Отырып атқауға болатын барлық қызметтерді мүгедектерге бөліп берген дұрыс болар еді

– Балалары бар мүгедек аналардың басын құрап, алдымен қалалық, кейіннен Республикалық қоғам құрғаныңызды білеміз. Алдағы Мүгедектер күні қарасаңында мүмкіндігі шектеулі жандарды нендей жаңалықтармен қуантасыздар?

– Әрине, кім де болса, «Мүгедектер күні кұтты болсын!» деп айтпасы анық қой.Жалпы мен осы мүгедектер деген сөзді түбірімен құртуды ойлап жүрмін.Енді мүмкіндігі шектеулі деген шығыпты.Неге олардың мүмкіндіктерді шектеулі?! Тырмыса білгеннің барлығының мүмкіндіктері шектеусіз.Мен үшін санасыз адам ғана мүгедек! Мен бірде бір шенеунік де әйелдің «Мүгедектерді мүгедектер күнімен қалай құттықтарымды білмей тұрмын» деп әбіржіп тұрғанын көрдім. Мүгедектер күні қарсаңында мүгедектерге байланысты жылдап шешілмей келе жатқан бір мәселе шешіліп жатса, пәтерге он жылдан артық кезекте тұрғандарға пәтер беру, автобус, троллейбустарда тегін жүрулеріне және коммуналдық төлемдерін жеңілдету туралы жарлық, қаулылар шығып жатса, сол шыққан жарлықпен мүгедектерді құттықтап жатса, жарымкөңіл жандардың алдында қызарып тұрмас едік қой. Мүгедектердің қолына бір қорап кәмпит пен бір келі шайды біз ай сайын да бере аламыз.

Біз мүгедектер күнін биыл құрылысын әзер бітірген, балаларымыздың тойын өткізетін әдемі мейрамханамызда атап өтпекпіз. Биыл біздің қоғамымыз арқылы жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан үш баламызды құттықтаймыз.

– Мүгедектердің жағдайын жақсартуға Үкімет тарапынан қандай қолдаулар көрсетіліп жатыр және олардың жағдайын жақсартуда біздің еліміз қай жағынан ақсап тұр?

– Адамзат баласына не нәрсе қажет болса, мүгедектердің де қажет нәрсесі өте көп. Өкініштісі, Үкіметке жылына бірнеше рет хат жазсақ та, депутаттардан бірде-бір жауап ала алмаймыз. Үкімет тарапынан ең алдымын, бізге істелінген жақсылық: бұрын мысалы, жоғарыдағыларға жетім-жесірлерге, мүгедектерге көмек көрсетуге байланысты хат жазсаң, «Біз үкіметтік емес ұйымдарға жәрдем беруге құқығымыз жоқ» деген жауап хат алатынбыз, қазір заңның осы пункті алынып тасталды. Үкіметтің бізге бетінің бері қарағанының өзі – біз үшін үлкен жетістік. Оның өзіне екі-ақ жыл болды. Үкімет тарапынан мүгедектерге нақты ешқандай шара жасалынып жатқан жоқ. Біз балалары бар мүгедек аналарға қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеткенмен, мүгедектердің жағдайын шет елдегідей жасауда әлі де болса артта келе жатырмыз. Мені қынжылтатыны, бізде мүгедектерді кемсітуге бәрі дайын тұрады. Бірде бір азамат телефон соғып «Сіздің қоғамыңызға үш тонна сәбіз қалдырдық» деді. Мен оны әуелі барып көруім керектігін айтып едім, ол «біз сізден ақша сұрап жатқан жоқпыз ғой» деді. Барып көрсем, шіріп кеткен сәбізді қолмен ұстауға мүмкін емес. Ол жігіт менен жақсылап тұрып еститінін естіді.

– Сіз шет мемлекеттерге жиі шығып жүрсіз. Өзге елден мүгедектердіқ қоғамдағы орны жайлы не түйіп қайтушы едіңіз?

– Осыдан біраз жыл бұрын бір топ делегациямен Германияға барғанда оған көзім жеткен болатын. Біз ол жерде әйелі де, жұбайы да мүгедек, екі баласы бар бір отбасының үйінде қонақта болдық. Бөлек бір жеке үйде тұрады екен. Асханалары ат шаптырымдай кең, ерлі-зайыпты екеуі асханада қол арбамен жеп-жеңіл сырғи жүріп бізге дастарқан дайындады, Жатын бөлмелерінен ашылатын есік арқылы аулаларына шығуға жағдай жасалған. Ау­ла да олардың отыруына, ары-бері кіріп-шығуына ыңғайлы. Тіпті қалаларда құрылыс ғимараттарының өзінде мүгедектерге арнайы жасалған жолдар бар. Оны дүкен, қонақүйлерде қол арбаның суреті арқылы белгілеп қойған. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандар қала ішінде де кез келген жерде еш қиналыссыз жүре алады. Шет елде біз сияқты ақсақ-тоқсақтарды мүгедек деп есептемейді екен. Ақыл-есінен айырылған адамды ғана мүгедек деп есептейді де, сол адамдарға ерекше жағдай жасалса, басқа мүгедектердің барлығының жұмыс істеуіне жағдай бар.

– Қиындықпен арпалыса жүріп, «Тауқымет» атты кітап жаздыңыз. Оқырмандарыңыз «осы кітаптың жалғасы қашан жарыққа шығады екен» деп асыға күтуде...

– Мен кітабымды жазғанда тек қана өзімнің басымнан өткен қайғы-қасіретпен күресімді,ана болуды армандағанымды, сүйікті бола білгенімді, сүйе де білгенімді жаздым.

Мен ол кезде «жер жүзінде менен өткен мықты жан жоқ» деп есептейтінмін. Менің өзіме келіп жататын оқырмандарымнан білгенім, жүз әйелге бөліп беретін тауқыметпен күресе білгенім елді таңғалдырған сияқты. Қазір жазылып жатқан кітабымның аты да «Тауқымет». Бұрынғы «Тауқыметті» оқыған адамдардың барлығы «Жылап отырып оқыдық» деуші еді, ендігі кітабымды оқырмандарым жылап емес, «ойланып оқитын болар» деген үміттемін. Аллаһ қаласа, денсаулық болса, келесі жылдың басында кітабымды аяқтап қалармын. Ағылшын, орыс тілдеріне аударту да ойымда жүр.

– Бибі - Ана деген есіммен атыңыз аңызға айналып кетті. Мүгедек аналарға қамқоршы болуды қалай бастадыңыз?

– Жалпы, халық сыншы ғой, бойыңдағы өзің білмейтін қасиетпен өзінді таныстыратын да халық. Мүгедек аналар менің «Я завидую только матери Терезе» деген мақалам арқылы мені тауып алып жатты,мен ең әуелі балаларды тамақпен қамтамсыз етуді қолыма алдым.Сол кездегі  Андрей деген баланың те­лефоннан мамасының шайына енді екі қасық қант салуға рұқсат етілетінін, бетіне қан жүгіре бастағанын айтқанын тыңдап тұрғанда көзімнен жас парлап кеткенін өміру ұмыта алмайтындаймын. Тамақ мәселесін шешіп алғаннан кейін, «мүгедек аналардың балалары немен айналысып жатыр екен?» деген оймен барлығына телефон со­ғып шықтым. Сөйтсем, ешқайсысы оқымайтын болып шықты. Мүгедек аналардың ішінде жігері мықты, болашағын болжай алатын бірнеше ананы кеңес мүшесі етіп алдым да, алдымызға үш мәселе қойдық. Біріншісі – мектеппен жұмысты күшейту; екіншісі – жоғары оқу орындарының ректорларымен жұмыс істеп, балаларды оқуға түсіру; үшінші – мүгедек аналарды мүмкіншлігіне қарай жұмыспен қамтамасыз ету.

Осылайша балаларымыз ақырындап, оқуға қабылдана бастады. Машинама ине-жіптер салып алып, мүгедек аналардың үйлеріне барып, қолдарына ине ұстап көрмеген әйелдерге іс тігуді үйреттік. Демеушілердің көмегімен мүгедек аналарға 47 тігін машинасын сатып алып бердік. Осыдан бірнеше жыл бұрын балаларымыздың шет елге сатылып жатқанын естісімен мен мүгедек аналарды жинадым.Жиналыста Президент атына үндеу жолдадык,үндеуіміз баспа беттерінде жарық көрсе де бізді қолдаған бірде-бір қоғамдық ұйым болған жоқ.

Ақыры не болып жатқанын өздеріңіз оқып жүрсіздер. Жылына 800 бала шет ел­ге сатылып, бала сату жөнінен жер жүзі бойынша, бесінші орында тұрмыз. Білім министрлігіне де барып, кімнің бала сатумен айналысып жатқанын білгім келгені үшін де жазықты болғанмын.

– Біраз жыл бұрын қоғамға арнайы бөлінген жер мен сіздер отырған осы ғимарат заңсыз сатылып кеткенін естіген едік...

– Бірнеше жыл бұрын қоғамымыздың атына көп салалы орталық салыну үшін 2 га учаскелік жер бөлініп, ақырында ол жеріміз даулы болып жатыр. жатыр.Біздің қоғам Абай мен Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы он екі қабат үйдің бірінші қабатында орналасқан. Сол он екі қабат үйді Храпунов мырза 2004 жылы «Алматыгаз» деген жабық акционерлік қоғамға сатып жіберген. Біздің қолымызда Храпунов мырзанын үш жылға 2005 жылдың шілдесіне дейін ақысыз отыруға рұқсат берген қаулысы бар болатын. Заң бойынша, барлық бөлмелерімізді әлдеқашан жекешелендіруге құқымыз бар еді. Бірақ Храпунов мырза «сіздің қоғамның мекенжайы орналасқан он екі қабат үйді кепілдікке қойып, көшелерді асфальттау үшін несие алғанбыз, кепілдіктен құтылғаннан кейін сіз жекешелендіре аласыз» деген болатын. Ақыры не керек, көше де жөнделген жоқ, несие де қайтарылған жоқ, ақырында біз бірінші қабатта отырған он екі қабат үй заңсыз сатылып кетіп, азабын біз тарттық. Үй бар-жоғы 232 миллион теңгеге сатылған. Енді сол зансыз сатылған мемлекеттің үйін қайтару үшін соттасып жатсақ, «Алматыгаз» сол он екі қабат үйді «АлматыГазинжиниринг» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сатып жіберіпті. Көрдіңіз бе, ақшалы азаматтар заңға әлдеқашан түкіріп қойған, заңды сыйламаса да, ең болмаса қорықса екен-ау, халықтың жағдайы жөнделмей жатқанда 365 000 доллардан айлық 20 000 000 доллар сыйлық алар ма еді? Осындай азамат,азаматшаларымызбен біздің еліміздің аяққа тұруы оңай бола қоймас...Санасыздар төбемізді тесетін болды,балақтағы бит басқа шықты деген де осы болар...

– Мүгедектердің әлі де болса, қоғамнан тысқары қалып келе жатқандығы шындық. Нақтырақ айтсақ, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, киіммен, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету және білім беру қазір қандай деңгейде?

– Қоғамымызда мүгедектерге деген көзқарас төмен. Біз оларға кажетті заттарды өзіміз шамамыз келгенше сатып алып беріп жатырмыз. Негізінен, заң бойынша, жеті жылда бір рет мүгедектерге жаңа қол арбалар тапсырылып тұруы тиіс. Алайда мұның бірде-бірі орындалып жатқан жоқ. Ал пәтердің кезегіне жете алмай көз жұмғандар қаншама? Мүгедектерді қамқорына алған ұйымдар біраз бар болғанымен, жұмыс нәтижесі сапасыз болып жатыр. Егер маған билік беріп қоятын болса, мен еліміздегі барлық мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз етер едім.Бүкіл телефон байланысындағы қызметтердің бәрін мүгедектерге берер едім. Ал бізде әзірге екі автотұрағымыз бар. Біразы осы жерде қызмет етіп, табыс табады. Бізде бір жаманы, мүгедектерді бірде-бір жерге жұмысқа алмайды, егер ол адамның қолынан іс келіп тұрса, неге алмасқа? Мысалы, Жапонияда бүкіл байланыс жүйесін меңгеріп отырғандар мүгедектер.Қоларбаларында отырып алып, жер жүзімен байланыс жасап отырады. Басқа да, отырып атқаруға болатын барлық қызметтерді мүгедектерге бөліп берген дұрыс болар еді. Бастысы – олардың ақыл-есі дұрыс болуы қажет. Ал Германияда соқыр адам келе жатса, көшеде бүкіл көлік тоқтап, оған жол береді. Жұмыссыз қалған мүгедектер ол жерде де аз.

– Алдағы уақытта Үкімет тарапынан негізінен, қандай шаралар қолға алынса дейсіз?

– Бірінші кезекте мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ оларға тегін баспана беру – басты мәселенің бірі. Бұрынғы қала әкімі «мүгедектерге жыл сайын арнайы 5 пәтерден беріп тұрамыз» деп сөз берген. Жеті жылдан бері бірде-бір пәтер берілген жоқ. Ендігі 35 пәтер берілетін уақыт болды. Пәтердің кезегінде мүгедектер 5 жылдан артық тұрмауы керек. Менің айтарым, мүгедектердің жағдайы мемлекеттің қарауына алынбайынша, олардың жағдайы жақсармайды. Пәтер мәселесін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов енді-енді қолға ала бастады. Жуырда әкімге жағдайы «ең нашар» деген бірнеше адамның тізімін апарып бердім.

«Айқын» газеті,

7 қазан, 2006 ж.

Сүхбаттаскан Баян СҮГІРБЕКОВА

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта