***
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,«БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының президенті
ҰЛТ ЖОСПАРЫНЫҢ ТІРЕГІ – ӘДІЛЕТТІ ҮКІМЕТ
Джон Кеннеди «Елім маған не істеді деп емес,менен еліңе не істедің деп сұра» деген екен,ал менің оқымаған анам «Жақсылықты әуелі адал еңбегіңмен от басыңа жасауға тырыс,от басыңнан ауыссаң көршіңе,ауылыңа жаса,әрі қарай деңгейің жетсе еліңе жаса»деп отыратын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Халқына жолдаған Жолдауын от басымызбен тыңдадық та риза болдық,енді телефон қолымыздан түспей,талдап жатырмыз.
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАП, БІЛІКТІ, БІЛІМДІ,ПАРАСАТТЫ, ОЙЛЫ,АЛЫС-ЖАҚЫН ЕЛДЕРДІҢ СЫРЫ МЕН ҚЫРЫН ЖАҚСЫ БІЛЕТІН,ТӘЖІРИБЕСІ МОЛ,ТЕКТІ АЗАМАТТЫҢ ҰЛЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫНА СЕНІМ БІЛДІРІП, ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕНІ ҮШІН ЕЛБАСЫМЫЗ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫНА РИЗАШЫЛЫҒЫМДЫ БІЛДІРІП,АЛҒЫС АЙТАМЫН.
Нұрсұлтан Әбішұлына менің де өкпем жеткілікті-ақ еді, бірақ,шындықпен бетпе бет келгенде,өкпеге биігімнен қарайтын мінезімнен айныған емеспін...
Қазақстанның үлкен өзгерістерге бет бұрғанына қуанамыз,жер-жаһанды жалмап жатқан,адамзаттың есінен кетпес мына індеттің өзі өмірімізге басқа қырынан қарауға үйретіп жатыр.
Президентіміздің жолдауы туралы айтылып жатқан бар пікірге қосыламын,тек бір азаматымыздың «Президенттің қазақшасына үш деген баға қоямын»дегеніне келіспеймін.Мен жазушымын,өз тілімді жақсы білемін,сондықтан да мен Президентіміздің қазақшасына бес деген баға қоя аламын.
Қай Елге көрсетсең де «Қазақтың Президенті осындай»деп мақтануға болатын Президентімізді енді сынға ала бермей,қолдау көрсетейік.
Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқанындай «Қасым-Жомарт Кемелұлының туының астына жиналайық халайық!».
Бұл енді жағымпаздық емес,немере-шөберелеріміз өмір сүретін Қоғам үшін мың ойланып,мың толғанып жасалынған тұжырым!
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай,ауыл өлмешінің күнін көріп отыр.Күн сайын ауыл-аймақтардан келіп жататын хаттарды оқып қана қоймаймын,сол бойда шешуге тырысамын.Бірде-бір адамның үкіметтен заңсыз ештеңе талап етпейтініне көзім жетті.Дені сау адамдар екі қолына бір күрек таба алмай сергелдеңге түсіп жүрсе,мүгедектер жеті жылда үй ішінде жүретін,төрт жылда көшеге шығатын қоларбасын ауыстыра алмай,тағы-тағыларын кезінде ала-алмай ашынуда.
Үлкенді-кішілі шенеуніктер бұл масқаралықты білсе де,білмеген болып жүре береді.Бұл масқаралыққа да тыйым салатын солқылдақ емес,мығым заң керек!
Халықтың ештемеге қолы жетпейді,сосын заңмен бекітілген дүниеге қолдарын жеткізу үшін шарасыздықтан пара беруге мәжбүр болады.Менің бір танысым «Әшейін анықтама алу үшін бір коньяк немесе бір қорап тәтті апармасаң,мың сылтау айтып сандалтып қояды» дейді.
Бұл сұмдық па,сұмдық!
Адам емес,малдың құлағын саңырау ететін алуан түрлі сұмдықтарды естіп,бір өліп,бір тіріліп отырамыз.
Ұрлықтың үлкені-кішісі болмайтынын бала отбасынан,мектептен ғана емес,қоршаған ортадан да көріп,сезініп өсуі керек!
Жақында бір топ мүгедек аналардан хат алдым.Олардың күйіне жазғандарынан ұққаным,өздері қайтыс болса,бірнеше жыл кезекке тұрып,ипотекаға алған үйлерін балалары үкіметке қайтарып беруі керек екен.
Бұл қандай заң?! Мүгедектіктің бар тауқыметін бастарынан өткізіп жатса да,бір де бір мүгедек ана балаларын жетімдер үйіне өткізбейтінін мен жақсы білемін.
Мүгедектердің балаларына қалдыратын басы ауыс пәтері,дүние-мүлкі жоқ,осындай заңның қабылдануын қолдаған депутат-аналардан не үміт,не қайыр?!Мүгедек ата-анасының қоларбасын сүйрелеп,жоқтықтың азабын тартып өскен балаларға анасынан қалған пәтерінен айырылу есебі жоқ соққы болатыны анық! Бұл әділетті заң ба?!
Мен Президент болсам, Қазақстанның байлығының арқасында миллиардер болып жүргендердің әрқайсысы бір завод,бір фабрикадан салып,үкіметке өткізіп отыруларын жүктеп, жұмыссыздықты жояр ем.
Асырауында балалары бар мүгедек аналардың Қоғамын құру үшін бала-шағамызбен көп ойланып,көп толғандық,балаларым менің денсаулығыма алаңдады...
Өз басым көз жасын көлдетіп жүретіндерді мүгедек болсам да қолдамаймын.Сондықтан да өзім жақсы көретін «Мүгедек болса да қолдарына балық емес,қармақ беру керек»деген қағидаға сүйеніп,кенеттен мүгедек болып қалған аналардың балаларының жоғары білім алуын қолыма алғаныма да отыз жыл өтіпті.Бұл маған оңай болған жоқ,ақылы бөлімге түсетіндей балл жинаған балалардың ақшасын төлеп,оқуға түсіріп,әрі қарай жақсы оқитындарын грантқа ауыстырып,ректорлардың табалдырығын тоздырып,төлемақыларын төмендетіп берулерін өтінетінмін.Әлі де солай, «Алтын белгімен» мектепті аяқтаған,әкесі мүгедек балаға грант берілмегені туралы Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жазуға мәжбүр болдым.
Кезкелген қайырымдылықтың арқасында бір есеп-қисап тұратынын мойындап өскен балалардың санасын өзгертуге әруақыт тырысып жүреміз.Дипломдарын алған балаларымызға«Жаным,енді ең болмағанда он адамға қайырымдылық жасап жүрсең,еңбегіміздің далаға кетпегені»деймін.
Мемлекетіміз әр отбасынан құралса, әр отбасы,ең алдымен,ауру баласына ерекше көңіл бөледі.Асырауында балалары бар,кенеттен мүгедек болып қалған аналар үкіметтің ерекше қарауында болуы заңды!Отыз жылда мыңдаған мүгедек аналармен жүздестім,олардың мұңы өзімнің мұңым,қуанышы өзімнің қуанышым болып келеді. «Мүгедектердің тыныс-тіршіліктерін мендей білетін бір адам жоқ»дегенді енді аузымды толтырып тұрып айтуға толық құқым бар.
Мүгедек ата-анасын сүйрелеп,жоқтықтың зардабын тартып өскен балаларға анасынан қалған пәтерінен айырылу есебі жоқ соққы болатыны анық!
Ойсыз шығарылған заңның өзгертілуіне Қасым-Жомарт Кемелұлы ықпал етер деген сенімдемін.
Қазақтың «Ет бұзылса тұз себерсің,тұз бұзылса не себесің?»деген нақыл сөзі біздің ел билеп отырған жемқорларға,прокурорлар мен соттарға арналғандай. «Жемқорлықпен күрес» деген ұранға Ел мысқылдай қарайтын болды.Бір жерде ұрлығымен ұсталған Ұры миығынан күліп,тағы бір жерге бастық болғыш-ақ.Неге бұлай?!Мен жазушымын, жазбай отыра алмаймын,сол сияқты ұры да өз жұмысын қай жерге барса да жалғастыра береді.
Қазаққа әділеттіліктің күні әзірше алыс болып тұр,бірақ,әділеттің орнайтынына Халықтың сенімі молая бастады...
Он жасар баланың ауру анасына сорпа жасап беру үшін ұрлаған тауығы сол ауылдың полициясының тауығы болып шыққанын «Назым»атты хикаятымда жазғанмын.Ауылдың беделді ақсақалдары тауығы ұрланған полицияны алдарына шақырып,ақырында полиция ауыл ақсақалдарынан кешірім сұрап,бала аман-есен үйіне оралады.
Еліне еңбегі сіңген,абыройлы ақсақалдарымыз жиын-тойда шенеуніктерден төмен отырады.Әділ сөздерін айта алмай,іштерінен тынып жүреді.Ауыздарын ашса,ұлдары, қыздары,немерелері жұмыссыз қалады,жан-жағынан қысым көрсетіледі.Өмір бойы шындықты шырылдатып айтып келе жатқаным үшін, менің балаларым да талай азапты бастарынан өткізіп келеді.Бұл қорлық па-қорлық!Бұл зорлық па-зорлық!
Ата-анасы үшін балаларына қысым көрсетудің де заңсыз екенін дәлелдейтін бір заң керек!
АУЫЛ-ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ! Ауылдың тұрмысы жөнделмейінше қаланың жағдайы жақсармайды.Ауылға жыл сайын миллиардтаған ақша бөлінетінін отыз жыл бойы естіп келе жатырмыз,бірақ,жөнделген ауыл да жоқ,қаражаттың кімнің қалтасына кеткенін іздеп жатқан құзырлы орындар да жоқ...
Ауыл шаруашылығы министрі ай қарап отыр ма?Намыс қайда?!Ұят қайда?!Ауылдарға барғанда министр мырза неге тек қана әкімнің кабинеті мен дастарханынан қайтады?! 90-жылдары мен автокөлікпен Қазақстанның бар аймағын аралап,бірнеше жылдан бері төсектерінен тұра алмай жатқан аналармен кездесіп,өтініштерін тыңдап қана қоймай,іске асыра білдім.Тепсе темір үзетін ауыл шаруашылығының миистрі де ауылдан шыққан азамат емес пе?!Ауылда еңбекқор адамдар ғана тұрады,тек оларға жағдай жасалынуы керек.
Қазақтың малын жаятын жерге зар болып отырғанын ауыл шаруашылығы министрі білмей,көрмей отыр ма?!Мыңдаған мысалдың бір-екеуін ғана айтайын.
Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінде тұратын бір ауылды телеарнадан көрдік.Сол ауылдағы айналасы қоршалған, қолдарына автомат ұстаған күзетшілері бар жерлерді көрсеткен екі шал «Мынау да,анау да бір мықтылардың жері,бір қойымызды жая алмаймыз» деп,жыламсырап тұр.Қартайғанда шарасыздықтан шаршап тұрған екі ақсақалға жаным ашып,менің де көзіме жас келді...
Тағы бір кемпір Қызылорда облысынан«Бір сиырым бар еді,айналасы қоршалған жердің иелері жайылымға аяқ бастырмайды.Бір күні балам бір арба шөп шауып әкеліп еді,әлгі иығына автомат асынғандар келіп,шөпті балама қайтадан арбаға тиетіп,алдарына салып алып кетті.Тағы «Сотқа береміз»деп қорқытты.Ақыры күнімізді көріп отырған жалғыз сиырымызды арзан бағасына сатып жіберуге мәжбүр болдық» дейді. Бұл масқара ма,масқара!
Осы шал мен кемпірдің басындағы жағдайды Қазақстанның әр ауылынан көруге болады. Мұндай масқара бір де бір қазақтың ойы түгілі түсіне де кірмеген шығар!
АУЫЛДА БОЛЫП ЖАТҚАН МҰНДАЙ СҰМДЫҚТАРДЫ КҮН САЙЫН ӨЗІМЕ КЕЛІП ЖАТҚАН ХАТТАРДАН ДА ОҚЫП,ҚАНЫМ БАСЫМА ШАУЫП,ШАРАСЫЗДЫҚТЫҢ КЕБІН КИІП ОТЫРАМЫН.
ӘКІМ НЕ АЙТСА СОНЫ ҒАНА ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖЕТКІЗЕТІН МИНИСТРЛЕРДІҢ АЛДЫНА ӨТЕ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛУЫ КЕРЕК! БҰЛ ӨТІНІШІМЕ ДЕ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ КӨҢІЛ АУДАРАР ДЕГЕН СЕНІМДЕМІН.
Мен президент болсам барлық министрліктерді жауып тастап,әр облыстың департаменттерінің алдына қатаң талап қояр ем.
Мәдениет министрінің алдындағы күзетшісіне шейін мәдениетті болу керек екенін де талап ететін кез жетті.Өнердің құдырет екенін,сахнаның киелі екенін ең алдымен мәдениет министрі бір сәт есінен шығармау керек.Себебі,дарынсыздарды сахнаның маңына жолатпауды талап ету мәдениет министрінің міндеті.
Біз көріп жүрген әртістеріміздің мәдениеттері жоқ! Шіркін-ай,қазір Роза Бағланова апамыз тірі болса ғой...Роза апай сахнаға ұлттық киімімен сылаңдап шыға келгенде зал дегенің дүр сілкінетін.Ол кісі тек қана теңдесі жоқ әсем үнімен әнін ғана айтатын,сахнада бір ауыз артық сөз айтқанын естіген емеспіз.Мұрнын сипап,жөнді-жөнсіз ыржалақтайтын әншілер ешуақытта көрермендерін тәрбиелей алмайды.
Баланы жас күнінен жеңіл музыка мен классикалық музыканы айыратындай дәрежеде өсіру керек,.Музыка құдырет қой! Балаларымның кішкене күндерінде айлап төсек тартып жатып қалатынмын,сол кездерде Бетховеннің «Лунная сонатасын» жалықпай тыңдаушы ем.Мүмкін,сол қызыма әсер еткен болуы керек,төрт жасында пианинода ойнайтын болды.Екінші жоғары білімін Мәскеудің атышулы театр институында алған қызым бүгінде опера режиссеры.
Қызымның әр операсының премьерасына барып тұрамын,әр операдан кейін жаным басқаша түлейді,ішкі жан-дүниеңде бір өзгеріс пайда болады.Алматыда тұратын жастарымыз түгілі,өнер ордаларының басшыларының өзі операға бармайды.Класикалық музыка мен жеңіл музыканың ара жігін ажырата алатын да кез жетті.Құрманғазының бір «Кісен ашқан» деген күйін мектептерде ойната отырып,күйдің қалай шыққанын баяндаудың қандай қиындығы бар?! Әлде бізді күй сабағынан беретін мұғалімдер жоқ па?! Құрманғазыны классик емес деп кім айта алады?! Құрманғазыны тыңдата отырып,басқа елдердің классиктерін ауылдағы балалардың санасына құя білетіндей ұстаздарды дайындау керек!
ҚЫЗ БАЛАНЫҢ намысын таптап жүрген адам кейпіндегі айуандарға ешуақытта кешірім беру өте қауіпті!
Өз басымнан өткен сол бір қаралы күнді арада алпыс жыл өтсе де ұмыта алмаймын,мүгедектіктің тауқыметі мен азабы аз емес.
Мен де біреудің гүлдей болып өскен қызы едім.Өзім армандаған оқуыма түскен күні,тапа-талтүсте,соңымнан қалмай жүрген көп жігіттердің ішіндегі еңгезердей біреуі жатақханадағы бөлмеме кіре бергенімде артымнан қуа кіріп,есікті құлыптап алды.Алыс-жұлыс,ақырында ашық тұрған терезеден секіріп кеттім.Прокурор әкемнің,ол айуанның жетімдер үйінен шыққанын ескеріп,соттан он бес жылды сегіз жылға түсіруін өтінгені есімде.Төрт жылдан кейін түрмеден шыққан соң бір кемпірді зорлап екінші рет сотталып,тағы да аман-есен шығып,ақырында ішіп жүріп,өзі тұрып жатқан үйде өртеніп өліпті. Міне,сол айуан кімге қандай бақыт сыйлады?! Өмірге не үшін келіп,не үшін кетті?!Мен болсам алпыс жылдан бері мүгедектіктің тауқыметін тартып келемін...Оның өртеніп кеткені дұрыс болды,әйтпесе талай адамды бақытсыз етер еді...
Енді қызды зорлағандарды 25-30 жылға соттайтын болыпты,ол айуанды неге 25-30 жыл үкімет асырауы керек?!Не үшін?! Мұндай жалған қайырымдылық кімге керек?! Оларға тамағы тоқ,ұйқысы қанық болса болды,мал да бір,олар да бір.Сол айуанның кесірінен ата-анам ерте қартайып,көздерінен жас,көңілдерінен мұң кетпеді.Ана дүнияға да қасіреттерін өздерімен ала кетті.
Кезкелген қыз өсіріп отырған ата-ана «Ондай айуандардың көзін қандай жолмен болса да құрту керек»дейтініне менің күмәнім жоқ!
Күн сайын жаңалықтарды телеарналардан жібермей тыңдаймыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы әкімдерге, министрлерге жұмыстарын жөндеу үшін бір жылдан аса уақыт берді ғой.Екі жыл болып қалса да бір басшының өздері арыз жазып,еркімен жұмыстарынан кетіп жатқанын көре алмай отырмыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Сталин бола алмаймын ғой»деген сөзін тыңдап отырып,қатты толқыдым.Сталиннің адамзаттың алдында күнәсі шексіз,оған ешкімнің де күмәні жоқ.Бірақ,Сталин қатал болмаса соғыстан кейін теп-тез жемқорлардан,қанішерлерден елді тазарта алмас еді.
Елін,жерін,жұртын,тіпті бала-шағасының болашағын да аямай,миллиардтарды қалталарына салып жатқандардың халықтың жаулары екенін мойындамасқа амалымыз жоқ,сондықтан«Жауды аяған жаралы»деген нақыл сөзді Президентіміздің есіне салуға да мәжбүр болып отырмын.
Менің осыдан үш ай бұрын «Ана тілі» газетіне шыққан мақаламды оқыған бір дөкей құрдасым «Елімізде тұлға аз дегеніңе көне алмаймын» деді.Ол құрдасымның айтуынша елімізде «Тұлғалар» көп екен,шіркін-ай,солай болса ғой...
Үстіне американың жейдесін киіп,қымбат протфель ұстайтындардың бәрі өздерін Тұлға санайды екен.Айдың күні аманда Халықтың нәпақасына қолдарын шімірікпей салатындарға «ТӘЙТ» деуге шамалары келмейтіндер тұлға болса жетіскен екенбіз!
СҰРАҚ КӨП ТЕ,ЖАУАП ЖОҚ !
Еліміздің егемендік алғанына жүрегіміз жарыла қуанып,кішкене денсаулығымызды аямай,халқымыздың жалшысы болып жүрсек,біздің тегі жоқ байларымыз жемқорлықпен,тоқалдарын ауыстырумен ғана айналысып жатқан екен.
Дүниеге тоймайтын,бірінің алдында бірі қыр көрсететін,белгіленген,белгіленбеген тоқалдардың талайы күйеулерін түрмге тығып жатыр.
Тоқал алсын,бірақ,ол тоқалдарын өздерінің еңбектерімен, тапқан жалақысымен асырасын,ең бастысы тоқалдарын майлы шелпегі мол жерлерге бастық етіп қоятындарын қайтерсіз.Білімсіз,ауырдың үстімен,жеңілдің астымен жүретін сол тоқалдар төбемізді тесетін болды.
Бұрын «Жоғарыда ағамыз бар,апамыз бар»деп мақтанатындар енді мығым ағаларымыздың тоқалдарымен мақтанатын болыпты.Белгіленген,белгіленбеген тоқалдарды жағалап,солар арқылы шаруаларын түгендеп жүрген,тепсе темір үзетін азаматтарға жаным ашиды...
Бәйбішесінің рұқсатынсыз қазақтың бір де бір азаматы тоқал ала алмаған.Жасырын тоқал алудың күнә екенін,екі қатыннан туған ұлдың екі рулы ел болатынын жұртшылыққа түсіндіру әр қаладағы,әр ауылдағы Имамдардың ісі.
Әр адамның санасында Джон Кеннеди айтқандай«Осы мен мемлекетім үшін не жақсылық істей алдым?»деген ой пайда болмайынша,«Бүгін бір адамға қиянат жасаған жоқпын,бір адамның несібесіне қолымды сұққан жоқпын»деп, өзіне күн сайын есеп беретіндер көбеймейінше тап қазіргі біз өмір сүріп жатқан Қоғамды өзгерту қиын.
Тойдың емес,ойдың кезеңі!-Керемет айтылған сөз!
Тойсыз қалған әртістердің аштан өлетіндей болып жатқандары масқаралық қой. Мен Президент болсам,халық әртісі,еңбегі сіңген қайраткер,мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атақтарды алғанша жанталасып,алып алғаннан кейін өз міндеттерін ұмытатындардан бар сыйлықтарын қайтып алар ем.Себебі,жер жаһанды жалмап жатқан жалмауыз індет кімнің кім екенін белгілеп берді.
Мен Президент болсам,жұртты таластырып қоятын,ешуақытта талантты,дарындылар емес,жағымпаздықтың академиясын бітіргендер мен құйтырқы жолдардың мамандары болып алғандар ғана алатын сыйлықтардың комиссияларының алдына қатаң талап қояр ем...
Қай уақытта талантты адамдарға жоғары дәрежедегі сыйлықтар бұйырып еді?!Шәмшінің,Мұқағалидың замандасы болдық,олар кедейліктен құтылмаған күйі өмірден өтті.Шәмшінің «Шымкент пен Алматының ортасында адам тасып күн көріп жүрмін,қызыл машинам аман болсын»дегенін естіген адаммын.Талай рет оның айналасындағылардан көріп жүрген құқайын айтып,күрсінгенін көрген адаммын.Шәмші мен Мұқағалидың жолын жауып,талай еңіреткен ағаларымыз арамызда жүр ғой.Іші тар,қызғаншақ,дарынсыз адамдардан тек қана талантты адамдар азап шешеді...
Осы заманның классик ақыны Ғалым Жайлыбайдың бір емес екі рет мемлекеттік сыйлықты ала алмағанын айтып,Қасым-Жомарт Кемелұлыныа хат жазғанмын.
Ғалымның «Қарағанды лагері қара орамал»деген поэмасын күңіренбей оқу мүмкін емес.Он марапаттың иесі болып,кердеңдеп жүрген пысықайларды Ғалыммен қалай салыстыруға болады?! Ең қызығы Ғалым мен сияқты бір де бір билікті сынамаған да екен,не үшін талантты адамның өзіне лайық сыйлықтан шеттеп қала беретіні түсініксіз...
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ! «Қайырымдылық деген ұлы ұғым, әр қазақтың жүрегінің ортасына ойып жазылған»деуші еді-ау менің ӘКЕМ!
Қайырымдылықтың есеп-қисаппен жасалатынын көру,есту үлкен қасірет.Біз бала күнімізде қайырымдылықты естіп емес,көріп өстік.Енді жұртшылық қайырымдылықтың өзіне күмәнмен қарайтын болыпты.
Бір-ақ мысал келтірейін.
Астанада бес сәбидің өртеніп кеткені жұртшылықты есеңгіретіп тастады.Өзімнің туған елімде тұратын мүгедек аналардың тізімін бөлек ұстап отыратынмын.Сол күні сегізінші баласын туғаннан кейін мүгедек болып қалған Бағилаға телефон соқтым.Ол менің даусымды естісімен еңіреп қоя берді.Кедейліктен тұралап отырғандарын,күйеуінің жұмыс таба алмай жүргенін,балалары тары түйіп,базарға апарып сатып күн көріп отырғандарын,үйлерінің бір жағы құлап қалғанын айтты.
Еш ойланбастан туыстарыма үй іздеуді тапсырдым. Бірнеше жыл бастық болып істеген бір ағамыз еңсесі биік сегіз бөлмелі үй салған екен.Тустарымның «Ауласының өзі 15 сотық,төрт сарайы,екі тайқазаны бар екен»дегендерін естігенде қатты қуандым.Енді тары түюдің саудасы қызатын болды деген ой келді.Үйді алатын болдық,енді Бағиланың күйеуін көндіру қиын болды. «Даладағы біреу қалай анау-мынау адамның қолы жетпейтін үйді алып береді екен,кейін ақшасын сұрайтыны анық деп туыстарым болмай жатыр,осы үйімізге де зар болып қалармыз» дегенінен танбай қойды.
Қазақтың «Туыс бар болсаң көре алмайды,жоқ болсаң бере алмайды»дегенін де мойындамады.
Ақыры Бағила «Бибі-Ана,мүмкін болса,үйді менің атыма жаздырыңызшы,мен күйеуімді енді әрі қарай тыңдай алмаймын»деді
.Сөйтіп,өзімнің «Тауқымет»атты ктіабымның сатылымынан түсіп жатқан ақшаға Бағилаға сегіз бөлмелі үйді сатып алып бердім.
Арада бір жеті өткен соң Бағиланың күйеуі менен кешірім сұрай тұрып «Бұрынғы отырған үйіміздің жерін бір миллион теңгеге сұрап жатыр,жартысын сізге салып жіберейік деп отырмыз» дегені.Мен біраз ұрсып алдым да« Маған арнаған сыйылғыңды балалардың қажетіне жұмса.Жастарға қайырымдылықтың ұрығын сеуіп жүрсеңдер сол маған үлкен сыйлық болар еді» дедім.
Қазақ қай уақытта қайырымдылықты сауда-саттыққа салып еді?!
Соғыстан кейінгі жылдары біз жетім балалар үйіне жиі баратынбыз,олар Украина мен Ресейден келген балалар еді.Анам қыздарға сары сәтеннен омырауына жалпыншақ салған көйлектер,ер балаларға ақ сәтеннен көйлек тігетін.Олар анамның арасына сары май салған ыстық тапа нанын жақсы көретін.Анам ақылды,қайырымды,қарапайым адам болатын.Балалар үйіне тамақ тасуға біз де дайын тұратынбыз.Сонда мені үнемі «Мен бір күн ата-анамды көрмесем тұра алмас ем,бұлар енді ата-аналарын ешуақытта көрмейді-ау»деген ой жүрегімді елжіретіп,көзіме жас әкелетін.
Мемлекеттің міндеті-жүздеген жылға жететін мығым ауруханалар,мектептер,жоғары оқу орындарын,қолжетімді тұрғын үйлер салу,бірнеше жылға шыдайтын мығым жолдар салу,халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету,еліміздің тыныштығын сақтау,жұмыссыздықты жоятын жеткілікті фабрикалар мен заводтар салу,қарттары мен мүгедектерін қамқорлыққа алу,министрліктердің, әкімдердің әділетті болуларын қадағалау,тағы тағылар...
Әр адамның міндеті-мығым отбастарынан ғана мығым мемлекет құралатынын естен шығармау.Әр ата-ана балаларының бойына ең алдымен адалдық пен адамдықтың,адамгершлік пен қайырымдылықтың қасиетін сіңіріп өсірсе,ол балагың өзі болашағына да жоспар құра алады,өз міндетін де қалтқысыз түсіне алады.Адал еңбекпен ғана басталған істің қайырымы болатыны анық! Отбасының тыныштығы мен молшылығын,абыройын сақтай білген еркектің де,әйелдің де жүзі жарқын.Біреуді ағалап,жағаламайтын,ешкімнің алдында тәуелді болмайтын,өз ақылымен,білімімен,өз еңбегімен өмір сүретін адам ғана бақытты адам.
Үш күндігін болжай алмайтын анасы,үш жылдығын болжай алмайтын әкесі болғаны үшін балалар ішер асқа,киер киімге жарымай жүргенін көріп жүрміз.Бұл енді ащы болса да шындық!Өзінің балаларын тастап,алимент төлеуден қашып,байлықтары басынан асатын әйелдерді паналап жүретін еркектерді жазалайтын заң қабылданатын да кез жетті.
Күншіл,қызғаншақ,іші тар,сараң,жағымпаз адам әлсіз адам,оларды жөндеу мүмкін емес.Себебі оларға ондай бақытсыздық ата-бабаларынан,ата-аналарынан тараған.
Біз,аналарымыздың «Ұят болады», «Жаман болады»деген сөздерінің тіпті астарын да сұрамаған екенбіз,әйтеуір бір жамандықтан анамыздың сақтап тұрғанын мойындап өсіппіз.
Мемлекеттің үлкенді-кішілі қызметін атқаратындар адал еңбек етсе екен, әр адам өз өмірін өзі жоспарлап үйренсе екен...
Кеңес өкіметінің «Коммунизмге бет бұрып келеміз»деген ұранына баршамыз әбден сендік,енді Коммунизмді әр адам өз отбасында құруға тырысу керек! Сонда ғана өміріміз өзгереді...
14.09.2020 жыл «АНА ТІЛІ»газеті