал анда табиғат өз дегенін істеп жатыр.Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр.Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады? (Қол шапалақтау).Басқа уақыт болса,біз мұны зиянкестік дейтін едік,ал егер зиянкестер КСРО акакдемиктері,Социалистік Еңбек Ерлері,екі,үш мәрте лауреаттары болса не дейміз? Қараңызшы,қазақ елінің жерінде не бар:Семейде-полигон,Байқоңырда-космодром,Аралда-у.Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек?Егер бұл жағдай шетелде,Америкада болса,олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді деген тұсына келгенде Роза Бағланованың сөзі мінбеден емес,Арал жерінен түсірілген бейнекөріністермен сүйемелденеді.Оның сөзі кадр сыртында қалып,кадрда жал-жал құмның ішіндегі жалғыз ауылдың жатаған үйлері мен аптап ыстықта ойнап жүрген балалар көрінеді. Бірер секунд қана пайда болған Аралдағы осы ауыл көрінісінен кейін қайтадан мінбеде тұрған әнші көрініп,сұқ саусағын көтеріп шымырқана сөйлеген қайсар қыздың жан шырылы былай жалғасады: «Мен ол жерлерде болдым.Маған оны көру өте ауыр болды.Нәрестелердің көзі жоқ,таңдайсыз туылып жатыр,басында шашы жоқ,ағы,қолы жоқ балалар туылып жатыр.Бұл не сұмдлық? Кімнен сұрауымыз керек?Кімге барып айтуымыз керек?Тұтас ұлттың жан азабын,қайғысын,қасіретін естірту үшін,бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға баруымыз керек?».
Апайдың «Ішкі жан-дүниесі таза,адал,қайырымдылығы мол әйел қартайғанда да сұлулығын жоғалтпайды»дейтінін бір мен ғана естімеген болармын.
Телеарналарға бізді жиі шақырады ғой,денсаулығым жарай бермейтін мен барлық шақыруға бара алмаймын.Бір күні «Айтуға оңай»деген бағдарламаның қасқамаңдай жүргізушісі марқұм Бейсен Құрманбек хабарласты.Бейсенді өзім силайтынмын,сондықтан «Жақын арада шығатын жобаларыңды оқып берші»дедім.Тыңдап отырып, «Аман болсам,Роза апай туралы жобаңа барамын,міндетті түрде барамын»дедім.
Сол жобада «Соғыста қардай жауған оқтан қаймықпай,танктың үстіне шығып әсем әнін шырқаған,соғыстан кейін атарбамен елді аралап,жаралы жұртшылықтың көңілін аулаған,өзінің ерекшелігімен елдің таңдайын қақтырып,жастарға үлгі бола білген,Арал мен Семей полигонының қасіретін,өле-өлгенше баратын жерге барып,айтатын жерде айтқан апамызға арнап Нұр-Сұлтанның, Алматының,Қазақстанның бар аймағының кезкелген көшесінде Роза апамызға арналған ескерткіш қойылса ешкім қарсы бола алмас еді.Себебі,өзінің еліне,жеріне нағыз еңбегі сіңген бір адам болса,ол-Роза Бағланова дер ем»дедім.
«Біздің қай айтқанымыз болып жатыр?»деп жүргенімізде Роза Бағланованы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының мәңгі есте қалдыру туралы жасап жатқан ұсынысына жүрегіміз жарыла қуанып жатырмыз.
Бәрінен бұрын қазақтың қаһарман қызы Роза Бағлановаға Республикалық мәдениет үйінің аты берілсе Роза апаның әдемі үні осы күнге шейін құлақтарынан кетпей,аңсап,сағынып жүрген жұртшылық үшін теңдесі жоқ сыйлық болар еді.
Уақыт өтіп жатыр,талай жақсылармен,жайсаңдармен кездесіп келеміз,бірақ Роза апайдың орнын толтыратын,оны жоқтатпайтын адамды мен әзірше кездестірген жоқпын...
08.04..2021 жыл
«АНА ТІЛІ»газеті