Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«БИБІ-АНА» қайырымдылық Қорының президент!.
Ақтөбеде болып жатқан қанды оқиға баршамызды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды.
Жиырма бес жыл бойы мүгедек аналардың тыныс- тірлігімен таныса жүріп, Қазақстанның бар аймағын аралап шыққан маған халық қамын ойлаған басшылар көп кездесті. Ағайыны аш отырса да селт етпеген, айналасында жетім-жесір жандар бар екенін білгісі де келмеген, билікте отырғанда шөбересіне дейін жететін байлықты жинап алған тоғышарлық майлы орынға қанішерлікпен қайта оралуды алдарына мақсат етіп қойған екен.
Олардың айтқандарына «ләппай тақсыр» дейтіндер өз қазағымыздың азаматтары ғой. Мені алаңдататыны да солар. Ана жерде бір баласын, мына жерде бір баласын тастап, алимент төлемей қашып жүрген азғын әкелерден, әйелінің мойнына мініп отырған намыссыздардан, бір бөтелке арақ, бір шөкім анаша үшін әкесін сататындардан, ұрпағының болашағын ойламайтындардан, әсіресе, жастарымызды сақтандырғым келеді.
Істегісі келген адамға елімізде жұмыс табылады. Саналы бала бүгін базарда жүк тасушы болса, ертең сол базардың басшысы болады. Бәрі адамның өзіне байланысты екеніне менің ғұмырлық тәжірибем куә.
Айналайындар-ау! Жиырма бес жылғы жетістігімізді жойқын күшпен ада етіп, қанішерлер басқаратын елде қайыршылықпен өмір сүрмекшімісіңдер?
Әр азамат өзінің отбасына жауапкершілікпен қарайтын болса ғана төрт құбыласы түгел мемлекет құра алатынымызды айтып та, жазып та жүрміз. Бабаларымыз адам баласына қажетті бар қасиетті ұрпағына өсиет етіп қалдырып кеткен. Сол өсиеттен ауытқымайық, ағайын...
«Қазақ әдебиеті»,
№24 (3502), 10 маусым, 2016 ж.