ПЕЙІЛДІҢ КЕҢДІГІ, ЖҮРЕКТІҢ ЖОМАРТТЫҒЫ
Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының құрылтайшысы және президенті,Бибігүл Иманғазинаның қамқорлық істерде оқ бойы озық жүретіні көпке аян.Шалқардай шежірелі мекенде кіндігі кесіліп,бойжеткен бұла шағынан өмірдің тауқыметін арқалаған қайсар қыздың туған жеріне деген құрметі әсте бөлек. «ТАУҚЫМЕТ» романында бір кейіпкердің өмірін баяндау арқылы күллі қазақ қыз-келіншектердің тағдырына алаңдаған қарымды қаламгердің,әсіресе мүгедек аналардың мәселелеріне келгенде жүрегі байыз таппайды.
Оның осындай қайсар қасиетіне жақында жерлестері де куә болды.Ұзақ жылдардан бері баспана қиындығын көріп келген Шалқар қаласындағы Бекішовтар әулетіне Бибі-Ана аумағы 15 сотықты құрайтын 8 бөлмелі жер үйді сыйға тартты.Құны 10 миллион теңгеге бағаланған зәулім үй ауыз сумен,көгілдір отынмен қамтылған және бірнеше сарайлары,ауласында шегенделген құдығы бар,мал ұстауға қора-жайлары сақадай сай.
-Осыған дейін баспана қиындығын бір кісідей көріп келдік.Отағасы Алдаберген екеуміз кезінде «Шетырғыз» кеншарында мал шаруашылығында еңбек еттік.Ол совхоздың тракторын айдады,мен малшыларға жәдемші,шөпшілерге аспазшы сияқты жұмыстарды атқардым.2000 жылы аудан орталығына көшіп,бала-шағамызбен бір жағы құлап қалған,ескі 3 бөлмелі үйде 17 жылдай тұрдық,табыс болмаған соң оны кеңейте де,жөндей де алмадық.Бертін келе ол үй апатты жағдайға тап болды.Жергілікті жерде баспана кезегіне тұрғанымызбен, жақын арада қол жеткізу мүмкін болмады,ақыры өзімнің мүгедек екенімді,тағы бір баламның қоларбада отыратын мүгедек екенін айтып, Бибі-Ана анамызға хат жаздым.Бибі-Ана менің хатымды алысымен өзі хабарласты.Анамыздың кезкелген хатты алысымен өзі хабарласатынын,тағы да кезкелген істі шешіп бере алатынын Шалқар аңыз етіп айтып жүреді.Біздің жуық маңда үйге қолымыз жетпейтінін түсініп,енді,мінеки өзінің қаражатына сан жылдар бойы отбасылық арманымыздың орындалған сәтіне куә болып отырмыз,-дейді қуаныштан көз жастарын тия алмаған отағасы мен «Алтын алқа» иегері Бағила Бекішова.
Алдаберген ағай мен Бағила апай өмірге 7 қыз,бір ұл әкеліп,олардан бүгінде 15 немере сүйіп отыр. Кенжесі Гүлшат-1 топтағы туа бітті мүгедек. Жалғыз ұлы Сағыныштың жүрегіне ота жасалған,ауыр жұмысқа жарамсыз.Бағиланың өзі де мүгедек.Әзірге бұл әулетке кіретін тұрақты кіріс көзі осы екі санатпен берілетін жәрдемақылар ғана.
-Шүкіршілік етемін.Ең бастысы,баспанаға қол жеткіздік. «Жақсының жақсылығын айт,нұры тасысын»демекші Бибі-Ана анамызға айтар алғысым шексіз.Ойламаған жерден қолымыз жетіп жатқан бұл жақсылықты бізге сыйлап отырған Бибі-Ана ешуақытта ауырмасын,мен айтпасам да Бибі-Ананың аты бұл дүния түрғанша тұратын мәңгілік қой, абыройы арта берсін.Алғысымыз шексіз,күн сайын Бибі-Ана анамызға отбасымызбен денсаулық тілеп отрамыз-деді ризашылықпен көпбалалы ана Бағила.
Дегенмен жұмыссыздық мәселесі бұл шаңырақтың да босағасынан сығалап тұр. Балалардың ішінде бір-екеуі «Бізге енді тұрақты жұмыс болса екен»деген тілектерін айтып қалды.Арбаға таңылған кенжесін бағып-қағатын аналары «отбасымызға тамшыдай болса да кіріс болсын» деп соңғы кезде тары салып сатуды кәсіпке айналдырған.Ауладағы кең қазан үйде тары қуырып,түйіп,елеуге үйдегі балалардың барлығы көмектесіп жатқанына,кәсіптерінің енді кеңеюіне бұл үйде бар жағдай бар екенін көріп біз де қуанып қалдық.
-Қайырымдылық жасап,бір-бірімізді демеп,жығылғанға таяныш болу-әркімнің де қолынан келетін іс.Қайырымдылықтың үлкені,кішісі болмайды.Қолыңнан ештеме келмесе ең болмаса біреудің қайғысына қайғырып,қуанышына шын жұректен қуана білу де қайырымдылық.Ол үшін адамға әуелі пейілдің кеңдігі,жұректің жомарттығы қажет.Бекішовтер әулетіне алып берген бұл үйдің қаржысы өзімнің «Тауқымет» романымның таза қаламақысынан жиналды. Мен бай адам емеспін,отбасымдағы молшылыққа,абырой мен амандыққа ғана қанағат етемін.Қайырымдылықтың қадір-қасиетін көріп,санамызға түйіп өстік.Күні бойы қоларбада отырсам да өзімнен көмек сұрағандарға көмектесуді парыз санаймын.Бірақ,істеген жақсылықты жіпке тізіп жарнамалайтындардың сортынан емеспін.Олай тізе берсем көп қой...Осы кезге дейін өзім тағдырлас 580-дей мүгедек ананың балаларының жоғары оқу орнына түсуіне септескен екенмін. Бұл-бір ғана мысал! Маған халықтың алғысынан артық баға жоқ.Кішісі сыйлап,үлкендері батасын беріп жатады,құрметтің осы түрінен қуат аламын,-дейді бізбен телефон арқылы тілдескен Бибігүл Қабиқызы-Бибі-Ана!
«БИБІ-АНА» қорының өзі құрылтайшысы,өзі президенті Бибігүл Иманғазинаның еліміздің әр аймағында тұратын шын мұқтаждарға жасап жатқан көмегі көп. Енді туған жері Шалқар қаласының орталығынан мүгедек балаларды сауықтыру орталығын салуды көздеп,ол Орталықта қызмет істеуге тиісті жоғары білімді мамандарды дайындауға кірісіп жатқанын да біліп отырмыз.
Біз де Бибі-Ана анамызға үлкен денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз...
«Ана тілі»газеті 4- сәуір,2019 жыл
«Жас Алаш»газеті, 4-сәуір, 2019 жыл
«Қазақ әдебиеті» газеті,11-май,2019 жыл