Бибі-Ана
Тауқымет. Тағдырдың адам баласына тартқызар тауқыметі аз ба. Соның үлкені тау қопарып, тас бұзар деген дер шағында біреудің көмегінсіз жүріп-тұра алмай, көгенкөз мүгедек болып қалу болар. Оның ішінде адамзат ұрпағын жалғар әйел – анамың мүгедек болып қалуынан ауыр нәрсе жоқ. Тауқымет салмағына қарамай өмірге ұрпақ әкеліп отырған мүгедек аналар көп ретте семья асыраушысы да өздері болып қалады. Қарауында балалары бар мұндай аналардың хал-жағдайының қаншалық ауыр болары белгілі. Мүгедек әйел бала тумауға тиіс деген көзқарас тұрғысында жасалған, оның семья асыраушысы болып табыларын қарастырмаған біздің біліксіз заңдарымыздың қарама-қайшылықтары бұл қиындықты ауырлата түседі.
Өмір парқын дүниемен өлшемеген, жүрегі таза, биік парасат иелері қай заманда да кемтар-кемшіндерге қайырымдылық қолын созып қамқор болған. Осындай ізгі оймен, өзінің ақ пейіл, жүрек жылуымен көпшілік арасында БИБІ-АНА атанған белгілі жазушы Бибігүл Қабиқызы ИМАНҒАЗИНАНЫҢ бастамасымен құрылған қарауында балалары бар мүгедек аналардың қазақстандық «Тауқымет» ассоциациясы бүгінге дейін ешкім бас ауырта қоймаған халықтың ең әлсіз қорғанған осынау тобының мүдделерін қорғауды басты мақсат етеді. Төртінші наурызда өзінің республикалық құрылтай конференциясын өткізбекші ассоциация президенті Бибі-Анамен әңгімелескен едік.
– Ассоциацияның негізгі мақсаты-қарауында жиырма жасқа толмаған балалары бар, аяқ-қолы жарамсыз, жалпы күрделі аурумен ауыратын мүгедек аналарға көмек көрсету. Жүйке ауруымен ауыратындар, сондай-ақ соқыр, мылқау, сақаулар бізге мүше болып қабылданбайды, өйткені олардың бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өз қоғамдары бар. Мұны алдымен айтып отырған себебім осы кемістіктегі мүгедектердің бізге келіп, босқа уақыт еткізбеуін қалаймын. О баста ассоциацияны ашқандағы ойым ауылдағы жылдар бойы мүгедектік зейнетақысын тағайындата алмай жүрген айелдерге тезірек жәрдем беру еді. Алматыда бұрыннан жұмыс істейтін мүгедектер қоғамы, Қызыл Крест, алуан түрлі ассоциациялар бар. Соның өзінде мүгедек аналардың жағдайы ескеріліп отырғаны шамалы. Мүгедек аналар қалалық әкімшілікте осы топ өкілдерін қамқорлыққа алатын бөлім бар екенін білмейді, тіпті республикалық мүгедектер қоғамы барлығынан хабарсыз мүгедектер де бар.
Ал ауылда ше? Ауылда ауру жыл бойы діңкелеткен, денсаулығы өте төмен әйелдерді мүгедектік топқа шығаратын кезде анализдерін жақсылап көрсетіп, қайткен күнде де әйтеуір зейнетақы алмайтын етіп әуре-сарсаңға салып қояды, Бұл орайда бірнеше әйелдің құжаты қолымда отыр. Сөзім дәлелді болу үшін өзімнің жалғыз сіңлімнің басындағы жағдайды айтып берейін. Бір бүйрегін алдырып тастағаныма 20 жылға жақындаған, екінші бүйрегінің өзі ауру сіңліме пенсия тағайындалмай жүр дегеніне мен сенбей, «документтеріңді, ауырған күннен бастап алған емдеріңнің қорытындыларын маған салып жібер» дедім. Жақында тексерттім, оның ауруымен толық танысқан дәрігерлер «Қалайша бұл кісі пенсия алмай жүр?» деп бас шайқап, таңдай қағысты. Елдің бәрінің мен сияқты апасы жоқ қой, мүгедек адамға бір адамның алдына екі-үш рет бару cay адамның Америкаға барып келгенінен де ауырға түседі. Осындай шенеуліктердің кесірінен болып жататын келеңсіздіктерді ескеріп, ассоциацияның бөлімшелерін барлық облыстарда ашуға бел будық.
Ассоциацияның қазіргі мүшелерінің 90 проценті орыс халқы болғандықтан, мен радиоға «Ұлты қазақ мүгедек аналарды қабылдаймыз» деп хабарлама бердім. Сол арқылы қазақтың талай мүгедек аналарын тауып жатырмыз. Ұлтшылдық дегенді біз алдымен өзіміз жақсылай түсініп алып, басқа ұлттарға сосын жақсылап түсіндіре білуіміз керек. Менің анам: «Балам, алдымен жақсылықты өз басыңа, сосын отбасыңа істе, ал әрі қарай ақылың асып, жағдайың болып жатса, ауылыңа, сосын барып халқыңа істеуге талпын» дейтін. Жалпы менің ұлтқа белетін ауруым жоқ, бірақ көз көріп жүрген шындық мынадай: «Қай жерде де қиналып жүрген бір қазақ, қайыр сұрап жүрген бір қазақ, мүгедек аналардың да телефоны жоғы, жатақханада тұратындары қазақтар». Сондықтан, басқарма мүшелері болып, қашан қазақтың саны тепе-тең болмайынша орыстарды я басқа ұлттарды ассоциацияға қабылдамаймыз деп шештік. Бұл үшін доң көрсетіп, қақыңыз жоқ, сіз мені неге алмайсыз деушілер баршылық, бірақ бәрібір олардың ең жаман дегендегі жағдайы қазақтың күнінен көш ілгері екені анық. Ал біздің қазақ бұрынғы жайбасарлығына салынып, ел соңында келеді. Документтерін жөндеуге мойны жар бермей, тиесілі сыбағасынан айрылып жүрген қазақ айелдерінің төзімділігіне қайшы келетін жалқаулығына қалай күйінбессің.
Мен мүгедек адам біткеннің бәрін аяймын. Өзім 17 жасымда мүгедек болып қалғандықтан, оған дейінгі бақытты шағым мен одан кейінгі азапты ғұмырымды жиі салыстырамын. Бірақ менің мүгедек аналарға қояр өз талабым бар. Ешуақытта бақытсыздықты саудаға салған адамнан жақсылық шықпайды. Адам мүгедек болғанмен, құдайдың бойына берген мінезінен арыла қоймайды екен, кейбіреулердің қолын жайып бармайтын жері жоқ. Бір емес, бірнеше қоғамнан көмек алатын мүгедектерді де білемін. Сондықтан, мен біздің ассоциацияға мүше әйелдердің басқа қоғамдардан шығуын талап еттім. Әрине, өз еріктеріне салдым. Мен олардың ешқайсысынан қолымнан келген жақсылығымды аямаймын, бірақ барінен де тәртіпті талап етемін. Тәртіп жоқ жерде жұмыстың жүрмейтіні белгілі. Отбасында да бір адамға бағынбаса, ол үйде қандай береке қалады. Менің мінезімнің тікелігі көп адамдарға ұнамайды, бірақ сызылып отыруға уақытым жоқ. Жалпақшешей болып жұрттың бәріне жағынуды ойласам, мынандай күніне табаға сан шыжғырылатын жұмысты бастамауым керек еді. Қоғамнан да, адам атаулыдан да түңіліп, бар әлі көздеріне ғана келетін аналардың кебі-қазір менің жақсы көмекшім. Жалпы, жүрегі соғып тұрғанда адам өзіне деген сенімді сезінгісі келеді. Өзінің айналасына қажеттігінен айрылғысы келмейді. Ал еңбектенуге жарамайсың, алатын жәрдеміңді ал да, басты қатырма деген сөз әйел атаулы үшін үлкен қасірет. Сондықтан да ассоциация аясында «Бибі-Ана» деген фирма ашып, мүгедек аналардың өздерін де, балаларын да жұмыспен қамтамасыз етпекшіміз. Мұнда мектеп жасындағы балаларға арналып, ұлттық киімдер тігетін болады. Тек қана мүгедек аналар мен олардың балалары жұмыс істейтін бұл фирманы табысы тек ассоциацияның қажетіне, демек мүгедек аналардың қажеттеріне жүмсалады.
– Бибі-Ана, республикамыз бала өлімі жөнінен алдыңғы қатарда тұрғаны шындық. Өмірге келер сәби санының соңғы жылдарда азая түскені де рас. Ал сабилеріміздің көпшілігі түрлі ауруға шалдыққан. Дәл қазіргі кезеңде оларға қамқор көмектің қажеттігі даусыз. Осындай жағдайда шеттен келген дәрі-дәрмек пен киім-кешек, азық-түлік түріндегі қайырымдылық көмектерін талан-таражға салып, біреулердің жеке бас пайдасына жаратып жатқаны қалай.
– Есебіңде миллиардтаған қаржы жатса да, жұмысқа деген ынта-ықыласың, ұйымдастырушылық қабілетің болмаса, ешуақытта халық көңілінен шыға алмайсьің. Күйеуі күн сайын миллион сом әкеліп берсе де, дастарханына береке кіргізе алмайтын бір әйелдер болады. Кей қоғамның бастықтары да сондай. Қазірде негізінен өздері құрылып жатқан қоғамдар үкіметтің қолы жетпей жүрген шаруасын тындырып жатса, несі айып? «Біреу сөзіңді сөйлеп жатса, аузың қышып бара ма» деген ғой. Осындай iзгi мақсатты көздеген қоғамдық ұйымдардың бәрін ұрлықшы деп қарау үпкен кінә. Алай- да, шет елден келіп жатқан жетімдер мен мүгедектерге арналған бұйымдардың талан-таражға түсіп жатқаны жайлы естіп жүрміз. Нақты көз көріп, қолмен қойғандай дәлелің болмаған соң үндемейсің. Соңғы кездері осындай бірер істің заң қорғау органдары тарапынан қаралып жатқаны арамызда кемтар-кемшіннің үлесіне қол сұғатын сұғанақтардың бар екенін айқындайды. Тағдыр аз тауқымет тартпаған жандардың онсыз да ауыр өміріне өзіміздің қиындық қосып беруіміз қандай адамдық қасиет шеңберіне сыяды. Мұндай қоғамдардың басында жүрегі таза, ар-ұяты бар, өмір мәнін терең түсінген, өзінің қара басынан гөрі халықтың қамын ойлайтын, алдыңғы өмірін болжай алатын адам отыруы керек. Тек қана айлық алып, ақша жиғанына мәз адамдардың ойланғандары жөн.
Бала-біздің болашағымыз. Мен өзім жастар десе жанымды жолға қоятын адаммын. Біздің жастарымыздың қазіргі бір кемшілігі – шетелдік тұрмысқа еліктегенмен, олардың өмір деңгейінің неліктен жоғары екендігіне терең ой жүгірте қоймайтындығы. Еңбектің қай түрі болсын талғамай, өз қырына келгенін күн-түн демей атқара білсе ғана, біздің жастарымыздың да болашақта жақсы тұрмысқа жетері анық. Білім-ғылымсыз биік өркениетке жете алмасымыз рас. Осыны ескермей, қазірде жастардың жаппай сауда-саттыққа бет бұрғанына қарным ашиды. Одан түскен аздаған ақшаларын ресторан мен бос жүріске шашады. Біздің жастарымыздың бірден-бір жауы-арақ. Ертең семья құрамын, бала тарбиелеймін деген жастарымыз алдымен өзінің денсаулығына көңіл аударуы керек. Арақтан аузы кеппейтін акенің болашақта өзі сияқты бұлғақ басты өмірге әкелетінін ойламаса, қазақтың жуық маңда ел болуы қиын-ақ. Ондай жастарымыз арақты қоя алмаса, балалы болуға хақы жоқ екендерін ойлағандары дұрыс.
Ана ретінде мені сәби атаулының болашағы ойлантады. Өмірдің күйіп тұрғаны мынау. Менің ойымша, біз қазір бар баланы сақтауға тырысуымыз керек. Ана жерге бір миллион, мына жерге бір вагон киім берумен іс тынбайды. Мен ассоциацияны тіркеуден өткізгенде балаларға арнап ашылған қоғам ретінде тіркемесем де, жұмысымның дені-мүгедек аналардың балаларының жағдайы. Бүгінге дейін ешкім мүгедек аналардың балаларымен айналыспаған. Анасының ауыр халіне көмек етер шамасы жоқ шарасыздықтан кішкене жүрегі тілгіленіп, қасында дені сау аке-шешесі бар балалар уайым-қайғысыз күліп келе жатқанда үйінде көзі жәудіреп, өзінің келуін күтіп отыратын анасы есінен бір сат шықпайтын баланың балалық шағы еш уақытта бақытты болмайды. Әсіресе, адамды ақыл-түйсігіне емес, киген киіміне, барлық-байлығына қарай бағалайтын біздің заманымызда әкесі жоқ, анасы мүгедек баланың ең соңғы санатта болатынын сорлы бала кішкене күнінен сезіп өседі. Қанша тамағы тоқ, көйлегі көк болса да, ол балада балалық алып-ұшпа көңіл болмайды. Осындай талай баланың «мен өскенде шешеме әдемі үй тұрғызып, аулаға отырғызып қоямын» дегенін естіп жүрмін. Міне, мүгедек ана баласының қасіреті мүгедек баланың қасіретінен бірде бір кем емес. Сондықтан, мен олардың балаларын да ассоциацияның бірден-бір мүшелері деп есептеймін. Ассоциация құрылып, жұмыс істей бастаған уақыт ішінде барлық мүгедек аналар менің анасы мүгедек бар бала үшін жүрегімді суырып беретініме көздері де жетіп қалған сияқты. Осы уақыт ішінде талай есікті қағып, сұранумен шешкен, көңіл көкжиегімді көтерген істің бірі мүгедек аналарын баққан үш баланы жоғары оқу орнына қабылдатуым болды. Осы балалар институтқа түскенше менің ұйқыдан қалғанымды көздерімен көріп, жүректерімен сезінген аналардың көбісінің өмірге деген көзқарасы да өзгерді. Мен үшін бұдан артық қуаныш та, бақыт та болмақ емес.
Мүгедектердің тұрмысын қалай жақсартуға болады? Бұл сұрақ мені күніне сан ойлантады. Өзімше түйген шешімдерім де бар, бірақ бір әңгіме үстінде оның бәрін айтып шығу қиын болар. Менің әзірше айтарым мүгедектер мен ардагерлердің мүддесін қорғар министрліктің жұмысы көңілімнен шықпайды. Мүгедек адамның бар жай-күйін жанымен сезініп, оған шын мәніндегі көмек көрсету үшін мұндай ұйымдар мен қоғамдардың басында сол топтың өкілдері отыруға тиіс. Сондықтан, педагогикалық институттарда әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі жөнінен мамандық алып шығатын мүгедек балалар оқу үшін арнаулы факультеттер ашылуы ауадай қажет нәрсе дер едім. Әйтпесе бір жылы орыннан бір жылы орынға ауысып, өмір бойы қара уылдырық жеп, бриллиантқа малынып келген, мүгедектіктің зардабын кешпеген бұрынғы партократтар мен шенеуліктер онсыз да сорлы адамдардың сорына сор қосады.
– Өтпелі кезең қиындығы бар шаруаны шырмап, қолымызды байлаған осынау қиын кезде сіздердің алға қойған ізгі мақсаттарыңызды жүзеге асыру үшін қаржылай көмектің аса қажеттігі сөзсіз. Бұл жағдайдан қалай шықпақсыздар?
– Құдайға шүкір, ел іші азаматтарға кенде емес. Қарауында балалары бар көптеген мүгедек аналардың бүгінгі күн қиындығы ауырлата түскен хал-жағдайын сәл де болса жеңілдетуге көмек қолын созып, үлкен азаматтық танытқан біздің демеушілеріміздің есімін үлкен алғыс сезіммен атап өткім келеді. Ең бірінші болып есепшотымызға ардагерлер үйінің төрағасы, ардақты ағамыз Сағдиев Мақтай Рамазанұлы 300 мың сом ақша аударды. Сондықтан, ол кісіні біз ассоциацияның өкіл акесі етіп қабылдадық. Қазақстан Жеңіл тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы, құрметті Дінішев ағамыз 250 мың сомның тамағын тегін беріп, титықтап отырған мүгедек аналарымызды бір кетеpiп тастады.
Жақында мен туралы теледидардан көрсетілген «Жүрегімде талай мыңның мұңы бар» деген хабарды көргеннен кейін Талдықорған облысы Панфилов ауданының акімі Әділшайық Ибраиммолдаев миллион сом аударып жіберіпті. Және ассоциацияға әрдайым көмектесіп тұруды өзімнің азаматтық барышым санаймын деп хат жазып жіберген екен. Азамат болсаң осындай бол. Үкіметтің ақшасын өз ақшасындай жұмсайтын кейбір ағаларымыздың мүгедектер мен жетім-жесірлерге келгенде тырысып қалатыны осындайда еске түседі. Бізге алғаш қол үшін берген аздаған азаматтардьің бірі – Борандай қант зауытыматтардың бірі – Борандай қант зауытының директоры Әбдібек Дүйсеков. Күні кеше ғана «Бутя» фирмасының директоры Болат Мұқышұлы Әбілов аударған 3 миллион 700 мың сом ақшаға біз 20 шетелдік тігін жане кесте тігетін машина алатын болдық. Мүгедектер қоғамы үшін жеңіл машина қажеттілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жақында ғана су жаңа жедел жәрдем машинасын алуға үлкен көмек көрсеткен Денсаулық сақтау министрлігіне, республика халық депутаты Талапқали Ізмұхамбетовке, «Апорт» шағын кәсіпорнының директоры Асхат ініме айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ, біздің қажет ақшамызды ешқашан кешіктірмей уақытында беруге тырысатын «Қазақ коммерциялық құрылыс» банкін басқарып отырған Алма Сарбасованың жақсылығына дән ризамыз. Мүгедектердің үлкен жиынын өткізуге конференц залды тегін беріп, бізге үнемі көмекке келетін «Қазақстан» қонақ үйінің директоры Миняева Раиса Марсовнаға алғысымызды айтамыз. Осындай демеушілеріміздің арқасында алға сызған жоспарларымызды ақырындап жүзеге асырып жатырмыз. Алдағы уақытта Жапония, Франция елдеріндегі осындай тектес қоғамдардың іс-тәжірибесімен танысу жоспарда бар. Ассоциацияны халықаралық тұрғыға жеткізсек дейміз. Бұл алға қойған жоспарларымызды жүзеге асыруға нақты мүмкіндік берер жағдайларды жасауға жол ашар еді, – деп Бибі-Ана әңгімесін аяқтады.
Үлкен өмірге енді қадам басқан бүлдіршін шағында мүгедектік қамытын киіп, жастық жылдарын аурумен алысып өткерсе де, жүзінен жылу, жанынан тазалық, жүрегінен мейірім отын жоғалтпаған осы бір нәзік жанның бар тұлғасынан сәуле шашып, ой-сезіміңді өзіне тартар бір құдіреттің барлығын сезінесің. Бұл құдірет өмірге деген ізгі іңкәрлікпен, аппақ сезіммен өрілген құштарлық, жан – дүние тазалығы болар.
Тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай, өмірге ұрпақ әкелген, жан серігін сұм ажал өмірден ерте алып, тағдыр тағы тосқан ауыр сынға қарсы қайрат танытып, ұл-қызын саналы азамат қатарына қосқан ана еңбегі ерлікпен пар емес пе?! Жан шуағымен өз ұясын ғана емес, көңілі жарым жандарды да жылыта білген Ананы мүгедек деуге аузың бара ма. Бар гәп жан мүгедектігінде екен-ау дейсің осыдан кейін.
Рымтам САҒЫМБЕКОВА.
13 февраля, 1993 г.
«Өркен»