ДЕПУТАТ ӘЙЕЛДЕРГЕ ӨКПЕМ ҚАРА ҚАЗАНДАЙ

Бибiгүл Иманғазина,

жазушы, мүгедек әйелдердiң республикалық

“БИБI-АНА” қоғамының президентi.

Мәжiлiстегi депутат әйелдердiң (Майра Айсина, Оразкүл Асанғазы, Зағипа Балиева, Светлана Бычкова, Гүлмира Исимбаева, Гүлжан Қарағұсова, Құралай Қаракен, Дариға Назарбаева, Айткүл Самақова және т.б.) зейнет жасының ұзарғанына мәз-мейрам болып, қолдарын соғып тұрғандарын теледидардан көрiп, әдеттегiдей шарасыздықтан не айтарымды бiлмедiм. Ең болмаса, бiреуi қарсы тұрмады-ау пәтшағарлардың!

Әйел депутаттар ауылдарға қонақ болып қана барып кетпей, бiрнеше күн сол ауылдың өмiрi­мен танысса ғой шiркiн...

Осы зейнетақының ұзартылатыны туралы естiген күнi ауырса емделе алмайтын, еден жуып, қап арқалап жүрiп тапқан тиынына отбасындағы балаларына күнiне бiр ыстық тамақ iстеп бе­ре алғанына ғана шүкiрлiк етiп, 58 жасқа әне жетем, мiне жетем деп әбден қалжыраған әйелдер көз алдыма келдi де, кетпей қойды. Қас қылғандай, медиафорум өт­кiз­ген Дариғаның тоқ­пейiл кейпiн телеарналар қайта-қайта көр­сеттi.

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiш­ұлы!

Осы заң қабылданса, жылы орындарынан айырылғысы кел­­мей­тiн депутаттарды, министр, әкiмдердi емес, халық әдеттегi­дей тек қана Өзiңiздi кiнәлайды. Ол айдан анық!

Халықтың тұрмысы нашар, ол туралы Өзiңiзге бiрнеше рет хат жазғанмын, бiрақ еш­уақытта бiрде-бiр хатымның мә­се­лесi шешiлген емес. Нашар тұр­мыстың бар ауырт­­палығын от басындағы Ана ғана көтередi.

Әйелдердiң зей­­­нет жасын кө­те­рiп, мемле­ке­тiмiздiң ертеңiн ойлаймыз дейтiн Марченконың пәл­са­пасына тыйым саларсыз деп үмiттенемiз.

Мен ешуақытта Сiз­ден қара басым үшiн ештеңе сұраған емес­пiн. Қазiр де осы мақаламды өзiм үшiн жазып отырған жоқпын. Мен мүгедек­тiгiм үшiн зейнетақы алатын адаммын.Бiрақ, қай уақытта да елдiң шарасыздығын пайдаланып, ойларына не келсе соны iстеп жатқан ше­неу­нiк­тердiң адамның жаны төзгiсiз iстерiне көңiл аудармай қалуды өзiмнiң азаматтығыма сын деп есептеймiн.

«Жас Алаш» газеті,

№34, 3 мамыр, 2013 ж.

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта