Кеңшілік болса, кемтарға…

Қазақстанның экологиялық жайының төмендеуінен бе, жоқ әлде кезінде түрлі ядролық сынақ алаңына айналғандықтан ба, әйтеуір, еліміз мүгедектер саны жағынан алдыңғы елдердің қатарынан саналады. Әсіресе, соңғы жылдары мүгедек сәбилердің өмірге келуі жиілеп, мамандардың үрейін ұшырып отыр. Статистикалық есеп бойынша, қазір Қазақстанда 423 мың мүгедек  бар екен. Оның 47 мыңы туғаннан мүгедек балалар.

Иә, жақында ғана журналистермен жүздескен республикалық «БИБІ-АНА» қоғамдық ұйымының төрайымы Бибігүл Иманғазина ел парламентіне екі түрлі ұсыныс жолдайтынын мәлімдеді. Біріншісі, мүгедек аналар мен балалар туралы арнайы заң қабылдау, онда бұл аналардың балаларының оқуына арнайы квота бөлу немесе ақылы оқудың ең кемінде жарты бағасын төлеуге мүмкіндік жасау; ал екіншісі, коммуналдық төлемдерді арзандату. Өзі 17 жасында мүгедектік қамытын киген, «Тауқымет» романының авторы, жазушы Бибігүл Қабиқызынын бастамасымен дүниеге келген бұл коғам ең алғаш 1992 жылы мүгедек аналардың «Тауқымет» қоғамы болып дүниеге келеді. 1995 жылы қоғамның бірінші құрылтайында оның аты «БИБІ-АНА» деп өзгереді. Сол жылы қайырымдылық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталады. Қазір бұл қоғамның он екі облыста бөлімшелері бар екен. Ізгілікті пенделік жеңген бұл қоғамда мүгедек аналардың жағдайын пайдаланып, құлқын қамын ойлайтындар да табылыпты. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімше төрайымын мүгедек аналардан пара алғандығы үшін бес рет ауыстыруға тура келген. Алайда, осы бір қоғамдық дертті ауыздықтау мүмкін болмай, аталмыш облыстағы бөлімшені жабуға мәжбүр болған. Мұндай жағдайлар Жамбыл, Қызылорда облыстарында да етек алған көрінеді. Қоғам мүшесі әр топтағы мүгедек және 18 жасқа дейінгі баласы бар ана болуы шарт. Негізгі қолға алған шаралары ретінде Бибігүл Қабиқызы мүгедек аналардың балаларын түрлі жоғары оқу орындарында оқуға көмектесетіндіктерін айтты.Күні бүгінге дейін бұл қоғам үш жүзден астам балаға көмек көрсетіпті. Мәселен, өткен жылы екінші курстың балаларының қарызын жабуға миллионнан астам ақша төленген. Бұған «Қаражамбасмұнай» компаниясы қол ұшын созыпты. Сонымен қатар, 28 бала Үкіметтің қолдауымен  грантқа ауыстырылған. Қазір бұл балалар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, Асфандияров атындағы Медицина университетінде, Қазақтың Заң академиясында, КИМЭП-те, Көлік және коммуникация академиясында, Ұлттық техникалық университетте білім алып жатыр.

«БИБІ-АНА» қоғамының мүшелері 1996 жылы 38 мыңға дейін жеткен екен. Қазір бұл санды анықтау мүмкін болмай отыр. Тек Алматы қаласының өзінде 447 мүшесі бар көрінеді. I топтағы мүгедектер ерлі-зайыпты Қожамқұлов Сағындық пен Сакиева Саадаттардың бір ұлы бар. Он жыл бойы осы қоғамның мүшелігінде жүрген олар «БИБІ-АНА »қоғамынан материалдық көмектер алып тұрған көрінеді. Дәрі-дәрмек тегін беріліп, балалары балалар орталығында демалған.Шексіз қуаныштары ұлдарының Ұлттық техникалық университетінің радиотехника және байланыс факультетінде тегін оқып жатқандары. Бұл сияқты мысалдар «БИБІ-АНА» қоғамынан молдап табылатындығына көзіміз жетті.

Бибігүл Қабиқызы бұл жолғы мәлімдемесінде халық қалаулыларын, айына мың теңге атаулы көмек пен 3 мың теңге мүгедектік зейнетақы алатын бұл жандардың көз жасын құрғатуға көбірек көңіл бөлулерін өтінді.

«Түркістан» газеті,

20 маусым, 2002 ж.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта