Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері
Күні кеше ғана ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқыдық. Елбасының ең әуелі ұлттық сана туралы толғанысы ойға жетелейді. «Ұлттық сана» біздерге ауадай қажет екені рас болса да, бірінші кезекте «сана» деген ұғымға тоқталғым келеді. Қазақтың «санасызға сан айтсаң да болмайды», «болмайтынға болыспа» деген нақыл сөздері бар. Санасыз адам - ең қауіпті адам. Себебі, ол мемлекеттің мүддесі мен өзінің мүддесін ажырата алмайды. Санасыз адам өзінің елінің алдындағы міндетін қойып, тіпті отбасының алдындағы міндетін де өтей алмайды. Санасыз адамнан бар жамандықты күтуге болады. Санасыздан туған ұрпақ санасыз ұрпақ боп жалғаса береді. Аяқ-қолдары балғадай жігіттердің жұмыссыз жүруі де санасыздық. Себебі, ол - жалқау. Барлық бақытсыздығына елін, жерін кінәлайды,жеңіл өмір іздейді. Көше сыпыруға да арланатын санасыз еркек бала-шағасының аш отырғанына арланбайды. Әр ана, әр әке дүниеге ұрпақ әкелместен бұрын өзінің білімін, үйін, күйін жөндеп алуы керек. Бәсекелік болмаған жерде алға басу да болмайды. Алға басып бара жатқан адамды күндемей, ол адамнан үйрене білуіміз керек. Еліміз жиырма бес жылда өзгерді. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар есіме түссе, төбе құйқам шымырлайды.Еліміз тыныш, халқымыз аман, Елбасымыздың халқына салып беріп келе жатқан сара жолы баянды болсын деп тілейік, халайық! Н.Ә.Назарбаевтың 2025 жылда латын әліпбиіне біржола көшу туралы сөз қозғауы дер кезінде қабылданған оң шешім деп ойлаймын. Латын әліпбиін, ағылшын тілін меңгеру осы заманның балаларына қиындық тудырмайды. Ұлттық киім киюмен ғана шектеліп қалмай, сол киімнің ішіндегі адамның санасы мен білімін арттырайық. Сана оянбаған жерде ұлттық құндылықтың да маңызы болмай қалады. Әр адамның санасын оятпайынша, мемлекет мемлекет болмайды. Мәселен, менің балаларым ағылшынша сөйлейді. Мен оны түсінбеймін. Бұрын орысша сөйлесек, кемпірлер түсінбей отыратын еді ғой. Ал неге оған біз қарсы шығамыз? Қазіргі бес жасқа дейінгі балалар не айтсаң да қағып алады. Біз оны үйрене алмаймыз. Жетпіс беске келген мен оны үйренемін деп уәде бере алмаймын. Әйтсе де, неге біз тек өзімізді ғана ойлаймыз? Ұрпағымызды ойлауымыз керек. Кішкентай күнде балалардың қабылдау мүмкіндігі орасан болады. Үш тілді олар оңай үйренеді. Қазіргі қоғамымыздағы кемшіліктерді жою үшін де өзгерістер керек. Президент дұрыс айтып отыр. Мысалы, бізде Алан Бөрібаев деген Опералық театрдың дирижері жеті тілде таза сөйлейді. Мейлі, барлығы жеті тілде сөйлемей-ақ қойсын, ең негізгі үш тілді білсе болды. Қазіргі бес жасар бала мен біздің кезіміздегі бес жасар баланы салыстыруға болмайды. Қазіргі балалар өте тез үйренуге бейім. Мен осы жастарымыздан көп үміт күтемін.
«Қазақ әдебиеті»,
№14-15 (3545), 14 сәуір, 2017 ж.