1986 жылы дүниеге келген Жанболат есімді баламыз кішкентайынан екі құлағы бірдей ауырып, көп қиыншылық көрді. Үнемі емханаларға, сауықтыру орындарына барып емделіп жүр. Қанша емдеткенмен, ешқандай нәтиже болмады.
Жанболат мектеп бітіргеннен кейін өзінің суретші болғысы келетінін айтты. «Денсаулығы жоқ балам кімге керек, оның үстіне үлкен қалаларда жәрдем, көмек беретін танысымыз да жоқ» деген ой мені қатты қинады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаев ағайға барып, жағдайымды айтып, кеңес сұрадым. Ол кісі маған белгілі жазушы, жерлесіміз, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының төрайымы Бибігул Иманғазинаға хабарласуға кеңес берді.
Баламның жағдайын айтып, Бибігул апаға хат жолдадым. Ұзамай жауап та келді. «Баланың талабына нұр жаусын, құжаттарын дайындап, Алматыға кел», – депті.
Бұл қаланы өмірімде бірінші рет көруім. Баратын таныс үй де жоқ. Іздестіріп жүріп, апайды тауып алдық. Мейірімді, жылы жүзді кісі екен. Бізді О.Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер колледжіне өзі ертіп апарды. Құжаттарымызды тапсыртып, өзімізді жатақханаға орналастырды. Көп ұзамай мен ауылға қайтып кеттім. Жанболат емтихан тапсырып қалды. Бір күні баламнан «Оқуға түстім» деген қуанышты хабар келді.
Қазір Жанболат I курс студенті. Өткен қыста ауылға келіп кетті. Бибігул апасына деген ризашылығы ерекше. Ешқандай ақы төлемейміз, жатақханасы да тегін.
Бибі апа! Сізге деген алғыс сезімімді жеткізу қиын. Ел балаларының қамқоршы анасы болып жүре беріңіз!
«Жас Алаш», 2004 ж
Амангүл НАРИКОВА.
Шалқар қаласы,
Ақтөбе облысы.