...Он жеті жасар бойжеткеннің арманы орындалып, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Қарбалас тіршілікке толы астанаға алғашында қанша тырысса да бойын үйрете алмаған еті тірі бойжеткен кейін келе әсем қаланың қыр-сырын танып, оқуын әдеттегідей жалғастыра түседі.
Дегенмен, Алматы жас Бибігүлге уақыт өте келе қуаныш емес, үлкен қайғы-қасірет жамайды.
Яғни, жатақхана бөлмесінде алаңсыз отырған оған бір күні мығым денелі бір қазақ жігіті есіктен баса көктеп кіріп, қоқан-лоққы жасай бастайды.
Екі сағаттай арпалысып, өзінің ар-намысын жоғары қойған Бибігүл кенет төртінші қабаттан секіріп кетеді...
Міне, бір кездері сол төртінші қабаттан секіріп, мүгедек болып қалған Бибігүлмен мен қазір сүхбаттасып отырмын.
– Бибі-ана осы оқиғадан кейінгі жағдайыңыз қандай болды?
– Е,айналайын-ай, жағдайдың несін сұрайсың. Сол оқиғадан кейін алты айдай ауруханада жаттым. Орнымнан тұра алмаймын. Өзімнің мүгедек болып қалғанымды ойласам, өмірден баз кешіп кеткен кездерім де болды. Міне, осы төсекке таңылып жатып, “Тауқымет” деген роман жазып шықтым. Роман сюжетінің барлығы өзімнің басымнан кешкен оқиғаларым.
Не керек, ауруханада мені бір қазақ жігіті емдеді. Кейіннен сол дәрігер жігітпен шаңырақ көтердім. Өмірге бір ұл, бір қыз келді. Ұлым бір жарым жасқа келгенде, күйеуім автомашина апатына түсіп, қайтыс болды.
– "Жұмылғанша жұдырық”, – дегендей, трагедиядан-трагедия. Әйтеуір, өзімді-өзім жұбатып, өмірмен күресіп бақтым.
– “Тауқымет” романын алғаш оқығанымда, шыны керек, көзімнін алдын жас қаптағаны рас...
– Иә, әлгінде роман сюжетінің барлығы менің тағдырым екендігін тілге тиек етіп өттім. Міне, осы роман баспадан басылып шыққаннан кейін, мүгедек, жесір әйелдерден үстін-үстін хат ала бастадым. Олар өздерінің мұңын шағып, менімен сырын бөлісіп жатты. Тіпті, көмек сұраған мүгедек жандар да болды. Осы орайда мен үлкен ойға баттым. Оларға қалай көмек берсем деген ой түн ұйқымды төртке бөлді.
Содан “Тауқымет” деп аталатын мүгедек әйелдер қоғамын құрдым. Тіркеуден өткені болмаса, қоғамның жеке мөрі де болмады. Мен күн-түн демей, мүгедек әйелдерің мекен-жайларын алып, солардың үйлерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысумен болдым.
Небір зауыт, фабрика, мекеме басшыларына бардым. Олар да қолдарынан келген көмектерін аямай, қоғамымыздың аяғынан қаз тұрып кетуіне өзіндік септігін тигізіп жатты.
– Сөйтіп. республикалық қоғам болып кұрылдыңыздар...
– Иә, республикалық коғам болып құрылған қоғамымызды “Бибі-Ана” деп атағанды жөн көрдік. Республика көлемінде 20 шақты филиалдарымыз бар. Әсіресе, экологиялық аймақ – Қызылордамен тығыз байланыстамыз. Себебі, облыс бойынша төрт жарым мыңға жуық мүгедек әйелдер бар.
Дей тұрғанмен, бұл облыста “әттеген-ай” дейтін тұстардың да бой корсетіп қалып жатқандығы жасырын емес.
Мәселен, бірде арнайы іссапармен Қызылордаға бардым. Сойтсем, нағыз былық пен шылыққа жол берілгендігін байқадым. Яғни, біздің филиалға бөлінген 50 мың теңгедей қаржыны филиал басшысы мен оның құрбылары теңдей бөліп, “жеп” қойғандығын анықтадым.
Не керек, басшыны өзгертіп, іске бағыт-бағдар беріп қайттық.
– Бибі-ана, мұндай жәйттер және қай қалаларда жиі орын алып отыр?
– Мұндай оқиғалар Шымкентте де жиі кездеседі; Мысалы, "Қамқор” деп аталатын ұйымның біздің реквизиттерді алып, қыруар “істердің” басын қайырғандығын анықтадық. Яғни, олар "Бибі-анаданбыз” дей жүріп, қаржыны өз есеп-шоттарына құйып отырған екен. Міне, қазір осы ұйымның үстінен іс қозғап жатырмыз.
Бибі-ана әңгімесін осылай аяқтады. Мен мүгедек әйелдердің қамын ойлап, жанына араша түскен осы бір әйелге сүйсіне қарадым.
...Ол ар-намысын ойлап, төртінші қабаттан секіріп кетті. Мүгедек болды. Алайда, барлық ауыртпалыққа шыдас беріп, Өмірмен күресе білді. Соның арқасында, ол бүгін барлық мүгедек әйелдердін, АНАСЫНА айналды!
Данияр ҚОШҚАРБЕК,
«Айғақ»,
7 мая, 1998 ж.