Жанынды қуырып жіберерлік аласапыран тіршілік уытын «БИБІ-АНА» Республикалық мүгедек аналар қоғамының төрайымы, жазушы, «Құрмет орденінің» иегері Бибігүл Иманғазинамен әңгіме барысында ерекше сезіндік.
Тек мүгедек аналардьң ғана емес, қарапайым халықтың мұқтажына көмек қолын созбаса ішкен асы бойына сіңбейтін Бибі-ананы өткен жылдың аяғында америкалықтар «Жыл адамы» деп таныпты. Шет елде есімі ардақталған жанмен арадағы әңгіме мүгедек аналардың басындағы қиындықтар төңірегінде өрбіп еді...
Параны бергенді емес, алғанды соттау керек!
– Мүгедектер туралы заңның Парламентте қаралып жатқанын «БИБІ-АНА» қоғамының IV-ші съезінде айтып,мүгедек аналарды бір қуантып тастаған едіңіз. Аталмыш заң қабылданды да. Заң мүгедек жандардың құқығын қаншалықты қорғай алады?
– Заңның мәтінін қолыма жақында ғана түсірдім, қарап отырсам, онда мүгедек аналарға арнап ерекше ештеңе айтылмаған. Сан рет Парламентке хат жаздым, депутаттардың алдында сөйледім.Асырауында балалары бар жалғызбасты мүгедек аналар қалай күн көруі керек? Алған зейнетақылары пәтерақы төлеуден артылмайды. Бұдан кейін оның асырауындағы балалар қалай жан бақпақ? Қара су мен нанға таңылумен келеді.
Мен мүгедек аналардың балаларына: «Сендер қалай да оқуларың керек» дегенді айтамын. 1992 жылы қоғам құрылғаннан бастап оған мүше аналардың балаларының оқуға түспей қалғаны болған жоқ. Балалар 11 сыныпты оқып жатқанда жаңа жылға дейін құжаттарын қабылдаймыз, сосын өзіміз демеушілер іздейміз. Президентке, Үкіметке хат жазып, ректорлармен кездесе жүріп, балалардың оқу ақысын 50 пайызға төмендетуге қол жеткіздім. Бұл қаржыны демеуші табылмағанда өзіміз төлейміз. Балаларымыз жақсы оқиды,19 бала қызыл дипломға ие болды.
Шешесінің мүгедек халін, отбасы жағдайының ауырлығын көре отырып, бұзылып кетпей, оқуды қызыл дипломға бітіру оңай емес. Егер Президент болсам, осындай балаларға орден берер едім.
Біздің отырған үйімізді Храпунов сатып кетті, келесі жағымыз казино, у-шу. Осында өткізген 15 жылдық қызметімнің 10 жылында жылудың жоқтығынан бүйрегімді суықтаттым. Былтыр ғана жөндеу жүргізіп, көзіміз ашылды. Бір жұмыстармен облыстардағы филиалдарға кетсем, 2 га. жеріміздің ортасынан ойып тұрып, бір адамдарға сатып жіберіпті. Соттасып жүріп, қайтарып алдық. 2 миллионғаға жөндеу жұмыстарын жүргізген асханамызда алғаш рет бір мүгедек ананың баласының үйлену тойын жасаймыз деп отырғанда, екінші қабаттағылар үстімізден су ағызып жіберді. Олармен соттасып жатқанымызға бір жыл болды.
Жақында бір әйел телефон шалып «Күйеуім хал үстінде жатыр, оны жерлеуге бір тиын ақшам жоқ. Бүгін-ертең жүріп кетсе, Бибі-ана, сізден басқа көмек сұрар ешкімім жоқ» деп жылады. Сол әйел Үкіметке емес, неге маған хабарласады? Өйткені Үкіметке жетемін дегенше бүкіл денсаулығыңнан айрылып, кемінде он жасқа қартаясың. Бізде бюрократтық-шенеуніктік жүйе қалыптасқан. Осы жүйе өзгермейінше, адамға өмір сүру қиын бола береді. Бұрын бір Жер комитетіне барушы едік, енді үш Жер комитеті ашылды. «Қашан пара бермейінше, бір-біріне сілтейді»дейтін ұғым жұртшылықтың айналыста мығым қалыптасқан..Қазір айтылып жүрген «Параны берген де, алған да сотталу керек» деген пікір дұрыс емес. Параны алған адамды ғана соттау керек. Себебі Менен ешкім пра дәметпейді де,алмайды да ғой.«Сандалып жүрген маған қарағанда параны берген адамның арманы жоқ екен» дегенді өзім де талай айттым. Мына жақта жұмысың өртеніп жатса зығырданың қайнамағанда не істейді?!
ҮЕҰ-ды билік неге тексермейді?
– Жақында өткен үкіметтік емес ұйымдардың Алматы форумында тілектеріңіз қаншалықты тыңдалды ?
– Алматы каласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов алғаш рет үкіметтік емес ұйымдардың форумын өткізді. Бұл жігіт біздің қоғамның алғашқы демеушісі де. 15 жылдан бері балаларымыздың оқуына 9 млн. ақша аударыпты. Премьер-министр болып отырғанда, одан кейінгі уақытта хат жолдасам, бір хатым қаралмай қалмайды, әйтеуір көмек қолын созуға тырысатын. Қазір де тілектерімізді ақырындап орындап жатыр. Балаларға компьютер сыныбын ашып беру арманымыз еді, оған 2 млн. теңге бөлді. Осы секілді жақсылықтарымен қатар, тоқтап қалған істерімізге жан бітіруде. Жалпы Иманғали әлеуметтік жағдайды түзету үшін, соған қолқанат болу үшін туған адам сияқты. Ал біздің Қазақстан жағдайында әлеуметтік мәселе бірінші кезекте тұр ғой.
– Үкіметтік емес ұйымдардың билікпен қарым-қатынасы қандай дәрежеде?
– Ерасыл Әбілқасымов үкіметтік емес ұйымдарды «жабу керек» деп шықты. Егер Әбілқасымовтың әйелі менің бір күнгі істеген жұмысымды атқарса, Президенттен алған «Құрмет» орденімді апарып, омырауына тағар едім. Ең олмаса 3 бала оқытса, алтын әріппен плакат жазып көшеге іліп қояр едім. Мен осы заманның революционерімін. Идеям үшін үйдегі шаруаның бәрін жинап қоямын. Ал Әбілқасымов жоғарыда отырып алып, осылай дейді...
Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бір әкімнің әйелі үйіне қонаққа шақырды. Бардым. Керемет бір балабақшаны сатып алған, еурожөндеу жасатқан, «16 млн. теңгем бар еді, қайда жұмсарымды білмей отырмын» дейді. Мен «Сол 16 млн. теңгеңді берші, 16 секундта орын-орнына қойып берейін» дедім. Міне, әкімнің әйелі дегенің осындай болады. Менің арманым мыңдаған баланы оқытып, аяғынан тұрғызу, содан кейін олар іні-бауырларын өздері-ақ жетелейтін болады.
Бала деген жүректері таза періште емес пе? Маған оларды жолдары болмай, қиналып жүргенде Алла кездестіреді. 11 жылдықты жақсы бітірген Арал өңірінің Жанар Орынбасарова деген қызы: «Қатарынан екі жыл оқуға түсе алмадым, биыл тағы қалып қойдым» деп жылады. Алтын белгіге ұсынылғанмен, ол белгіні мектеп директоры саудагердің қызына бергізіпті. Әкесі де, шешесіде мүгедек. Өзі алты баланың үлкені. Мән-жайға қанық болған соң, сол өңірдің әкімі Көшербаевқа хабарласып, қыздың мәселесін айтып, Алматыға жетуіне жол қаражаты мен қосымша 50 мың теңге тауып беруін, оқуының қалған ақшасын өзім мойныма алатынымды айтып едім, бала-шағасының қызығын көрсін, сөзімді жерге тастамай, сол қызды Алматыға шығарып салыпты. Алматыдан қызды өзім күтіп алдым да, қалтасыңдағы бар ақшасымен қалаған институтына апардым. Оқуға қабылдау мерзімі бітіп кеткеніне қарамастан ректордың көмегімен Жанар оқуға қабылданды. Сол қызым үздік бітіріп шықты.
Ал Әбілқасымов секілді депутаттар әлгіндей әңгіме айтқанша, ҮЕҰ-дың жұмысымен келіп таныспай ма? Бұлар қаржыны қайдан тауып жатыр, ұрлап жатыр ма, жоқ әлде шетелден грант алып жатыр ма деп, неге тексермейді? Мен осы қоғамды «Тауқымет» деген романымның қаламақысына құрғанмын. Баяғыда сал болып, аяқтан қалғанда, «Е, Құдай, осыдан орнымнан тұрып кетсем, бүкіл мүгедек аналарға қызмет етемін» деп уәде бергенмін. Сол зарым Алланың құлағына жетті, сүйретілсем де жүрмін. Екі жылдан кейін Президент «Құрмет ордені» деген белгіні берді. Менің Президентте де, әкімде де шаруам жоқ болатын. Баламыз екеуміз он балаға жәрдем берейік те, оқытып, ең болмаса тамақтарын тойғызайық деп келістік. Сондай жұмыспен айналысқан менің түгім де кеткен жоқ. Ал әкімнің әйелі қалған-құтқан тамағын көшеде отырған қайыршыға да бермейді, қоқысқа тастайды.
«Тауқыметке» «Тауқымет» қосылмақ...
– Жазушы ретінде қандай іс бітіріп жатырсыз?
– Бірде жақын маңдағы дүкенге кірсем бейтаныс келіншек «Сіздің «Тауқымет» деген кітабыңызды оқып, өмірге деген көзқарасым 90 пайызға өзгерді» деді. Мүгедектіктің тауқыметіне шыдамай кеткен кездерімде «Жалғыз бақытсыз әйел мен шығармын» деп күйінетінмін. Ол уақытта мүгедек әйелдер бірін-бірі білмейтін. Мұндай қоғам болмады. Қазір осы қоғамның арқасында мүгедек аналар бірін-бірі таныды. Өзара дос болып алған. Кітабым жұртқа ұнап жатса, маған ұнамайды. Өйткені одан бергі уақытта жазушы ретінде өстім, көзқарасым да өзгерді, қазір қарап отырып романнан көп кемшіліктер көремін. «Тауқымет»романымды шығару үшін аударылған ақшамны талан-таражға салған «Жазушы»баспасының директорі Дулат Исабековпенүш жыл соттастым. Менің сотта жеңіп алғаным бір де бір адамға ұнамады, сондықтан қалай болса солай шығара салған. Қазір мынау қоғамнын масқарасын жазып жатырмын. Оның да аты «Тауқымет». Анау «Тауқыметім» бар, мынау «Тауқыметім» бар, екеуін қосып үлкен кітап етіп шығартпақпын. Сосын басқа тілдерге аудартуды да ойлап жүрміз.
«Заң» газеті,
20 шілде, 2005 ж.
Әңгімелескен Айман СЕЙІЛБЕКҚЫЗ