Өмірге құштарлық – өр мақсат

Мен жақында Бибігүл Қабышқызы Иманғазинаның «Тауқымет» романын оқып шықтым.

Бибігүл Иманғазина... қазір мүгедек аналардың республикалық қоғамының төрайымы, халық қадірлеген Бибі-ана. Ал оның өмірдің өзінен ойып алынған, роман желісі менің мынау кең дүниеге көзімді ашып, бақыт туралы түсінігімді арттырды.

...Соғыстан кейінгі қиын уақыт. Халық жүдеу. Ел еңсесін енді тіктеп келеді. Негізгі кейіпкеріміз – Маржанның әкесі заң қызметкері болғандықтан майданға алынбады. Сондықтан бұл үйде ыдыс-аяқта май жұғыны қалмайтындай жүдеулік жоқ. Ел үстінен жонып жеп, әлдекімдердің несібесіне қол салмаса да прокурор әкенің тапқаны бір отбасыға толық жетеді. Басқалардай емес,әдемі көйлек, сүйріктей туфли киіп бұлаңдаған Маржанның тағы бір ерекшелігі жан сұлулығымен қатар тән сұлулығы. Бала қиял ардакүреңдей айдалаға алып қашады. Бірде кинода ойнайтын актриса болғысы келеді, бірде ел таңдай қаққан жазушы болғысы келеді. Толған айдай толықсып, құрбы-достарының көз құрты болған Маржанның жүрекке жасырған сыры – Қанат.

Екеуі бірін-бірі құлай сүйеді. Маржан Қанаттай баланы өмірге әкелген анасы Бикешке қатты табынады. Он жылдықтан соң Қа­нат Ақтөбедегі дәрігерлік институтқа қабылданды. Ал, танадай көзі жарқыраған бұл қыз консерваторияға қабылданды. Әсем астанаға келіп, өмір жолы сәтті басталған бойжеткеннің көңіліне қаяу салған бір жан бар. Ол – қобыраған шашы тараққа көнбейтін қызыл көз, ұзынтұра Ақпан. Өзін қазақтың талантты композиторы деп есептеп, сұлу қыздарға қармақ caп жүрген көп серінің бірі Маржанды көргелі өкшесінен қалмай келеді.

Ауылдан бірге келіп, жоғары оқу орында жолы болмаған Айнагүлдің көңілін көтеру үшін жатақханадан ақшасын алуға асығып келе жатқан Маржан асыққан күйі кілтті есік көзіне қалдырып, жеңіл көйлегін жедел кигелі жатқанда ыңғайсыздықты сезді.

Жалт бұрылғаны сол еді, қызылкөз Ақпанның сүзеген бұқадай төніп келе жатқанын көрді. Қолында есікті іштен жапқан өз кілті. Он екіде бір гүлі ашылмаған жауқазын қыз ар тазалығы үшін күресіп бақты. Бар ақыл-ойын қорқаулық билеп алған Ақпан ештеңеден тайынар емес. Те­резе жақтауына шығып алған қыздың арын қорлатпайтынын білсе де өңмеңдеп келеді. Мар­жан шарасыздықтан терезеден ырғып кетті...

Әрі қарай Қанаттан күніне хат алатын, сүйген оқуына қабылданған, әке-шешенің сүйікті, сүйкімді қызы осыған дейін бақыт деген осы болар деп басы айналып келсе, енді екінші өмір басталды. Ол – белден қатты мертіккен. Алты ай кеудесін бір көтеруге зар болған мұңлық. Қос балдаққа асылған ару өзге дүниенің бәрін тәрк еткен. Дүние шыр көбелек айналады. Елдің алды болып, әдемі жүруге жаратылған қызға екі аяққа міну арман боп қалды. Өлгісі келеді. Қимайтыны жарты жасы кеміген әке-шешесі. Әсіресе, анасы Ұлдай «өлсең бірге өлемін» деген. Жанындай жақсы көретін қызының қайғысы шынардай тік әкесіне оңай тимеген, ащы суға билігін беріп қояды.

Қанат... адалынан жолықты. Маржан жер баса алмай қалса да ойынан айнығысы жоқ. Сүйікті адамының алдында мүсәпір күйде көрінуді ар көрген тәкаппар Маржан көңілін ауыртпаққа әлек. Ақырында Зият Миятович деген жаны жақсы адамның ықпалымен Шымкенттегі музыкалық училищеге түседі. Мұғалім болып орналасады. Екі құлағы күлгенде бұрынғысынан да бетер қалқиып, екі көзі ежірейе қалатын ұзынтұра Дауыл Маржанға құлай ғашық. Басынан бағы тайып, пенде болған қыз «өмірімді өксітпес» деген желеумен сүймесе де Дауылдың етегін ұстайды. Прокурордың қызы бо­лып, ішкені алдында ішпегені артында өскен жас келіншек үй шаруасына орашолақ. Екі аяғын зорға басып жүріп баламды арбап алды деп кәрін төккен ене. Сәл нәрсеге жазғыру, тілдеу оның үстіне аялап бағамын деген Дауылдың дөкірлігі Маржанды ол босағадан кетіріп тынды. Кетуі кеткен тіршілігінің жұбанышы – қызы Сая.

Одан кейін де ауыр тағдырын ойлап, бас қосқан Дастан Қыпшақовичте балалығы келбетінен кетпеген жас жұбайына жақсылығын көрсете алмады. Маржан отбасының шырқын бұзбауын ойлап небір шырғалаңға көніп келген. Дастан қызметінен жазықсыз айырылып, жер бауырдап қалғанда не бір қорлығына көнген Маржан ерін өмірге қайта оралтты. Жүйкеге түскен шектен тыс салмақ Дастанды ақыры алып тынды. Артында өмірінің жалғасы болып армандаған Панадай сүйкімді ұлы қалды.

Өмірдің небір ауыртпалығын көрген, өзге адамды мүжітіп қияли қып жіберетін қысқа тірлікте мерейі үстем болған Маржан апамызды оқиға желісімен бірге жақсы тани түстік. Роман – Бибі анамыздың күнделігі іспетті. Кешегі ештеңеге алаңы жоқ ару қыздан әркімге күні түсіп жаутаңдаған, сол жолда адамдықпен бірге жауыздықтың зардабын мол тартқан әкпеміздің рухының биіктігі сүйсінтті.

Ал жазушының жүріп тұруы мүң болып тұрып, қоғамға да, адамдарға да керек болмай қалған мүгедек аналардың жағдайын ойлауын азаматтықтың асқан үлгісі дер едік. Қазір нарықтың ауыр өткелінде тұрған мемлекетіміздің қаржы қазынаның түбі тықырланып қалды. Адамдар жылдап айлық ала алмай, зейнеткерлер зейнетақысына жете алмай жүргенде бала өсіріп отырған мүгедек аналардың жағдайын кім ойласын. Тағдыры талқыға түскен сол аналардың жағдайын жақсартуды ешкім міндеттемесе де Бибігүлдей ана мойнына алды. Азаматтың азаматының жүйкесіне салмақ түсіріп, жанын жейтін ауыр міндетті абыроймен атқарып келе жатқанына респуб­лика жұртшылығы куә. Қазақстан әйелдерінің жағдайын халықаралық жиындарда көтеріп жүрген қоғам қайраткерлерінің ақ адал еңбегі ақталып келеді. Ең бастысы, мүгедек аналар да олардан туған, бүгіндері Бибі-ана көмегімен жоғары оқу орындарында үздік оқып жүрген қыз-жігіттер де жандарында Бибі-анадай асқар тау бар екенін біледі.

Жаны кіршіксіз аппақ, жоқ-жетімге көмегін аямайтын, солардың керегі үшін жастыққа басы тимей жүрген ер ана – Бибі-анадай азаматтарымыз, апаларымыз көп болса мынау сұрқай дүние нұрланар ма еді.

Тірліктен қажыған, бар тілегін күндік тамағын алаңсыз табуға арнаған бүгінгі адамдарға Бибі-ана жайлы айтқанда осыны ойладық. Бақыт деген сірә, сенің әлдекімге қажеттілігің, мына жарық дүние қызығын адал жүрегіңмен сезініп, бойыңа жинаған нұрды өзгелердің де жанына шаша білу шығар деген қорытындыға келдік, «Тауқыметті» оқи отырып.

Жанат САРБОЗОВА.

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта