Бибігүл Иманғазина - Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының президенті және құрылтайшысы
Бес сәбидің қазасына қабырғамыз қайысып,күндіз күлкіден,түнде ұйқыдан айырылдық.Сұмдық-ай,баз біреулер қайғыдан қан жұтып қалған ата-ананы кінәлап жатыр.Мемлекетке бес бала сыйлап отырған ана әркімнің жалшысы болып тиын-тебен табудың жолына шыққаны үшін кінәлі болып па?
АЛЛА ТАҒАЛАМ СӘБИ БЕРСІН!
Осы заманның соты мен прокурорлары қай уақытта кедейлер мен мүгедектерді,көпбалалы аналарды қолдап еді!Әзірше мен ондай бақытты естіген де,көрген де емеспін.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін,Қазақстанның бар аймақтарын көлікпен аралай жүріп, тұрмыс-тіршіліктерімен танысу үшін мүгедек аналардың отбастарына баратынмын.Алматыға келгеннен кейін көріп білген мәселелерімізді сол кездегі еңбек және әлеуметті қорғау министрі Зәуре Қадырованың алдына мәселе етіп қоятынбыз.Зәуре Жүсіпқызының адамгершілігі мен парасаттылығын мүгедек аналар мен көпбалалы аналар осы күнге дейін айтып жүреді.
Ол кезде барлық министрлік Алматыда еді.Енді менің тұсаулы аяғым Астана мен Алматының екі ортасында жүруге жарамайды,талай шенеунік менен құтылғандарына қуанып жүрген болар.Жалпы,күнін көре алмай отырған елге шіреніп келіп,шіреніп қайтатын депутаттар мен Астанадан келетін ірілі-кішілі шенеуніктерді мен түсіне алмай-ақ қойдым.Не үшін келіп,не үшін кететіндерін мен түгіл,солардың өздері де түсінбейтін болулары керек.Түсінетін болса,олардың әр сапарынан кейін бір өзгеріс болмас па еді?!Келді,кетті.Халық «Е,солардан не қайыр күтіп отырсыңдар»деп,түңілген үстіне түңіліп қала береді.
Олар айналасында болып жатқан сорақылықтарды көре тұра,жұмған ауыздарын аша алмайды.Себебі,артық сөйлеймін деп,жұмысынан айырылып қалудан қорқады.
Ал жұмыссыздар «жұмыс табылып қалар»деген үмітпен таңдарын атып,күндерін батыруда.Олар да жұмған ауыздарын аша алмайтындары былай тұрсын,бала-шағаларын «ойбай,үндеме» деумен құлдық санада өсіріп жатыр.
Өз басым бес қызынан айырылып,сорлап қалған ананың үй кезегіне тұрмағанына сенбеймін.Мүмкін,әртүрлі сылтаумен тұрғызбаған шығар,оны анықтау керек.
Жалпы алғанда,ауыл мен аудан тұрғындарының бірде-бірі жұмыссыз қалмауы қадағалануы қажет.Жақында бір шенеунікке көмекке мұқтаж отбасының шаруасын айта бастап ем, «апа,ол үйде бір адам жұмыс істейді ғой»дейді.Айтып тұрған адамының әйелі ауру,өзі тоғыз баланың әкесі,алатын айлығы 50 мың теңге. Не дерсің!Сосын,құлдық санаға түсіп кеткен халықтың санасын оятып,рухтарын көтеру үшін зиялы қауым аянбастан еңбек етуі керек.
Саналы,рухты халық қана жағымпаздарды, жемқорларды, мансапқорларды тізерлете алады.
Жыл сайын өмірге келіп жатқан балалардың қаншасының мүгедек екенін,қаншасының шетел асып кетіп жатқанын әшкерелеп отыратын тәуелсіз ұйымдар болуы керек. Мүгедек балалар мен мүгедектерге арналған сауықтыру орталықтарын Қазақстанның барлық аудандарында салу қажет.Өзім туып өскен Шалқарда мүгедек балалар мен мүгедектерге арналған орталық салдыруға кірісіп жатырмын.Дәл қазір орны дайын,жобасы жасалынуда.Бірақ Орталықты салудан гөрі ол мекемеде жұмыс істейтін мамандарды табу қиын болып жатыр.Сондықтан,Ақтөбенің медицина университеті мен колледжінде,«БИБІ-АНА»қорының атынан бірнеше бала оқытпақшымыз,ол балалар жоғары білім алғаннан кейін бес жыл «БИБІ-АНА»орталығында жұмыс істеуге міндетті.Мүгедек балалардың аналарын да оқуға шақырып жатырмыз.
Жергілікті кәсіпкерлер әкімдерге тәуелді болмауы керек.Әр кәсіпкер тек қана әкімге жақындығын мақтан тұтпай,мектеп бітіріп жатқан жастардың алдарына қойған жоспарларымен танысып,мүгедек аналар мен көпбалалы аналардың жоғары оқу орындарында білім алатын балаларының оқу ақыларын төлеуде 50 пайыздық жеңілдік қарастырылсын.
Тоқсаныншы жылдың басында Алматыда тұратын мүгедек аналардың мектепті әлдеқашан бітірген балаларымен кездескенімде білгенім,бір балл жетпегені үшін үш-төрт жыл түсе алмай жүрген балалар менің тікелей араласуыммен жоғары оқу орындарына түсті.Солар кейін оқуларын қызыл дипломмен бітірді.Яғни ішер асқа,киер киімге жарымай жүрсе де,ұрлық-қарлықпен айналыспай,маскүнем,наркоман болып кетпей,жоғары білім алуға талпынатын жастарды қолдамау да қиянаттың бір түрі.Әр баланың отбасылық жағдайын мектеп директорлары бес саусағындай біліп отырулары керек.Біліп қана қоймай,қажетті кезде құзырлы орындарға ресми түрде хат жіберіп,мәліметтер алып отыруы тиіс.
Сөз соңында бес балапанынан бір сәтте айырылып,қайғыдан қан жұтып қалған ата-анаға айтарым,өздеріңе жұбату айтып жатқан халықтың әрбір сөздеріне періште «әумин» десін.Аллам сәби берсін.Сол сәбидің іңгәсі ғана естеріңді жинатар.
«Жас Алаш»газеті,12-ақпан, 2019 жыл