Жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты романындағы оқиға Алматыға оқуға түсуге келген қыз баланың өзінің арын қорғау үшін жатақхананың бас айналатын жоғарғы қабатынан секіріп кетуімен басталып, шиыршық ата жөнеледі. Қыз есімі – Маржан. Ол екі аяғынан айырылса да өлмей тірі қалды. Сол үшін де тағдырына күні-түні налып жылайды. Өзінің мүгедек, жарымжан болып қалғаны үшін емес, екі бірдей арманының күйрегеніне шыдай алмай қапаланады. Оның біріншісі – «атақты киноактриса,өнер адамы болсам» деген арманымен мәңгілік қош айтысқаны. Екіншісі, өзінің сүйген жары Қанатқа енді кайтып мына күйімен көріне алмайтыны. Қанат екеуі бір ауылда өсті, бір мектепте оқыды. Алдағы күндері де екеуінің жұптары жазылмастай көрінетін.
Расыңда, екеуін өлім айырмаса, басқа ештеңе айырмастай еді ғой. Ол өлмей қалды. Ешкімнің алдында қарабет болмаса да, ар бүтіндігін көлденең тарту мүлде қисынсыз екен. Сонда да Маржан өзін бір көруге зар болған Қанатты ұзақ уақыт қабылдамай қояды. Қанаттың оған деген махаббаты бұрынғысынан да еселеп арта түскен. Ар бүтіндігін жанының садағасы еткен адамнан артық қаңдай жар табылуы мүмкін оған? Маржаңды арқалап жүріп өтуге бар ғой ол бұл жарық дүниеден. Бірақ, Маржан өзі ерекше жақсы көретін асылына масыл болғысы келмейді. Ол жасынан жан сұлулығын сақтай жүре, такәппар да асқақ арманмен өскен. Ол біреуді жазықсыз жылатпақ түгіл қабағына кірбің түсіруден қорқатын. Қалайша ол он екі мүшесі сау, өзі көркем, бар салада алғыр жігітке өзінің қаукарсыз мүгедек тағдырын арта алады? Жоқ, гүлдей нәзік болса да тастай қатты Маржанның бұл арада да шешімі – өзгеріссіз.Ол төңірегіндегі дос-құрбыларының да үгіттегеніне көнбей, оларға: «Қанатқа мен ешуақытта да күйеуге шықпаймын. Өмір бойы оның бақытсыз бейнесіне қарап, жанымды қинап өмір сүре алмаймын, ал оның өзіне тек қана бақытты өмір тілеймін». (91-бет) деп үзілді-кесілді жауап қайтарады.
Осыған шейін бұлғақтап ерке өскен Маржан енді бір мезгіл өзін қоршаған дүниені ойлы көзбен парасаттауға кіріседі.
Маржан енді Алматыда қала алмайтын болғасын Шымкенттің музыкалық училищесіне барып түседі. Мұңда да оның тартпаған азабы, шекпеген бейнеті жоқ. Бірақ, ол басына түскен бар ауыртпалықты күле жүріп көтереді. Гипске салынған екі аяқ жүруге бірде келсе, бірде келмейді. Қазақта «әйел – қырық шырақты» деген ұлағатты сөз бар, онық ғайыбынан сол шырағының бірі тұтанды ма екен, осы училищеге келген күннен соңына түскен Дауыл атты бір жігіт пайда болады. Дауылға сүймесе де тұрмысқа шыққан және сонысына титтей өкінбеген Маржан екінші рет өмірдің қатал сынынан сүрінбей өтеді. Өз ойында оның жасаған үлкен ерлігі – Қанатқа масыл болмағаны. Еңді оның бойында әзірге пеңдешілік қана қасиет қалған сықылды. Сол пендешілігін ол ана болу мақсатына жұмсамақ еді, ол тілегі де орыңдалды. Бұдан соң оған Дауылдың бар-жоғы бірдей. Оның үстіне енесі Бибізада жайсыз, қазымыр адам болып шықты. Маржан одан бір қыз көрген соң өз жөнімен бөлек кетіп еді, тағдыр оны тағы да Сарыағаш курортында өзін емдеген дәрігер, Дастан деген азаматпен жолықтырды. Едәуір жас айырмашылығы бар осы адам басыңда өте сыпайы, қамқор жан болып көрінгенімен кешікпей өте қызғаншақ, мінезсіз, әрі ептеп ішетін адам болып шыға келеді. Жазушы осы бір сәттерді әйелдік көзқараспен өте нәзік әрі соншалық түсінікті етіп береді.
Осы романды оқып отырсаңыз ойға оралатын бір тағылым – адамды адамдықтан шығаратын тән мүгедектігі емес, ол біраздан соң байқалмай да кетеді. Ең үлкен мүгедектік – жан сырқаты, бойкүйездік, қызғаншақтық пен пасық ойлылық. Маржанды қинайтыны – көп жұрттың өзі құсап ашық-жарқын жүре алмайтыны. Немесе ішін сәндеудің орнына сыртын түзеп, соқыр сезіммен ілгері тарта беретіндері. Маржан өмір бойы – жақсылық көрсін, жаманшылық көрсін, дүниеге ылғи сана, парасат көзімен қараумен болады. Ешқашан ол өмірін тіршіліктің алыс-беріс зандылығына құрып көрген емес. Оның өзін қоршаған қауымға қоятын жалғыз талабы – адамгершілік. Бірақ, ол осыған келгенде-ақ үнемі таяқ жейді. Не алданып, не арбалып қалады. Осы жайында Маржан құрбысына мұңын шаққанда: «Мен қазір кімге сенерімді білмеймін. Кімнің дос, кімнің қас екенін ажыратудан калдым. Біреуді біреу жамандап жүреді, ал кездесе қалса екеуінен жақын адам жоқ. Бірінің үйінен бірі дән татып жүріп, жамандық ойлайды. Кісінің адамгершілігіне емес, бүгінде қызметіне, лауазымына қарап сыйлап-құрметтейтінін қайтерсің. Бұл не өмір?» (278-бет).
Романның соңыңда Маржан мен Қанаттың оқыстан кездесулері де өте әсерлі шыққан. Маржанның үйінде көп адам, өзінің дос-жараны қонақ боп бас қосып отыр. Бүгін осында Қанаттың келетінін Маржан білмесе, Қанатта қайда шақырылғанынан хабарсыз. Достары әдейі солай ұйымдастырған. Міне, ойда жоқта есік қағып Қанат кіріп келе жатыр. «Маржан сәл таңданып кейін шегінді. Аппақ қудай, бес-алты тал шашы үрпиген, екі иығы қусырылған, көзінін қарасынан ағы көбірек, бетінің нұры қашқан, жұпыны киімді Қанатты таныса да, біраз үнсіз қалды... Кездескен жерде талып құлап қалармын деген Маржанның бойына бір жігер пайда болды, құшақтай алып жылармын деуші еді, өзінен-өзі күлім қақты» (509-бет). Оның бірі болмаса да, көздеріңдегі бір-біріне деген сүйіспеншіліктің өшпеген табы әлі де байқалып тұр еді. Қанат оған кетерінде ескерткіш ретінде бұдан он шақты жыл бұрын, ертеректе түскен бір суретін қалдырып кетеді.
Осында алғашқына тәуір жастар санатында жүріп, артынан өз өмірлерін өздері ұсақтап алған бір кыз бен бір жігіт бейнелері бар. Олар – Маржанның құрбы-достары Айнамкөз бен Айдар. Айнамкөз жаны жайсаң, ойнақы мінезді бойжеткен еді, оған кесір болған – іштарлығы, қасыңдағы кұрбысының өзінен азғантай артықшылығын көре алмайтыны. Маржанның бақытсыздыққа ұшырайтынын ол сол күні білген де сияқты. Кейін өзіне жылап отырып жұмбақтап айтады. Бірақ, өз өмірі өте-мөте аянышпен бітеді. Сол сияқты Айдар да жасынан дүниеге бой алдырып, өзінің бар жақсы қасиеттерінен айырылып қалады.
«Тауқыметте» автор адамгершілік мәселесін көтерумен бірге, оның адамның басына түсетін ауыртпашылықты жеңіп шығуға ділгер болатынын ұқтырады. Адамгершілік – махаббаттың да анасы. Махаббат туралы аз жазылған жоқ. Ол екі жастың қосылып, отасып жақсы тұрып кетуімен ғана шектеле ме екен? Махаббатты аялай білудін өзі – оны жүзеге асырумен тең түседі. Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты туындысы осындай шынайы тұжырымды айқындай түсуімен де кұнды.
«Жазушы» баспасы
1995 жыл
Рамазан ТОҚТАРОВ.