Бибі-ана

«Қорғансыздың күні».

Әйгілі Мұхтар Әуезовтің әйгілі әңгімесі осылай аталатынын көзі қарақты оқырман бек біледі.

Ғазиза тағдыры көзге жас үйіреді. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып солды. Озбырлықтың құрбаны болды. Нәпсіқұмар жауыздар жарық дүниені жылатты. Ғазиза өмірден баз кешті. Ана дүниеге бүкіл асыл арманның адалдығын... бәрін-бәрін өзімен бірге ала кетті. Сол ауылда сол сәтте қайырым мен мейірім топас қатыгездіктен жеңілді...

...Бүгінгі БИБІ-АНА, кешегі Бибігүл қыз, Бибігүл Иманғазина дәл сол Ғазизаның тағдырын қайталауы мүмкін еді. Кейін, бәлкім, өзін аса құрметтейтін жазушы ағасы Әбдіжәміл Нүрпейісовтің қорғансыздың күні туралы әңгімесінің кейіпкері болар ма еді. Өйтпеді.

Жауыздың тырнағынан сытылып шықты, терезеден секірді. Сосын... мүгедек болып қалды.

БИБІ-АНА мүгедектік туралы сөзден шошынбайды. Тән мүгедектігі – алмағайып тағдырдың басқа салған бейнеті. Ар мен Намыс мүгедектігі ше?

Қазақ қызының Ар мен Намысының желбіреп тұрған бір Туы – БИБІ- АНА.

 

БИБІ-АНА-ның құрметіне арналған салтанатты жиын Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Зал лық толы болды. Сірә, Ақтөбе қаласының тұрғындары асырауында балалары бар мүгедек аналардың республикалық «БИБІ-АНА» қоғамының пре­зиденті әрі кезінде сауалнама жүргізгенде республикадағы ең таңдаулы кітап аталынған «Тауқымет» романының авторы, жазушы Бибігүл Иманғазинаның жүзін көріп, лебізін естігісі келді.

«БИБІ-АНА» әні шырқалды. Музыкасын жерлесіміз, композитор Бейбіт Оралұлы жазса, мәтіннің ав­торы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, ақын Иран-Ғайып.

 

Жақсылықтың жаршысындай,

Құлжа-Асықтың Алшысындай БИБІ-АНА.

Өңкей Жоқтың Баршысындай,

Өз жалқының Жалшысындай БИБІ-АНА...

 

Дөп айтылған жолдар. Үріп ішіп, шайқап төгіп, аспанкөзденіп, көйлегіне сыймай... жүретіндер мол мына заманда Халыққа Жалшы болуға қайыл тұлғалар бар екендігі қандай бақыт!.. БИБІ-АНА – сондай тұлға.

Бірақ «өз елінде Пайғамбардың да қадірі жоқ» деген ғой бір білгір. Бұл, әрине, Пайғамбардың қадірін ұқпайтындарды меңзеу. Ал, Бибігүл апаның қадірі зор екенін қалың халық атынан облыс әкімі Ермек Имантаев танытты. Апайдың Алматыда өткен шығармашылық тойына қатысқанын, сол тойдың бүгін Ақтөбеде жалғасып отырғанын, «Тауқымет» романының қадір-қасиетін, жазушының өр түлғасын, мүгедек аналарға көрсетіп келе жатқан зор көмегін Ермек Жетпісбайұлы саралап әңгімеледі. Аяулы апайдың шаңы шықпас жаяу болмағаны мәлім. Солай бола бермек. Облыс әкімі Бибігүл апаға «Волга» автомашинасының құжаты мен кілтін тапсырғанда залдағы жұртшылық өздері де бір-бір тұлпар мінгендей қуанды. Бұл, Иран-Ғайыпша айтқанда, «Әділеттің Құзырындай, Беттің Ұят Қызылындай» БИБІ-АНА-ға лайықты құрмет болды.

БИБІ-АНА-ға жылы лебіз білдіргісі келгендер көп еді. Уақыт жете ме? Сөйтсе де талай жыл аудан басқарған білікті зейнеткер Сматулла Беркімбаев, облыс жазушылары мен «Ақтөбе газеті» ашық акционерлік қоғамы атынан сөз алған, сыйлық тапсырған облыстық «Ақтөбе» газетінің бас ре­дакторы Бауыржан Бабажанұлы, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Жангелді Құрмашев, жазушының қазір алды профессорлық дәрежеге жеткен бір топ кластастары... дәмді әңгімелер қозғады. Ал, Қызылорда қаласынан келген екі ана сондағы 4800 мүгедек ананың ақ тілегін әкеліпті. Апайға «Халық қаһарманы» атағын беруді об­лыс әкімі жоғары жаққа жеткізсе деген аманат хат тапсырды.

Әдемі тойдың кәдесі де болды, әсері де әсемденіп кетті. Дәм бұйырса, облыс әкімі өзі бас бо­лып ашқалы отырған болашақ халық-ұлт аспаптар оркестрі, «Аққу» би ансамблі, әйгілі әнші Марат Әйтімов, Гүлсім мен Жұлдыз, Елдос пен Әділбек, Свет­лана мен Майра...Ақтөбе, апай дүниеге калген Шалқар, заман, өмір туралы жүрек шымырлатар шынайы шығармалар ұсынды.

Сахнадағы телекөріністер халық суретшісі Гүлфайрус Исмайлованың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалиннің, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Әлия Бейсенованың лебіздерін жеткізді. Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ыстық ықыласқа толы телеграммасы оқылды.

Көркем кездесу соңында БИБІ-АНА сөз алды. Елге рахметін айтты. Облыс әкімі Ермек Жетпісбайұлының ақын-жазушыларға жасап отырған қамқорлығына ризалығын білдірді. Бұл игі қамқорлық жалғаса беретініне сенетінін айтты.

...Әйгілі Әуезов қорғансыздың күні туралы егіле жазғанды. Ал, БИБІ-АНА – өз басын ғана емес, республикадағы барша мүгедек аналардың бақытын қорғап жүрген тұлға. Жаңа кейіпкер. Тек осының барлығын қағазға мөлдіретіп түсірер мықты жазушы табылса...

 

Ақтөбе теміржол вокзалына ертеңгілік тоқтаған поездың бір ваго­ны гүлге толды.

Ақтөбеліктер жазушы Бибігүл Иманғазинаны, асырауында бала­лары бар мүгедек аналардың республикалық «БИБІ-АНА» қоғамының президенті БИБІ-АНА-ны қарсы алды. Үлкен бар, кіші бар, таныс-туыстар бар, журналистер бар... қарақұрым жұрт вокзалды сәнге бөледі. Облыс әкімі аппараты әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімінің меңгерушісі Ж.Алдашев, облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Қ.Елеусіз, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Е.Қалиев қонаққа ел ықыласын жеткізді.

СЫН МЕН СЫЙ

Кеше Бибігүл Иманғазина "БИБІ- АНА” қоғамының Ақтөбе облыстық ұйымының мүшелерімен жүздесті. Әрине, барлық қоғамдық ұйымдар тәрізді мұнда да проблемалар аз емес. Дегенмен, облыс әкімінің тікелей қолдауымен біраз іс тындырылғаны да даусыз.

Осы жүздесу барысында ұйымның жаңа төрайымы, басқарма мен есептеу комиссиясының мүшелері сайланды.

Ең бастысы. Бибігүл Иманғазина көпсөзділікке барған жоқ. Орта мектепті бітірген балаларды қоғам арқылы тегін оқытудың немесе биылғы қыркүйекте мектепке баратын шәкірттердің қандай қамқорлыққа ие болатынын нақтылап айтты. Балалары орта мектеп бітірген соң не жұмыссыз, не жоғары оқу орнындағы оқусыз жүрген мүгедек аналарғa хабарсыз жүргендері үшін сын айтты. Жүздесу соңында ұйым мүшелерінің барлығына ақшалай сый тапсырды.

ҮМІТТІ ҮЙДЕГІ ҮЙЛЕСІМДІ ӘҢГІМЕ

***

БИБІ-АНА, әрине, қандай жоспар құрса да ерікті. Мысалы, алаңсыз демалуға... Жоқ. Олай болмады. Қадірлі қонақ Ақтөбедегі сапарын жетім балалар тәрбиеленіп жатқан облыстық «Жасөспірімдер үйінен» бастады. Сәнді көркемделген сыртқы келбеті мен ішкі жайлылығы ерекше көңіл тоғайтатын үй жазушыны риза етті. Осы ғимаратқа әр жаңалықтан тыс қалмайтын журналистер де жиналып қалды.

БИБІ-АНА уақытының тығыздьғына қарамастан көңілдегі көп ойларын сығымдап айтты, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Сол әңгіменің түйінді тұстарын ұсынып отырмыз.

***

«БИБІ-АНА» қоғамы «Тауқымет» романым шыққан соң құрылды. Әуелде,  он мүгедек анаға қамқорлық жасасам деп ойлағам. Олай бол­мады. Тағдыр тауқыметін тартқандар он емес, он мыңдаған аналар екен Қайтіп бас тартасың?..Осылай көбейдік.

***

Қоғамның аты туралы. Әуелде бұл қоғам қалада «Тауқымет» деген атпен тіркелген,романымның аты ғой. Қызметі де сол тауқыметтің азабын азайту. Кейін әлгі айтқанымдай, республикалық қоғам болып қайтадан құрылдық. Осы кезде мүгедек аналар «БИБІ-АНА» деп аталуын талап етті. Мен Ана деген сөзді кез келген қоғам немесе ұйымның атына жапсыра беруге қарсымын Ана деген – қасиетті сөз. Іс соған лайық болсын

***

Германияда он екі күн болдым. Сондағы қоғамдық ұйымдардың тіршілігін зерттедім. Апыр-ай, сол он екі күнде мүгедектігімді сезінбедім. Өйткені, онда мүгедек жандардың қиындыққа душар болмауы әбден ойластырылған. Мыса­лы, биік үйлерде мүгедектерге арналған әдейі лифт бар. Ал бізде ше?.. Бізде де осылай болуы керек. Қоғам өкілдері архитекгордың немесе қүрылысшының қасынан қалмай, мүгедектерге арналған лифт қайда деп жағасынан алуы тиіс.

***

Кім біледі, өзім мүгедек болмасам, мүгедек аналардың проблемасымен айналыспас па едім?! Пенде солай ғой. Көп шенеуніктердің тауқымет тартып жүргендердің уайымына салдыр-салақ қарайтыны содан,түсінбейді, сезінбейді.

***

Жыл сайын Елбасы Жаңажылдық шыршаға балаларды шақырады ғой. Әр облыстан өз ұйымымыздағы мүгедек аналардың үздік оқитын бір баласына сол шыршаға шақыру алғызуға қол жеткізгем. Сол бір баланың орнын тартып алуға тырысқан имансыз басшылар да болды ғой. Сондай бір оқиғаны телефон арқылы естіген бойда, жиналыс өткізіп жатқан Премьер-министрдің шырқын бұздым. Имансыздықтың жолы кесілді.

***

Баланың аты бала. Жоғары оқу орнының ақысын төлейміз, тегін тамақ ішкіземіз, киім әпереміз. Соның өзінде осыны місе тұтпайтын тентектер де болады. Қайтеміз. Төземіз. Тәрбиелейміз.

Ақтөбе облысы бойынша екі университетте төрт бала біздің қоғамның қаржысымен оқып жатыр. Қала шүкір ғой. Енді мына шалғай ауылдарға қолымыз жетпей жатқаны қинап отыр. Осының ретін ойластырудамыз

***

«Жасөспірімдер үйінде» өткен кездесуге облыс әкімі аппараты әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімінің меңгерушісі Ж.Алдашев, облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы М.Тағымов, облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Қ.Епеусіз қатысты. Зейнеткерлер Қ.Еламанов, Қ.Кереева, Қ.Баймағамбетова өз пікірлерін ортаға салды.

Ертай АШЫҚБАЕВ,

4 шілде, 2003 ж.

«Ақтөбе»

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта