ҚОШТАСУҒА ҚИМАДЫМ
Бүгін тағы қаралы хабар келді,ақын апамыз,қазақтың аяулы қызы Нәзікен Алпамысқызы дүниеден өтті.
Төсек тартып жатып қалғаннан кейін,апамыздың жалғыздығын ескеріп,таңертең,кешке телефон соғып, жағдайын біліп отырушы ем.Бір күні «Бибіш,ақ Бибішім,,есім барда сенімен қошасқым келеді,саған ризамын,ризамын,мың жаса сұлуым менің»деді әлсіз даусымен.Апамызға мен жіберіп отыратын дәрігерлер сол кезде-ақ,өмірінің санаулы екенін айтса да,мен қоштасудан бас тарттым.Одан кейін де алты ай өтіп кетіпті,қатты қиналды,енді мәңгілік ұйқысы тыныш болса екен...
Осыдан оншақты жыл бұрын телефон соққан Нәзікен апай:
-Бибі-Ана,сіз туралы да,сіз құрған Қоғам туралы да сырттай жақсы білемін.Мені қамқорлығыңызға алыңызшы-деді.
-Иә,саламатсыз ба? Балаңыз неше жаста?-дедім.
-Балам жоқ,жасым жетпістен асты.
-Кешіріңіз,мен құрған Қоғам мүгедек аналардың балаларының жоғары білім алуымен айналысады.
-Менің балам жоқ,маған жоғары білім де қажет емес,мен ақынмын,маған қамқорлық керек.Мен сіздің «Тауқымет»атты романыңызды оқыған адаммын.Маған сіз сияқты мотивация беріп тұратын адам қажет! –Даусы нәзік болса да үнінде бір өктемділік бар еді.
-Мен сізбен кейінірек өзім хабарласайыншы, телефоныңызды жазып қоямын.Сау болыңыз.
Біздің от басымызда бір жиын болатын болса әкем үнемі «Әлгі жетім шал мен жетім кемпірді шақыруды ұмытып кетпеңдер» дейтін.Бірде «Көке,олар неге жетім,үлкен адам жетім бола ма екен?»деп сұрағанмын.Сонда әкем«Қызғалдағым менің,ата-анасы жоқ бала жетім болса,баласы жоқ кемпір де,шал да жетім»деген еді.Әкемнің сол сөзі ешуақытта есімнен шыққан емес...
Нәзікен апайдың аяқ-қолы сау болғанмен,астма деген аурудан мүгедектік алған екен.Танысқан күннен бастап,Нәзікен апаймен күн сайын сөйлесіп тұратын болдым.Кейде сөйлесуге қолым тимей жатса,ашуланып қалатын,бірақ,қайтымы тез болатын.
Нәзікен апайымыз сезімнің адамы еді,кейде он сегіз жасар қыздай қиялдап кететінінін қызық көретінмін...
«Жүзден ең болмаса бір жас аспай бұл өмірді тастай алмаспын» дейтін еді,пенденің қай айтқаны болып жатыр,сексен беске де жете алмай,апамыз өзі сүйетін өмірді тастап кетті.
Аяулы Нәке! Артыңда сенің поэзияңа қамқор болар сіңлілерің,інілерің қалды.Елің,жұртың,достарың,құрбыларың сені ұмытпайды.
Сенің өміріңді ұзарту үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім,қайтейін...Сені қоштасуға қимасам да,өлім өз дегенін істеді...
Қош бол,қош бол,қазақтың жайсаң қызы,ақын қызы,жатқан жерің жайлы болсын...
Жазушы,
Бибігүл Иманғазина
03.12.2020 жыл
«АНА ТІЛІ» газеті