Редакцияға қоңырау шалынды. «Атым – Маркиза. «БИБІ-АНА»мүгедектер әйелдер қоғамында Қадірсіз Жылқышиева деген келіншек істейді. Өзі ауырып жатса да, қиналған сәтімізде рухани дем беретін жан. Сол кісі туралы жазсаңыздар екен.
Оқырман М.Базарбаеваның өтініші бойынша Қадірсізді іздеп, үйіне қарай жол тарттық. Баратын жеріме жақындаған сайын өмірден шаршаған, жаны да, тәні де жадап-жүдеген, өкпесі ұшан-теңіз адам қарсы алатын шығар деген ой еңсемді баса берген. Бірақ төсекте жатқанымен ашық-жарқын, жүзінен қайғының сызы да білінбейтін Қадірісізді көргенде бір серпіліп қалдық. Қасында отырған екі сағаттың ішінде телефон құлағына тыным болмады. Анасын сұраған жұрттарға кезек-кезек қыздары Дамиля мен Динара жауап беріп жатты.
1989 жылдан бастап үйде отырдым. Ине шанши білмейтін адам едім, іс тігуді үйреніп,ақша таба бастадым.Пысықтығымның арқасында бірте бірте мамандығым бойынша үйде жұмыс істейтін болдым. Дәрігерлер маған «рассеянный склероз» деген диагноз қойған. Алдымен аяғым, содан кейін қолым, ары қарай басқа мүшелерім жансызданатын көрінеді. Ең жаманы «есте сақтау қабілеті мүлдем жойылады» дегені. Тірі өлікпін ғой онда. Бір сәт жан дүнием өртенгенмен, налыған жоқпын. Себебі жас балаларым бар. Оларды қанаттандыруым керек. Жоқ, менің өлгім келмеді. Өмірге деген құштарлығым одан сайын артты. Дос-жаран, туған-туыстың телефон сандарын жаттап, миымды дағдыландыра бастадым. «Еске сақтау қабілетім жойылса да телефон сандары миымның бір шетіңде тұрсын» деген ой ғой. Уақыт өте берді. Аяғым жансызданғанмен, әлі сал ауруына ұшырай қойғаным жоқ, миым істеп тұр. Көңілге күдік кірді. Дәрігерлердің қойған диагнозына қатысты кітаптарды тауып оқи бастадым. Оқығаным, тоқығаным, басқа да дәрігерлерден кеңес алғаным бойынша диагнозымның дұрыс еместігіне көзім жете бастады. Дәрігерлерге айтсам, өз айтқандарынан қайтпайды. Алматыдағы Әуезов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы Диагностикалық орталықтағы компьютерге түсуге жолдама сұрадым. Рұхсат етпейді. «Сәуле түсіруге болмайды» дейді. «Сіздердің айтуларыңызша – өлем. Сондықтан қашан өлсем де бәрібір емес пе» деп бой бермей, компьютерге түстім. Диагноз – жұлын ісігі.
Сөйтіп мүгедек арбасына таңылдым. Бірақ дәл қазір «5 айға дейін қозғалмай жатасыз» дейді дәрігер. Шаруа көп. Қалай жатпақпын? Аяқ та мазаны алып тұрғаны...
Алла күтпеген жерден маған Бибі ана анамызды жолықтырды «БИБІ-АНА» атындағы асырауында балалары бар мүгедек аналар қоғамында жұмыс істеймін. Бибі ана анамыз біздер үшін көп еңбек сіңіруде. Өзі әзер жүрсе де 247 студентке демеушілік тауып, әр түрлі жоғары оқу орындарында оқытып жатыр. Кеңес Одағында бюрократтар көп болған дейміз. Шынтуайтқа келгенде, қазір одан да көп. Біздің қоғамда республика бойынша 32000 мүгедек ана бар. 32000 түрлі тағдыр. Мысал керек пе? Сапар деген баланың анасы өзін өртеп өлтірмекші болған. Не үшін дейсіз бе? Баласын оқыта алмағаны үшін. Бибі ана талай есікті тоздыра жүріп баланы оқуға түсірді. Сапардың басы қатты істейді. Сабағын беске оқиды. Ербол Дүйсембаев деген бала ше? Бибі-Ана сол Ерболды университетке түсіру үшін аз азап көрген жоқ.Ербол еңбекті ақтап Университетті Қызыл дипломмен бітірді. Жоғарыдағылардың ойынша, үкіметтікінде де,коммерцияда да қалтасында ақшасы бар адамдар ғана оқу керек. Ал, мүгедектің баласы ше? Кішкентай кезінен қиындықты көп көреді. Ауру шешесінің астын тазалайды, тамағын пісіреді, ауруханаға жүгіреді, т.т. Балалық қызықтан мақұрым. Бірақ қандай қиындыққа болса да көндіккіш. Мойымайды.
Бауырларым бар. Көмектесіп тұрады. Бибі-Ана анмыздың көмегімен үлкен қызым заң университетінде оқып жатыр,биыл диплом алады.Кіші қызым 2 класста оқиды. Оқу озаты.Бибі-Ананың арқасында өзгерген өмірімнің қызығына тояр емспін.Жұмысқа шықсам аурудың бәрі ұмтылады. Әлі жаспын, өмірім алда...
31 наурыз, 2001 ж.
«Жас Алаш»
Сәлима Ысқақова