«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» деген қазақта өте тамаша нақыл сөз бар.
Иманғазина Бибігүл Қабиқызы туралы аз жазылып жүрмесе де, ол кісінің зор жақсылықтарын көрген әрбір тәнімен қоса, жаны да жарым, қамкөңіл аналар ол кісіге деген жүрегін жарып шыққан шексіз алғысын білдіруге құқы бар деп ойлаймын.
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам...» демекші, мен де осы Бибі-Ананың қажымас қайратына таңғалып, бір Жаратушыдан сол кісіге денсаулық, амандық берумен бірге, тіл-көзден сақта деп тілеймін.
Міне, осы, «Асырауында балалары бар мүгедек аналардың «БИБІ-АНА»Қоғамының құрылғанына да биыл он үш жыл толады екен. Мүшел жас. Осы он үш жылда Бибі-Ана анамыз қаншама қиындықты бастан өткере отырып, талай жетістіктерге жетті. Соншама мүгедек (38 мың) аналардың қамы үшін, қамыққан көңілін табу үшін, жалғыз өзі шырылдап жүгіріп, жағдайларын жасап жүр. Мойнына осындай ең ауыр жүкті іліп, биік белестерден өтуді өзіне міндет етіп алған аяулы жанды қалай ержүрек Ана демеске! Бұл да бір ол кісіге Құдіреті күшті Жаратушы Иеміз Аллаһ тағала берген қасиет шығар.
Беттің арын белге буып, өзі де мүгедек болса да, өзге мүгедектердің мұқтажы үшін талай мекеменің табалдырығын көмек сұрап тоздырды. Мүгедектерге ақшалай болса – ақшалай, азық-түліктей болса – солайша тауып беріп, шетелдің тігін машиналарын да үйлеріне үлестіріп беріп, тігетін жұмыс беріп, кесте тігуді үйретіп, (арнайы курста бірнеше әйелдерді үйретті) балаларын да жоғарғы оқу орындарында оқытып жатыр. Тіпті кейбір нашар отбасылардың үйлену тойларын, диплом алған балалардың қуаныш тойларын да жасап беріп жүр. Осының бәрі шүбәсіз шындық.
Сол көмектерді талай жылдан бері көріп келе жатқан сол қоғамның басы қасында болып, алғашқы ыстық-суығына қол ұшын тигізген қамкөңіл ананың бірі менмін. Менде Бибі-Ананың тігін машинасы бар. Сонымен тамағымызды тауып жеп отырмыз. Осы қоғамға мүше болып кірген кездегі 6 жасар ұлым қазір ҚазНАУ-да, 1 курста оқиды. Бибі-Ана оқуына түсуіне көмектесті,әлі де көмектесуде.Кезінде ұлым сол кісінің арқасында, Президенттік шыршаға да барып, Бөбекте де демалды. Мен тігін курсында оқыдым, талай ақшалай, азық-түліктей көмек алдым. Осының біріне де Жаратушы Иеміз Аллаһ куә. Бұл менің ғана көрген жақсылықтарым. Бибі-Ананың басқада қаншама (38 мың) мүгедек аналарға қамқорлық жасап отырғаны баршаға аян. Сол аналардың да Бибі-Ана анамызға деген алғыстары шексіз.
Қазір жаңа оқу жылына студенттер қабылдау науқаны мен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс алып, үйде отырып тігетін әйелдерге (қоғам мүшелері) жұмыс беру қамымен шарқ ұрып жүр. Осының бәрін ұйымдастырып, материалдарды тауып, жеткізу үшін университеттерге барып, басшыларға жолығу үшін де қаншама уақыт, күш-қайрат керек десеңізші!
Бибі-Ана! Қажыр-қайратыңыз ортаймасын! Деніңіз сау болып, ұл-қызыңыздың қызығын көріңіз. Өзіңіз қамқорлық жасап отырған барша мүгедек аналардың алғысына бөленіп, жасаған жақсылықтарыңыз Құдіреті күшті Жаратушы Иемізден нұр болып жаусын. Еңбегіңіздің жемісін көріп, екі дүниеде де бақытты болыңыз!
Сіз басқалар сияқты (әйел затымыз ғой деп) нәзік болған болсаңыз, бұл жетістіктерге жете алмас, соншама мүгедек жандарға қамқоршы бола алмас едіңіз. Егер біз сияқты жасық болса, қайсар талапты болмаса, бұл қоғам құрылмас еді, құрылса да өмірі ұзақ болмас еді. Сондықтан Аллаһ берген осы қажырлы да айбынды қасиетіңізден Жаратушы Иеміз сізді айырмасын. Дүниенің соңына түсіп, көздерін шел басқан, мүсәпірлерге көмек қолын созғысы келмейтін, сізге тіл тигізіетін надан жандардан Аллаһ сіз арқылы мысын басып, тәубесіне келуді нәсіп етсін. Алдына барғанда көмек қолын созып, ізгілік еткен иманды жандарға да Аллаһ разы болып, еңбектері жемісті, дендері сау, отбасылары аман болсын!
Ізгі тілекпен, бір топ мүгедек анар атынан: Шоқаева Дүниезада Мұртазақызы.