Асырауында баласы бар мүгедек аналарды біріктіретін республикалық «Бибі-ана» қоғамы және оның президенті Иманғазина Бибігүл Хабиқызы туралы таусылмас талай-талай жылы лебіздер айтуға болады.
Біздің анамыз Иманғалиева Қаншайым (I топтағы мүгедек, 5 баланың анасы) осы қоғамға мүше болып кірген 5 жылдан бері біздер анамыздан бұл кісі туралы көп жақсы сөздер еститінбіз.
Анамыз: «Өзін тіпті әйел деп айтуға болмайды, азамат болса, осы Бибі-Анадай болсын. Жарғақ құлағы жастыққа тимей (өзінің де мүгедектігіне қарамастан), әйел аналардың қамын жеп, олардың жанұясының жағдайын жақсарту жолында жанын аямай жұмыс істеп жүрген жанкешті адам...» – дейтін. Өзіміз куәсі болып жүргендей, бір біздің анамызға ол кісі қаншама қолұшын берді, қаншама жақсылық жасады. Жылма-жыл, әсіресе, мереке қарсаңдарында ол кісі біздің үйді ұмытқан емес. Ұн дейсіз бе, қант, шәй дейсіз бе, кір жуатын заттар дейсіз бе, әйтеуір, ең қажетті деген азық-түлік болсын, киім-кешек болсын, қалдырмай беріп жатады. Одан біз байып кетпеспіз, бірақ ол кісінің бізге деген жомарт пейілін, аңқылдаған көңілін айтсаңызшы! Біздер жер бетінде осындай Бибі -болсынАна сияқты ерекше жаратылған адамның, әйел затының бар екеніне, оның үнемі біздің жанымызда жүретініне қуаныштымыз.
Тек бір биылдың өзінде біздің отбасына қандай қиындық түспеді дерсіз. Анамыз былтырғы жылдың күзінен бастап қатты ауыра бастады. Ауруханадан айлар бойы шықпады. Әрине, ауыртпалықты папаммен бірге бәріміз де бөлістік қой. Дегенмен, сондай кезде Бибі Ана: «Шаршамаңдар, қажымаңдар, аналарыңа қараңдар, әлі-ақ тәуір болып кетеді, өйткені аналарың сендердің өте мықты, төзімді адам...», деп жігер беріп, демеп отырды. «Әсіресе биылғы жыл сендерге ауыр тиіп жатыр, білемін, оқуға түсуге өзім көмектесемін, тек емтиханды мектептегі болсын, әсіресе оқу орнындағыны болсын жақсы тапсыратын болыңдар», – деп шынайы қамқорлық жасады. Расында, ол кісі дегенінде тұрып, министрліктің Оқу департаментіне, оқу орындарының басшылығына барып жүріп, айтқанын орындатты. Мен (Динара) болсам, әл-Фараби атындағы Мемлекеттік ұлттық университеттің шығыстану факультетіне, ал менен кіші сіңлім Жанар Алматы бизнес колледжіне (9 сыныптан кейін) оқуға түстік. Міне, осындай ізгі мақсатқа қол жеткізіп отырған Бибі Ана- сияқты адамды екінші анамызға балап, ол кісінің жақсылығын ешуақытта ұмытпаймыз. Осындайда, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», деген даналық сөз еске түседі екен.
Иә, қайырымды Бибі-Ана, сіз табиғаттың ерекше қасиеті біткен жансыз! Өзіңізді ойламай, өзіңізді паналап келген қам-көңіл мүгедек аналар мен балалардың жағдайын алдымен ойлайсыз. Сол үшін де сізге алғыстың нұры жаусын, айналаңыздағыларға шуақ шашып, жылы сәуле тарата беріңіз. Адамдардың жақсы көру сезімі Сізге ылғи да қуат берсін дегім келеді, қадірлі Бибі Ана! Сізге мың да бір рахмет!
Ізгі құрметпен: көп балалы отбасының мүшесі, ҚазМҰУ-дің І-курс стүденті Динара АДЫРБЕКОВА.
20 қазан, 1999 ж.
«Алматы Ақшамы»