ЕСЕП-ҚИСАПСЫЗ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ…
Мүгедектер туралы әңгіме бола қалса,көз алдарына көшеде қайыр сұрап тұратын адамдарды елестетіндерін жасырмай айтатындардың баршылық екеніне көзім жетіп жатыр.
Менің романымның атымен аталатын «Тауқымет» атты,асырауында балалары бар мүгедек аналардың Қоғамының құрылғанына үш жылға да болған жоқ. Бірақ,осы аз уақыттың ішінде қыруар шаруа істелініп қалса да,алдымызда істелінетін шаруаның шеті де,шегі де көрінер емес…
Мен де мүгедекпін,екі баламды тәрбиелеп өсірдім.Еліміздің тәуелсіздік алғанына айырықша қуандық. Айнала жалғасып жатқан тіршіліктің қырық тамыры қиылып, заман дәл бүгінгідей болып, шыр айналып кеткенін көрудеміз.Мұндайда мен өзімді емес,«Мен сияқтылардың тағдыры не болады?» дегенді көбірек ойладым.Әсіресе,асырауында балалары бар мүгедек аналардың қиналып жатқанын өзіме толастамай келіп жатқан хаттардан оқып,біліп отырдым.Көп ойланып,көп толғанып, мүгедек аналардың қауымдастығын құрдық.Жоспарымыз:мүгедек аналар бас қосып, бәріміз бірігіп, өз құқымызды қорғауға, өмір қиындығына мойымай, жұрт құрлы күн көруге, өзіміздің ақыл-ойымызбен, күш-жігерімізбен, бойымыздағы бар қабілетімізбен өз тағдырымызды өзіміз жөндеуге қол жеткізу, ар-намысымызды аяққа бастырмау еді. Біз Қоғамымызға балалары бар, өзі мүгедек аналарды ғана қабылдадық.
Біз ең алдымен, мүгедек аналарды өзінің мүмкіндігіне қарай, үйлерінде атқаратын жұмыспен қамту үшін «Бибі-Ана» атты фирма аштық.Мүгедек аналар киім тігуге әлі де жаттығу үстінде. Әсіресе, балаларға арналған киімдер тігу басталып кетті.Ал, әшекей салатын қайсыбір киімдерді тігу үшін үлгі қажет болды.Жаңа үй болғандардың төсек орнына керек төсеніштер мен жаңа туған жас нәрестелерге керек ораныштарды да тігуді үйренуді алға қойдық. Біздің қауымдастықта масылдыққа жол жоқ.
Өмір болған соң, мүгедек анасы өліп, артында бас-көзсіз балалары қалатын кездері де ұшырасады. Мұндайда бұрын көрінбеген, әйтеуір, «ағайыны едім» деп басын көтеретіндер жетіп артылады. Ойлары,артында қалған жетім баласына пана болу емес, енді иесіз қалған пәтерге ие болу. Біз болсақ, жетім баланың бас-көзсіз де, баспанасыз да қалмауын қадағалаймыз. Біз қазір фирмадағы жұмысымызды кідіртуге мәжбүр болып отырмыз. Кәсіпкерлер қорынан белгілі бір мөлшерде қаражат бөлінуін күтудеміз. Сонан соң кәсіпорынымызды бұрынғыдан ұлғайтуға кіріспекпіз; әрине, бұл кәсіп мүгедек әйелдердің бірден-бір күнкөріс көзіне айналатын болады.
Республикалық қауымдастығымыздың әр облыста бәлімшелері бар.Қай аймақта болсын, мүгедек әйелдердің тұрмыс-күйі өте нашар, үй-күйі жоқтың қасы.
Әділетке қол жеткізу де оңай емес,бірақ,бірақ,заң жүзінде шешілетін мәселенің шешілмей қалып жатқаны жоқ.
Мүгедек аналарға саяжай үшін жер бөлінбейді, үйі жоқтарға үйді кім береді? Үкімет алдына мүгедек аналарға неғұрлым ауасы таза ауданнан жер белуге, үй құрылысы үшін ұзақ жылдарға арналған қарыз беруді сұрап, талап қойдық.
Мүгедек аналардың балаларын оқу орындарына қабылдау жөнінде күні бүгінге дейін ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Бірақ, біз өз қауымдастығымыздың жарғысына мүгедек аналардың балалары оқу орындарына түсу үшін жеңілдікке міндетті түрде қол жеткізу қажет екендігін атап жазғанбыз. Рас, «мүгедек болса, өзі мүгедек,баласы мүгедек пе?» дейтін беті қалың пенделердің талайы кездесіп жүр. Біздің балаларымыздың арасында небір дарынды балалар бар.Біз қауымдастық атынан сондай балаларды іріктеп, қауымдастық есебінен оқуға дайындайтын мұғалім жалдауды дағдыға айналдырдық.Көптеген жоғары оқу орындарының ректорлары біздің мұңымызды өте тез түсінеді. Соңғы екі жыл ішінде 24 мүгедек әйелдің баласы жоғары және орта оқу орындарына түсті.Біз бааларымызға баға сұрамаймыз. Тек қана конкурсқа келген жерде, бұл істің басында мен жүремін. Құдай жарылқағыр, Сағадиевтің, Белозеровтің, Нұрпейісовтің, Исаевтің, Арыновтың, тағы басқалардың азаматтығына мың да бір рахмет. Алдағы оқу жылында да он екі балаға дайындаушы мұғалім жалдауға қаржы іздестірудеміз.Үнемі қол ұшын беріп келе жатқан «Бутя» фирмасының президенті болат Әбілов мырзаға алғысымыз шексіз...
