Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
жазушы, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Жазушы мен ақынды, сөз жоқ, ешкім зиялы қауым қатарынан сызып тастай алмайды. Сол зиялы қауымнан тұратын біздің қарашаңырағымыз туралы әртүрлі жағымсыз сөздер естігенде, жүрегіміз шаншитынын жасыра алмаймыз.
«Жас Алаш» газетіне Қабдеш Жұмаділовтің халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы туралы пікірін оқып қайран қалдым. Өзіне телефон соғып: «Қабеке, сіз сыйлық алғандардың біреуін де танымаймын дейсіз. Егер сіз өзіңізден басқа ешкімді менсінбейтін болсаңыз, әрине, танымайсыз. Атын атап, түсін түстеп айтпайсыз ба, бәрімізді саудагерлердің қатарына қосып қойғанша... Менің романым ең қиын уақытта 30 000 тиражбен шығып, үш айдың ішінде өтіп кеткен болатын. Мені сіз оқымасаңыз да, Қазақстандағы екі жүз мыңнан астам мүгедек әйелдер мен олардың балалары, туыстары жастықтарының астына жастанып жатып оқитынын жақсы білемін. Сосын бірден 42 адамға сыйлық берілгенін айыптап отырсыз. Бес жылда бір беріліп тұрған сыйлық қой бұл, сонда кәдуілгі есептіде білмегеніңіз бе?» — деп ем, ағамыз: «Міне, әлден Оразалиннің сөзін сөйлеп тұрсыз ғой», — деді.
Өзіне де айтып ем, тағы қайталайын, мен өзім құрып, өзім жиырма жылдан бері басқарып келе жатқан мүгедек әйелдер Қоғамының басына бұлт үйірілгенде «Президент мырза, «Құрмет» орденін беріп, құрметсіздердің аяғының астына жаншытып қойдыңыз, орденіңізді өзіңізге қайтарамын» деп баспасөз бетінде жазған болатынмын,мұны айтып отырғаным,біреудің тапсырмасымен сөйлейтіндердің қатарына мені қосуыңыз қиын болар. Сол сияқты мен «Алаш» сыйлығын да сатып алған жоқпын. Егер қаламгерді «Алаш» сыйлығы ғана жазушы ететін болса, онда бұл сыйлықты да қайтарып беруге дайынмын.
Қабдеш аға! Сіз бірнеше жерде Президенттің стипендиясынан қағылып қалғаныңызды қоймай айтып жүрсіз. Сіз не үшін Президенттің стипендиясынан дәмеленесіз?! Өзіңіз үкіметті сынап жүресіз, тағы олардан Президенттің стипендиясын күтесіз, осыныңыз, енді дұрыс па?! Бірнеше жылдан бері мүгедек аналардың жоғын жоқтап,таңертеңнен түн ортасына шейін жұмыс істеп келе жатсам да,алпауыттармен де,шенеуніктермен де тіл табыса алмағандықтан, еш уақытта үкіметке қолымды жайған емеспін.
Өзіңіз ұлдарыңыздың жақсы қызметте екенін айтып мақтанасыз да, тағы Президенттің стипендиясынан дәмеленесіз. Сіз халық жазушысы ретінде, Мемлекеттік сыйлықтың иегері ретінде, қатты қиналып отырған, балалары жұмыссыз жазушылардың тізімін жасап алып, солар үшін күресіп жүрсеңіз ғой шіркін, сонда біз сізге басқаша көзқараспен қарар едік...
Жазушы адам халыққа жақсылық жасау үшін Жазушылар одағын жамандауға міндетті емес.
Біз бәріміз 2007 жылдың 6 маусымында Жазушылар одағының Құрылтайына қатыстық. Одан бері бес жыл өткен жоқ. Жазушылар одағы жасап жатқан қыруар шаруаны қалай жоққа шығара аласыздар?! Өткен құрылтайдың алдында да маған талай жігіттер телефон соғып, «Оразалинді орнынан алып тастау үшін қол жинап жатырмыз, сіздің де қолыңыз керек» деген болатын. Мен: «Кімді сайлағыларың келіп отыр, жүрген жеріне шөп шықпайтын, ана жерге барып ананы ашып, мына жерге барып мынаны ашып, қалталарын толтырып алып, кете беретіндерге біз қарашаңырағымызды қалай сеніп тапсырамыз?» дегенімде, олар: «табылады ғой» дегеннен аса алмады. Сол «батырлардың» Құрылтайда үндері шықпады, ешкімді ешкім ұсынған да жоқ.
Құрылтайдың алдында жазылған «Дайын асқа – тік қасық» деген мақаламда қолды болып кеткен Жазушылар одағының талай дүниесін Нұрлан Оразалиннің қандай қиындықпен қайтарып алғанын, енді біраз жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек дегенді айтқан болатынмын.
Соттасудың оңай емес екенін бүкіл ел біледі, мен де жақсы білемін. Қолды болған мүліктерді қайтару үшін Оразалин мырза сотқа жүгінді ғой, сол кезде қайсымыз оны қолдап, сотқа бардық?! Тек қана «қай жеңгенің менікі» деп отырдық,бұл да шындық!
Нұрлан Оразалин менің екі туып бір қалғаным емес, еш уақытта оның алдына қара басымның шаруасымен де барып көрген жоқпын. Көп жылдан бері Жазушылар одағының мүшесі болып жүріп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығынан басқа ештеңе алған да емеспін.
Қабдеш аға! Сіз Жазушылар одағынан қаланың ортасынан үй алдыңыз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз, халық жазушысы деген қасиетті атты көтеріп жүрсіз, басқалай да талай жақсылықтар көрдіңіз.
Сіз білмесеңіз, мен сізге Қоғамдық ұйым туралы айтып өтейін. Қоғамдық ұйымның басшысын тек қана өзінің мүшелері сайлай алады. Қоғамға мүше болып кіруге де, қоғамнан шығуға да әркім өзі құқылы...
Жарғы бойынша Қоғамға дәлелсіз жала жапқан адамдарды мүшеліктен Құрылтай кезінде шығару жөнінде басқарма мүшелері талап қоя алады. Сіздің пікірлестеріңіздің Жазушылар одағына жауып жүрген жаласы аз емес.
Қоғамдық ұйым ақша тарататын ұйым емес. Бір ғана жазушының қамын да ойлайтын ұйым емес. Үкімет пен екі арадағы алтын көпір.
Барлық жазушыға керегі қаламақы болса, ол әңгіменің оң өрбіп келе жатқанынан бәріміз де хабардар болып отырмыз. Ақыры шыдадық. Сабырға жүгініп, соңын күтейік, аға.
Қанша адамның мүшел тойлары өтіп жатыр. Қанша адамның шектеулі тиражбен болса да кітаптары шығып жатыр. Қанша адам ана дүниеге жол-жоралғысымен Жазушылар одағынан аттанып жатыр...
Менің бір байқағаным: Қабдеш ағаның пікірлестері тек қана Жазушылар одағына кіретін кірісті есептейді де, шығысты есептемейді екен.
Кезінде «БИБІ-АНА» Қоғамының жері біреулерге жасырын сатылып, ол жерге бірнеше коттедждер салынып тасталды, сосын жемқор шенеуніктер «БИБІ-АНА» ұлы мен қызына коттедждер салдырып тастады» деген лақап таратып жіберді.Сол сияқты «дейді екендер», – дейді екен, демей, ағалар, Алматының қақ ортасында көзге оқшау көрініп тұрған екінші үйімізді аялайық, шүкіршілік етейік.
Қабдеш аға! Өткен Құрылтайымызда Одақтың істеп жатқан қыруар шаруасын тізіп айтып, ақсақалдық, ағалык, ризашылығыңызды білдіргеніңізді жазушылар да, қазақ қауымы да ұмытқан жоқ...
Бес жылда бір болатын Құрылтайымызды ұятқа қалмай, абыроймен өткізуді ойлайық, Ағалар мен ағаларына еріп жүрген Інілер!
«Қазақ әдебиеті»,
№19 (3287), 15 мамыр, 2012 ж.