ҚҰРДАСТАН АЙЫРЫЛУ ДА ҮЛКЕН МҰҢ ЕКЕН...
Осыдан қырық күн бұрын дүниеден өткен ардақты азамат,талантты жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұхамбетқалиев құрдасым еді,досым еді,жерлесім еді,әріптесім еді.
Құрдасым болғандықтан әзіл мен шынын араластырып,өзіме ұнамайтын мінезін өзіне батырып айта алатын ем.
Досым,жерлесім болғандықтан басқаға айта алмайтын сырымды айтатын ем.
Әріптесім болғандықтан,кейде керілдесіп қалатынбыз, бірақ,арада аз уақыт өтпей «Әй,тентек қыз,ашуың басылды ма?»деп телефон соғатын.
Қажығалидың ақкөңіл мінезін мен қатты бағалайтынмын, бірақ,сол ақкөңілділігін кейбіреулер өз есебін шешуге пайдаланып жататын.Ауруханаға жатпай тұрып менімен қоштасып,қайта-қайта кешірім сұрады.Сөзімізді бөле берген жөтелінен секем алып қалсам да «Басты қатырма,ауруханаға жатқанның бәрі өлуге тиісті емес қой,қоштаспаймын,қоштаспаймын дедім ғой»деп айқай салдым.
Арада үш-төрт-ақ күн өткенде досымнан айырылып қалдым.
Қайтыс болатын күні маған таңертең ертемен телефон соғыпты.Ешуақытта ол ертелетіп телефон соқпайтын,шошып кеттім де,жалма-жан нөмірін тердім.Дәрігері жауап берді,оның аппаратпен демалып жатқанын айтты.
«Не айтқысы келді екен,не айтқысы келді екен?!» деген сұрақ енді мені жиі мазалайды. Өзін сынағанымды жақтырмай«Мына өмірге мен сенен он бес күн бұрын келгенмін,ағаңмен қалай-қалай сөйлесесің?»деп,біресе аға болып,біресе құрдас болатын Қажкем-ай,Қажкем-ай...
«Тар кезең»деген роман жазып,Сырымды қазаққа тірілтіп берген қайран Қажкең,өзі тар кезеңде өмірден өтті.Жары да,балалары да,достары да қоштаса алмай қалды,өкінішті-ақ.өкінішті...Ештемені бағаламай өмір сүрген екенбіз-ау,Қажкеңмен қоштаса алмай,көкіректері қарс айырылған жұртшылық қаншама! Алланың ісіне шара бар ма?Шара жоқ...Жоқ... Жоқ...
Қажығалидың қолынан қаламы түскен жоқ.Алла берген талантына адал болды,өтірік айтпады,ешкімнің ала жібін аттамады.
Ең алдымен Қажығалидың аяулы жары,Қажкесін жанындай сүйген,Қажкесі үшін отқа да,суға да түсуге даяр болып ғұмыр кешкен Сұлуханға,балаларына,туған-туыстарына көңіл айтамын.Қажкеңнің осы өмірде болғанына шүкірлік етейік,Қажкеңнің әлде де берері көп еді,енді қалған мұрасына иелік етуді жан жары Сұлуханға тапсырамыз.
Сұлухан! Мына сурет сенің жетпіс жасқа толған мерейтойыңда түсірілген болатын.Осы суретті үлкейтіп,қабырғаңа іліп қойып,талай сұлудың арманы болған,қасқамаңдай жігіттің жары болғаныңа шүкірлік етіп,көзіңнің жасын тоқтат! Сенің көз жасың Қажкеңе ауыр болатынын мен саған бір емес,бірнеше рет айттым,тағы да айтамын.
Жайсаң азамат,адалдықтың,адамдықтың символы болған досым, құрдасым, жерлесім,әріптесім,Қажкем! Сен менен кешірім сұрайтындай маған қиянат жасаған жоқсың,маған ғана емес ешкімге қиянат жасамадың,ешкімнің алдын орамадың,от басыңа адал болдың.
Аяулы жарың Сұлухан көз жасын көлдете жүріп,өзің үлгермей кеткен шығармаларыңды жөндеп,талайын жарыққа да шығарар.«Егеменді Қазақстан»нан «Білетінің - бір,білмейтінің мың да бір»деген мақалаңды оқып,қатты толқыдым. Осы мақаланы жазып отырғанда менімен хабарласып,біраз жерін оқып берген ең.Мен әдеттегідей «Білмейтініңнің мың да бір екенін сексенге таяп қалғанда ғана біліп отырмысың»деп әзілдеген ем.
Осы күні ұрлық пен жағымпаздық қолынан келмейтін,тегі бар,мәдениетті адамды біреулер «Жуас адам»дейтін болыпты.Сен сол пысықайлардың, ұрылардың, жағымпаз, екіжүзділердің қатарына қосылмай «Жуас адам» болып өмірден өткенің ғана бізге жұбаныш...
Ұрпақтарың Өзіңмен мақтанатындай ғұмыр кештің,сондықтан да ел-жұртың сені ұмытпайды,ұмыта да алмайды.Жатқан жерің мамық болсын,мәңгілік ұйқың тыныш болсын...
Бибігүл Иманғазина
20.08.2020 жыл
«АНА ТІЛІ» газеті