Редакциямызға қоңырау соғып, еліміздегі мүгедек әйелдердің аштық жариялағалы жатқанын бір емес, бірнеше кісі айтты. Не жағдай екенін білмекке, біз мүгедек әйелдердің «БИБІ-АНА»қоғамының президенті Бибігүл Иманғазинаға хабарласқан едік, ол кісі былай деді: «Рас, «аштық жариялайық» деп, наразы боп жүрген мүгедек әйелдер көп. Олардың бәріне мен әзер басу айтып отырмын. Әңгіменің төркіні біздің ғимараттан шығады. Алматының ортасында 12 қабат үйдің 1 қабатында 500 шаршы метрлік занды орнымыз бар еді.
Онда мүгедек аналар асхана, тігін цехын ашып, балаларының оқуына, тамағына қажетті азын-аулақ қаржы тауып келген еді. Қазір сол ғимаратымызға өзіміз кіре алмай жүрміз. Барымташылар жолатар емес. Ішіндегі біраз дүниеміз қолды болыпты. Осыны көріп, ашынған аналар «Аштық жариялайық! Одан басқа амал бар ма?» деп жатыр. Мен мүгедек аналарға «Барымташылық жасап жатқан күйеу баласына елдің президенті басу айтатын шығар деп оларды үміттендіріп жатырмын».
«Жас Алаш»,
№49, 19 маусым, 2008 ж.