(БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫ, АСЫРАУЫНДА БАЛАЛАРЫ БАР МҮГЕДЕК АНАЛАРДЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «БИБІ-АНА» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ )
– БАЛА ШАҚТА БОЛАШАҚТА KIM БОЛСАМ ДЕП ҚИЯЛДАУШЫ ЕДІҢІЗ?
– Менің арманым қалайда актриса болу еді. Әкем менің бала кезімде Ақтөбе облысының Ойыл, Байғанин,Темір,Шалқар аудандарында прокурор болып істеді. Сымбатты, бойы екі метрге жуық әкемнің тұлғасы батырларды елестететін. Жер жүзінде менің әкемдей адам жоқтай, әкемнің әрбір сөзі мен беделін мақтан етіп өстім.Бірақ,әкем менің мақсатыма үзілді-кесілді қарсы болып, өнер жолының күрделілігін дәлелдеуге тырысып, менің жазушы болғанымды қалады. От басында әкемнен басқа ешкімді мойындамайтын мен әкем үйге келмейінше ұйықтамайтынмын. Сол мінезімді білетін әкем кей кездері қонақта отырған жерінен үйге келіп, мені ұйықтатып барып кетеді екен. Жаңылмасам, он жастан енді асқан кезім болу керек, әкем үйге таң атқанша оралмады, келесі күні де оралмады. Толастамай тұрған боранның ысқырық желіне құлақ түре отырып, «Менің әкем» деген әңгіме жаздым. Анамның айтуынша, көрші ауылдың мыңнан астам қойы боранда ығып кетіп, ауданның бар басшысы сол ауыл жақта екен. Екі күннен кейін аттан түсіп жатқан әкемді терезеден көрген мен далаға жүгіріп шықтым. Үсіп, аппақ беті қарайып кеткен тұлғалы әкем зырылдап келе жатқан мені жерден көтеріп алып, қасқыр ішік тонын айқара ашып, бауырына қысты. Менің көзімнен аққан жас әкемнің омырауын жуып кетті. Әкем сол әңгімемді оқыған күні анама: «Менің осы қызым жақсы жазушы болады, адамды күліп отырып сынайтынынан-ақ байқаймын», – депті. Соны естіген қырсық мен енді ештеңе жазбайтын болдым. Себебі, арманым – актриса болу ғой, сондықтан бұл әкеме істеген қысастығым еді. Мың әйелге бөліп берсе аздық етпейтін тауқыметтің қасіретінен жынданып кетпеу үшін кейін қолыма қалам алатын болдым. Жазудың да, жазушы мен ақынның да киелілігін мен әлдеқашан мойындаған адаммын. Ақын Құдайдың оң қолы да, жазушы сол қолы деп есептеймін. Жазушы мен ақынның шындықтың символы екенін мойындамау кейбіреулерге өте ұтымды болып алды. Өзі туған жерді басқарып отырған әкімнің алдына айлап, жылдап кіре алмайтын ақын-жазушыларды көріп те біліп те жүрміз. Елдің шаруасы шалқайып, халықтың жағдайы құлдырап жатқан кезеңде ол әкім неге ақын жазушылармен ақылдаспайды. Бір де ақын, бір де бір жазушы өз еліне қызмет етуден қажымайды. Бірақ, тағы да кейбір әкімдерге олардың шындықты айтатыны жақпайды. Елдің арасына «Ақын мен жазушылар тек қолдарын жайып келеді» деген қауесет таратушылар да өз ұпайын ойлайтындар.
– «БИБІ-АНА», ӘРИНЕ, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ. ОБЛЫСТАРДЫҢ ОСЫ ҰЙЫМҒА КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?
– Биыл облыстардағы «БИБІ-АНА» қоғамының төрайымдарын жаныма ертіп алып, асырауында балалары бар мүгедек аналардың республикалық көшпелі құрылтайын өткізу үшін облыстарға шықтық. Менің сонда қатты таңданғаным, ақын-жазушыларын алақанына салып жүрген әкімдер бізді де патшаны күткендей күтіп алды, ал ақын, жазушыларын менсінбейтін әкімдер маған да қыр көрсеткісі-ақ келіп бақты. Маған: «Әкімге кіріп шықпайсыз ба?» деген әкімнің көмекшілеріне: «Менің жанымда аналардың аналары жүр, соларға сәлем беруге санасы жетпей отырған әкімге мен барып сәлем бере алмаймын әкіміңе айт, біздің құрылтайымызға келіп қатынассын, мен осы жердегі күндерін көре алмай отырған мүгедек аналарды Америкадан көшіріп әкелген жоқпын. Ал әкім осы облыстан «БИБІ-АНА» қоғамы оқытып жатқан балалардың жағдайларын естісін», – дедім.Батыс Қазақстан облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қонақ үйдің алдына күні-түні жедел жәрдем машиналарын байлап қойды. Қонақ үйде тұрып жатқан адамдар біздің әйелдерді есіктің алдында күтіп тұрып: «Сіздер нағыз ерсіздер, осы заманның Әлиясы мен Мәншүгісіздер» – деп қолдарынан сүйіп жатқандарын көріп, мен қатты толқыдым.Қарағандының әкімі Мұхамеджанов барлық аналарымызды жеке қабылдап, барлығына сыйлық жасап бізге үлкен құрмет көрсетті. Содан осы екі әкімнің тағы төмендеп қалды ма? Даңқ пен атақ көргенді оттың басынан шыққан адамның ақылына ақыл, мейіріміне, жомарттығына жомарттық, парасатына парасат қосады. Мен бірде Әуезов атындағы театрдың алдындағы жарнамалардың ішінен «Көшеде жүрген пақырды әкім бол деп шақырды» деген аударманы оқып, қатты риза болдым («Из грязи в князи»), Түске шейін әкім болып сайланып, түстен кейін қойны-қонышын толтырып алып, өзінің қолын портфельге жеткізген көкесінің үйіне қарай томпаңдайтын әкімге халықтың көз жасы керек пе? Осыларды өзім айтып отырып, өзім уайымға да батып отырмын,себебі біреуді сынасам, алдымен маған арқа сүйеп жүрген әр облыстағы мүгедек аналар мен олардың балаларына зияным тиетініне менің талай рет көзім жеткен
– СІЗДІҢ БҰЛ САПАРЫҢЫЗ ТОЙҒА ДА ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР-АУ...
– Алпыс жылдығымды у-шусыз ғана өткізбекші болғанмын. Менің, құдайға шүкір, аяқтарына тұрған ұлым мен қызым бар, достарым, «БИБІ-АНА» қоғамы арқылы тапқан тумаса да туғандай болып кеткен балаларым бар, солардың арасында күліп-ойнап отырып атап өтсем деген ойым болған. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келдім, мен мүгедек болып қалғанда шулап жылап, менің әрбір жетістігіме бар жүректерімен тілектес болып келе жатқан туыс-жекжаттарым, достарым бар. Бірнеше жылдан бері жұмыстан қолым босамай, елге келе алмай жүргем. Солардың алдына барып есеп беріп қайтармын дегенді де жоспарлап қойғанмын. Бірақ өзім сыйлайтын бір інім облыстың басшыларына шақыру жіберуімнің жөн екенін дәлелдеген соң солай істедім. Арада үш күн өтпей Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Есіркепов Амангелді үйге телефон шалып: «Бүгін жолға шығайын деп отырмын, сіздің тойыңызды Алматыда Ақтөбе өңірі өткізеді, облыстың әкімі тойға қатысады, барлық шаруаны реттеу үшін әкіміміз мені жіберіп отыр», – деді, Ақтөбе облысының әкімі болып жақында отыздан жаңа ғана асқан жігіт сайланғанын естігенім болмаса, көрген адамым емес-ті. Сондықтан шынын айтсам, облыс әкімінің келетініне сене қойған жоқпын. Себебі, Ақтөбе облысының классик жазушылары мен классик ақындары қайтыс болғанда Ақтөбеден әкімшіліктен ешкім келмегенінен түңіліп жүргенбіз. Ақтөбе облысының әкімі Ермек Жетпісбайұлы Имантаев менің туыстарымды қасына ертіп келіп, тойды дүркіретіп өткізіп қайтты. Менің тойыма Ақтөбе облысының басшысыныц қатысуын мен Бүкіл Қазақстанның мүгедек аналарына деген құрмет деп білемін, Ақтөбе өңірінің халқына деген құрмет деп білемін, өзіне деген құрмет деп білемін. Мен өмірімнің қай уақытта да тұздығының ащылығына үйренген жанмын ғой. Тойдан бір жеті бұрын ауырып, той күні ыстығым қырық градусқа таяп, үнім бітіп қалды. Қызым мені киіндіріп, шашымды жөндеп, балам дәрілерімді ішкізіп, қан қысымымды өлшеумен болды. Жағдайым оңып тұрмаса да, сыр білдірмеуге тырысып бақтым, бір ауыз сөз айта алмадым. Мен үшін Ләйлімім сөйледі. Халық қызымның сөзіне өте риза болыпты, соған қуандым.
– СІЗДІ МҮГЕДЕК АНАЛАР ЖОҒАРЫ НАГРАДАНЫҢ ИЕСІ РЕТІНДЕ КӨРГІСІ КЕЛЕДІ ЕКЕН...
– Иә, мүгедек аналар жыл сайын «Сізге неге «Халық қаһарманы» атағы берілмейді», – деп бір көтерілісіп қояды. Солардың сол көңілдері Халық каһарманынан кем тұр деп кім айта алады? Тек Алла тағалам: «Ой, Алла-ай, оған не үшін Халық қаһарманын берді екен?!» – деген сөзге қалдыра көрмесін.Сол мерейтойымда академик апамыз Әлия Бейсенова жазушыларға: «Сіздер кез келген сыйлыққа таласып жүресіңдер. Халық қаһарманын алатын адам ана отырған БИБІ-АНА емес пе? Жаңа осы сахнаға елуден астам мүгедек аналар мен олардың балаларының шығып, қалай сөйлегендерін естідіңдер. Бибі-Анадай адамды шырақ алып іздесең, таба алмайсың. Нұрлан қарағым, Қазақстанның Жазушылар одағын басқарғаныңа алты жыл болды. Барлық жерде әдемі сөйлейсің, әдемі жүресің, бірақ Бибі-Ананы қолдамау деген сіз үшін үлкен сын. Ақтөбеден шыққан батыр қыз оғын атып, өз атағын өзі алып кетті, ал осы заманның батыры емес деп Бибі-Анамызды кім айта алады? Ермек қарағым, жас болсаң да көрегендік көрсетіп келіп отырсың, әрі-беріден кейін бұл той – сіздің тойыңыз, бұл той – ана отырған аналар мен балалардың тойы. Бибі-Ана апаңа Халық қаһарманын сұрасаң ешкім сені кінәламайды», – деп ұзақ сөйледі. Отырған мүгедек аналар Әлия апаға өте риза болып, алғыстарын жеткізе алмай жатыр. Мен Президенттің қолынан бұдан жеті жыл бұрын «Құрмет» орденін алғанмын. Менің халқыма істеп жүрген жұмысым көбеймесе, азайған жоқ. Жалпы, мен тірі адамдардың еңбегін сатқанын қолдамаймын, ал өліп қалған елімізге еңбектері сіңген апаларымыз бен ағаларымыздың еленбей жатқандарына қатты қайғырамын, қайғырғаннан басқа менің қолымнан не келеді... Мемлекетке қарап ауыздарын ашып отыра бермей, әр ауылдан шығып жатқан бизнесмендер халық үшін ешқандай еңбегі сіңбеген аталарына көшенің атын сұрағанша, неге сол елден шығып, халқым деп еңіреп кеткен апалары мен ағаларының басына ескерткіш қоймайды? Heгe солардың еңбектерін жастарға марапаттамайды. Біз бала күнімізде ауылдан шыққан атақты адамдарымыз үшін мақтанып, біреу олардың атына жаман сөз айтса, қырылысып қала жаздайтынбыз.
– ӘУЕЛГІДЕ КОНСЕРВАТОРИЯДА оқыдыңыз ғой.
– Ақыры әкемнің айтқанын тыңдамай, он жеті жасымда консерваторияға түстім, тап сол күні соңымнан бір елі қалмай, махаббатын айтып еңірейтін бір жігіт ақыры мені қолына басқа жолмен түсіргісі келіп, жатақханадағы бөлмеме кіре бергенімде мені итеріп жіберіп,қолындағы пышағын жалаңдатып кіріп келді. Екі сағаттай арпалысқан мен ашық тұрған терезеден секіріп кеттім. Өлімнен намыстың күштілігіне ол кезде ешкімнің шүбәсі болмайтын. Бала тәрбиесі жөнінде мен кіммен болса да ұзақ айтыса алар ем. Мысалы, от басындағы тәрбие мығым болса, еркіндік пен еркелікті баланың бойына сіңіре отырып, адам баласына қажетті қасиеттерден қандай жағдайда да ажырап қалмайтын етіп өсірсең, бала теледидардан өзіне қажетті нәрсені де таңдай алады, қандай оқу қажеттігін де біліп өседі. Үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп қабылдай алады. Менің отбасымда тәрбием дұрыс болмағанда, мен он жеті жасымда намысым үшін өлімге басымды тіге алмас ем. Әлденеше жыл орнымнан тұра алмай жатқанда да, өле-өлгенше асқар таудай әкем менен күдерін үзбеді. Бірде жаныма келіп, шашымнан сипап, әңгімелесіп отырған әкемнің: «Сен әлі ел анасы боласың», – дегені мені қатты таңқалдырды. Жалпы, әкем мені бір ауыз сөзбен жігерлендіре алатын. Өмір сүргім келмей, мүгедектікке мойынсұна алмай күні-түні ойлайтыным өлім болып жататын менің көңіл күйімді байқаған әкем: «Сен өлсең, екеумізді бір күні жерлейді», – деді. Жанымдай жақсы көретін әкемнің мінезі өзіме белгілі, сондықтан да қалайда өмір сүруге бел байладым. Сондықтан да әкенің қызына деген махаббаты өлімді де жеңе алады дегенді мен ұран етіп келемін. Кейде қыздарына жеки сөйлейтін әкелерді көрсем қатты мұқалып қаламын. Қазақ ешуақытта қызын сөкпеген біздің елдің қыздары ерке де еркін болып өседі. Себебі, бір үйде бір қыз болса, бір әулие, екі қыз болса, екі әулие.
– БАЛАЛАРДЫҢ БАҚЫТЫН ҚОРҒАУ, ӘРИНЕ, АСА ИГІЛІКТІ ІC. БІРАҚ ОСЫНЫ КЕЗ КЕЛГЕН ЖҮРЕК ТҮСІНЕ БЕРМЕЙТІНІ ДЕ БАР-АУ.
– Жақсылыққа күмәнмен қарайтын адамдардан мен қатты қорқамын. Мені көшеде тоқтатып, алғыстарын айтатын қазақтарға үйренгенмін. Сондай бір қазақ мені әбден аяғымды жерге тигізбей мақтап алды да: «Жеңгең екеуміз сені теледидардан аузымыздың суы құрып тыңдап отырсақ, біздің ауылдан келген бір құда баламыз, «ой, сендер де бала екенсіңдер ғой, бастықтардың баласын оқытып жүрген адам ғой, әйтпесе ссылай сайратып қоя ма дегені», – деп ағынан жарылсын. Менің төбемнен жай түскендей болды. Алла-ай, он жылда екі жүзден астам баланың арасына түсіппін. Барлығын онжылдықты бітіре сала жоғары оқу орындарына орналастыру үшін қаншама тауқыметті басымнан өткізгенім алдымен Құдайға аяң сосын сол баланың анасы мен маған аян. Онжылдықты мүгедек анасының бар тауқыметін тарта жүріп, өте жақсы бағамен бітіргелі тұрған балаларымыз маған алты ай бұрын емтиханнан өте алмай қалса, ақылы бөлімге жәрдемдесуімді өтініп, арыз жазады. Он жылдың ішінде кімнен арыз алсақ, соның барлығына жәрдем беріп жатырмыз. Мысалы, емтиханнан өте алмай қалған баланың жағдайын айтып, ректорға хат жазып, азғантай төленген ақшамызды қабылдап, бұйрық шығарып беруін өтінемін. Барлығы қабылданғаннан кейін мен үшін ең қиыны – енді әрі қарай ақша табу. Кейбіреуіне өзіміз бөліп-бөліп төлейміз, кейбіріне демеуші тауып береміз. Өкіметке хат жазып, мүмкіндігінше балаларымыздың тегін оқуына мүмкіндік жасауларын өтінемін. Мұның барлығы жазуға ғана оңай. Үлкен күрестің мықты денсаулықты қажет ететіні белгілі. Менің мүгедектігімді көріп тұрып, жаныма тиетін сөздерді естіртіп те, естіртпей де айтып жататын адамдар баршылық. Мысалы, Алматының бір аталмыш оқу орнына Қызылордадан үш қызымызды ауыстырып, 45000 теңгеден ақшаларын төлеп, өзім облыстарға сапарға шығып кеттім. Он шақты күннен кейін келсем, әлгі үш қызым әлі оқуға жіберілмепті. Көздерінің жастары мөлдіреп: «Осы БИБІ-АНА деген бәле қайдан шықты, надоела, уақытым жоқ» деп, таңертеңнен кешке шейін жүрсек те қабылдамайды студенттер бөлімінің басшысы», – депті. Өзім талай тауқыметті көріп, әбден қажып, ауырып келгенмін. Мен де ол сылқым келіншекті аямадым, ректордың алдына кіріп, алдымен ондай адамның студенттермен жұмыс істеуге қақы жоқ екенін дәлелдеп бақтым. Жұмысынан ол келіншек босатылды, бірақ сол келіншек арқылы талай дұшпанды арттырдым, қайтейін... Тағы бір мысал, Қызылорданың Бақытжан деген баласы мектепті үздік бітіріп КИМЭП-ке келіп түседі, бірақ ақшасы болмағаннан кейін әрі қарай оқи алмау қаупі туады. Мугедек анасы: «Пәтерімді сатайын десем өтпейді, сіз туралы енді естіп отырмын», – деп жылады. «Өзінің отбасының жағдайын біліп тұрып, КИМЭП оның не теңі?!» дегенді де естісем де, мен де үш күн жанталасып, талай адамның алдына бардым. Бақытжаннан кейін де баласы бар ананың ауруы өте қиын екенін білдім, Бақытжанның жағдайын айтып, сол кездегі «Қазақойлдың» бастығы Нұрлан Балғымбаев мырзаға телефон соқтым. Мені мұқият тыңдап қана қоймай, Нұрлан мырза мені біраз мақтап алды, сосын : «Қанша балаға жәрдем көрек?» – дегенде, мен сасқалақтап: «Менде бала жеткілікті», – дедім. Алты балаңызды оқытып берейін құжаттарын жіберіңіз», – деді. Қуаныштан тілім байланып қала жаздады. Мен сол күні Қызылорданың алты баласының құжаттарын жібердім. Олардың үшеуі биыл бітіріп шықты. Үшеуі келесі жылы бітіреді. Олардың ақшасын енді Қиынов Ләззат мырза мойнына алды. «БИБІ-АНА» қоғамының алғашқы жарғысында біз мүгедек аналардың балаларының білімі мен денсаулығы, мүгедек аналардың от бастарында отырып жұмыспен қамтамасыз етілуін ең басты міндет етіп қабылдағанбыз. «БИБІ-АНА» қоғамының облыстардағы төрайымдарының алдына қойылған талап та ең алдымен мектептің табалдырығын енді ғана аттайтын мүгедек ананың баласын мектепке дайындау. Әр баланың мектептегі жетістіктері мен денсаулықтарын бақылау, мейрам сайын әр баланың сыйлықсыз қалмауы. Әрбір мүгедек ана өзінің тауқыметімен жалғыз өзі қалмауын қадағалау. Жыл сайын президенттің шыршасына әр облыстан «БИБІ-АНА» қоғамына бір орын берілетініне Тоқаев Қасымжомарт премьер болып отырғанда шешім шығарып берген-ді. Енді Премьер өзгергеннен кейін облыстың білім департаментінің басшылары: «Тасмағамбетовтен ондай шешім болған жоқ», – деп, біздің бірнеше ай бұрын дайындаған балаларымызды сергелдеңге салып, мен: «Тасмағамбетов біздің қоғамды біледі», – десем де болмаған соң, амалсыз Тасмағамбетов мырзаға факс жібердім. Сол күні-ақ Премьердің барлық облыстардан «БИБІ-АНА» қоғамына бір орын бөлінуіне қол қойғанын білдім. Бірақ, Премьердің өзіне де бағынбайтын әкімдер мен әр түрлі саланы басқарып отырған адамдар баршылық. Мысалы, Алматы облысының Қапшағай қаласынан дайындаған қызымыз Ли Мария, Атырау облысынан дайындаған Оралбай Салтанат, Қостанай облысынан дайындаған Сабина Жундукуловалар үшін күні бойы телефонда отырсам да, олар Президенттің шыршасына бара алмай қалды. Алматы облысының білім департаментінің қызметкері Райхан Қойшығалиева деген келіншек: «Премьер түгілі Президенттің өзі звондаса да енді орын жоқ», – деді. Білім департаментінің бастығы Есенов мырзаға факс жіберіп ем, тіпті басым бәлеге қалды, әлгі Райхан Қойшығалиева деген келіншектен Президенттің шыршасына жағдайлары төмен отбасыларының балаларына он пайыз орын берілгенін біліп алғанмын. Барлық білім департаментінің басшылары «үш пайыз ғана берілді, тағы да балаларыңыз олимпиаданың жеңімпаздары емес» деп саудаласып бақты. Анасы баласына қарап, баласы анасына қарап жылаумен күн кешіп келе жатқан мүгедек ананың отбасындағы бала үздік оқып жатса, ол аз ба? Мен он жылда бірде-бір туысымның баласын саудалап көрген емеспін. Құдайға шүкір, менде де туыс жетеді. Бірақ, менің туыстарым менің нені қолдап, нені қолдамайтынымды өте жақсы біледі. Президентті көріп, Президенттің сый-сияпатына қойны-қонышын толтырып қайтқандағы балалардың қуаныштарын көрудің өзінің қандай бақыт екенін мен тіліммен жеткізіп айта алмаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір баланың телефоннан егіліп жылағанынан таң атқанша көзімді ілмей, ол кезде министрлер жанымызда, таң атпай Тасмағамбетов Иманғалиға бардым. Менің айқайымды жақтырмаған Иманғали Нұрғалиұлы: «Апа, мұныңыз қалай, өкіметтің үйіне келіп, таң атпай айқай шығарғаныңыз?» – деді. Мен «Өкімет дейді ғой, бала жылап жатқанда», – деп, өзім де еңіреп жібердім. Мен негізі көз жасымды ешкімге көрсетпейтін адаммын, түнімен ұйықтамай, жүйке тамырым жұқарып барғандықтан өзімді-өзім ұстай алмай қалдым. Қай істі де табан астында қолына алатын Иманғали Нұрғалиұлы жарты сағаттың ішінде әлгі баланың мәселесін шешіп берді. Адамдар еріккеннен Президентке, Премьерге шағынбайды. «Хат дегенді кім жазбай жатыр, бәрібір бізге қайтып келеді», – деп шалқаяды жергілікті шенеуніктер. Ал өздері Президентке, Премьерге өтірік ақпар береді. Мен кішкентай ғана тірлік үшін айлап, жылдап жүретін, тіпті есіктің алдындағы қарауылдардан әрі қарай өте алмайтын, әбден шаршаған адамдардың жай-күйлерін көрген сайын қаным қайнайды. Бірде маған бір әйел Үкімет үйінің бөліміненмін деп телефон шалып: «Сіз не болса соны Премьерге неге жаза бересіз, бәрібір ол кісі сіздің хаттарыңызды оқымайды», – деді. «Премьер мен Президентке сендер қандай адамдардың хаттарын жеткізетіндеріңді білеміз, хат жетпесе, мен өзім жетермін менің де ол кісіге айтарым мол», – деп түтқаны тастай салдым. Ал, Білім және ғылым министрлігінің жанындағы жалпы орта білім департаментінің директоры Ж.Қараев мырзадан: «Президенттің шыршасына барлық облыстардан «БИБІ-АНА» қоғамынан балалар баратынын сізге хабарлап отырмыз», – деген хат келді. Сонда Ж.Қараев кімді алдап отыр?! Өзін бе, мені ме, Премьерді ме?! Президенттің шыршасына қатыса алмай жылап қалған Мария, Салтанат, Сабиналар мен туралы не ойлайды? Олар өспей ме, біз қартаймаймыз ба?! Мен ол балалар үшін енді қандай жағдай жасасам да, баланың жүрегінде қалған мұңды қалайша сызып тастай аламыз?!
– ӨЗІҢІЗ БАСҚАРАТЫН ҚОҒАМДЫ АШУҒА ҚАНДАЙ СЕБЕП ТҮРТКІ БОЛЫП ЕДІ?
– Жалпы, өкімет пен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жұмыс істегендері өте дұрыс болар еді. «БИБІ-АНА» да осы оймен құрылған қоғам, Алғаш рет «Тауқымет» романы қысқартылған күйінде шыққан-ды. Мүгедек аналардан көптеген хат ала бастадым. Бір күні Мәскеуде оқып жатқан қызыма ақша салу үшін почтаға бардым. Почтаның алды ығы-жығы халық. Қоларбада отырған мүгедек әйелдің жанында тұрған кішкене қыздың жылап тұрғанын көріп, қасына жақындай бергенімде мүгедек ана: «Үш күннен бері нанға да ақшамыз жоқ, бүгін тағы да пенсиямызды бермейтін болды», – жылап қоя берді. Мен ақша беріп ем, анасы қызын бірден нан су әкелуге жұмсады. Соған қарағанда осы жерден пенсияларын алмай кетпейтіндерін байқап, әзер дегенде почтаның бастығына кіріп, екі айдың пенсиясын алып бердім. Почтаның бастығы қазақ келіншегі менің бақытыма «Тауқыметті» оқыған адам болып шықты. Сол күні түнімен отырып мүгедек аналарға арнап ашылатын қоғамның жарғысының қаңқасын жасадым. Мүгедек аналардың балаларының жоғары білім алуын ең басты мақсатымыз деп үғындым. Ол кезде ұлым Аспаным дәрігерлік институттың екінші курсында оқып жүрген-ді. Төрт жыл оқуға түсе алмай, әскерлік міндетін өтеп келіп, дайындық курсы арқылы төрт жылдан кейін барып институттың табалдырығын аттаған-ды. Жігері құм болып келген сайын мен араласқым келсе де, балам оныма көнбейтін. Сондықтан мен кейде оқудың ақылы болғанына қуанамын.
– ҚОҒАМНЫҢ ИГІ НИЕТІНЕ ЕКІНІҢ БІРІ ҚҰЛШЫНА КӨМЕКТЕСЕ КЕТПЕЙТІНІ ДЕ РАС-АУ.
– Біз әуелі Алматы қаласының тіркеуінен «Тауқымет» деген атпен өткенбіз. Мені мүгедек аналар да олардың балалары да алғашқы айларда-ақ БИБІ-АНА деп атап кетті. Келесі жылы республикалық қоғам құрыларда мүгедек аналардың өтініші бойынша «БИБІ-АНА» деп өзгерттік. Меніңше, АНА деген теңдесі жоқ қасиетті сөзді кез келген жерге пайдалана салуға болмайды. Мен АНА-ның атынан құрылған бірнеше қоғамды білемін, халыққа АНА бола алатыныңды, бола алмайтыныңды білмей тұрып, АНА-ның атынан қоғам құру, – өте жауапты іс. Құрылуынан құлдырауы тезірек қоғамдардың Ана деген сөздің алдында ғұмыр бойы борышты болып қалатындарын бір сәт ойланғандары жөн болар еді. Құрылғанына жарты жыл болмаған сондай бір қоғамның төрайымын Президенттің қабылдауына апарған жарылқаушылар сол келіншектің қызметінің немен аяқталғанынан хабарлары болса да, көздерін жұмып жүре береді. Бір жалған ақпарат үшін жауап беретіндей заң қабылданса ғой, шіркін. Масылдықты, меніңше, әйелдерден гөрі ер адамдардың арасында жиі кездестіреміз. Бұрын жап-жас әйелдер кенеттен мүгедек болып қалғанда, мүгедектікті мойындағылары келмей, жұмыстарынан айырылуды өліммен тең санайтын. Ал, қазір нағыз мүгедек адамдардың өздерінің топтарын өзгертіп, жарғымсыз пенсияларын бұрынғыдан да азайтып тастап жатады. Екі аяғы жоқ адамдарды жыл сайын комиссиядан өткізіп, әлек ететіндерімен мен он жыл бойына күресіп келемін. Бір айдан кейін біздің қоғамға мүше болған аналардың отбастарымен танысуға барғанымда, олардың жұмыс істегілері келетінін байқадым. Бұрын ине ұстап көрмеген әйелдерге іс тігуді үйреттік. Үйлерінде отырып жұмыс істеу үшін тігін машиналарымен қамтамасыз еттік. Бір Алматының өзінде жетпістен астам адам жұмыс күтіп отыр. Мемлекеттік тапсырыстың мәселесімен айналысып жүрмін. Шығыс Қазақстан облысына 10 тігін машинасын апарып, осыдан екі жыл бұрын мүгедек аналарға арнап, тігін цехын ашып бердім. Бүгінде отыздан астам адам 20 000 теңгеден астам айлық алып, жұмыстарын жыл сайын жандандырып келеді. Мемлекеттік тапсырыспен бар тауқыметті тарта жүріп айналысқанымызға үш жыл болды, Бүгінде жауапқа тартылып жатқан «Қазақстан темір жолының» бұрынғы бас директоры Абылай Мырзахметов мырзаға 2001 жылдың басынан бастап әлденеше рет мүгедек аналардың поезға қажетті заттарды тіге алатынын айтып хат жазғанбыз. Бірақ А.Мырзахметов басқа қоғамдармен шартқа отырып қойғанын дәлелдеуден бір танбады. «Қазақстан темір жолының» бүгіндегі басшысы Ерлан Атамқұловтан бүйрық алған «Жолаушылар тасымалы» ашық акционерлік қоғамының президенті Исатаев Марат деген мырза «БИБІ-АНА» қоғамның облыстық төрайымдарының жиналысында: «Кім болса сол премьердің атын сататын болды», – деп, премьердің хаттың соңындағы атын көрісімен дікеңдей жөнелді. «Менің: «Бұл хатқа қол қойғанда И.Тасмағамбетов мырза премьер емес еді, сосын сіздің бастығыңыздың алдында басыңызды шұлғып уәде бергеніңізге алты айдың жүзі болды, мен бүгін сізді мына облыстағы төрайымдарымыздың басқосуына әдейі шақырып отырмын. Барлық облыстардағы мүгедек аналар менің үш жыл бойына «Қазақстан темір жолының» сіз сияқты бастықтарымен арпалысып жүргенімді қайдан білсін, олардың білетіндері мен ғана», – дегеніме бұлқан-талқан болған М.Исатаев: «Енді бір сөз айтсаңыз, қазір тұрамын да кетемін», – деп, ақыры еш мәмілеге келместен қайқиып кете барды. Мені кабинетінде қабылдаған «Қазақстан теміржолының» президенті Ерлан Атамқұлов мырза «Біз БИБІ-АНА, сіздің еңбегіңізді жақсы бағалаймыз, бүгін ғана өзім тағайындаған Марат Исатаев деген жігіт қазір сізді күтіп алады, өзіне тапсырма беремін», – деген-ді. Мен алғаш көргенде арық қана, елпеңдеп қалған жігіт еді, енді бас-аяғы алты айдың ішінде тұла бойына қоң жинап, шетелдік костюм киіп, қолына жалтыраған портфель ұстап, ыңырана қалыпты. «Қазақстан темір жолының» былықтары туралы баспа беттерінен оқыған сайын «Абылай Мырзахметовты соттаумен іс бітпейді-ау» деген ой келеді. Тендер деген құдырет туралы айтсам, онда тағы бір мақаланы бөлек жазуға тура келеді...
– “ТАУҚЫМЕТ” РОМАНЫҢЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ АЙТСАҢЫЗ.
– “Тауқымет” романы да көп тауқымет көрді. Шымкентте қысқа ғұмырында талай өнер адамдарына демеуші болып үлгерген жайсаң досым, Мәжіліс депутаты болған, қайтыс боларының алдында Сарыағаш ауданының әкімі болған Жақсылық Арзымбетов “Тауқыметімнің” шығуына себепші болғысы келіп, “Жазушы” баспасына ақша аударды. Баспамен жасалынған шарт бойынша “Тауқымет” романы екі томдық болып, сегіз айдың ішінде шығуы қажет болатын. Бірақ, ақыр аяғында ақшамды қайтаруды, не болмаса кітабымды шығаруымды талап еткенім үшін басшылар менің соңыма шырақ алып түсті. Екі жыл сергелдеңге түстім, талай ақсақалдар маған: “Ойбүй, жаным- ай, ол кеткен ақша ғой, босқа шаршап жүрсің”, – дейтін. Ақыр аятында коммерция бөлімін басқаратын бір сылқым келіншек темекісін бұрқыратып отырып, маған: “Я Абая не читаю, вас тем более не буду читать”, – деді. Көзімнің жасы тамағыма тытылып, төменге түсе бергенімде, алдымнан шыққан бір жазушының бөлмесіне барып: “Абайды оқымайтын адам жазушыларды қорлағысы келеді, не бітіріп отырсыңдар?", – дедім. Сөйтсем ол: “Абайды оқымайтын мықтының мәдениетке еңбегі сіңген қызметкер деген атқа ие болайын деп жатыр”, – дегені. Үндеместен шыға жөнелдім де, Мәдениет министріне бардым. Жап-жас мәдениет министрі Алтынбек Сәрсембаев мені жақсы қарсы алды.Бар жағдайды айтып ем, ол кісі көмекшісін шақырып: “Әлгі атаққа ұсынылып жатқандардың тізімін әкелші", – деді. Шынында, әлгі мықты келіншектің фамилиясы шыға келді. Менің көзімше өз қолымен сызып тастағанын көрген соң: “Енді маған ренжімеңіздер, мен енді “Жазушы” баспасымен соттасамын”, – дедім. “Жазушы" баспасымен жасалынған шартты сол кездегі бас прокурор Жармахан Тұяқбаев пен Жоғарғы Соттың төрағасы Сұлтан Нәрікбаев мырзаларға апарып көрсетіп ем, олар: “Мына шарт бойынша сіз кем дегенде 11 миллион ұтып аласыз, себебі шартта сегіз айдан кейін кітап шықпаса, күн сайын пайызы өсіп тұратындығы көрсетілген", – деді. Бір жарым жыл сот болып, ақыры 11 миллион теңге ұтып алдым. Арада үш күн өтпей Жақсылық досым жанында бір топ мықтылары бар, менің алдыма келіп: “Би апа, мына жігіттер бүкіл баспаны сатса 2 миллионнан аспайды деп жылап отыр, сол баспаның баспалдағынан Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден, Ғабит сияқты алыптар аттаған. Жеңіс өзіңдікі, сондықтан бейбіт аяқтайық осы істі”, – деді әдеттегідей жомарттығына басып. Олардың моральдық шығынға 1,5 миллион беретіндерін,сосын екі айда кітабымды шығарып беретіндерін айтты. Жақсылықтың сөзін жерге тастай алмайтыным өзіме аян, сондықтан “Мен Пекинге халықаралық форумға жүрейін деп отырмын Жақа, мен сенің сөзіңді жерге тастамайтыныма сеніп келген боларсың, жарайды, менің де сіздерден өтінішім бар. Талай адамның обалына қалып отырған жеті адамның жұмыстан шығарылатынына берілген бұйрықты көрсем, онда шарттарыңды қабыл аламын”, – деп ең алдымен директорды,сосын әлгі Абайды оқымайтын мықтының фамилиясын жаздым. Келгендер менің талабымды бірауыздан қабылдады. Бір күні базарға барсам, әлгі Ұлы Абайды оқымайтын “мықтым” ұсақ-түйек сатып тұр екен, мені көріп сырт айналып кетті, Міне, осы заманда біреуге жасаған жамандығың да, жақсылығың да о дүниеге кетпейтініне менің көзім тағы бір рет жетті. Сотта “Жазушы” баспасының қызметкерлері “Тауқымет” романын әбден жамандап, түкке алғысыз етіп тастағысы келді. “Тауқымет” романы жылдың ең көп оқылған кітабы болып саналып, диплом алдым. Мүгедек аналарға рухани көмегі өте көп болды, осы күнге шейін хат аламын. Бірде марқұм Сапар Байжан-ата телефон шалып маған: «Айналайын, кітабыңды әйелдер қалай оқитынын қайдам, мен жылап отырып оқыдым», – деді. Енді «Тауқымет» романы қайтадан толықтырылып жазылып жатыр. Басымда әлдеқашан қайнап, піскен дүниямды қағазға түсіріп, бітіре алмай жатырмын. Уақытты қанша үнемдесем де, қолым тимейді. Таңертеңнен кешке шейін менің телефоныма тыныштық жоқ. Бұрын мен бір басымдағы тауқыметті жазсам, енді қоғамның, елдің, халықтың тауқыметін қосып жатырмын. Мұңсыз жазушы болу мүмкін емес. Мен қатты налыған сайын өзімді: “Сен жазушысың, сондықтан да осы бейнетті көруге тиістісің”, – деп жұбатамын. Жалпы, біреуге шағынып жылау менің қолымнан келмейді. Маған бастықтар: “БИБІ-АНА, неге барлық тірлікке өзіңіз жүресіз?" – дейді. Өзім жүретін себебім, менің өзімді қақпақылдайтын шенеуніктер мен бюрократтар менің қол астымда істейтін адамды айлап жүргізіп қоятындары өзіме белгілі.
– СІЗДІҢ ҚОҒАМҒА БӨЛІНГЕН ЖЕР ТӨҢІРЕГІНДЕ ШУЛЫ ӘҢГІМЕ БОЛЫП ЕДІ.
– Иә, “БИБІ-АНА” қоғамына 1999 жылы Алматы қаласының өкімі В.В.Храпуновтың шешімімен “Мамыр-1” шағын ауданынан болашақта мүгедек аналарға арналған барлық саланы қамтитын Орталық салынуы үшін 2 гектар жер бөлінген-ді. Жобасы жасалынып жатыр. Мен облыстарға шығып кетіп, бір айдан кейін қайтып келсем, маған бір қызметкерім: “БИБІ-АНА, біздің жерді біреулерге берген бе?” – деді. “Барлық құжат менің қолымда, бізге ол жер бес жылға берілген, әлі екі жылдан астам уақытымыз бар, егер оған шейін қаржы мәселесі шешілмей жатса, тағы да ұзартатын болармыз”, – дедім. Арада екі-үш күн өткеннен кейін теледидардан Елбасымыздың: “Алматының сатылмаған жері қалмаған”, – дегенін естіп, жүрегім бір бәлені сезгендей болды. Үш-төрт күн сандалып жүріп, ақыры үй салып жатқан “Алматыунипор” ЖШС-нің бастығы Сәлібаев Ноян Тұрысбекұлымен кездестім. Ол салған жерден: “Мы ничего не знаем, мы выкупили гектар земли", – деп кергіді. Құжаттарын көрсетпеді. Мен қаланың әкіміне барып ем, ол басын қос қолдап ұстап: “Не может быть, я ничего не подписывал”, – деп азар да безер болды. Жаныма өзінің орынбасарларын қосып берді. Телевидениеге телефон шалдым. Оңтүстік Астана каналы да жетті, біз де жеттік. Бұл 2002 жылдың 19 маусымы болатын. Сол күні ешқандай рұқсатсыз біздің жерімізді тас-талқан етіп жатқан адамдардың жұмысы тоқтатылды. Теледидардан Сәлібаев мырза: "Біз сорлап қалдық қой, бес пәтерді салып, кредит алғанбыз, енді не істейміз?” – деп кемсеңдеді. Оларды жаныма ертіп алып, Алматы қалалық жер ресурстары комитетінің бастығы Абай Есполов мырзаға бардым. Ол мырза біз кірген жерден “Ребята, я же вас предупреждал, что с Биби-Аной шутки плохи”, – дегені. Сапаров мырза: – “Біз солдатпыз, әкім не айтса соны істейміз”, – деді. Содан бері сегіз ай өтіпті. Сәлібаев мырза бүлінген жерімізді жөндеп беруден бас тартты. Әкімшілік: “Ертең кетеді, бүгін кетеді-мен" мені әбден шаршатты. Кезінде Храпунов мырза: “БИБІ-АНА” деген үлкен белгіні өзі қойдыртқан болатын. Храпунов мырзаның оң қолы Заяц мырзаға: “сен өзің қоян болып отырып, халықты зар жылатып отырсың, қасқыр болсаң қайтер ең. Не үшін сен біздің жерімізді біреуге сатасың?!” – дедім. Міңгірлегеннен басқа ештеңе айта алмады. Біздің қазақтың жігіттеріне қайран қаламың,бәрі көзі ашық азаматтар, біреумен жең ұшынан жармасып, пайдасы үшін өліктің үстінен де аттап кете береді. Мен Сәлібаев Ноян мырзаға айттым: “Талай адамды ақшаңа сүйеніп, талай еңіреткен болуың керек, сондықтан да сені құдай маған кезіктіріп отыр, енді сені миллиард теңге де бұл жағдайдан құтқара алмайды”, – дедім.
– ДОСЫҢЫЗ КӨП ПЕ?
– Дос дейсіз бе? Дос деген ұғымға адамның көзқарасы жасы ұлғайған сайын өзгере бастайды. Өзім өмір бойы өзімнен жасы он-он бес жас үлкен адамдармен араласқанды ұнаттым. Қатты қамығып, кітабым шықпай өмірден безіп жүрген уақытымда осы заманның классигі Әбдіжәміл Нүрпейісовке: “Мүмкін мен дарынсыз шығармын, сізден үкім күтемін", – деп хат жаздым да, бір-екі дүниемді жібердім. Арада бір жеті өтпей Әбдіжәміл аға хабарласып: “Жазуды тастасаң, өзіңе үлкен қиянат етесің, бала”, – деді. Талайдан бері түнектен шыға алмай жүрген көңілім өлеңдетіп қоя берді... Арада бір ай өтпей алғашқы дүнием жарық көрді. Бірақ, баспамен соттасып жүргенімді Әбекеңе кепке шейін айтпадым. Әбекең менің арқа сүйер асқар тауым, оқымысты Ажар жеңешем деген қандай парасатты, сабырлы, ақылды жан. Жеңешемнің қазы-қарта, салған сүр етің әлдымызға әкеле бергенде Әбекең әзілдеп: «әй, бала, сен осы жиірек келсеңші, сенен басқа ешкімге жеңгең мұндай қызмет етпейді», – дейді. Отбасымдағы қуанышты ең бірінші Әбекең мен жеңешеме жеткіземін, әр уақыт тілекші болып жүрмін. Әбекеңнің алдында өзімді әлі мектептегі оқушыдай сезінемін, әрбір сөзін қалт жібермей тыңдауға тырысамын. Әрбір сөзінен өзімше түйін жасаймын.
Бала күнімізде дос үшін жанымызды беретіндей ек, бірақ адам баласы егер өмір бойы балалықпен қоштаспаса, достан да айрылмас еді...
“БИБІ-АНА” қоғамы менің өмірге деген көзқарасымды күрт өзгертті. Сондықтан, осы қоғамның тыныс-тіршілігін түсініп, қол ұшын берген адамның бәрі маған дос. Қостанайда мүгедек аналардың құрылтайынан кейін әдеттегідей өнер адамдарының қатысуымен үлкен концерт болып жатқан. Бір бозбаланы бір қыз жетектеп сахнаға алып шықты. Баланың көзі көрмейтінің сонда да мектепте жақсы оқитынын, Моңғолиядан келген қазақтың баласы екенін, аты Мешіт екенін жанымда отырған адамдар айтып жатыр. Мешіт “БИБІ-АНА" деген өлеңін тамаша оқып шықты. Мен оны жаныма шақырдым. Ауруының диагнозын біліп алдым да, жанындағы қарындасына қонақ үйге хабарласуын өтіндім. Алматыға республикалық көз аурулар институтының бас директоры, профессор Жанар Ғабиден қызы Мұстафинаға телефон соғып, бар жағдайды айттым. Ол ойланбастақ “Бәрі түсінікті, алып кел жақында Америкадан жақсы техникалар алдық”, – деп менің төбемді көкке жеткізіп тастады. Сол бапаның Жанар Ғабиденқызының араласуымен жасалынған операциясы жақсы өтіп, көзі көріп кетті. Қазір Қостанайдың университетінде оқиды. Жақында тағы да келіп, емделіп қайтуын өтініп отырмыз. Жанар – ұлы жазушының қызы, он жыл араласып жүріп, мен Жанардың адамгершіліктің бірде-бір тармағын бұзбайтынына көзім жетті. Осындай адаммен кездестірген Алла-тағалаға мың алғыс айтамын.
– ЖОСПАРЫҢЫЗ...
– Жоспарым көп. Менің алпыс жылдығыма қызым опера театрында “Томиристі” қойғысы келген үлгере алмады, есесіне “Ер Тарғынды" қойды. Мен “Тауқыметті” аяқтаймын ғой деп ем, аяқтай алмадым. “БИБІ-АНА” қоғамының он жылдығына дайындық басталды. Барлық облыста оқып жатқан оқуларын бітірген балаларымызды тойға шақырып, документалдық кино түсіртпекшіміз. Қоларбада отырған, орнынан тұра алмай жатқан аналарымызды да сол күні тойға алып келмекшіміз.
10 шілде, 2003 ж.
«Ақтөбе»