Біздің қауымдастыққа ұлтына, нәсіліне қарамай, баласы бар барша мүгедек аналар мүше бола алады.Жуырда беделді бір баспасөз бетінде Қызыл Айшық қоғамының бас директоры «Мүгедектердің барлық ұйымдарын, қоғамдарын Қызыл Айшық қоғамы қарауына беру керек» деген ұсыныс айтты.Қоғамдық ұйымдар мен Қызыл айшықтың міндеттері,жоспарлары өздерінің Жарғысында анық,заң тілімен көрсетілген.Біз тек қана заңға бағынамыз.
Осы күндері астана мэрінің шешімімен қазанның алғашқы он күндігі арасы мүгедектер күні болып белгіленіп, аталып өтуде. Бұл не? Мейрам ба? Көмек беретін күн бе?Менің ойымша,мүгедектер ісін ұйымдастырушыларды басшылар қабылдап, мұқият тыңдап, шара қабылдайтын күн болғаны жөн.Статистиканың айтуы бойынша, «2000 жылға дейін мүгедектер саны әлдеқайда көбейе түседі» деген болжам бар. Мұндай жағдайда Сауда үйін көбейтумен бірге,қолұшын беретін,мүгедектерді шамасы келетін істерге үйрететін,жұмыспен қамтамасыз ететін қорлар мен әртүрлі үйірмелерді көбейте түссек, жақсы болар еді.
Мүгедек аналардың басым көпшілігі соңғы баласын туғаннан кейін мүгедек болып қалғандар,өндірісте жүріп мүгедек болғандар да аз емес.Бірде-бір мүгедек ананың баласын жетім балалар үйіне тапсырмағанын білдім,балалары үшін ғана күн сайын,сағат сайын Алладан өмір сұрайтын,балаларына ешуақытта көз жастарын көрсетпейтін батыр Аналар!
Осы екі жыл ішінде мен қауымдастық атынан 6 рет әртүрлі халықаралық конференцияда мүгедек әйелдер тағдыры туралы баяндама жасадым.Жер жүзі әйелдері қауымдастығы қажет екендігін жұрт алдында aйттым. Осыдан аз-ақ уақыт бұрын қауымдастықтың республикалық екінші конференциясын өткіздік. Конференциямызға республика Президентінің кеңесшісі Роза Кенжетаева ханым, әлеуметтік қорғау министрі Байгерім Төтенев мырза қатынасты. Міне, осы жиында облыстардағы мүгедек әйелдердің халі мүшкіл екендігін атап айттық.
«Мүгедектер күні» атты күннің республика көлемінде белгіленуі зор қайырымдылық белгісі дей тұра, бұған барша азаматтар, мекемелер көңіл аудармаса, мүгедек аналардың хал-жағдайы жақсара қоймасы белгілі. Қауымдастықтың облыстағы мүшелері де жергілікті әкімшіліктің демеуімен пайдалы еңбекке жұмылдырылуы қажет.
Қайталап айтамын, баға шырқап өскен сайын мүгедектердің жағдайы нашарлай түсуде. Күн көріске қажет шығыннан тағайындалған пенсия деңгейі әлі көп төмен жатыр. Бұл ретте БҰҰ-ның мүгедектер жөніндегі онжылдыққа арналған бағдарламасынан үкіметіміз хабардар бола түскені жөн. Бұрын қабылданған заң бойынша мүгедектерге жасалатын жеңілдіктер өте төмен дерлік мөлшерде қалды. Шетелден келген қайсыбір қонақтар біздің қауымдастығымызға назар аудара бастады. Аз да болса, атқарған ісімізге сүйсініп, ешбірінде дәл осындай қауымдастық жоқ екенін жасырмай айтып жүр.
Болашақта мүгедек аналардың халықаралық Қауымдастығын құру да жоспарымызда бар...
Кеңес дәуірінде жыл сайынғы сауықтыру орындарына бберілетін жолдаманы да,ай сайынға мүгедектік зейнетақыны да отбасымызға әкеліп беретін.Ешуақытта мүгедектердің басы қосылмайтын,көшеде анда-санда қоларбамен келе жатқан мүгедекті көре қалса жұртшылық бұрылып тұрып қарап қалатын.
Еліміздің еркіндігі сол,енді мыңдаған мүгедектер қауымдастықтары бар.Бірінің қуанышы бәрінің қуанышы,бірінң қайғысы бәрінің қайғысы.
Мен бала күнімнен айналама қайырымдылық жасауға дайын тұратын ем,соғыстан кейінгі жылдары мектептің оқушылары жазғы демалыстарымызда асар жасап,жағдайы қиын,баласы жоқ отбасына үй салып беретінбіз.Біз қайырымдылық дегенді естіп емес,көріп өстіппіз.Бұл туралы«Прокурордың сүйікті қызы»деген хикаятымда жазған болатынмын. Менің әкем «Қайырымдылық деген қасиетті сөз әр қазақтың жүрегінің ортасына ойып жазылған»дейтін.Мен енді «Есеп-қисапсыз еліңе,жеріңе,адам атаулыға жақсылық жасау-Үлкен Бақыт»дейтін болдым.Осы қағидамды өзім құрып отырған Қоғамның әр мүшесінің санасына жеткізуді де өз міндетім деп білемін.
Бибігүл Иманғазина
Жазушы,
«Тауқымет» Қоғамының президенті