КАЗАХСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРЫНЫҢ БАСЫНДА ҚАЗАҚ ОҚЫРМАНДАРЫ ҚОЛДАН ТҮСІРМЕЙ ОҚЫҒАН «ТАУҚЫМЕТ» РОМАНЫНЫҢ АВТОРЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АСЫРАУЫНДА БАЛАЛАРЫ БАР МҮГЕДЕК ӘЙЕЛДЕР ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ БИБІГҮЛ ИМАНҒАЗИНАНЫ БІЛМЕЙТІН АДАМ КЕМДЕ-КЕМ. ЕЛ АУЗЫНДА «БИБІ-АНА» АТАНЫП КЕТКЕН ОСЫ БІР ҚАЙСАР, ТАМАША ЖАН АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНА АРНАЙЫ КЕЛІП, ОБЛЫСТЫҢ ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНДА ҰЗАҚ ЖЫЛ АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК ЕТКЕН МАРҚҰМ ӘКЕСІ ҚАБИДЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАП, АС БЕРДІ. ОСЫ САПАРЫНДА МҮГЕДЕКТЕР ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ «ЖАН» АЗИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ ҚҰРАЛАЙ БӘЙМЕНОВАМЕН, ҚАЛАМЫЗДА ТҰРАТЫН МҮГЕДЕК ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ БІР ТОБЫМЕН ӘҢГІМЕЛЕСТІ, ОБЛЫС ӘКІМДІГІНДЕ БОЛДЫ.
ОСЫНАУ ӘР КҮНІ ҚАРБАЛАСҚА ТОЛЫ САПАР КЕЗІНДЕ РЕТІН ТАУЫП, БИБІГҮЛ ҚАБИҚЫЗЫМЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.
– Апа, ақ қар, көк мұзда сонау Алматыдан арнайылап келгендегі басты мақсатыңыз – әкеңіздің аруағына бағыштап ас беру екен...
– Мен – өз әкемнің үлкен тұлға болғанын күн сайын мойындап жүрген жанмын. Әкем әр баласының болашағын көзінің тірісінде болжап айтып кеткен. Аруаққа арнап ас беру бүгінде көптеген адамның қолынан келеді. Бірақ аруаққа арнап берілетін астың адалдығын да жақсылап ойланған жөн секілді.
Алматыдағы Абай көшесінің бойындағы «БИБІ-АНА» қоғамы ғимаратының жанында «Фламинго» деген казино бар. Солардың әр түрлі құқайларына шыдамай бірде мен директорына телефон соқтым. Директоры мешітке барайын деп отырғанын айтып жатты. Сол жерде шыдамай: «Айналайын, мешітке баратын мына сен бе, талай қазақтың тамырын уландырып отырып, қалай қорықпай мешітке барасың?» – дедім. Директор: «Бибі-Ана, казиноның құдайы мен емеспін ғой, біздің үлкен қожайынымызға шейін менен басқа он бастық бар екен, менің не кінәм бар, мен – бала-шағаны асырау үшін жанталасып жүрген бір қазақпын» деді. Аяқ-қолы бүтін, екі иығына екі кісі мінгендей, caп-cay жанның айтып отырған жауабынан менің ішкі жан-дүнием алай да дүлей болды да қалды. Ішіміз қазандай қайнайды, амал қайсы, тек әйтеуір еліміздің гүлденіп келе жатқанына ғана шүкіршілік жасаймыз; ар мен намыстан ақшаны, байлықты жоғары қоятындардың «сауық-сайраны» ұзаққа бармайтынын біліп, өзімізді-өзіміз жұбатамыз.
– Сіз басқарып отырған қоғамды еліміздің барлық түкпірінде жұртшылық жақсы біледі. Алайда ақтөбелік филиалдың қызметі жайында көп айтылмайды. Мұны қалай түсінуге болады?
– Асырауында балалары бар мүгедек аналар қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының жұмысы бір алға баспай қойды. Қоларбада отырған Шерниязова Роза деген келіншек төрайым болып сайланғаннан кейін үш жыл төсек тартып жатты. Төсек тартып жатқан адамды жұмыстан шығарып жіберуге дәтіміз бармады. Роза қайтыс болғаннан кейін мүгедек аналардың ұсынысымен Зоя Боранбаева деген мүгедек ана сайланды. Біздің жарғымыз бойынша, облыстардың төрайымдарын мүгедек аналардың өзі сайлайды да, мен солардың жіберген хаттамасы бойынша бекітемін. Өздері сайлап алып, өздері бірінің үстінен бірі арыз жазатындарын қайтерсің. Өзімнің туған жерімде мүгедек аналарға арналған қоғамның жұмысы жүрмей жатқанын ойлап,жүрегім сыздайды да жүреді. Зоя осы төрт жылдың ішінде ешқандай жұмыс жүргізбеді. Біздің қоғам секілді ауқымды қоғамның жұмысын ілгері алып кету оңай емес.Маған облыстың басшылары талай рет: «Жарғыңыздағы филиалдарды мүгедек аналар басқарсын деген талапты өзгертпесеңіз болмайды, елдің бәрі сіз емес қой» деп айтқан-ды. Мүгедек аналардың алдынан өттім, солардың өздері басқарулары үшін бар көмегімді жасап бақтым.Көктемде амандық болса, кезектен тыс съезд өткіземіз, бұл мәселенің өзгертілуі,өзгертілмеуі сол кезде белгілі болады.
– Шаруаның ілгері басуы әдетте басшылық тізгінін алған адамның ой-өрісіне, ерік-жігеріне байланысты. Облыстық филиал төрайымдығына кадр таңдаудағы пікіріңіз...
– Кейбіреулер қашан телефон соқсаң да, жылайды да отырады. Алматыда төрт мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдар бар екенін есіткенде, маң-таң болдым, олардың барлығы қайда жүр? Айтатындары: «ешкім қаражат бөлмейді, ешкім қолдамайды». Ал,неге қолдамайды, неге ақша бермейді – мұны ешқайсысы ойланғысы келмейді, бірде-бір мектептің директорымен таныспаса, бірде-бір отбасының жағдайымен таныспаса, денсаулық, білім департаменттерінің басшыларымен кездеспесе, бірде-бір жұмысы көрінбей жатса, оның алдында кім міндетті?! Халықты ешкім алдай алмайды, қайырымдылық шаруаларының басында отырған адамның қара қылды қақ жаратын әділ де таза екенін білмесе, ешкім маңынан жүрмейді.Мен өз басым кейбір шенеуніктердің бізге көрсететін қайырымдылығының ар жағында жымысқылық барын білсем, ол адамнан ешуақытта ештеңе қабылдамаймын.
Біздің облыстардағы төрайымдарымыз балаларын тегін оқытып алады да, әрі қарай жұмыс істегілері келмейді. Екі-үш жылдан кейін балаларының жұмыссыз жүргендерін айтып,жылап отырады.Жалпы, баланың бар бақыты – анасы ғой, егер анасы баланы алдындағы үш жылғы өмірін болжай алмайтындай етіп өсірсе, оған бала кінәлі ме?!Облыстардағы төрайымдарымыздың істі әрі қарай алып кетуі үшін бастапқы үш айда телефоннан түспей отырып, бар білгенімді айтамын.Төрайымдарға жөнді-жөнсіз ақша бере алмаймын. Соңғы екі жылда төрайымдардың алдына мынадай талап қойып келемін«Жергілікті жоғары оқу орындарына түсетін балалардың оқуының төлемақысын өздеріңіз шешіңіздер, Алматыға келген балалардың мәселесін мен шешемін.».Бірақ,әзірше мұның біреуі де орындалып жатқан жоқ!
– Қоғам жарғысында тағы қандай өзгерістер бар?
– Он бес жылдың ішінде алуан түрлі мүгедек аналардың тағдырларына араластым.Тағдыр ауыртпалығына ұшырағанға дейін жүрегінде қайырымдылық пен парасат болған әйелдер кейін де сол күйінше қалады, ал түйсігі жоқ, парықсыз әйелдер бұрынғысынан да төмендеп кетеді. Кейде парықсыздықтың шегі жоғына таңданасың... Құдайым аяқ-қолдарын бүтін еткендеріне шүкіршілік жасамайтын жандарды көргенде де ішім қазандай қайнайды. Отының басын дұрыстап ұстай алмайтын, киімін дұрыстап кие алмайтын, баласының бойына адамгершілік пен парасатты сіңіре алмайтын, еңбектенуді білмейтін, екі сөзінің бірі өтірік пен өсек болатын әйелдер өздерінің парықсыздықтарына айналасындағы адамның бәрін кінәлауға дайын тұрады. Бұрын соларды тәрбиелеуге тырысатынмын. Бірақ қазақтың «Болмайтынға болыспа» деген сөзін амалсыз мойындайтын кездерім көп. Біздің қоғам мүшелерінің дені әйел адамдар болғандықтан, әр түрлі жағдай болып жатады, жарғымызға «Масыл болғаны үшін, баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін, өсекпен айналысқаны үшін, жазықсыз біреуді жазғырғаны үшін Қоғамнан шығарылады» деген бірнеше бөлімді кіргізуге мәжбүр болдық.
– Ал Ақтөбедегі филиал жетекшілігіне кімді ұйғарар едіңіз?
– Ақтөбеде жасалынып берген жұмыс жоспарының бірде-біреуі ілгері жылжымаған.Осы уақытқа шейін бірде-бір ауданнан Қоғамымыздың бөлімшелері ашылмаған. Ақыры көп ойланып, өзім бала күнімнен білетін, бірнеше жыл мектеп директоры болып істеген, аудандық деңгейде басшы қызметтерде болған Бақытжан Міндетбаеваға қолқа салып, мүгедек аналар мен олардың балаларының тұрмыстарының жақсаруына өз үлесін қосуын өтіндім. Бақытжанның бірінші шаруасы – аудандарда «БИБІ-АНА» Қоғамының бөлімшелері мен қалалық филиалын ашуы керек. Әйтпесе, облыстық деп аталады да, тек Ақтөбе қаласында тұратын мүгедек аналарды тіркеуге алады, ол мүлдем дұрыс емес. Ауылда небір талантты балалары бар аналар бізді тіпті білмеуі де мүмкін. Мүгедек аналардың балаларына қолымнан келгенімнің барлығын істегім келіп тұратыны да, менің керемет ақылдылығымнан емес, мың әйелге бөліп берсе аздық етпейтін тауқыметті басымнан өткізгендіктен... Қанша ашуланып тұрсам да бала келе жатса басыла қоямын, оны менің айналамдағылар жақсы біледі. Өзім басымды тауға да, тасқа да соғып жүріп, екі балам қанша оқығылары келсе, сонша оқыттым. Қызым екінші институтын Мәскеуде еліміз егемендікті енді ғана алып жатқан қиын шақта оқыды. Еңбегім далаға кеткен жоқ, құдайға шүкір, екеуі де өзімнің мақтанышым, анаға одан артық қандай бақыт керек... Менің асырауында балалары бар мүгедек аналарға айтарым, масыл адамдар біздің Қоғамда болмайды, егер орнынан тұра алмай жатса ғана, оның отбасы ерекше қамқорлықта болады.
– Қоғам мүгедек аналардың балаларын оқытуда айтарлықтай шаруалар тындырып келеді. Көптеген балаларыңыз сенімді ақтап жүр. Алайда Сіздің осындай әдемі ниетіңізді бұрмалаушылар жөнінде де естіп қаламыз.
– Алғашқы жылдары беделімді пайдаланып, «3» пен «4»-ке оқитын балаларды да жоғары оқу орындарына түсіре бердім. Бір Қызылорданың өзінен 60-тан астам бала жоғары оқу орындарын бітірді. Солардың ішінде Алматыға келіп, КИМЭП-ті бітіріп шыққан Бақытжан Камалдин деген баламыз, басқа да бірер балаларымыз ғана жақсы жұмыс жасап жатыр. Қалғандары өз мамандықтарымен емес, басқка жұмыстарда істейді...
Жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп жатқан жас маман кімге не бөліп бере алады?! Олардың әр мүгедек ананың кішкене баласының маңдайынан сипағаны біз үшін – үлкен қуаныш. Мектептегі жиналысқа бара алмайтын, ауруханада айлап жататын аналар аз емес қой. Тіпті аулада ойнап жүрген баланың өзінің сүйеуі болмаса зорлық көретінін бәріміз де білеміз, анда-санда сондай баланың ойнап жүрген жеріне барып көрініп кетулері де – қайырымдылық. Біз Қоғам арқылы жоғары оқу орнын бітірген балаларымыздан бізден алған сабақтарын өмір бойы жалғастыруын өтінеміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысындағы филиалдың төрайымы:«Сендердің балаларыңды «БИБІ-АНА» не үшін оқытып жатыр?» – деп, жұрттан жарты миллион теңге жинап алыпты. Ақшаларын қайтартып беріп, ол әйелді жұмысынан босаттық. Жамбыл облысындағы филиалды басқарған, қоларбада отырған төрайымымыз: «БИБІ-АНА» туған күніне шақырып жатыр» деп, мүгедек аналардан бір уыс алтын жинап алған. Ол келіншек алған алтындарын менің көзімше алданған аналарға қайтарып берді. Ал Жамбыл облысындағы филиалымызды жауып тастауға мәжбүр болдық. Шымкенттегі филиалымызды да жауып тастадық. Ол жақтағы филиалды басқарған жандардан көрген құқайым – бір төбе. Шымкент пен Жамбыл жақтан тікелей келіп жататын мүгедек аналардан жәрдемімізді аямаймыз, бұл жақтардағы мүгедек аналардан хаттар да келіп жатады. Ал жоғарыдағы төрайымдарымыздың кез келгенін сотқа беруге болар еді, мүгедек болса ұрлай берсін деген заңды мен еш жерден көрген жоқпын, бірақ мен олармен соттаса алмадым.Сондайлардың кесірінен қайырымдылықтың өзіне күмәнмен қарайтын болды ғой жұрт... Болашақта өзіміздің сынымыздан өткен бір адам Алматыдан табылса, оңтүстік өңірге кіретін үш облысқа бір төрайым сайлау жоспарымызда бар.
– Сіз жазушы адамсыз, тәуелсіз еліміздің тату тірлігін баянды ету жолында бар күш-жігеріңізді аямай жұмсап келесіз. Соңғы кезде жастардың үлкендерді сыйлауы кемшін қалып бара жатқандай. Жеке пікіріңіз?
– Адам алдымен өзіне өзі көмектеспесе, басқаның көмегін түсінбейді екен. Ақтөбе туралы теледидарда бір сөз болып жатса, балаларыммен бірге отыра қаламыз. Бірде бір жас жігіт: «Ақтөбенің шалдары мен кемпірлері әкім-қаралар алдында жағымпазданып тұрады. Сондықтан адамгершілік пен парасат туралы не айтуға болады, міне, мен қол-аяғым балғадай жігітпін, жұмыссыз жүрмін», – деді. Қамығып қалдым. Ал қызым: «Сенің жерлесің болса да, мына жігіт кітабыңды оқымаған болу керек», – деді. Таңертеңнен кешке дейін тағдырымды қарғап, жылап-еңіреп отыра бергенімде, мен әлдеқашан жындыханада жатар ма едім? Екі балдаққа сүйеніп елден кеткенімде, аялап отырған ата-анамның: «Баққанға көнбейсің» деп еңірегендері бүгінгідей есімде. Өзі еңбекқор, бойында намысы бар жігіт алдымен портфель ұстауды ойламауы керек, қолынан не келсе сонымен айналысса,ойындағы арманына бірте-бірте жетпей ме? Сонда, енді елге басу айтатын қариялар оппозицияға қосылуы керек пе? Менің анам көшенің ана шетінде бір қария келе жатса да, «Атаң өтіп кетсін, тұра тұр» дейтін, «Ол ата жеткенше біз он рет өтіп кетеміз ғой» деп тықыршығаныма көнбейтін. Қазіргі жастардың құлағына «Ұят болады» деген сөз түрпідей тиеді. Бұл, алдымен, – біздің үлкен кемшілігіміз. Рухани дүниең жұтаң болса, басқа байлықтың түбі жақсы болмайтынын, қасіретпен тынатынын жастардың санасына сіңіре алмасақ, ана дүниеде тыныш жата аламыз ба?
– Ақтөбеге араға біраз уақыт салып келіп отырсыз. Әсерлеріңіз...
– Қала құрылысының үлкен қарқынмен өсіп жатқанына қуандым. Халық тұрмысының жақсарып қалғанына қуандым.Облыстың әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сатындықовтың қабылдауында болдым. Ақтөбедегі біздің Қоғамның жұмысының жүрмей жатқанында әкімдіктің ешбір кінәсі жоқ. Қай әкім болса да, менің өтінішім орындалмай қалған кезі жоқ. Әкімнің көмегінің шырайын шығара алмайтын, қит етсе әкімді ғана кінәлауға дайын тұратын жандарды өзіміз күн сайын көріп жүрміз, ал әкімге де жұмыс жасайтын адам керек...
...Әңгімеміз көңілді аяқталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай Алматы қаласының әкімдігі Бибігүл Иманғазина басқарып отырған қоғам иелігіне – қызметтік автокөлік, ал осы қоғамның мүшелері – екі мүгедек анаға пәтер кілтін тапсырған. Бұл да төрайым қызметіне берілген баға болса керек.
«Ақтөбе» газеті,
1 ақпан, 2007 ж.
Әңгімелескен Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, журналист