«Мен ана мен балалар тілеуінен тек қана имандылық нұрын көремін...»

Аяқ астынан редакцияға дабыл болып жеткен жанайқаймен біз де сол бір “жер дауымен” Алматының шеткері жатқан шағын ауданына, шақырған жерге барған едік. Оқиғаның ұзын-ырғасы республикалық “БИБІ-АНА” қоғамының орталық кешені салынуға бөлінген жер телімін әлдебір алпауыттар баса көктеп келіп, қопара қазып, алып құрылыстың цементін құйып, жұмысын бастап кеткен. Мұны кештеу естіген Бибігүл Қабиқызы кідірместен сол заматта алып-ұшып жетеді. Бірақ қолдарында бар құжатты алдына тартқан әлгілер бет қаратпайтын күйге енгені соншалықты,Бибі-Ана шыр-пыр болып, заңды құжатын көрсетсе де мойынсұнатын түрі жоқ.

Не істеу керек?

Сонда алқынып-жұлқынған жігіттерге қарап: “Қарақтарым, сендер аналарыңды сыйлайсыңдар ма?” деп ауырлау сөзді сарт еткізгенде ғана барып, мән-жайдың шегі мен шеті шындыққа қарай шиырлана берген-ді. Бұл көз қызықтырған жер телімі “БИБІ-АНА” қоғамының заңды иелігіне берілгенін, әлеуметтік санаттағы құрылысты салуға рұқсат етілгенін түсіндіргеннен кейін ғана...

Сол күндері жанын шүберекке түйіп, жалғыз өзі айғайшы болған Бибігүл апайдың табан тіреп, талап етуімен ақиқат салтанат құрды.

– Бауырым, бұл дүниеде тауқымет деген аз емес, менің азапкеш тағдырлы адамдардың көңілін жібітіп, алданыш етер бала-шағасының бағына дем берейін деген асыл арманыма кесе-көлденең тұрушылар жоқ емес, бар, – деп еске түсіреді сол бір күйінішті жағдай-ды. – Келешекте мына “Мамыр” шағын ауданынан мүгедек аналарға арналған барлық саланы қамтитын Орталық салыну үшін бізге екі гектар жер бөлінген-ді. Барлық құжат менің қолымда, бізге ол жер бес жылға жалға берілген. Қаржы мәселесі шешіліп жатса, әрине, құрылысты бүгін бастауға әзірміз. Аракідік Алматыда сатылмаған ұлтарақтай жер қалмаған деген қаңқу сөзді де естиміз ғой. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, ұяты білер, “жер басып алушылар” жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары сол маңға сәнді де қымбат коттедждер салып, сатпақшы екен. Әйтеуір жағаласып жүріп заңды құжатымыздың арқасында олардың әрекеттерінің қате екенін дәлелдеп берсек, теледидардан Ноян деген жігіт “Біз сорлап қалдық қой, кепілдікке бес пәтерді салып, кредит алғанбыз, енді не істейміз?” деп кемсеңдейді. Бұған біздің қандай қатысымыз, кінәміз бар? Алматы қалалық жер ресурстары комитетіндегілердің “Жігіттер, біз сендерге Бибі-анамен керілдесу ұят нәрсе деп едік қой” деген сөзін естігенде мен жағамды ұстадым таңғалып. Сөйтсем, оларға да қала әкімдігінде отырған бір шенеунік өзім білермендікпен қағаздарына заңсыз қол қойып беріп, бізбен санаспаған өрескел әрекеті үшін қазір не айтарын білмей міңгірлеп отыр. Мүгедек аналардың көз жасы аздай, өстіп сорлатуға барған адамдар туралы не айтайын басқа...

Арада содан бері біраз уақыт өтіпті. Журналистік қызығушылық осы бір күрескер қазақ әйелі туралы тереңірек білуге жетеледі.

Апай, сіздің осы қоғамды басқарып жүрген қызметіңіз жүрек қалауыңыз ба, әлде адамға жақсылық жасаудың жанкештілік бір қыры ма?

Мен не істесем де өз бойымдағы жаратылыстың ішкі түйсігімен атқарамын.Бәлкім, қайсар мінезім бе, бетім қайтқан жері жоқ. Жайшылықта сырт көзге қандай әйел болып көрінетінімді білмеймін, саясаткер де емеспін. Тек жақсылық жасауды түсімде де көретін адаммын. Осы бір істі қолға алғалы бері қаншама тағдырға араша сұрап, өміріне араластым. Қаншама шенеуніктің алдына өзім үшін емес, өзгенің бақытын аялау үшін табан тоздырып, қабылдау бөлмесінде сарғая отырдым да, оның ешқайсысына да өкінгенім жоқ.

– Балалық шақтың қимас күндері осы жолға жұғысты болған шығар...

– Мен де жастайымнан анамды жанымдай жақсы көрдім, бірақ әкеме қарап бой түзедім. Аудан прокуроры болып қызметте жүргенде менің әкем ең күшті, ең қуатты адам болып көрінетін. Жаңылмасам, он жастан енді ғана асқан кезім болуы керек, әкем таң атқанша, тіпті келесі күні де оралмады. Толастамай тұрған боранның ызғырық желіне құлақ түре отырып “Менің әкем” деген алғашқы әңгімемді жаздым. Бала жүрек бір қорқынышты сезді ме, әлде күткен сағынышы баурады ма, осы бір қимас сәтімді әлі күнге дейін еске аламын. Дауылды боранда ығып кеткен отар-отар қойдықоғам малын құтқарып қалу үшін ауданның бар басшысы жолға шығып, азап шеккен күндерден қайтқан әкем менің сол алғашқы әңгімемді оқыған күні бауырына басып еміренді, қуанғанынан жылағанын алғаш көрдім.

Балалық арманым актриса болу еді. Бірақ оны мандайыма жазбады. Жол басқаша бұрылып кетті... Ал барша жұрт жақсы білетін, сан мыңдаған тиражбен әп-сәтте тараған, мені танытқан “Тауқымет” атты романымның жазылу тарихы тосын тағдырдан басталды. Баспадан шығар тұста едәуір талас-тартысқа түскен, жолы ауыр болған кітабымның жарық көруіне кезінде үлкен қолдау білдірген шымкенттік азамат Жақсылық Арзымбетов марқұмның есімін разылықпен ауызға алсам, рахметімді айтқаным шығар.

Бұл өмірде мұңсыз адамның болуы еш мүмкін емес. Қатты налыған сайын мен өзімді-өзім қайраймын. Менің өмірімнің қайнар бұлағының таусылмайтын сыры осы.

Тұлымшағым желбіреп 17 жасымда консерваторияға келіп оқуға түстім. Сол күннен бастап соңымнан бір елі қалмай, өліп-өшіп сүйетінін айтып еңіреген бір пенде ырқымды кейін ысырып тастап, мені басқа жолмен қолына түсіргісі келіп, көндіруді амалдапты. Жатақханадағы бөлмеме енді кіре берген кезімде мені ішке қарай итеріп жіберіп,ішке кірген еңгезердей жігіттің қолында пышағы бар еді. Өмірімде ер жігіттің мұндай арсыздығын көрген емеспін.Намысым өрт боп жанды,барымша алыстым,жұлыстым,әйтеуір оны жаныма жақындатпадым,ақыры жан ашуымен ашық тұрған терезеден бір-ақ қарғыдым. Ол заманда өлімнен ұяттың күштілігіне ешкімнің шүбәсі болмайтын. Бұл да менің әке-шешемнің берген тәрбиесі – намыс үшін бас тіктірді.Орнымнан тұра алмай ұзақ жатқанда өлгім де келебұл өмірденті.Соны сезген әкем «Жаным,сенсіз маған да өмір жоқ»деді.Сонымен қатар әкем «Сен ел анасы боласың»дейтін.Әкемнің кейбір ұлағатты сөздерінің айнытпай орындалғанына таңданамын да «Менің әкем прокурор болмағанда әулие болатын еді»деймін.Әлденеше жыл орнымнан тұра алмай, сансырап жатқанда да асқар таудай әкем менен күдерін үзген жоқ. Өмір сүргім келмей, мүгедектікке мойынсұна алмай, күні-түні азап шегіп жатқан маған әкемнің жанымды жебейтін сөздері еңсемді көтеріп тастайтын. Мені аяғыма тұрғызған әкемнің,анамның,бауырларымның сенімі,солардың маған деген махаббаты,айналамдағы адамдардың маған мүсіркеп қарамай,өөдерінен тіпті жоғары қоя білгендері.

– Жадыда жаңғыратын жылдардан бүгінгі тірлікке қарай ойыссақ, сіздің қоғамда алатын орныңыз шын мәнінде ел анасына лайық тірлік деген сөзді жиі естіп жатамыз. Осының бәрін қалай атқарып, қалай үлгересіз? Сізді күтіп тұрған аналар көп-ау, бірақ солардың бәрінің мүң-мұқтажын бүтіндеу қолыңыздан келе бере ме?

– Мен бір өзім бүкіл тірлікті жапырып тастап, мүгедек аналардың бар шаруасын тындырып жүрмін деп айта алмаймын.

Олай болу мүмкін де емес. Бірақ тағдыр тәлкесіне түскен әйелдердің бір шаршамайтын жоқшысы бар екеніне жұрттың көзін жеткізсем және соған лайық кісілік қасиеттер көрсете алсам ең бірінші әкемнің арманының орындалғаны.Өткен жылы ғана қоғамның облыстық бөлімшелерінің төрайымдарын жаныма ертіп алып, барлық аймақты аралап шықтық. Жергілікті әкімдер бізді құшақ-құшақ гүлдерімен қарсы алып,шығарып салып жатты.Уақытының тығыздығын айтып, бір ауыз сөз тілдесуге қиналған шенеуніктер де болды, оған біз де қитығып қалдық. Әйтсе де өкпелегем жоқ ешқайсысына. Жақсының жақсылығын айтсам, Қырымбек Көшербаев, Камалтин Мұхамеджанов тәрізді облыс әкімдерінің ішкі жан түйсігіне риза болдым, нұры тасысын. Олар мүгедек аналарды қабылдап, үлкен құрмет көрсеткені өз алдына, әйелдерді өз туған анасындай жақсы көретін жан сарайлары осындай кезде ашылып сала береді екен.

Осыдан жеті жыл бұрын Елбасы қолынан “Құрмет” орденін алып тұрып, халқыма, оның ішінде мүгедек әйелдерге жасаған жақсылығымның қайтарымы қандай болатынын сезінгенім бар. Үлкен ғалым Әлия Бейсенова апамыз “Әйелдердің еліне сіңірген еңбегін елеген адамды нағыз азамат деу керек”, әр жерде айтып жүремін, өзім үшін емес. Қарапайым қазақ әйелдерінің ой-өрісі өсіп, танылғанда олардың қайраткерлігін атап,   емес. Қараңызшы... Дүние буына ісіп-кеуіп, талтаңдаған бизнесмендер әкесінің атына көше сұрайды. Ал анасының атына неге сұрамайды?..

Алтын алма,алғыс ал деп жатады ғой,мұны әркім әр заманда әрқалай түсінетін сол кезеңдерге тән өз ісін қалдыра ма деймін.

– Қайырымдылықтың өзіне сауда-саттық кірігіп, араласып кеткенде кез келген жақсылыққа күмәнмен қарайтын адамдар көбейеді. Сыртымнан танитындар мені көшеде тоқтатып алғыстарын айтып жататын жайтқа бей-жай үйренгенмін. Асыра мақтағанды, әрине, жақтырмаймын. Сондай бір оқиға желісін айтайын... Бір әжептәуір зиялы адам кездейсоқ кездесіп, аяғымды жерге тигізбей мақтап алды да “Жеңгең екеуіміз сені теледидардан көріп, аузымыздан суымыз құрып тыңдап отырсақ, біздің ауылдан келген бір құда баламыз “ой, сендер де қызық екенсіңдер ғой, кілең бастықтардың баласын оқытып жүрген адам ғой. Әйтпесе осылай сайратып қоя ма дегені” деп ағынан жарылсын кеп. Менің төбемнен жай түскендей болды. Алла-ай, он жылда 300-ден астам баланың тағдырына араласып, араша түсіппін. Солардың бәрін жоғары оқу орыңдарына оқыту үшін қаншама тауқыметті басымнан өткізгенім, алдымен құдайға аян, сосын сол балалардың мүгедек аналары мен маған аян. Мысалы, Бақытжан деген бір баламыз мектепті үздік бітіріп, КИМЭП-ке келіп түседі. Бірақ ақшасы болмағаннан кейін одан әрі қарай оқи алмау қаупі туады. Мүгедек анасы: “Пәтерімді сатайын десем өтпейді, сіз туралы жұрттан естіп келіп отырмын осы жиынға” деп зар жылады.Қызылорда қаласында конференция өтіп жатқан болатын. Өзінің отбасы жағдайын біле тұрып, мұндай қымбат оқу орнына неге келеді деген сүйекқашау сөзді естісем де, үш күн шапқылап жүріп талай адамның алдына бардым.Зерек баланың тауы шағылмасын деп, әрмен қарай оқыту үшін сол кездегі “Қазақойл” компаниясының президенті Нұрлан Балғымбаевқа қинала-қинала телефон шалдым. Ол кісі мені мұқият қана тыңдап қоймай, кенеттен: “Қанша балаға жәрдем керек?” деп сұрағанда, қапелімде сасқалақтап қалып: “Менде бала жеткілікті” дедім. Ол іле-шала: “Алты балаңызды оқытып берейін, құжаттарын жіберіңіз” деді. Куаныштан тілім байланып қала жаздады. Сол алты баланың үшеуі оқуын бітіріп, калған үшеуі жақсы оқып жүр.

Талғаулы тірлік таусылған ба,жүректе қатталып жатқан көпшілік тірлігінен қол босағанда отбасыңыздың да жеке қуанышы сізді толғандырып,тербейтін болар,сірә.

– Әлбетте, мен ана болуды төсегімнен тұра алмай жатып армандаған жанмын. Жаратқан иемнен тілек тіледім. Бір қыз, бір ұлымды әлпештеп өсіріп, ел қатарына қосуды армандадым. Өйткені, балаларым менің мүгедектігімнен жапа шегіп қалатындай қорқатынмын. Аллаға шүкір, тілегім қабыл болды. Ұлым Аспан дәрігер, ғылым жолында жүр. Қызым Ләйлім Алматы консерваториясынан соң Мәскеуде ГИТИС-ті үздік бағамен бітірді. Қазір Абай атындағы опера және балет театрының режиссері. Өткен жылы Түркияға “Кармен” қойылымын апарып көрсетіп, үлкен табысқа жетті. Жақыңда менің алпыс жылдық тойыма “Ер Тарғынды” сахнаға шығарып, өзгеше тартымды сыйлық жасады. Бәрін де айтып жатырмын ғой. Қызым және “Томиристің” либреттосын орыс тілінде жазып, министрліктің тиісті комитетіне тапсырды. Көп ұзамай бұл қойылымды да көріп қалатын шығармыз. Балаларымның таудай талабы мен талантына дән ризамын.

Әңгімелескен Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

“Егемен Қазақстан”, 7 наурыз, 2003 ж.

АЛМАТЫ.

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта