17-сәуір 2019 жыл
Алматы қаласы Медеу ауданының әкімішілігі «Қазақстан» қонақүйінде Бибігүл Иманғазинаның отыз бес жылдан кейін аяқталған,үш бөлімнен тұратын «ТАУҚЫМЕТ» романының тұсаукесерін өткізді.Оқырмандардың жазушыға берілген сұрақтары мен жазушының жауабын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
-«Тауқымет» романы өзіңіздің өміріңізден алынған ба?
- Иә.өз өмірім. Кішкене күнімнен әңгіме жазатынмын,өнердің барлық түрінен хабардар етіп өсірген, жанымдай жақсы көретін әкем менің актриса болғанымды қаламады.Ақырында ешкімге айтпастан Алматыға жетіп,Консерваторияның актерлық факультетіне түскен күні мүгедек болып қалдым.Жайнап жүрген сүйікті қыздарының сондай қасіретке ұшырағаны ата-анамның жан дүниесін күйретіп тастады.Өмір сүргім келмеді,тек әкемнің «Мен де сенсіз өмір сүрмеймін»деген бір ауыз сөзі менің әрі қарай өмірмен күресуіме себеп болды.Балдақпен жүре бастағанннан кейін мен енді әкеме «Мен сендерге масыл болып отыра алмаймын,оқуым керек,мені өлтіргің келмесе маған батаңды беріп,шығарып сал»дедім.Әкем бұл жолы батасын берді.Қорлықпен де,зорлықпен де,екіжүзді бесжүзді адамдармен де арпалыса жүріп,кімнің тарысы піссе соның тауығы болмай-ақ алдыма қойған жоспарларымды іске асырып келемін...Ең үлкен бақытым Ана болдым,жазушы болдым,халқымның қызы болдым,төсектен тұра алмай жатсам да, адамның жаны төзгісіз қиындықтарды бастарынан кешіп жатқан жандардың көз жастарын құрғату жолдарын таба алатыныма қуанамын.
-Неге кітабыңыздың атын «Тауқымет» деп атадыңыз?
- Менің бұл кітапты бастап жазған кездегі тауқыметім өзіме өмірі таусылмайтындай болып көрінетін.Кейін балаларым өсіп,есімді жинаған кезімде классик ағамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовке кітабымның атын өзгерткім келетінін айтып ем,ол кісі «Сен жұртшылыққа «Тауқымет»пен танылдың,өзгертпе»деді.
- Роман неге отыз жылдан астам уақыт жазылды?
- Еліміз енді ғана егемендік алып,мүгедектер түгілі еңгезердей еркектер абдырап жатқан тұста асырауында балалары бар мүгедек аналардың Қоғамын құрғанымды білесіздер.Бір істі қолыма алсам басқаның бәрін ұмытып кететін мінезім бар,оның үстіне мүгедек аналардың жай-күйлері мені қатты ойға қалдырды.Кеңес дәуірінде мүгедектер бірін бірі көрмейтін.Алатын пенсиямызды да,жылына бір рет курорттарға берілетін жолдаманы да үйімізге әкеліп беретін,сол уақыттағы саясат сондай болды.Еліміз егемендік алып,тұрмыстың ең ауыртпалығы асырауында балалары бар мүгедек аналардың басына түсіп жатқан кезде,тіпті айына бір рет жазу столына отыруға мүмкіндігім болмады.Жамбасым сынып,орнымнан тұра алмай қалмасам осы күнге шейін бұл «Тауқымет» аяқталмайтын еді,бұл енді шындық!! Мүмкін бұл да Алланың маған жасаған жақсылығы болар...
-«Бақыт деген не?» деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз?
-Негізі адам өмірге бақытты болу үшін ғана келмейді.Басыңа түскен сынақтан сынбай өту ең үлкен бақыт!Осыдан көп жыл бұрын менің туған елім Шалқарда оқырмандарыммен кездескенім бар.Сол кездесуде«Бақыт деген не?»деген сұраққа менің «Бақыт деген мыңдаған тармақтан тұрады ғой.Әркім бақытты әртүрлі қабылдайды. Мысалы,маскүнем күйеуі арақ ішпей келген күні ол әйелден бақытты адам болмайды»дегенімді менің жерлестерім осы күнге шейін айтып жүреді екен.Біреулер бақытты байлықтан,біреулер бақытты баладан,біреулер мансаптан іздейді.Мен үшін бақыт балаларымның,немерелерімнің амандығы,солардың қуанышы,от басымның абыройы,жұртшылықтан күн сайын алып жататын алғыстар.Басыңа т
-Романдағы Дауылдың анасы сияқты енелерге ,не айтар едіңіз?
- Дауылмен екеуміздің ажырасуымызға оның анасы ғана кінәлі болған жоқ.Ол кісі дүниден өтіп кетті.Жалғыз ұлының әйелінің мүгедектігі жүрегін қансыратып жүргенін мен талай рет сезгенімді романымда жаздым ғой.Менің анамның«Әр елдің түлкісін өзінің тазысымен аулау керек»деген мақалын да ол кезде түсінбедім.Осы күнге шейін біздің Ақтөбе мен Шымкенттің енелері де,келіндері де біріне бірі ұқсамайды.Мен тек қана мүгедек емес,ол кезде ерке,ақсаусақ болдым.Енелерге айтарым,өзінің от басына келін болып келген қыздың,біреудің алақанына салып аялап,еркелетіп өсірген қызы екенін ескергендері жөн.Қазақтың «Бес бала тумай белгілі әйел болмайды» деген нақыл сөзі тегіннен тегін айтылмаған болар.Қазіргі қыздар білімді қыздар,сол білімдерімен болашақтағы балаларын да білімді етіп өсіретін,от басы,ошақ қасы болып отыра алмайтын қыздар екенін енелердің ескергендері жөн.Жалпы,енелер баласы мен келінінің өміріне араласпағандары жөн,баласының алдына «Сендердің ұрыстарыңды біз де,басқа да білмейтін болсын »деген талап қою керек.Саналы от басынан шыққан,саналы Ана асыраған қыз қайткенде де саналылығын байқатып тұрады,Аллам тек санасыз келіннен сақтасын...
-Шын достыққа сенесіз бе?
-Кішкентайымнан бірге өскен досымның «Мен өмір бойы сенің досың да,күндесің де болып келдім»деген хатын менің кітабымнан оқыдыңдар ғой.Сол күннен бастап мен достыққа сенбейтін болдым.Менің жағдайым жөнделіп,әкем үш бөлмелі үйді дүнияға толтырып кеткенін көргеннен кейін,өзім ақкөңіл санап жүрген құрбым өзінің жанында жүретін тобырларымен тереземді сындырып кеткенін де оқыған боларсыздар.Қазақтың бар қасиетін жоятын кызғаншақтықтың достықты да құрбандыққа шалып жіберетініне мен талай куә болдым.Бұл енді менің ойым,мүмкін мен қателесіп отырған болармын.Бүгінде мен тек қызым мен ұлыма ғана сенемін,сол екеуімен ғана ақылдасамын.Ешуақытта сырымды ақтарылып ешкімге айтпаймын.Өмірге,өнерге деген көзқарасымыз бір жерден шығып жататын,менің жағдайымды түсінетін біраз достарым бар.
-Қандай жоспарларыңыз бар?Оқырмандарыңызды қазіргі сәтте қандай роман,повестермен қуантпақшысыз?
-«БИБІ-САНА» деген роман жазылып жатыр.Қашан аяқталатынын айта алмаймын,денсаулығыма тәуелді адаммын ғой.
-Махаббат туралы не айтар едіңіз?Қанат екеуіңіздің махаббаттарыңыз жайлы жеке повесть жазғыңыз келмей ме?
-Мен махаббаттың дәмін ғана татқан адаммын.Махаббат деген тек қана қыз бен жігіттің арасындағы сезім ғана емес екенін мен жақсы білемін.Ешуақытта өзгермейтін,ана дүниеге өзіңмен бірге кететін махаббат ол ананың балаға деген махаббаты.Қырық жылдан кейін өзімді іздеп келген Қанаттың «Ең болмаса қалған өмірімізді бірге өткізейікші» деген өтінішін де қабыл ала алмадым.Марқұм Қанаттың сол күні қатты ашуланып «Сен әйел емессің,құбылыссың»деген сөзі осы күнге шейін құлағымда,жиі-жиі түсіме кіреді.Сондықтан да өзіме махаббаттың дәмін таттырған Қанатқа естелік ретінде романымның үшінші бөлімін «Сен әйел емессің,құбылыссың»деп атадым.
-Қанаттың анасының өтінішіне бола сіз өзіңіздің де, Қанаттың да өміріне аямастықпен қараған сияқтысыз?
-Мен мүгедек болып қалғаннан кейін Қанат оқуын тастап,менің жанымда болғысы келді.Қай ана баласының мұнысын қолдайды? Қанаттың анасы елге белгілі,беделді бәйбіше адам болатын.«Оқуын тастатпашы»деген өтінішпен менің алдыма келуге мәжбүр болды.Мүгедек болып қалған күннен бастап Қанаттың болашағын ойлайтын болдым.Жігіттің сұңқары Қанатты өзіме қимадым,аяғыма жасалынатын оталардың қортындысының қандай болары да белгісіз еді.Сондықтан,мен қалайда Қанаттан құтылудың жолын іздедім,жүрегім қансырап тұрып басқа қаладан «Мен күйеуге шықтым,мені ұмыт»деп телеграмма беруге мәжбүр болдым.
-Саяның ұлы Алдияр қандай мамандық таңдады? Отбасы бар ма? Шөбереңіз бар ма?
- Алдияр менің қойнымда өсті,нағыз әжесінің баласы.Түрі де,көп мінезі де менің әкеме ұқсайды, студент,үшінші курста оқиды.Осы Алматыдағы оқуын аяқтап,сосын шетелде тағы оқуын жалғастырмақшы. Алдиярдың өзі де,достары да «Үш баланы асырай аламын деген дәрежеге жеткенше үйленуді ойлауға болмайды» дейді.Қазіргі өсіп келе жатқан жастардан мен көп жақсылықты күтемін.Олар білімді,еңбекқор,қыдырымпаз емес, көп оқып,көп ізденеді.Дарақылықты,бөспелікті жандары сүймейді.
-«Тауқымет»киноға қашан түсірледі?
-Мүмкін болашақта кинорежиссер болайын деп жүрген Алдияр түсіретін болар.Әзірше «Тауқымет»Мәскеуде басқа тілдерге аударылып жатыр. Бұл енді уақыттың еншісіндегі дүние.
-Бибі-Сана ерке,бақытты,ақылды,қайсар,шыдамды,төзімді,әдемі қыз.Қазір сондай қыздар бар деп ойласыз ба?
-Неге болмасын,әрине бар.Мен романымның басында бір үйде бір қыз болса бір әулие,екі қыз болса екі әулие деп жаздым ғой.Қыз бала от басында ерке де,еркін болып өсуі керек.Адамның санасын тұрмыс билейтінін бәріміз білеміз,олай болса,анасы ала қапшықты арқалап базарда жүрсе,әкесі маскүнем болса,сезімтал қыз бала қамкөңіл,жасқаншақ болып өседі.Мен талай қыздардың қиын тағдырына араласып жүретін адаммын.Біздің аналарымыз жұмыс істеген жоқ,от басының тыныс-тірлігі мен балаларының тәрбиесіне ғана жауап беретін.Қыз бала мен ананың арасында үзімейтін бір келісім мен сенімді бір сыр болуы керек.Менен осы күнге шейін «Өлемін деп қорықпай қалай терезеден секіріп кеттің?» деп сұрайтындар бар.Ондай сәтте сенің бойыңдағы мінезің мен анаңның бойыңа құйған тәрбиесі ғана шешім жасайды.Осы күнге шейін менің ешкімнің алдында басымды ие алмайтыным,кімнің де болса көжесінің қоюын қою,сұйығын сұйық дей алатыным,ешкімге қиянат жасай алмайтыным,қолымнан келсе жақсылық жасағым келіп тұратыны сол асқар таудай болған әкем мен аяулы анамның берген тәрбиелерінің жемісі деп білемін.Қыздарды қолжаулыққа айналдырып жүргендер әлі мына өмірде алатын жазаларын алады,қыз елдің ұяты,қыз елдің келбеті,қыз елдің абыройы.Елдің болашағын ойлаған аталарымыз«Қызға қырық үйден тию»деген өмірі өшпейтін,аталы сөз қалдырған.Қыз балаға қазақтың қонақ деп қарайтыны керемет философилық ұғым.
- Сіздің «Менің Бибі-Ана деген атым барлық марапаттан жоғары» дегеніңізді оқыдық,әлі де солай ойлайсыз ба?
- Әрине, ешкімнің алдына барып жалпақтамай,жалынбай,тауқыметті белшемнен батып жүріп ие болған Бибі-Ана деген атқа өле-өлгенше адал қызмет ету менің таңертенен кешке шейінгі міндетім...
-Жоғары оқу орындарында оқыған мүгедек аналардың барлығына демеуші табу Сізге оңайға түспеген болар?
-Мен әуелі оқу орындарының ректорларына барамын.Әуелі алдыңғы алты айға төленетін ақшаға жеңілдік сұрап аламын.Сосын ол баланың жарты жылдық ақшасын төлеп қоямыз.Егер ол баламыз сессияны төрт пен беске тапсырса грантқа ауыстырып аламыз.Тапсыра алмай қалса әрі қарай демеуші іздеуге кірісемін.Менің сөмкемде балаларымыз оқып жатқан институттардың реквизиттері жүреді.Менің жағдайымды сұрайтын азамат,азаматшалардың қолдарына бір реквизитті ұстатып жіберемін.Талай рет ломбардқа алтындарымызды тапсырып,балаларымыздың оқу ақыларын төлеген кездеріміз де болды.Бір де бір баламыз оқуларынан шығып кеткен жоқ.
-Сол балалар бүгінде Сізге келіп тұра ма?
-Әрине,хабарласып тұрады,бірақ,олармен жиі кездесе беруге менің уақытым жетпейді.Бір жағдай есіме түсіп отыр.Мен Бибі-Ана болмай тұрғанда да талай балаға жәрдем бергенмін.Сондай балалардың біреуі арада талай жыл өткеннен кейін мені теледидардан көріп,іздеп келді.Өзі мықты кәсіпкер екен,бір құшақ гүлі мен әртүрлі силықтары бар,қайтыс болған ағасының балаларын өзі қамқорлығына алып жүргенін айтып,мені риза етті.Мен бір баланы үйіме шақырған емеспін.Жұмыс орныма гүл әкелсе де «Гүл дегеннің қанша тұратынын мен жақсы білемін,гүлді бастық болғанда әкелерсің,тамағыңды тойдырып жүр»деймін.Адамды өзіңе тәуелді ету үшін жасаған жақсылық өзіңе де жақсылық болып қайтпайды ғой.Мен біздің балаларымыздың өздерінің шешелерін бағып отырғандарын, іні,қарындастарын өздері оқытып жатқандарын біліп отырамын,маған одан артық не керек?!
-Сіздің жақында туған жеріңіз Шалқарда тұратын,көпбалалы мүгедек анаға сегіз бөлмелі қымбат үй сатып алып бергеніңізді естіп,қуанып жатырмыз.Сіздің жасап жүрген жақсылықтарыңызды айта бермейтініңіз дұрыс деп есептейсіз бе?
- Қазақтың «Оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың білмесін»дейтін мақалы бар ғой.Бір кішкене ғана жақсылық жасап,теледидарға шығатындарды түсіне бермеймін.Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Бағила деген мүгедек анадан хат алдым.Үйлері құлайын деп тұрғанын,жағдайының өте ауыр екенін жазыпты.Сол сәтте Бағилаға хабарласып,қолымнан келгенше көмектесетінімді айтып, жұбаттым.Әкімшілікке телефон соғып,пәтерде тұрған мүгедектердің тізімін бөлек жасап жіберулерін өтіндім..Алдында ғана менің өтінішіммен Тайбек деген мүгедек азаматқа пәтер берілген болатын.Ауылдан ауданның орталығына көшіп келіп жатқандарды үймен қамтамасыз етудің оңай болмай жатқанын білемін.Бағиланың мүгедек қызы қоларбада отырады екен,өзі «Алтын алқаның»иегері,өзі де соңғы баласын туғаннан кейін мүгедек болып қалған.Үйдің төбесінің жуық маңда көрінбейтініне көзім жеткен соң,балаларыммен ақылдасып,ақыры өзім үй сатып алып беретін болдым.2016-жылдан бері өздеріңіз көріп отырған кітабым Қазақстанның барлық аймақтарында сатылып жатқан.Біраз қаражат жиналып қалған екен. Бір айдың ішінде жақсы үй табылды.Сегіз бөлмелі,ауласының өзі 15 сотық,бірнеше сарайы бар,кезінде Шалқарға белгілі,беделді бір азамат салдырған екен.Ол кісі қайтыс болғаннан кейін балалары мен кемпірі Ақтөбеге көшіп,үйді сатуға қойған.Мүгедек аналар мені осы «Тауқымет»романы арқылы тапқан еді.Енді осы «Тауқыметтен» түскен ақша Бағиланың от басына бұйырыпты.От басымызбан біз де қуанып жатырмыз,ел де қуанып жатыр.Ақтөбеден телефон соққандар «Апа,біреу бір қаламсап берсе теледидардан көрсетеді ғой,қыруар қаражат жұмсап жатсаңыз да ешуақытта ешжерде айтқызбайтыныңыз қалай?»деседі.Мен өзімді білемін,атақ үшін,даңқ үшін ешуақытта ештеме істеп көрген емеспін.Арзан жарнама енді маған жараспайтын болар,тіпті осы күнге шейін сайт ашуды да ойламаппын.Кезінде менің өзім туралы мен құрған Қоғам туралы жазылған 700 ден астам мақалаларды біреулер өртеп жіберсе де,мүгедек аналардың қолында сақталған,орысша қазақша 200-ден астам мақаланы жақында ашылған сайтыма(bibiana.kz) кіргіздім.
- Сіз кімге сиынасыз?
-Менің Алладан кейін сиынарым-Халық! Халықты ешкім алдай алмайды,халық ақты да,қараны да өзі елеп-екшеп бере алады.Арманым,халқымның адал қызы болып осы өмірден өтсем,осы өмірге босқа келіп,босқа кетпегенімді ұрпақтарым айтып жүрсе...
-Мен Шалқардың қызымын,жақында елге барып қайттым.Сіздің елге істеп келе жатқан қолдауларыңызды жерлестеріңіз аңыз етіп айтып жүр.Талай жылдан бері орындарынан тұра алмай инсульт,инфаркт болып жатқан азаматтар сіздің арқаңызда аяқтарына тұрып кетіпті.Дәрігерлердің шаруаларына да қайырымдылық жасайтын адамдар кірісуі керек пе?
-Жаным,қайырымдылық қазақтың қанымен бірге жаратылған.Жер жүзіндегі барлық халықтан біздің өзгешелігіміз,ол-қайырымдылығымыз.Бұл жөнінде менің кітабымда анық жазылған.Қай кезеңде де бізді тығырықтан шығаратын да қайырымдылық.Тек қайырымдылық есеппен жасалынбау керек.«Туған күніммен құттықтамады,мейрамдармен құттықтамады,мен оған сондай жақсылық жасап ем»дейтін біреулердің сөздерін мен түсінбеймін.Мен біздің Қоғамның атынан диплом алып жатқан балаларымызға «Сендерден өтінішім,ең болмаса он адамға қайырымдылық жасап жүрсеңдер менің еңбегімнің қайтқаны»деймін.Біздің тәрбиемізді көрген бір де бір баланың жамандыққа бармайтынына мен кепіл бола аламын.
Дәрігерлердің шаруасына да кірісуге мәжбүр болатын кездерім болады.Өзің Шалқардағы Жансерік деген азаматты таниды екенсің.Ол кісінің әйелі қайтыс болған,өзі бірнеше жылдан бері қоларбада отырады екен,баласы бірнеше жылдан бері жұмысқа тұра алмай жүр екен.Менің өтінішіммен баласы сол күні жұмысқа қабылданды.Жансерік мырзаның алғыс хатындағы «Бірнеше жылдан бері тұра алмай отырған арбамнан тұрып кеткендей болдым ғой апатайым-ай»деген сөздеріне қалай тебіренбессің.Сол Шалқарда тұратын, екі қолы иығынан кесілген Тайбек деген мүгедек азаматтың екі баласы бар екен, өздері ауылдан көшіп келгендерін,жалдамалы пәтердің ақысын төлей алмай жатқандарын,тағы да басқа қиындықтарын жазыпты.Әкім «Бір жетінің ішінде пәтерді қайдан табамын апатай-ау» деп шырылдай бастап еді еді,мен де айтар сөзімді айттым.Үш күннен кейін жаңадан салынып біткен үйден Тайбекке үш бөлмелі үй берілді.
Төсегінен тұра алмай,инсульттің азабын тартып,көзінің жасы тиылмай жатқан Қотыртас деген станцияда тұратын Жарасқан деген жігіттің жұбайынан хат алдым.Күйеуіне ота жасатуға ақша сұрапты,барлығы ақша сұрайды.Көп ұзамай Ақтөбеде тегін ота жасалынатын болды.Қотыртаста пойыз бір-ақ минөт тұрады екен.Сал болып жатқан адамды бір минөтте пойызға отырғызу мүмкін емес екенін білгеннен кейін Ақтөбедегі пойыздың басшыларына телефон соғып,пойызды ең болмаса бес минөтке тоқтатуларын өтіндім.Аман-есен Жарасқан Ақтөбеге жеткізіліп,ота сәтті болып,одан кейін «Дару»деген сауықтыру орталығында емделіп,осы күні өз еркімен жүріп,сөйлеп те кетті.Бұдан артық адамға қандай қуаныш болуы мүмкін.
-Мүгедектерге арналған заңдар өз нәтижесін беріп жата ма?
- Заңға бағынбайтын шенеуніктер аз емес.Мен оларға «Отыз жылдан бері қайырымдылық жасап келе жатқан менің тәжірибем бойынша бір де бір мүгедек те,басқа да заңнан ауытқымайды.Айлап -жылдап,қабылдамасаң,өзі қиналып жүрген адамды жерге тыға сөйлесең,сені жамандамағанда кімді жамандайды» деймін.Өздеріне тиесілін ала алмай,әбден титықтағаннан кейін мені іздейді.Әрине,қарапайым халық үшін шырылдайтын адам бастықтарға ұнамайды.Ешуақытта біреуге ұнау үшін тырбанып көрмеген мінезім өзімнің жан-дұниемнің қалауына қызмет етіп келеді.Сөзің өтімді болу үшін мен сияқты отыз жыл бойына мүгедек аналар үшін отқа да,суға да түсуің керек,олардың отына күйіп,суығына тоңып,адал қызмет етуің керек.Шенеуніктер мен халықтың ортасында жүретін бір алтын көпір болуы керек.Ол алтын көпірді басқарып отырған адам халықтың сенімінен шыққан,беделі мен абыройын өзінің қара басына емес, тек қана сол алтын көпірдің шаруасына жұмсауы керек.
Ол алтын көпірдің аты Қоғамдық үйым!
Қоғамдық ұйымдарда бюрократия деген болмайды.Халықтың нақ ортасында жүргендіктен,кімге қандай көмек керек екенін ол ұйымды басқарып отырған адам жақсы біледі.Халықтың арасында пендешілікке салынатын адамдар да кездеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын болған бір жайды ешуақытта ұмытқан емеспін.Бес баласы бар,қаланың шетіндегі жалдамалы пәтерде тұрып жатқан қазақтың бір от басына пәтер алып берейін деп жатқанымызды естіген,қаланың ортасында екі бөлмелі үйі ,саяжайы бар,ұлты орыс келіншек«Бибі-Ана,сізге адамды ұлтқа бөлу жараспайды,мен де кезекте тұрмын,бүгін,ертең балам үйленеді,маған үш бөлмелі үй керек,мен де мүгедекпін»деп зіркілдеді.»Перед вами кто сидит,балерина оперного театра что ли?! Я тоже инвалидка,работаю 14 часов в сутки,а вы выспались и пришли тут мне права качать?!Я вам дам машину,сьездите и посмотрите в каких условиях живет женщина инвалидка с детьми»деп айқай салдым.Осындай жағдайлар болмау үшін үкіметтің сенімді өкілдері көбірек болуы керек.Ол өкілдер халықтың ортасында жүргендіктен кімнің кім екенін жақсы біледі ғой,анда-санда бір топ болып келіп, ауданның басшысының қонақасысын ішіп қана кететін мықты шенеуніктер құйрығы тесіліп,жылдап орындарынан тұра алмай жатқан мүгедектердің от басына бармайтыны анық.Президент әкімшілігіне жанын жалдап жетіп алып,маған ақыл айтқысы келетін бір сылқымдар бар,олардың тек қана туыстары мен таныстарының қамын ойлайтындарын біліп отырып,мен қалай оларға басымды иемін?! Жемқорлық пен әділетсіздікке жол беріп отырғандардың кімнің алдында абыройы болуы мүмкін?! Әкімдердің шаруасы сол жемқорлар мен әділетсіздерді жақсы қарсы алып,жақсы шығарып салумен біте ме?! Көзбояушылықтың көкесін есі кіре бастағаннан көріп келе жатқан ҰРПАҚҚА әділетті бол,шындықтың жағында бол,екжіүзді болма,қайырымды бол,үлкенді сила,кішінің басынан сипа,абырой қасықтап жиналады,абыройсыз келген байлықтың кеспаты мен қасыреті мол деп кірпігімізді қақпай тұрып айта аламыз ба?!
Абырой қасықтап жиналады,абыройсыз келген байлықтың кесапаты мен қасіреті мол екенін бізге өмір күн сайын дәлелдеп беріп жатыр.Сондықтан,миллион тапсаң сол миллионның жүз мыңын қайырымдылыққа жұмсасаң от басыңа екі миллондық жақсылық келетініне менің талай рет көзім жеткен..
-Қазақстанның бар аймағынан «БИБІ-АНА»Қоғамының филиалдарын ашқан болатынсыз,неге олар бүгінде де жұмыс істемей ме?
- Мемлекеттік емес ұйымдардың филиалдарын басқару оңай емес.Қандай болғанда да олар сол жергілікті жердің басшыларына тәуелді.«БИБІ-АНА»Қоғамының шаңырағы бір түнде ортасына түсіріліп,мен қолыма қылышымды ұстап,күреске шығып жатқанда ең бірінші соққыны менің филиалдарымның басшылары көріп жатты.Себебі,Қазақстанның бетке ұстар адамымен соттасу деген шенеуніктердің санасына симайтын сенсация болды ғой.Мүгедек аналардың ішінен Бибі-Анаға қарсы шығатындар ізделіп жатты.Жолдары жабылып жатқан филиалдардың төрайымдарын ойлап,қатты жүдедім.Балаларымды менің денсаулығым алаңдата бастады.Ақыры Республикалық құрылтайда «БИБІ-АНА» деген қайырымдылық қоры құрылды да,филиалдар «БИБІ-АНА» деп емес,мүгедек аналардың облыстық филиалдары болып қалды.
- Байлық бар жерде бақыт бар дейтіндерге не айтар едіңіз? Өзіңіз байлыққа қалай қарайсыз?
-Байлық пен молшылықтың арасы жер мен көктей.Адам еркін өмір сүріп,еркін тіршілік жасау үшін молшылық керек.Ең бастысы адал еңбекпен от басына кірген кіріс бала-шағаның білім алуына,дұрыс киінуіне,ел көріп,жер көруіне жететіндей болса,болашақта оның немере,шөберелері де молшылықта өмір сүреді.
Менің байлығым өзіме толастамай келіп жататын алғыс хаттар,от басымның амандығы,балаларым мен немерелерімнің қуанышы,от басымдағы молшылық.Алпыс жылдан бері мүгедек болсам да Алланың жұмыс істеу қабылетімнен, халыққа қызмет істеу қабылетімнен, мүгедек аналар мен олардың балаларына қайырымдылық жасау қабылетімнен айырмай келе жатқанына ризамын.Егер адам атаулының барлығы өзіңнің жаныңа жалау бола алмайтын тілі жоқ,жаны жоқ қу дүниеден бақыт іздеулерін қойса мына тылсым дүние мүлдем басқаша болып өзгерер еді.Бір болған жай есімнен кетпейді.Жетім балаларға байланысты үлкен бір даулы жиында менің жанымда отырған екі әйел бриллиант пен мебельдерін әңгімелеп отырғанын құлағым шалып,бір-екі рет ала көзіммен қарап қойып отырдым.Үзілісте олармен шекісіп қалдық,мен оларға «Жаным,сен алтынның не екенін білмей түрғанда мен құлағыма бриллиант таққан бикеш ем,сен мебельдің не екенін білмей тұрғанда менің үйімде арабтың гарнитуры тұрғанды,осы жерге үйіңдегі дүнияңды жарнамалау үшін келдің бе?»дедім.Сол келіншектер енді бастық болып алып,қолдарынан келгенше менің жолымды жауып жүр.
-Туған еліңізде мүгедек балаларға арнап сауықтыру орталығын салдырайын деп жатқаныңызды естідік.Басқа аудандарда сондай орталықтар бар ма?
-Иә,күн сайын өсіп жатқан мүгедек балаларды көп ойлайтын болдым.Осы Алматыда мүгедек балаларға арналған бірнеше Орталықтар бар.Мүгедек балалардың көптігі сондай,сол Орталықтар мүгедек балаларды бәрін қабылдай алмай жатыр.Кезегі келсе де,әрқайсысы бір ай ғана ем қабылдайды,сосын тағы бес-алты ай күтеді.Мүгедек балалар арасына бір күн салмай,үзіліссіз емделуі керек,сонда ғана нәтиже шығады.Мені емдеген академик Сызғанов менің әкеме»Қызыңыздың төсектен тұру тұрмауы айналасындағы адамдарға,сосын өзіне байланысты»деген.Менің әкем ең алдымен анама «Бір де бір жан менің қызымды мүсіркемейтін болсын,мен қызымды қалайда аяғына тұрғызамын»деген еді.Әрине,менің анам массаж жасауды үйренді,әкем курорттарға алып барды.Қазір ауылдағы жұмыссыз отырған жұрт мүгедек балаларына жағдай жасай алмайды.Жақында бір шенеунік әйел «Бәрібір ол балалар сауықпайды ғой»деді.Қайғыдан қан жұтып жүрген ананы жұбатып,жағдай жасайтын шенеуніктеріміздің сөздері жоғарыдағыдай.
Ақсұйек тұқымынан шыққан,кенеттен полиэмелит ауруына ұшырап, ақыры екі аяғынан айырылған Рузвельт 20 жыл алып Американы басқарған,миына қан құйылып кетпегенде Рузвельт талай жыл Президент болып тағы бірнеше рет сайланатынының анық екенін Американың халқы осы күнге шейін айтып жүретінін оқыдым..Аяғы жүрмегенмен есі дұрыс балаға өзі сияқты балалармен бірге ойнауға жағдай жасамау деген,оның білімін ашып,емдемеу деген қиянат емес пе?
Өркениетті елдерде «Мүгедек»деген сөз жоқ,соқырларды басқаша қарайды,басқаша көреді дейді.Ақсақ болса басқаша жүреді дейді.Басы істемеген адамды ғана олар мүгедектер қатарына жатқызады.Мен асырауында балалары бар мүгедек аналар Қоғамын құрғанда менен «Олар балаларды асырап алған ба»деп сұраушылар көп болды.Жап-жас әйел кенеттен әртүрлі жағдаймен мүгедек болып қалғанда тастап кететін күйеулер де аз емес. Менің тәжірибем бойынша бір де бір әйел мүгедек күйеуін тастап кетпейді,ер азаматтарымыз нәзік халық қой,қиындыққа шыдамайды.Менен де «Екі балаңды өзің тудың ба?» деп сұрағандар болған.Мүгедек адамды өтірік мүсіркеушілер де,реті келген жерде кеміткісі келетіндер де арамыздан табылып жатады.Отының басында берекесі жоқ,әйел болып та,әже болып та,азамат болып та,азаматша болып та жарытпай жүрген,бір адамға қайырымдылық жасай алмайтын біреулер мені осы күнге шейін кемітіп,мұқатқысы келіп тұрады.Ондайларға менің жаным ашиды.
Тек қана туған елімде емес,барлық аудандарда мүгедек балалардың сауықтыру Орталықтарын Алла ғұмыр берсе салдыруға ықпал жасау арманым.Әуелі өзімнің туған елімнен бастамақшымын.Ол Орталықты салудан гөрі,ол Орталықта жұмыс істейтін адамдарды жасақтау қиын болып жатыр.Мүгедек баласы бар келіншектерді осы Алматыға шақырып,массаж,тағы басқа балаларына керек курстарды оқытпақшымыз.Шалқарда тоғыз мектеп бар,биыл 300 ден астам бала мектеп бітіреді екен.Мектептің директорларымен жұмыс істеп жатырмыз,ол Орталықта жоғары білім бар дәрігерлер,мұғалімдер жұмыс істеулері керек.Бізге қажетті мамандардың жоғары білім алып шығуы үшін барлық шығынды өзіміз көтереміз.Біздің талабымыз «БИБІ-АНА»қорының атынан жоғары білім алған балалар мүгедек балалардың орталықтарында кемінде бес жыл жұмыс істеулері керек.
-Белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың да,сіздің де шығармаларыңыздың мемлекеттік сыйлықты ала алмай қалғанына шынымен қынжылдық,мемлекеттік сыйлықтың айналасында әділеттік орнайтынына сенесіз бе?
- Менің «Тауқыметім» мемлекеттік сыйлықтың есігнен де сығалай алмай қалды.Себебі, «Тауқымет» талқылауға да жіберілмеді.Комиссияның бір мүшесі Дулат Исабеков деген жазушы менің кітабымды көрісімен «Иманғазинаның мына кітабын мен 1995-жылы«Жазушы»баспасында директор болып отырғанымда шығарып бергенмін,заң бойынша біз соңғы бес жылда ғана шығарылған кітапты талқылауға жібереміз ғой»деп,бойына біткен өтірігімен айналасын сендіріпті.
Дулат Исабеков өзінің өтірікші,қиянатшыл екенін тағы да дәлелдеп берді.Өзін өзі әшкереледі...
Кеңес дәуірінде де кітап шығару оңай болмайтын.Тоқсаныншы жылдың басында,менің қолжазбамды оқыған,бірнеше жыл құдайы көршім болған досым менің «Тауқыметімді»шығарту үшін «Жазушы»баспасына 600.000 сом ақша аударды.Бұл енді ол кездегі есеппен он автокөліктің құны болатын. «Жазушы»баспасы келісім-шарт бойынша сегіз айда шығуға тиісті менің кітабымды екі жылдан астам уақыт шығармады.Есесіне Дулат Исабеков өзінің екі томдығын шығарып алды.Мен Дулат Исабековті сотқа беріп,оны1994-жылы жұмыстан шығартып жібердім.Сонда оны соттатып жіберуім керек еді,жауды аяғанның жаралы екенін мен ол кезде білмедім..Мен архивімде жатқан соттың бірнеше шешімдеріне сүйене отырып «Өзіңді өзің әшкерелеп отырсың,Дулат Исабеков»деген мақала жазып,баспа беттеріне шығарттым.Мені ғой талқылауға да түсірмей тастады,ал,талқылауға түскен осы заманның классик ақыны,поэмалары он алты тілге аударылған, Ғалым Жайлыбайдың екінші рет мемлекеттік сыйлықты ала алмай қалғаны менің жігерімді құм етіп «Жауапсыздыққа таңданамын»деген мақала жаздым.Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал», «Тамакөшкен» деген екі поэмасының тырнағына тұрмайтын дүнияларымен мемлекеттік сыйлыққа ие болған ақындар да,маған жала жапқан өтірікші Дулат Исабеков те жер басып жүр.
Сыйлық алудың құйтырқы жолдарының талаптарын орындау қолымнан келмейтінін тағы бір рет мойындадым.«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ пен « Құрмет»орденін мен тек алатын күні ғана білдім.Менің намысымды аяқ асты етпей келген бұл марапаттар мен үшін өте ыстық.
-Сізді мінезі дөрекі,мәдениетсіз,адамның бетін жыртып сөйлейді дейтіндермен келісесіз бе?
-Бұл енді қолынан іс келмейтін,өсекші шенеуніктердің таратып жүрген лақаптары.Істеп отырғандары қиянат болса,кішкентай ғана мәселені шешпей, айлап,жылдап мүгедектерді сандалтып қойса олардың мен бетінен сүймемйін ғой.?Сотқа бермей,жұмыстан шығартпай дөрекі сөйлегеніме шүкіршілік етудің орнына мен туралы әртүрлі әңгімелерді құрастырып жүретіндерге «Сенің деңгейіңе түсе алмағаным үшін сенен кешірім сұраймын»дер ем.Бірақ,олар менің көзіме де көрінбейді ғой.Бір де бір мүгедек ана мен туралы жаман сөз айтқанын естіген де,сезген де жоқпын.Жеті жүзден астам мен туралы жазылған мақалалар осы сөзімнің куәсі.Кішкене ғана мәселені шеше алмайтын,жоғарыдағы бір мықтысына сүйеніп,қыр көрсететін басшылардың алдында бұлаңдай алмаймын.Халық сені мойындаған сайын әртүрлі қауесеттер де көбейеді.Мені мәдениетсіз дейтін адамдардың өздері мәдениет дегеннің исін біле ме екен?!Мүгедектер анда барады,мында барады,жазған хаттарына жауап ала алмайды,ақыры мені табады.Бет аузында бас тиындық ақылы жоқ бюрократтармен сызылып сөйлесе алмаймын,ол кезде қалайда өзіме еңіреп хат жазып отырған адамның шаруасының оң шешілуін ғана ойлаймын.Мен от басыма кім болса соны келтіре беретін адам емеспін,мені білмей,көрмей сыртымнан даттаған адамдарды мен адам қатарына қоса алмаймын да,олардың сорлы болып жаратылғандарына жаным ашиды.
-Сіз мүгедек аналарға,олардың балаларына көп жақсылық жасап келесіз.Тоқсаныншы жылдары әрбір ректор,кәсіпкер қол ұшын беруге тырысқан екен.Сол сіз бастаған кездегі мүгедектердің жағдайы мен қазіргі мүгедектердің жағдайы қалай?
-Тоқсаныншы жылдары қазақтың егемендік алғанына естері шыға қуанған Ел қандай қиыншылыққа да шыдап бақты.Себебі,болашаққа сенімдері мығым болды.Ол кезде бай деген,жарлы деген сөз болған жоқ.Кішкене ғана кәсіпкерлердің өзі қайырымдылықпен айналысып жатты.Тоқсаныншы жылдары Қоғамдық ұйымдар да өте көп болды.Біз күні-түні,шаршап,шалдығып қызмет еттік.Сол кездегі менің еңбегімнен хабарлары бар басшылар қазір де менің өтінішімді жерге тастап жатқан жоқ.Қазірде де солай,әйтпесе қоларбада отырған мен төрт айда жүзден астам алғыс хат аламын ба?
Жемқорлық өрттей қаулап өскен сайын кедейлер де көбейіп барады.Жұмыс істейтін,завод,фабрикалар жоқ.Жұмыссыздық жойылмаймынша кедейлік те азаймайды.Байлар байыған сайын қайырымдылық та азайып барады.Сөйтіп,кедейлердің тұрмысы баяғы тоқсаныншы жылдардағы деңгейге қайтадан түсіп кетті.Бұлай болып жалғаса беруі мүмкін емес,тығырықтан шығатын жолдың ауылы алыс емес сияқты,мен соны сеземін.
-Сіз қандай адамдарды жек көресіз? Өзіңіз жазған Радио әже сияқты өсекшілерге бүгінде қалай қарайсыз?
- Радио әжеміз өсекші емес екен,алуан түрлі өсекші азаматтардың жанында Радио әжеміз жіп есе алмай қалды.Радио әжеміздің ешкімге зияны жоқ,ақкөңіл,дарақылау ғана адам болатын.
-Күншілдік дегенге қалай қарайсыз?
-Қызғаншақ,бетіңе күле қарап тұрып,жаны күңіренетін,біреудің қайғысына қайғыра алмайтын,қуанышына қуана алмайтын адамдар ең қауіпті адамдар.Біреудің қунышы жанын өртейтін адам өмірі бақытты болмайды.Өзін іштей жегідей жеп,өмірі иттен әрі,кісіден бері болып жүреді.Ондай адамдардан бойларыңды аулақ ұстаңдар,күншіл адамдар ештемеден тайынбайды,себебі,олар бойында ар да,намыс та,ұят та болмайды.Менің мүгедек,көпбалалы анаға үй сатып алып бергенімді де әр саққа жүгіртіп жатқандар бар екенБұл енді күншілдік пе,күншілдік!.Адамшылықтан жұрдай Біреу «Бибігүл Иманғазина біреуге үй алып беретіндей ақшаны қайдан алады? Бұл әйел біреуден алып біреуге беріп жүретін жулик әйел-ау,бұл әйелді Дулат Исабеков мемлекеттік сыйлықтың есігінен де сығалатпай тастады ғой»деп жазыпты.Ешқандай дәлелсіз,адам баласын осынша балағаттайтындай,біреудің қуанышын аяғына таптайтындай бұл не деген ызақор,не деген жауыз адам еді!Кезінде менің кітабымды шығаруға аударылған ақшаға өзінің кітабын шығарып алып,мені зар еңіреткен Дулат Исабеков адам екен де,мен жулик екенмін ғой.Олар көзіме көрінсе түрмеге тығар ем,сорлылар мені сырттай ғана ғайбаттаудан жалығар емес.Олар адам емес,төрт аяқты аюандар! Ахмақтың ахмақтығын пайдаланып итше үргізіп жүрген оқығанның надандары Алланың қаһарына ұшырары анық,тек бала-шағасынан аулақ.Бізді ата-анамыз басқаша тәрбиеледі,сенгіштігімнен осы күнге шейін жапа шегетін кездерім жиі болып тұрады,бірақ,сондай пысықайлардың менің алдыма түсіп бара жатқанын да көрмей келемін.Алғыс алмайтын,тек қана қарғыс алатындарды өзгерту мүмкін емес!Олармен арпалысып,алтын уақытты қор қылғанша бір адамның көз жасын құрғатудың дұрыс екенін мен жақсы түсіндім. Оларды бір Аллаға ғана тапсыру керек!
-Жақында бір жазушының «Бүгінде қалың романдар оқылмайды»дегенін оқыдым.Осы жөнінде сіздің пікіріңізді білгім келеді?
- Бұл енді ешуақытта қалың роман жазып көрмеген адамның,немесе жазуы таусылған адамның сөзі ғой.«Тауқымет» те қалың романға жатады ғой.Қалың роман оқылмаса менің кітабымды ешкім сатып алмас еді.Сіздер менің қалың романымды оқымасаңыздар,үш сағаттан бері таусылмай жатқан сұрақтарды қайдан алар едіңіздер?
-Қазақстанның тұрмысы көтеріледі деп ойлйасыз ба?
-Тоқсаныншы жылдары Қазақстанның жұртшылығы егеменді ел болғанына қуанып,болашағына сеніп,бар қиындыққа шыдады.Ол кезде бай,олигтарды білмедік...Жұртшылық қолдарынан келгенше бірін-бірі сүйреледі.Оны «Тауқымет»тен оқыған боларсыздар.Ал,бүгінде байлар байып кетті де,кедейлер кедейленіп барады.Бұл енді біздің қасіретіміз.Халықтың қамын ойлайтын биліктегі екіжүзді,мансапқор,жағымпаз азаматтарымыз жемқорлықтың академиктері болып алды.Халықтың нәпақасын өзара бөлісіп,қанды қолдарын мемлекеттің қазанына аямай салып келе жатқандарына да бәленбай жыл болыпты.Менің анам «Алла асықпайды,Алла семіртіп барып сояды»деп отыратын.Анамның осы сөзіне талай рет куә болып келемін.Халықты жұмыссыздық пен әділетсіздік шаршатты.Жұмыс орны болмайынша,аяқтарын басқан сайын көретін әділетсіздік пен жемқорлықтан құтылмайынша Халықтың маңдайы ашылмайды.Қазақтың «Елу жылда ел жаңа»деген нақыл сөзі ғана көңілге медеу,ұрылардың беті ашылып,алатын жазаларын алып жатқанын жұртшылық біліп отыр.Тағы бір оншақты жылдан кейін заводтар,фабрикалар салынып,халыққа қажетті жаңа заңдар қабылданып,еліміздің алға басатынына менің сенімім мол.Бұл жерде менің сіздерге айтарым ұлы гуманист Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе алдымен өзің өзгер» дейтін сөзін айтқым келеді.Мемлекеттің әр от басынан құралатыны белглілі ғой,мемлекеттің міндеті мен өзі міндетіңнің ара жігін айыра білу де әділеттілікке жатады.
-Басынан алуан түрлі тауқымет өтсе де,сол тауқыметтен азбай,тозбай жеңіп шығуды ғана ойлай алған,өзінің әдемілігін, өзінің адамгершілігін,ақпейілін сақтап қалған,сіз сияқты қазақтың әр қызы бар әлемге үлгі бола алады.Романыңыз қай тілдерге аударылады? Қазақ деген елді бір күнде бар әлемге танытқан Димаш сияқты сіздің «Тауқымет» романыңыз да қазақ қызын бар әлемге танытатынына күмәніміз жоқ.
-Рахмет.рахмет.Әзірше Мәскеуде орыс тіліне аударылып жатыр,сосын Алла қаласа ағылшын,қытай тілдеріне аударылады.
-Неге депутат болуға талпынбадыңыз?
- Мүгедек аналардың өтініші бойынша екі рет депутат болуға талпындым.Мен жинаған дауыс басым болса да,өтпей қалдым.Әділетсіздіктің талайымен бетпе-бет кездесіп келе жатырмыз ғой,әр адам өзінің қолынан келетін тірлікпен ғана айналысу керектігіне тағы бір рет көзім жетті.Депутат болу үшін, әртүрлі сыйлықтар алу үшін мінезің де,жаратылысың да басқаша болу керек.Қара басымның пайдасы үшін ешкімнің алдында тіземді бүкпеуім үшін Алла тағала менің тіземді бүгілмейтін етіп қойған болуы керек.Сыйлықтарды алудың құйтырқы жолдары сияқты депутаттыққа өтудің де құйтырқы жолдары менің қолымнан келмейтініне менің көзім әлдеқашан жеткен болатын...
ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІