МЕШІТТЕЙ ҚАСИЕТТІ ОРЫН ҮШІН ТАЛАС БАСТАЛДЫ

немесе сайлау алдында президентке мүгедек аналардан үшбу хат

ЖЕР ДАУЫ

«Мешіттен де қасиетті не болуы мүмкін?» деп мұсылман әлемінің адамы таңқалуы, тіпті, жағасын ұстауы да мүмкін. Бірақ, бұл біздің тарапымыздан айтылған пікір емес, Президентке хат жолдаған мүгедек АНАлар өздерінің «БИБІ-АНА» қоғамын мешіттей қасиетті жерге теңейді...

«БИБІ-АНА» қоғамы 15 жыл бұрын "Тауқымет” деп аталған қалалық ассоциация ғана болатын. 15 жылда қыруар шаруа атқарылғанын мүгедек аналар мақтанышпен жарыса әңгімелейді.

1999 жылы Храпунов мырза қаулы шығарып, "Мамыр-1" шағын ауданынан 2 гектардан аса жер бөлген. Бірақ, көп ұзамай, бұл жерді тағы да сол Храпуновтың өзі өзге біреуге сатып жібергені белгілі болады. "АллаҺ тағалла Тасмағамбетовты әкім етіп жібермегенде, осы 2 гектардың бір бөлшегіне де ие болып қалуымыз да екіталай еді" дейді көз жастары тама отырып жазған хаттарында Бибі--аналықтар”. Енді, бірақ, сол Аллаһ жіберген Тасмағамбетов те «БИБІ-АНА»ға қол ұшын бере алмай отыр,себебі,Қазақстанның бар байлығы қолында отырған Тимур Құлбаев Тасмағамбетовке пысқыратын түрі жоқ...

Ал бүгінгі тайталас "БИБІ-АНА" қоғамы иеленіп отырған ғимаратқа қатысты. 1993 жылы осында келіп қоныстанғанда, тозығы жетіп тұрған бөлмелерді адам танымастай етіп жөндеуден өткізгендері рас. Қазіргі жағдайлары хан сарайынан кем емес. Бұл ғимараттың да бір бұрышын Виктор Храпунов  «Фламинго»деген казиноға сатып жібергенін де кеш білген Бибі-Ана бірнеше күнге шейін өзіне өзі келе алмапты. Храпунов казиноға сатып алуға рұқсат берсе де,бірнеше жылдан бері отырған,қыруар қайырымдылық жасалынып жатқан «БИБІ-АНА»қоғамына өздерінің еңбегі сіңген жерін сатып алуға рұқсат бермеген.Біраз теке-тірестен соң,даудан қашқан Храпуновтың,мүгедектерге жеңілдік ретінде 2005 жылдың 21 мамырына дейін Абай даңғылының бойындағы осы ғимаратта тегін отыруларына Қаулы шығарып береді.«Оған дейін кепілдікте тұрған ғимараттың да мәселесі шешілер, мүмкін тұрған жерлеріңізді жекешелендіріп аларсыздар» деп алдарқатқаны кейін белгілі болады.

2004 жылдың желтоқсанында Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып ауысады. Ал 2005 жылдың 21-мамырына дейінгі келісімшарттың уақыты өтісімен «Ғимаратты босатыңыздар»деген хаттар күн сайын келе бастайды. Храпуновтың бұл ғимаратты 212 000 000 теңгеге сатып жібергені белгілі болады.Енді Бибі-ана демеушілердің көмегімен 446,7 шаршы метр құрайтын алаңды 20 000 000 теңгеге күрделі жөндеуден өткізгенін айтып шағымдануда! «Сотқа да шағымдандық, бірақ сотқа ақшасыз барған адамның айтқаны жүріп, жеңіске жеткенін біз естіген емеспіз, осы жолы оған әбден көзіміз жетті»" дейді олар өз хатында.

Сот тарапынан айтылған уәж, бұл ғимарат – жеке-меншіктің мүлкі көрінеді. Астын сызып айтатын бір жай, Назарбаев 2004 жылдың 14-сәуірінде қол қойған Жарлығында «Қоғамдық ұйымдар мекендеп отырған мекен-жайлар оларға тегін беріледі» делінген. Ал Храпунов болса, «БИБІ-АНАмен» қосып, перзидент Жарлығы шығардан бір күн бұрын, яғни, 13-сәуірде са­тып жіберген! Не деген көрегендік, не деген іскерлік десеңізші!

        Сексеннен аса адам қол қойған хатта жазылған жай рас болса, осы ғимаратта отырып, олар талай қиындықты бастарынан кешірген. Бір кезде бұл бөлмелерде төбесіне дейін картоп, сәбіз, пияз, қант, үн (демеушілерден түскен көмекті айтып отырған болуы мүмкін – ред.авт.) тіреліп тұратын еді, енді ол бөлмелердің бәрі балаларымыздың компьютер үйренетін, өзді-өзіміз бас қосып, отбасының қуанышын бөлісетін, үйлену тойларын өткізетін жерге айналған, біз неге бұл жерден кетуіміз керек?!” деген хатқа қол қоюшылар бұл орынды, тіпті, қасиетті мешітпен де салыстырады!

"Қалталы қожайындардың Алматының талай жылжымайтын мүлкін заңсыз сатып алғанын дәлелдеуге біз түгілі, тепсе темір үзетін азаматтардың да шамалары жетпей жатыр, бірақ, уақыт бәрін орын-орнына қоятынына біздің көзіміз анық жетеді.

Президент мырза!

Біздің 446,7 шаршы метр жерімізді заңдастырып беруіңізді өтінеміз” деп аяқталады.

Мүгедек аналардың мұңына Президент назар аударар ма екен? Сайлау алдында ”Нұр-Отанға" дауыс беріңдер” деп ашықтан-ашық үндеп жүрген жанның АНАлардың жазған хатын оқуға мұршасы болар ма екен? Жалпы ол кісі "Жұмақ АНАның табанының астында” деген қасиетті қағидадан хабардар ма?

 

Бейсенбі, 9 тамыз, 2007 ж.

«Қазақстан» газеті,

Гүлмира Тойболдина

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта