МЕН ҮШІН САНАСЫЗ АДАМ ДА МҮГЕДЕК!
Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына тисе (тигізбей тастамаса) бұл петицияның шешімі дұрыс болатынына менің сенімім мол...
Жанымдай жақсы көретін немерелерім мен шөберелерімнің жемқорлық пен жұмыссыздық деген сөздері айналмасқа кеткен,әр пенде өз мүмкіндігінше қалай өмір сүруді үйренген,есеп-қисапсыз қайырымдылық жасайтын саналы пенделері көбейген,әр адамның өз мамандығымен айналысуына жағдай жасалынған,өлімнен намысты жоғары қоя алатын ұлы мен қызы бар,әділетті мемлекетте өмір сүрулерін армандаймын.Осы армандарымнан күдер үзгім келмейді,сол үшін де қоларбаға таңылып отырсам да жаза беремін,жаза беремін.Еститін құлақ аз болса да айта беремін,айта беремін...
Әрдайым жазу столымның үстінде үйіліп жатқан,адамның сай сүйегін сырқырататын хаттардың мәселелерін шешу үшін,талай мықтылармен біресе достасып,біресе жауласуға мәжбүрмін...
Алдымда мүгедек жандардың мұңы мен зары жазылған бірнеше мақала жатыр.
Енді Павлодар облысының мүмкіндігі шектеулі жандарының президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына Петиция жолдағандарын «Жас Алаш»(2-наурыз 2021 жыл) газетінен оқып отырмын.Мәриям Мақсат ханым мақаланың атын «Біз қуыршақ емеспіз...»деп,тауып қойған екен,ризашылығымды білдіремін...
Осы петицияның әрбір жолының шындығына кепіл бере аламын.Себебі,мен отыз жылдан бері мүгедектермен қоян-қолтық араласып қана қоймай,талай мәселелерін шешіп келе жатқан адаммын.
Мен анау алыста жатқан ауылдарда қиналып жатқан мүгедектердің жан айқайының Алматы,Астана емес, тіпті сол ауылдың әкімінің де құлағына жетпейтінін күн сайын өзіме келіп жатқан хаттардан оқып отырмын.
Қазақстан републикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің министрі қайта-қайта өзгеріп жатады.Біреуін де көрген жоқпын,тәжірибесі бар адамдарды олар іздемейді,бір-екі шығарып салма хаттардан-ақ ол министрдің кім екеніне іштей баға беремін де,мен де оларды іздемеймін.
Өткен жылдың 12-қарашасында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мерей Қайнарұлының «Мүгедек балаларды кім қорғайды? деген мақаласын оқып,бірнеше жылдан бері өзім айналысып жүрген мәселе болғандықтан Мерей мырзаға дереу хабарластым.
Мақаланың өн бойынан әділетсіздіктің исі аңқып тұрды.
Өзінің баласының ауруы да ұзақ емделуді қажет ететін болғандықтан,Дарын Сағдолдин деген азамат Өскемен қаласынан Аутизмге және ДЦП дертіне шалдыққан балаларға тегін қызмет көрсететін орталық ашқан екен.Тегін қызмет көрсететін орталық осыған дейін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істеп келген.Орталыққа мемлекет бюджетінен бөлініп келген қаржы жарты жылдан соң тоқтап қалыпты.Себебі,ақылы қызмет көрсететін екінші бір Орталық наразылық білдіріп,сотқа жүгінеді.Соттың шешімі бойынша ақылы Орталықты қалдырып,тегін қызмет көрсететін ауру баласы үшін шырылдап жүрген Дарын басқарып отырған Орталықтың қызметі тоқтатылады.
Бұл енді барып тұрған әділетсіздік!
-Орталығымыз ерекше қарауды қажет ететін 27 балаға тегін қызмет көрсетіп келеді.Сот жұмысымызды тоқтатқанымен,өзіміз жұмысты жалғастырып келеміз.Өйткені балаларға басталған ем-домды орта жолда қалдыруға болмайды.Мұндай балалармен дефектолог,логопед,психолог,массажист мамандар жұмыс істейді.Бәрі білімді,білікті.Бассейнге дейін апарады.Балалардың ата-аналары жұмыссыз болғандықтан,басқа ақылы орталықтарға баруға шамалары келмейді,-дейді Дарын мырза.
Білікті мамандардың айтуынша ДЦП, аутизмге шалдыққан балаларды емдеуге болады.Өскеменнен бір бала Санкт-Петербургте емделіп,денсаулығын 50-60 пайызға жақсартып келген. Соны байқаған орталық жетекшісі мүгедек балалардың шығынданып,шетелге сабылмауы үшін мемлекеттен ұтып алған 5 млн теңге гранттың қаржысына арнайы құрылғы сатып алуды көздеп отырған екен.
-Менің де балам ДЦП,эпилепсияға шалдыққан.Мұнда білікті мамандардың жұмыс істейтініне көзіміз жетті.Тиісті қызметтің барлық түрі тегін көрсетіледі.Кішкентайларға да ұнайды.Балаларды күтіп отырған отбасына да үлкен көмек-дейді Дамир Нұрмұханбет.
Дарын мырза өзінің баласын жеке де емдетіп,отбасында баласына қажетті бар жағдайды жасай алады екен.Бірақ,балаға өзі сияқты бөбектермен бірге ойнайтын достары ауадай қажет екеніне көзі жеткен.Екінші жағынан,жағдайлары жоқ ата-аналарға қайырымдылық жасағысы келіпті.
Қайырымдылық жасаудан мен ғана таяқ жеп жүрмеген екенмін, қайырымдылыққа күмәнмен қарайтындар, қайырымдылықты есеп-қисаппен жасайтындар, нағыз бақытсыз адамдар!Бұл да енді мүгедектіктің бір түрі!
Дарынның бұл Орталық жөнінде жоспары көп екен,бірақ,мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбесе,өз есебінен Орталықтың бар шығынын көтере алмайтынын мойындап отыр.
Дарынның есеп-қисапсыз жасағысы келген қайырымдылығына күмәнмен қарайтындар діттегендеріне жетті,бірақ,олар өздеріне бір емес,бірнеше ор қазып қойғандарын ұмытпағандары жөн...
Соттың шешімінің әділетті емес екенін мен талдап тұрып айтар ем,бірақ,сот дегеннің не екенін талай көрген адаммын.
Баласы үшін жанталасып,оңалту орталығын салған жанды айыптамай,оны қолдау керек қой.Әлі бір ауданда мүгедек балалардың оңалту орталығы жоқ екенін айтып шырылдап жүргеніме де талай жыл өтіпті,енді ғана «Қазақстанның бар ауданында Оңалту орталықтары салынады»деген ұранды естіп жатырмыз.Салынсын,бірақ,Қазақстанның қанша ауданы бар екенін біз жақсы білеміз ғой.Қай уақытта салынады?!Сол Оңалту орталығында жұмыс істейтін мамандар дайындалып жатыр ма?!Өмірге мүгедек болып келіп жатқан балалардың саны күн сайын көбейіп жатқанын қалай жасырамыз?
Қолымдағы өзімнің туған жерімнің мүгедектерінің тізімінен көріп отырмын,жыл сайын 16 жасқа шейін 15-20 мүгедек бала қосылып жатыр.Сондықтан,біріне-бірі ерегіспей,сен салар да мен саларға салмай,қандай да бір адам мүгедек балаларға арнап Оңалту орталықтарын салуға атсалысса ол адамның соңына ит алып түспей,ол адамды қолдау керек!
90-жылдары мүгедек балалармен айналысатын Қорлар да,Қоғамдар да қаптап ашылып жатты.2004-жылдары бір Алматының өзінде 5000 нан астам Қоғамдық ұйымдар болғанын білеміз.Олардың төрайымдарымен жиналыстарда жиі кездесетінбіз.Менің мүгедек аналардың балаларының жоғары білім алуымен айналысатынымды біле тұра мүгедек балалары бар аналар да маған хат жаза беретін.Мен ол хаттарды сол мүгедек балалар Қоғамының төрайымдарына берсем,олар «Бибі-Ана,сіздің өзіңіздің шаруаңыз да басыңыздан асады ғой,өзіміз қарастырып жатырмыз ғой»десетін.Шынында жұмысым басымнан асып жататын,жаз бойы ауылдардан оқуға түсуге келген мүгедек аналардың балаларының шаруасымен айналысатынмын. Күзден бастап аймақтарды аралайтынмын.
Мүгедек балалардың аналарының бір ауыздан «Бибі-Ана,біз өлсек баламыз мүгедектер үйіне кетеді ғой»дейтін сөздері жаныма батып,жан-жақты зерттей бастадым.Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі мүгедек балаларды Оңалту орталықтарының дәрігерлерімен сөйлесіп,көп нәрсені ұқтым.
Енді ғана өмірге келген баланың бойындағы ақауды кезкелген дәрігер көре алады екен.Баланың ата-анасына баланы емдеуді тап бүгіннен бастау керек екенін,әйтпесе кеш болатынын тәптіштеп түсіндіру ең бірінші дәрігердің міндеті екенін енді ғана біліп жатырмыз.
Өткен жылы Стамбулда болдым,сонда бір ақбасты,тәірибесі мол дәрігерге «Сіздерге келіп емделу үшін Қазақстан халқы мүгедек балалардың емделуіне қаражат жинайды.Бірақ,бір де бір бала сауығып қайтып жатқан жоқ,осының себебін білейін деп ем?»деп сұрадым.
Дәрігер «Иә,бұдан хабарымыз бар.Бойында ақауы бар бала туған күнінен бастап ерекше бақылауда болу керек,қажетті ем-домды арасына күн салмай алып тұруы керек,сонда ғана бір нәтиже шығаруға болады.Ал,бізге сіздерден балаларын уақытты өткізіп барып әкеледі.Уақытты өткізіп алған баланы емдей алмаймыз,емдеуді дәрігер ауруды белгілеген күннен бастау өте қажет.Ең болмағанда төсектен тұрып,балдақпен жүре алатындай,қоларбаға өзі отырып,тұра алатындай,өзінің бойын өзі күте алатындай,оқи алатындай,сөйлей алатындай жағдайға жеткізуге болады.Ол үшін ата-анасы тек қана ол баламен тиянақты айналысуға тиісті.Жаттығулар, массаж,бассейіндердің,тағы да қажетті емдердің арасына күн салмаумен қатар дәрігердің қатаң бақылауында болу керек,өзі сияқты балалармен бірге ойнау,сөйлесу ауадай қажет! Санаторийлерде жылына екі рет емделу керек.Мұндай балалардың екінші үйі Оңалту орталықтары деп есептейміз»деді.
Қазақстанның бір де бір ауданында Оңалту орталықтарының жоқ екенін біз жақсы білеміз.
Астана мен Алматыдағы Оңалту орталықтарына алыс аймақта тұратын балаларға жолдама алып беретін ек.Ешуақытта бұл Орталықтарда артық орын болмайды.Сондықтан да олар 24 күн ғана емдейді де,сосын үш жылға кезекке қояды.Ол бала үйіне барғаннан кейін«Достарыма барамын»деп жылайды екен.
Кеше бір телеарнада жап-жас келіншек жылап отыр«Он бір жылда мына мүгедек балама бір рет портал берген жоқ»дейді.Мүгедек балаларға бірнеше жылда бір беретін порталдың түк пайдасы жоқ,тағы да айтамын,оларға арасына күн салмай барып ем алатын Оңалту орталықтары керек,керек! Сондықтан да әр ауданның өздерінің орталықтары болу керек!
Жүрегімді сыздатып,шарасыздықтың құрсауына түскен ата-аналардың көз жасына малынып отыра алмай,ақыры Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жаздым.Президентіміздің бұл іске қолдау білдіретінін білгеннен кейін,біз де құлшына кірісіп кеттік.
«БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының атына Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан жер телімін алдық,енді Оңалту орталығын салуға кірісіп жатырмыз.
Қазақстанның тек қана облыстың орталықтарынан ғана құралмайтынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ қой.Әр облыста 13-14 аудан болатын болса,ол аудандарда мүгедек бала түгілі дені сау балалардың денсаулығын бақылап отыратын бала дәрігері атымен жоқ.
Оңалту орталығын салуды жоспарлаған бойда ол Орталықта қызмет ететін мамандар туралы ойлай бастап,аудандық газетке хабарлама бердім.Соның нәтижесінде Келісім-Шартқа қол қойған екі бала «БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының атынан Ақтөбенің медицина университетінде оқып жатыр.
Ресейдің,Латвия,Литва,Турцияның бірнеше жыл бұрын құрылған Оңалту орталықтарының тәжірибесі мол дәрігерлерімен сөйлесіп отырамын.Сонда білгенім,Оңалту орталықтарының ең басты дәрігері Реабилитолог екен.Реабилитологсыз жұмыс істеп жатқан Оңалту орталықтарының әуселелері айтпаса да белгілі.
Тағы да тиісті орындарға жазуды бастадық,сөйтіп,Алматының медицина академиясының жанынан екі жылдық курс ашылатын болды.Тамыз айында қабылдау басталады, интернатураны аяқтаған балалармен келіссөз жүргізіп жатырмыз.
Әлі шешілмеген қыруар шаруалар бар,арманым Қазақстанның барлық аудандарында мүгедек балаларға арналған Оңалту орталықтарының салынып,іске қосылғанын көру.
Әр аудандағы жұмыссыздық пен кедейліктің тақсыретін тартып отырғандар мүгедек баласын арқалап,біреулері пойызға мініп,біреулері жаяулатып күн сайын облыстың орталығына бара
алмайтынын айтудан-ақ діңкеміз құрыды.Қазақстанда сегіз орталықтың салынғаны шындық,бірақ,күрделі аурумен өмірдің есігін ашқан балаларды 24 күн емдеп,әрі қарай кезекке қою дегеннің барып тұрған надандық екеніне шүбә жоқ!
Нұр-Қасым Жомарт деген азамат «Жас Алаш»(16 ақпан 2021 жыл)газетінде «Мүгедек жандардың мұңы»деген мақаласын жариялап, Қызылордалық зағиптардың мұңы мен зарын барынша жеткізіп жазыпты.
Кеңес одағы кезінде шаруасы шалқыған соқырлар Қоғамының ғимараты тозып,кәсіпорнының шаруасы шалқайып қалыпты.
Мүгедек бола тұра,мүгедектіктің тауқыметін тарта жүріп,еңбектенгісі келген жандарды ерекше қамқорлыққа алу,сол қаланың әкімі мен облыстың әкімінің міндеті емес пе? Қызылорданың байлары қайда?Кәсіпкерлері қайда?
Сұмдық-ай, қашан ұрлықтан,пасықтықтан арыламыз?!Қалың ұйқының құшағына кеткен санамыз қашан оянады?!
Шығыс шықпай кіріс кірмейтінін ата-бабаларымыз бізге мұра етіп қалдырған,осыны біз бала күнімізден мойындап өскен ек қой.Қай уақытта қанағатымыздан айырылып,бар бақытты байлықтан ғана іздеп кеттік?!
Кезекті ота жасатып,жан сақтау бөлімінде жатқанымда жанымда отырған балам «Мамеке,он жеті жасыңнан бері алып келе жатқан оталарыңды санадым,кешегі жасалынған ота он төртінші болып шықты,енді тек қана денсаулығыңды күтуің керек,саған енді ешкімнің өкпесі жоқ»деді.Мен«Жылама жаным,мені өлімге бермей алып қалып отырған қайырымдылықтың алғысының күші ғой,осыны мәңгілік есіңде сақта»дедім.
ГҮЛШАРА ХАНЫМ! Облысты басқарып отырғаныңызға да біраз уақыт болды.Өзіңіз де анасыз,ең болмаса,сол қиналып жүрген жандардың алғысына бөленейінші деген ойыңыз болмай келе жатқанына түсінбеймін.
Қайырымсыз байлар басқаны тыңдамаса да,өзіңізді тыңдайды.Тіпті бастық ретінде емес,Ана ретінде,әйел ретінде сол байларды зағиптардың отырған жерлеріне апарып көрсетіп,өтініш жасауға болады ғой,болады.Талай шенеуніктерді мүгедектердің үйлеріне ертіп апарып,талайына пәтер алып бердік қой,басқа да шаруаларының оң шешімін табуына ықпал жасадық қой,әр қайырымдылықтың бойыңа жаңа бір күш қосатынын айтып та,жазып та келеміз ғой...
Мүгедектер еріккеннен жұмыс істегісі келмейді,олар үшін жұмыс тек қана ақша табу емес,осындай қарекетшіл жандарды көргенде мен еріксіз «Мен үшін санасыз адам ғана мүгедек»деймін.Мүмкіндігі шектеулі,мүгедек деген сөзді түбірімен құрту керек! Онымен де айналысып жатырмыз,біздің мемлекетімізде бір нәрсеге оп-оңай қол жету мүмкін емес...
Асырауында балалары бар мүгедек аналардың Қоғамын құрғандағы мақсатым,олардың балаларының жоғары білім алуларына ықпал жасау және өздерінің мүмкінішілігіне қарай жұмыспен қамтамасыз ету болатын.Өздерінің қалаулары бойынша тігін цехын аштық.Қоларбада отырғандары да отбасына қажетті заттардың барлығын тігетін.
Бір күні кабинетімнен шығып келе жатсам бір әйел балдағына сүйеніп жылап тұр,шошып кеттім.Алақанындағы ақшаны көрсетіп «Мүгедек болып қалғаннан бері бірінші рет өз еңбегіммен тапқан ақшамды балаларыма көрсетіп,қуантатын болдым,сізге алғысым шексіз»деді көз жасын сүртіп.Адам өзінің адамдығын еңбегімен ғана көрсете алатынын дәлелдеп тұр,арада талай жыл өтсе де сол бір көріністі ұмыта алар емеспін...
«Депутаттарға көңілім қалғаны қашан»деген мақаланы осыдан бірнеше жыл бұрын жазған екенмін.Әлі сол өкпем жазылған жоқ,себебі әйел-ана депутаттардан қайыр көрмей келеміз.Керісінше ер адамдар ұялса да бір-екі мәселелерімізді шешіп беріп жүреді...
Мына үш мақаланың үшеуінің де айтып отырғандары шындық қой! Машақаттан машақат! Бейнеттен бейнет!
Алыс ауылдардағы айлап-жылдап орындарынан тұра алмай жатқан, мүгедектікке заң жүзінде шыққандардың өздері,өздеріне заңмен белгіленген төсеніштердің өзін уақытында ала алмайды.Төрт жылда,жеті жылда ауыстырылатын қоларбаларды бірнеше жыл өткізіп барып,алғандары алады,алмағандары көз жастарын көлдетіп,таңдарын атырып,күндерін батырып жатыр.
Әрбір сөзіме дәлелім бар...
Әр облысқа бөлгенде мүгедектердің саны Аллаға шүкір,адам шошырлықтай көп те емес,олай болса,мүгедектерінің жан айқайына көңіл бөлмей келген, жоғарыда айтылған Өскемен, Павлодар,Қызылорда облыстарының басшыларынан да,басқа өңірдің басшыларынан да жақсылық күтпейміз,оған дәлеліміз де жеткілікті.
Отыз жыл бойы,әрқайсысы жарты патшалықтың иесі болып келген, бірінен-бірі айнымайтын,халықты әбден ашындырып отырған облыстың әкімдері неге өз еріктерімен орындарын босатпайтындарына таңданамын.Оларға мығым күш пен сенім беріп отырған кім?! Елдің сөзіне құлақ түрсек,төбе шашымыз тік тұрады...
20.05.2021 жыл
« АНА ТІЛІ» газеті