“ДАЙЫН АСҚА ТІК ҚАСЫҚ” БОЛМАЙЫҚ!

Мен жиырма жылдан бері Жазушылар одағының мүшесі болсам да, бір рет те Жазушылар одағының басшыларының алдына барып, қара басыма ештеңе сұраған емеспін. Сондықтан менің әріптестерім мені дұрыс түсінер деген сенімдемін. Жазушылар одағының қазіргі басшылығының үлесіне ең ауыр кезең тап келгенін мойындауымыз керек. Жазушылар одағының бұрынғы басшылары сатып кеткен мүліктерін қайтарып алу үшін бірнеше жылдары кетті. Талай азаматымыз өмірден кетіп жатыр, оларды ақтық сапарға шығарып салу үшін Жазушылар одағы қолдарынан келгеннің бәрін 22 жылдан бері жасап келе жатыр. Мүгедек аналарды ақтық сапарға шығарып салған сайын мен бір өліп тірілемін. “Дайын асқа тік қасық” екені де белгілі, Жазушылар одағына ешқайсымыздың көмегіміз тиіп жатқан жоқ, ал енді ғана өздерінің иелігіне қайтарып, енді ғана естерін жинап жатқан Жазушылар одағының басшыларын ауыстырудың ешқандай қажеті жоқ. Құрылтайда жаңа басшы кім болады дегенге бас қатырмай, осы құрылтайда қандай мәселелерді жоспарға кіргізетінімізді ойлағанымыз жөн. Қара шаңырағымыздың қарқарадай болып қаланың қақ ортасында тұрғаны да бізге үлкен мәртебе, неге Жазушылар одағы әрбір жазушыны асырауы керек?! Қол-аяқтары балғадай азаматтарымыздың «Күнімізді көре алмай жатырмыз» деп еңірейтіндеріне таңым бар. Егер ол талантты жазушы болса ол неге бір жақты болуы керек?! "Если человек талантлив, то он во всем талантлив" деген сөзді мен пір тұтамын. "Менің қолымнан жазудан басқа ештеме келмейді" дейтін жазушыларымыз аз емес. Мүндайда менің есіме кішкентай ғана бастық әйелдердің "Мен тамақ істей алмаймын, мен үйдің жұмысына жоқпын” дейтіндері есіме түседі. Біздің Қоғамымызда жазушы араласатын мәселелер аз ба?! Он бес жылда мектептеріміздегі жағдайдың қандай күйге түскені белгілі, неге біздің әрбір жазушымыз ең болмаса өздері оқыған мектептің жағдайына құлшына кіріспеді? Оған да енді ақы сұрау керек пе?! Мен бір емес бірнеше рет шетелге баланың сатылып жатқанын айтып мақала жаздым, осыдан он жыл бұрын мүгедек аналардың құрылтайының атынан Үндеу қабылдап, парламентке жолдағанмын. Қазақтың баласының шетелге сатылып жатқаны жазушыны селт еткізбейтіні масқара емес пе?! Халықты тыңдасаң халықтың да жазушыларға өкпесі жетерлік. Өзінің туған еліне қонақ болып қана барғысы келетін жазушыны кім сыйлайды?!

Кезінде “Тауқымет" романым алғашқы шыққанда өзін ұлы жазушы санайтын бір ағамыз маған: “Тым мақтатып жіберіпсің ғой кітабыңды" деп телефон соқты. Сөйтсем бір жұмысшы әйел менің кітабымды мақтап, газетке мақала жазыпты. Ол әйелді танымаймын да, бір рет те көрген емеспін. Ол кезде тек бір айтулы қалыптасқан топтың кітаптары жыл сайын шығып жататын. "Тауқымет" атты кітабымды толық күйінде шығарту үшін бір досым аударған ақшам қолды болып кетіп, "Жазушы” баспасымен бір жылдан астам уақыт соттасқанымды барлық жазушылар біледі. Сонда сотта "Бұл кісінің кітабы оқуға тұрмайтын кітап" деген баспаның басшыларының сөзі де жоққа шықты. 30.000 данамен шыққан менің ‘Тауқымет" романым бір айда өтіп кетті. Барлық облыстан келіп түскен кітабымның ақшасына мүгедек аналардың талай баласын жоғары оқу орындарында оқытып алдым. «Кітап өтпейді, жазушылар кедейліктен жаза алмай жатыр» дегенді қалай түсінуге болады?!

Менің Құрылтайдан өтінішім – жастарымыздың жағдайына ерекше көңіл аударсақ. Олардың күй таңдайтын жазушы емес, халықтың барлық тыныс-тіршілігіне тығыз араласа жүріп жазатын жазушы болғандары жөн болар еді.Жазушылар одағы арқылы жастардың тұрғын үй алуын ойластыру керек, Қазақстанның әр азаматы үй салатын жер алуға құқықты екені рас болса, соны Жазушылар одағынан бастау керек.

«Қоғамдық ұйымдарға үкімет тарапынан көмек көрсетілуге болмайды» дегенді заңнан құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы жақында алып тастады. Енді осыны пайдаланып, жастардың кітабын шығарып тұратын әртүрлі меценаттардан құралған бөлім жұмыс істесе. Ақсақалдар алқасы құрылғаны өте жөн болар еді. Ол алқаның мүшелері беделді, әділ ақсақалдар болса. Менің басымнан қоғам қайраткері ретінде әртүрлі жағдайлар өтіп жатады, қатты қиналған кезімде өзімнің жазушы екенімді есіме аламын да, сабама түсемін. Қайғысыз, мүңсыз жазушы біреудің қайғысын да, мұңын да жүрегімен қабылдай алмайтыны анық. Жазушы деген халықтың жоғын жоқтаушы, егер ол шын жазушы болса Алла тағаланың рахымы түскен адамы.

Жазушылар одағы түрған әсем ғимараттың жанынан өткен сайын қасиетті шаңырағымызға көз қырымды саламын да, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, осы шаңырағымызды сақтап қалған мәдениетті, жақсы азамат, жақсы ақын, сөз десе сөзі бар, іс десе ісі бар Одақ басшысына іштей алғысымды жаудырамын.

Өкінішке орай екі Құрылтайдың арасында талай әріптестерімізден айрылып қалдық, соларды еске алайық та, өзіміздің осы Құрылтайға аман-есен жеткенімізге шүкірлік етіп, бес жылда бір келетін Құрылтайымызды абыроймен өткізейік!

 

«Әдебиет айдыны»,

31.05.2007 ж.

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта