Құрметті халық қалаулылары!
Қазақстандағы барлық жетімдер үйінің жабылатыны туралы хабарды естіп, жүрегіміз жарыла қуанып жатырмыз.
Сіздерге айтар алғысымыз ұшан-теңіз, әр жетім баланың қуанышы сіздердің отбасыларыңызға да ұшан-теңіз қуаныш әкелсін...
2002 жылдың 3 наурызы күні, мүгедек аналардың бесінші құрылтайында балаларымыздың шетелге сатылып жатқанына қарсылық білдіріп, халық қалаулыларына арнап қабылдаған Үндеуіміз баспа беттерінде жарық көрген болатын.
Мүгедек Аналар Үндеуінде «Жетімдерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайтын кең байтақ, кең пейілді Қазақстанымызда жүз емес, мыңдаған Ана табылатынына біздің шүбәміз жоқ. Бір үйде он бала тәрбиеленетін болса, жүз үйге мың бала сияды. Ондай үйді қамқорлығына алатын азаматтарымыз да аз емес. Шетелге бірде-бір баланың кетпеуін халықтың қалаулылары заң жүзінде іске асыруын өтінеміз. Егер біздің аяқ-қолымыз сау болса, бір-бір баладан асырап алар ек, бірақ жүрегіміз кең болғанмен өзіміз кемтармыз» делінген.
Арада талай жыл өтсе де, менің жүрегімнің түкпірінде жазылмастай болып орын алған осы бір қасіреттен бүгін сіздер құтқарып отырсыздар. Бір кеште бірнеше мүгедек аналар маған телефон соғып, сүйінші сұрап жатыр.
Қазақстанның бар халқын барлық жетімдер үйінің жабылуымен құттықтаймын!
Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
жазушы, «БИБІ-АНА» қайырымдылық
қорының президенті.
«Қазақ әдебиеті»,
№50 (3422), 28 қараша – 4 желтоқсан, 2014 ж.