Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
Республикалык, мүгедек әйелдердің
«БИБІ-АНА» қоғамының президенті.
Талғат ағамыздың алдында бәріміз борыштымыз!
«Даңқты батыр неге елеусіз қалды?» деген мақаланы оқып, «естімеген елде көптің» тағы бір түрін мойындамасқа шарам қалмады. Көзі тірі кезінде-ақ ерлігі аңызға айналған Талғат Бигелдиновтің жеңістің 65 жылдық мерейтойында елеусіз қалуы, бұл біздің әбден азып-тозып, адамдық құндылықтан жұрдай болғанымыздың дәлелі. Қазақтың «жақсы жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады» деген нақылы соңғы кезде есіме жиі түсетін болып жүр. Миллиардер атанса да құл болуға ғана лайық біреулер пұл болу үшін ғана жаратылған адамдарды аяғының астына таптағысы келіп, тыпырлап жүретіндерін күн сайын көріп, тіпті етіміз де соған үйреніп бара жатқан сияқты...
Бір-екі мысал келтіре кетейін. Біреудің асында, біреудің тойында болып жүреміз. Сондай жерлерде байқағаным, халыққа еңбегі сіңген, жасы үлкен ағаларымыз жетім баладай төмен отырады да, өйтіп-бүйтіп бастықтыққа жетіп алған баласы бар шалдар мен кемпірлер төрге отырып, шіреніп, айтқан сөзінің дәмі болмаса да, өзінше ақылгөйсіп, ешкімге сөз бермейтінін қайтерсіз. Бір туысымыздың тойында жеңгеміз: «Арамызда үлкен адамның қарындасы отыр, осы кісінің құрметіне тұрып, тост көтеріп қойыңыздар», – деді. Бәрі жапатармағай орындарынан тұрды. Мен ғана отыра бердім. Академик, профессор ағаларыма жаным ашып кетті. Онымды байқаған үлкен кісінің қарындасы маған қоқилана қарады. Үзіліске шыққанда әлгі ағаларыма: «Елдің қаймағы сіздер құл болуға дайын тұрсыздар, қарапайым халық сосын басын қалай көтереді?» – деп өкпемді айттым.
Абай атындағы опера және балет театрындағы режиссер қызым өзі қойып жатқан «Томирис» атты операсына шақыру билетін әкеп берді. Өзімнің орнымда отырғанмын. Қолдарында рациялары бар екі жігіт алқына жетіп: «Мына жерге қазір адамдар келеді, басқа жаққа барып отырсаңыз...» – деді. «Мен адам емес, құбыжыққа ұқсаймын ба?! Сол адамдарың менің жаныма отыруға татитын адамдар болса келіп отыра берсін. Әйтпесе, әрмен кетсін!» – дедім. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіре аламын. Бұрынғы заманда (үлкенді үлкен деп сыйлап, кішіні кіші деп сыйлайтын заманды айтамын) жоғарыдағыдай мінез көрсетсем, мені «көргенсіз» дер еді. Енді көргенсіз басшылардың көргенсіздігіне көнбеу керек, сонда ғана Ел, Халық боламыз. Әйтпесе, осы құлдырағанымыз құлдыраған.
Талғат атаның 17-қатарға отырмай, Алматысына тартып кеткені дұрыс болған. Бұл – Талғат ағаға лайық мінез! Және Талғат ағамызды қарсы алған майор бір бастық келе жатса бала-шағасымен шығып қарсы алып, жайылып – жастық, иіліп – төсек болар еді. Сол майор: «Менің кімді қарсы алатынымды білесіңдер ме?» – деп балаларын қолдарынан жетектеп әкеп, Талғат аталарынан неге бата алмайды? Сонда әлгі майордың балалары жолдастарына Талғат атасымен кездескенін мақтана айтар еді және өмір бойы Талғат атасы көз алдында қалар еді. Құдайдың жіберген бақытын бағаламаған майорға ерекше жаратылған Талғат аға, өкпелемеңізіші?! Олар сіздің бір Күрсінісіңізге тұрмайтын адамдар.
Талғат аға! Сіз де Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев сияқты бірде-бір шенеуніктің алдында басыңызды имей келесіз, барлық мәселе сонда болып тұр. Сондықтан Бауыржан атамыз да, Нұрғиса ағамыз да дер кезінде «Халық қаһарманын» алған жоқ. Нұрғиса Тілендиевтің мынау өмірден өтуіне санаулы мерзімі қалғанда ғана «Халық қаһарманын» үйіне апарып бергенін ел жақсы біледі. Бір жыл бойы дайындалған Жеңістің тойын мінсіз етіп өткізуге болатын еді. Аз ақша бөлінген жоқ қой. Талғат Бигелдиновке «Халық қаһарманы» берілуі тиіс! Енді тек талап ету ғана қалып тұр.
«Жас Алаш»,
№39, 18 мамыр, 2010 ж.