Қазақстан Жазушылар одағы республикалық Жасөспірімдер кітапханасымен біріге отырып оқырмандар арасында ең танымал болған кітаптарға ашық бәйге жариялаған еді. Бәйгенің шарты жалғыз-ақ – кітапханалар қорынан ең көп алынып оқылған кітаптар және ол кітаптарға келіп түскен оқырман лебіздерінің көптігі. Бәйгеге республика баспаларынан тек соңғы жылдары орыс-қазақ тілдерінде жарық, көрген көркем туындылардың барлығы да қатысты. Іріктеу жұмыстарының нәтижесінде бәйгенің соңғы турына 85 кітап жіберілген болатын.
Жуырда осы бәйгенің қорытындысы шығарылды. Бірінші орынға оқырмандардан 500-ден астам хат келіп түскен Бибігул Иманғазинаның «Тауқымет» атты романы ие болды. Бүгінгі заманымыздағы әйел бейнесін шынайылығымен суреттеген бұл шығарма туралы оқырмандар пікірі ортақ үдеден шыққан.
«Қазақ әдебиеті»
1 қаңтар, 1993 ж.